///

Қара алтын кірісінен қағыламыз ба?

1051 рет қаралды
сурет: Астана ақшамы

Ресейге салынған санкцияның салқыны бізге де тие ме деп алаңдап отырғанда, Қазақстанның қара алтын экспортының басына аяқ астынан қара бұлт үйірілді. Атап айтқанда, 21 наурызда Қара теңізде соққан қатты дауыл салдарынан Каспий құбыр желісі консорциумына тиесілі құбыр зақымдалып, танкерлерге мұнай құятын үш қондырғының екеуі істен шыққан. Осыдан соң ҚР Энергетика министрі құбырды жөндеу жұмыстары 3 аптадан аспайды және мұнай тасымалдаудың өзге де жолы қарастырылып жатыр деп мәлімдегенімен, консорциум басшысы құбырды қалпына келтірудің оңай емес екенін алға тартып, оны жөндеуге кемінде 1,5-2 ай уақыт жұмсалатынын жеткізді.

Оның үстіне, Ресейге салынған санкцияға байланысты Батыс елдері құбырды жөндеуге қажетті бөлшектерді беруден бас тартқан. Бұл «түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көресің» дегендей, Ресейге салынған санкциялардан қазірдің өзінде қалтырай бастаған Қазақстанға «жығылғанға жұдырық» боп тиді. Өйткені құбырдың бүлінуі мұнай тасымалы көлемінің үш есеге дейін азаюына, яғни мұнай экспортының көлемі тәулігіне 1 млн баррельге дейін төмендеуіне әкеліп соғуы мүмкін. Бұл – Қазақ­стан бюджетке түсетін қыруар қаржыдан қағылды деген сөз.

 Қазақстан жылына қанша мұнай өндіреді?

Дүние жүзіндегі мұнайдың жалпы дәлелденген қоры 1733,9 млрд баррельді (244,6 млрд тонна) құрайды. Мұны әлем елдеріндегі сақталған қоры бо­йынша есептесек, қара алтыны көп елдің көшін Венесуэла (300,878 млрд баррель), Сауд Арабиясы (266,455 млрд баррель), Канада (169,709 млрд баррель) елдері бастап тұр, Қазақстан осы тізімде 30 млрд баррельмен 12-орында тұр. Ал мұнай өндірісі жағынан әлемде 18-орында тұр.

ҚР Энергетика министрінің мәліметінше, 2021 жылы елімізде 85,7 млн тонна мұнай өндірілген, мұның 67,6 млн тоннасы экспортқа шығарылған. Биыл бұл көрсеткішті тағы да арттыру көзделген еді. Яғни ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, Қазақстан осы жылы 87,5 млн тонна мұнай өндіріп, 69 млн тонна мұнайды экспортқа шығаруды жоспарлаған еді. Алайда Шығыс Еуропадағы шиеленіс пен Каспий құбырындағы ақау осы жоспардың тас-талқанын шығарды. Өйткені Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған үш ірі мұнай-газ жобасы еліміздің мұнай өндірудегі көшбасшы өңірлері болса, бұл үш кеніштен шығатын мұнай Еуропаға ­Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы тасымалданады.

Күдік те жоқ емес

Украинадағы соғысқа байланысты әлемде мұнай мен газға сұраныс артып, АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақ елдері Ресей газы мен мұнайынан бас тартудың жолын қарастырып жатқан шақта Еуропа елдеріне жылына 67 млн тонна мұнай жеткізіп тұрған құбырдың аяқ астынан зақымдалуы түсініксіз. Дәлірек айтсақ, пайдалануға берілген 20 жыл уақыт ішінде талай дауылға төтеп берген қондырғылардың екеуінің бірдей істен шығуы көңілдегі күдікті де күшейткені жасырын емес.

Құбырға келген зақымның әсерінен Еуропаға тасымалданатын мұнай көлемі күрт азаяды да, оның бағасы барреліне 150 долларға дейін қымбаттауы әбден мүмкін. Бұл – Ресей мұнайы мен газына балама іздеп отырған Еуропа елдері үшін үлкен соққы. Дәл осындай жағдайда Ресей мұнайы мен газынан біржола бас тарту Еуропа елдеріне де оңай соқпайды. Оның үстіне, Ресей газы мен мұнайының орнын толтырып, Еуропаға мұнай-газ жеткізеді деген Иран мен Сауд Арабиясы да АҚШ-пен ымыраға келе алмай отыр. Ал АҚШ үміт артып отырған Венесуэла санкция салдарынан күйреген мұнай өндірісін күшейтіп, Еуропа елдерін мұнаймен қамтамасыз еткенше, олардың «өзегі талып, омыртқасы үзіліп» кетуі мүмкін. Демек, «екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» дегендей, алпауыт елдер арасындағы айқас Қазақстанның ең негізгі экономикалық қан тамыры – мұнай экспортына да әсер етті.

Каспий құбыр желісі консорциумы – Қазақстанның Теңіз және басқа мұнай кенішінен Қара теңіз жағалауындағы Ново­российск қаласына дейін шикі мұнай тасымалдайтын маңызды желі. Бұл құбырды салу үшін 1992 жылы Ресей, Қазақстан және Оман мемлекеттерінің компаниялары құрылып, 1996 жылы желтоқсанда консорциум­ның құрылымын өзгерту туралы келісімге қол қойылды. Келісім бойынша консорциум капиталының 50 пайызы дүние жүзінің мұнай өндіруші алғашқы он ірі компаниясының құрамына кіретін халықаралық компаниялардың қолына көшті де, қалған 50 пайызы үш елге тиесілі болды. Нақтылап айтсақ, Ресейдің үлесі 24 пайыз, Қазақстанның үлесі 19 пайыз, Оманның үлесі 7 пайызды құрады. Демек, консорциум акцияларының негізгі бөлігі «Транснефть», «Роснефть», «Лукойл» сынды 8 компанияға тәуелді. Бұл компаниялардың арасында Ресей-АҚШ бірлескен кәсіпорындары да бар. Батыс елдерінің санкция­сы күше­йіп, Ресей мұнайына жаппай тосқауыл қойылатын болса, бұл құбыр желісіне де санкцияның салқыны соғатыны анық еді. Осыны сезген Ресей елден бұрын іске көшіп, ­Каспий құбырының «кереметін» көрсетіп, Қазақстанға және Еуропа елдеріне «кез келген уақытта құбырды жауып тастай аламын» деген ескерту жасап отырмағанына кім кепіл?! Оның үстіне, Оңтүстік Озереевкадағы «КТК-Р» терминалын КТК-ның өзі бақылап отырғанын және оны Ресей қажет деп тапса, халықаралық заңдарды белден басып (Будапешт келісімі сияқты), өз меншігіне қайтара алатынын да ескерсек, мұның соңы халықаралық компаниялардың Каспий құбыр консорциумынан шығып кетуіне әкеп соғуы да мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, Каспий құбырынан қысу – Қазақстанды «кеңірдегінен қысу» деп сипаттасақ артық болмайтын секілді. Өйт­кені аталған құбыр арқылы ел мұнайының үштен екісі экспортталатынын ескерсек, бұл – біздің экономика үшін үлкен соққы.

Жаңа бағытқа жол ашу қажет

Қазақстан мұнайы 4 бағыт бойынша экспортталады. Мұның ішіндегі ең үлкен бағыты осы Каспий құбыры болса (79 пайыз), екінші орында ­Атырау-Самара желісі тұр (18 пайыз). Ал ешкіммен ортақтаспай, өзіміз ғана игілігін көріп отырған Ақтау порты арқылы 3 пайыз, яғни 2 миллион тонна мұнай ғана тасымалданады. Атасу-Алатау сағасы (Алашаңқай) арқылы Қытайға тасымалданатын мұна­йымыздың көлемі бір пайыздан аспай тұр. Бұрынғы Экономика министрі Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, бұл желінің әлеуетін де Қазақстан Ресейге беріп қойған, яғни бұл құбырдың да қызығын теріскейдегі көршіміз көріп отыр. Демек, Қазақстанның мұнай экспорты, негізінен, Ресейдің «бақылауында». Ақтау портының тасымал қуатын арттырайық десек, танкер мен цистернамыз жоқ.

Қысқасы, қазір Қазақстан екі оттың ортасында тұр. Ресейдің көңіліне қарайық десек, Батыс­тың санкциясы санымызды үзіп кеткелі тұр. Өйткені Батыс біздің Ұлттық қорды толық бұғаттап, экономикамызды екі аптаның ішінде жойып жіберетін мүмкіндікке ие. Демек, біз үшін Батыстың санкциясынан сақтану өте маңызды. Импортымыздың 42 пайызы Ресейге тәуелді, бір экономикалық одақтамыз дегенмен, Қазақстан Ресеймен бірге орға құласа, одан оңалу өте қиын. Экономикаға да, елдікке де үлкен қауіп төнеді. Сондықтан бұл мәселеде бастысы Батыстың қаһарына ұшыраудан сақтану өте маңызды. Ресеймен бірге қосақ арасында кетуден барынша сақтанған дұрыс. Ол үшін мұнай тасымалының негізгі бағытын Баку мен Алатау сағасына (Алашаңқай) бұрған жөн. Баку желісін ашуға Ресей тосқауыл қоя алмайды, өйткені оның артында Түркия тұр. Ресей үшін Украина мәселесінде бейтарап тұрған ел – Түркиямен араздасу тиімсіз. Демек, бұл желінің біз үшін де, тұтас түркі әлемі үшін де болашағы нұрлы. Ал Қытайға мұнай тасымалдау көлемін арттыру үшін Ресейді араластырмай, Қытаймен қайта дербес келісім жасау керек. Келісім жасасқанда да бұрынғыдай бүгежектемей, тең дәрежеде сөйлесуге қазір мүмкіндік бар. Өйткені Қытай шикі мұнайға, газға және көмірге аса зәру. Бұл өнімдерді Ресейден сатып алып, Батыс елдерінің санкциясына ілінуден Қытай да қорқады. Сондықтан Қытай үшін де Қазақстан ең маңызды серіктес болады. Оның үстіне, Украина соғысынан кейін Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасының Ресей-Украинаны басып, Еуропаға өтетін жолы кесілді, енді Қытай үшін бұл жобаны жалғастырудың ең тиімді елі Қазақстан болғалы тұр. Осы тұрғыдан алғанда, Ресей Қазақстанға шамадан тыс күш көрсете бастаса, Қытай да қарап тұрмайтыны анық. Өйткені біздің елде Қытайдың да мүддесі аз емес…

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар