//////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

2120 рет қаралды

17.01.2022 ж.

ҚИСЫННАН ТЫС ҚҰБЫЛЫС

Британ күнделігі атты жазбамда “Отансыз қалғандай күй кешкен Он күнді” айналып өтуге арым да, азаматтығым да жібермейді. Күндердің күнінде менің бұл жазбаларымды ескеріп, қолына алған адам алыстан жазып отырған күнделіктерімнің ішінен Алматы трагедиясын, қаңтардың қаралы күндері туралы қандай пікірде, қандай күйде болғаным жөнінде білгісі келуі мүмкін ғой.

Ал мен Алматы трагедиясын айналып өтіп ескерусіз қалдырар болсам, жалпы сол күндердегі оқиға қалай болғаны, оның жердің түбінде жүрген қазақ азаматтарына қалай әсер еткені жайлы ләм-мим демесем кісілігіме, мемлекетшілдігіме, адамшылдығыма, отаншылдығыма сын.
Бұл күнде (17.01.2022 ж.) елімізде болған дүрбелең жағдай біршама тынышталып, ел бір қалыпты тіршілік күйіне көшкен сыңайлы. Сонымен қатар күн құрғатпай осы қанды қырғынға қатысты лауазымды шенеуіктердің жауапқа тартылып, қызмет орындарынан босап жатқаны жайлы ақпарат та жиі жарияланып жатыр. Мемлекетіміздің тәуелсіздігіне нұқсан келтіруді ойластырып, Елді қанды қасапқа батыруды ұйымдастырушылар да анықталып, олар сазайын тартып, тиісті әділ жазасын алады деп ел ақырын күтіп отыр. Олай болмаған күнде тағы да бір үлкен қопарылыстың болып кетуі мүмкін. Болмауына кепілдік беру екі талай.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен ғаламторлық әлеуметтік желілер арқылы таратылып жатқан ақпараттарда Жаңаөзенде басталып, Алматы қырғынымен аяқталған оқиғаға ат беріп, айдар тағу, осы оқиғаны тарихта қалай атау жөнінде де түрлі болжамдар айтып, түрлі атаулар ұсынылып жатқаны әрине асығыстық деп ойлаймын. Мәселен, Ел Президенті ҰҚШҰ (ОДКБ) басшыларымен онлайн кездесуінде «Алматы трагедиясы» болып аталар деп айтып қалды. Алайда, бұл қозғалыс па, көтеріліс пе, оқиға ма, мемлекеттік төңкеріс пе деген сауалдардың үзілді-кесілді анықтамасы дегенді білдірмесе керек. Болған жай қазақша айтқанда қазақ баласының басына түскен зор сынақ. Бұған жауап беру өте қиын, топалаң тигендей тоғысқан дүниенің тоқ етерін табу, төрелігін айту, кемел кесімін шығару – келешектің ісі.
Дәл қазір шындық бар болғанымен ақиқат ашылмай жатыр. Өйткені қаңтардағы Қазақстанда болған жағдай саяси жағынан да, тарихи тараптан да белгілі теориялармен тұжырымдауға жатпайтын «қисыннан тыс құбылыс» болды. Сыры мен қыры әлі ғылыми тұрғыдан зерттеліп, сарапталып, сипатталып саяси-тарихи теориялық жағынан қай қисынға дөп келетіні анықталған жоқ. Және тек Алматы аумағын ғана қамтыған ереуіл емес. Сондықтан да жұрт, әр кім өз бетінше «Қаңтардың қанды қақпасы», «Қаңтардың қанды аптасы», «Қаңтардағы қасырет», «Қаңтар қырғыны», «Қаңтар қантөгісі», «Қаңтар оқиғасы», «Қантардағы қанды оқиға», «Қаңтардағы дүрбелең» деген сияқты атауларды қарша боратып, шұбыртып атап жатыр. Қарай болғанда да тарихи бір атаулы күн болары сөзсіз. Қазір қаралы күндерге ат беріп, айдар тағумен айналысатын уақыт па? Бұл біздің әр нәрсеге тым үстірт, ат-атақты шығаруды көздейтін, науқаншылдығымызды танытып жатқандай. Бір ақиқат бар. Ол – 2022 жылдың қаңтар айында қанды қырғынның болғаны.
Ендігі жұрттың жаппай жұмыла кірісетін мәселесі осы қырғынның ақырын қалай жақсылық жолына бағыттаймыз болуға керек.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі