//

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

1229 рет қаралды

ТҰЛҒА ТӘҢІРІНІҢ ТУА БІТТІ ТУЫНДЫСЫ

Тұлғаны халық тудырады. Тұлғаның Хан һәм Қара болуы маңызды емес. Тұлғалық қандай бір адамға жаратылыстан оның пешенесіне бұйырған, маңдайына жазылған заңдылық. «Жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» дегенде қазақ адамның тегін меңзеп, оның болмысындағы туа бітті ерекше қасиеттерінің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жататындығын айтыпты. Ал өмірлік тәрбие Тұлғаны жетілдіру құралы ғана болмақ. Тұлға тәрбиенің туындысы емес. Екінің бірінің Тұлға болмайтыны да содан. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығатыны сияқты Тұлға да тым сирек кездесетін табиғаттың дара туындысы.

Тұлғаның басқа адамдардан бітім-болмысы ерекше, жан дүниесі нұрлы болып келеді. Оның озық қуат күші, артық қайрат жігері, кемел ілім-білімі, мінез-құлқы, арлы ақыл-парасаты, жаны сүйген ісіне құштарлығы, сазды әуезі, аңқымалы дабысы, зерек қабылет-зейіні бәр-бәрі туа бітті жаратылысынан. Ол – бойында энергияның мол қоры бар адам. Халық бұндай рухани бай адамды Біртуар деп атайды. Оның тағы бір халықтық сипаттамасы «сегіз қырлы, бір сырлы». Алайда, жеке таңдаулы, санаулы ғана адамға Тәңіріден туа бітті берілген қасиеттер де саналы түрде дамытпай, қажырлы талпыныстар арқылы жетілдірмей, шыңдап дамытпай игерусіз қалдырса ол да бір жер асында жатқан асыл жаһұт, гауһар тастар көмбесі сияқты көміліп, көрінбей жата береді. Тұлға болуға лайық болып туғанымен Тұлға болмай қалуы да сондықтан. Бірақ төбелді туған адам қалай болғанда да көп ішінен ерекшеленіп, өзіне өзгені тартып тұрады. Оның айдын бетіне түскен Айдай жарқырап, сүт бетіне шыққан алтын сары қаймақтай қалыңдап көрінуі толып, кемелденген шағында туған ұлтына жасаған қайыр, қызметіне орай болмақ дүр.


Бүгінгі өркениетті технологиясы дамыған заманда жаңадан өмір салалары пайда болуына байланысты адамдар өзінің салалық қызметіне орай тұлғаланатын болды. Қай саланың адамы болсын егер онда ұлттық сана болмаса, ол еш қашан тұлғалық деңгейге көтеріле алмайды. Тұлға болатын адам бойындағы барлық туа бітті қабылет, қарымды бір ғана ұлт жолына арнайды және сол жолда өзін құрбан етеді. Ол адамда басқадай пендауи мақсат, мүдде деген болмайды. Сонысымен ол халықтық биік Тұлғаға айналады…

Осы орайда Ұлы Абайдың сөзін тағы қайталағым келіп отыр. Абай қазақтың әулиесі ғой. «Единица болмаса не болады өңкей нөл» депті. Бірі жоқ, яғни бірге тең келетін басшысыз көп нөлден не пайда, «Билемесе бір кемел? деген ғой. Абайдың Кемел деп отырғаны Тұлға. Қазақ Елі жаңа қоғамға аяқ басқан қазіргі таңда мемлекетіміз үшін, оның бай-қуатты зайырлы әрі өркениетті елге айналуы үшін осы Кемел Адамды анықтау, Тұлғатану ғылымын жетілдіру аса маңызды рөл атқармақ. Демек, тұлғатану ілімін жетілдіру, оның теориялық әрі практикалық нәтижелері мемлекеттің әкімшілік, әскери органдарының басшы қызметкерлерін таңдап, талғап тағайындауда басшылыққа алынатын басты критерийлерінің бірі болса еліміздің өркениетке қол жетуіне зор мүмкіндіктер ашылары сөзсіз. Ал қазір байқап отырсаңыз «басшы болу оңай-ақ, мықты болса қол-аяқ» (М.Құрманхан) принципі қоғамда етек алып кеткендігін байқаймыз. Біліксіз басшы – білімді маманға иек сүйеп қызмет атқарғансып көрінгенімен қоғамның ілгерлеуіне кедергі, кендір тұсау. Өйткені біліксіз басшы тұлға емес болатын. Біздің елімізде погонындағы дәрежелік жұлдызшаларды дұрыс таға білмейтін полковниктер бар екені жария болды. Бұл нені көрсетеді? Ол жай адам емес. Үлкен басшы. Демек, тағайындағанда, яки сайлағанда тұлғалық қасиеттері анықталмаған. Ал ел басқару, қоғамды бір іске жұмылдыру екінің бірінің қолынан келмейтін үлкен өнер. Ұлы Абай: «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» дейді. Мықты маман болуға болады, бірақ мықты маман мықты басшы (хакім, әкім) бола алмайды. Ал басшы адамға ғалымдық міндеттер жүктейді. Яғни қоршаған ортасының, айнала төңірегінің, қоғамының сыр-сымбатына, тіршілік әрекетінің себеп-салдарына терең бойлай білетін білгір болуы керектігіне жөн сілтейді.

Бұл тұрғыда қазақ халқының өзінің де бай тәжірибесі, өз заңы, жосын-жолы, ғұрып-әдеті, әдеткі мәдениеті бар. Алайда, қазақ халқы ұзақ жылдық отарлау саясатының залал, зардабының кесір-кесапатынан болып өзінде қалыптасқан, игілігі мол, пайдасы зор ілімінен ажырап қалды. Енді сол қасиетті де қадірлі, киелі жолды қайта жаңғыртып, ел игілігіне айналдыратын уақыт туып тұр. Әсіресе қазіргі қазақ қоғамына ауадай қажет. Дұрыс таңдалған білікті, білімді, ұлтшыл басшы келген жеріне жаңа түскен келіндей құт әкеледі. Халқына қан майдан кешіп жүргендей қызмет жасайды.

Қазақ халқының отаршылдықта өмір сүргенге дейінгі дәуірдегі Ел басшыларын тағайындаудағы тәртіп, заң-закон, жора-жоралғы, жол-жосындарына назар салар болсақ Еліне бас болар адамның Тұлғаға лайық қасиеттеріне аса мән бергендігін көреміз. Бұл таңдауды ел ішінен сұрыпталған, өмірдің түрлі саласынан жарып шыққан әзиз ғұлама, данышпан ғалым, көреген адамдардан жасақталған қазылар жасағанын білеміз.
Мәселен, Ханда болуға керек қасиеттер қандай?

Тұлға танудағы ең басты, бірінші шарты таңдауға түскен, таразыға тартылар адам саясаткер болуын анықталуы керек. Саясаткер дегеніміз кім? Саясаткер дегеніміз ұлттың жан дүниесін, бітім-болмысын бойына жетік сіңірген, Әлихан (Бөкейхан) айтқандай «қасықтай қаны қалғанша қазақ үшін қызмет ететін», Ұлттық, Мемлекеттік мүдде үшін жаны пида, басқа мақсаты болмайтын адам. Мұндай адам төрт төңірегімен тізгінді тең ұстап халқына қызмет қылады.

Ханның екінші қасиеті – қолбасшылық. Ол – Әскери өнерді жетік зерделеген, оның қыр-сырын терең меңгерген, майдан көрмесе де, толарсақтан саз кешіп, тобығынан қан кешпесе де әскери жаттығуларға қатысып, машықтан өткен, сайыпқыран.
Үшіншіден, Хан болатын адамның қара қылды қақ жарған Әділ болуы сыналтылады. Бүгінгі Биліктің таңба-тұтқасын ұстап, тағына отырған адам «Тура биде туған жоқ» (Халық мақалы), «Жоқ жақыным! Жасағандай Жалғызбын!» (Ж.Мағжан) деп айта алатын болу керек! Өйткені Патшада Ұл болмайды, Ұлт болады.
Тұлғаның және бір басты қасиетін Әлихан Бөкейханұлы Мінез деді. Рас, Ханда айбын, ішкі қуат, қарсы келгенін қайыстырып тұратын мысы болмаса ол қалай Хан болмақ. Ханда жүрек жұтқан ерлік, көк жалды көзсіз батырлық болуы керек. Мысалы, мінездің алапат көрінісі деп қазақ қалмақпен соғысып жатан бір шайқаста аты болдырған Абылай ханға Көк дөненін көлденең тартып Ер Жәнібектің көрсеткен мінезін айтуға болады.

2022 жылы Алматы қаласында болған «Қисыннан тыс қаңтар» оқиғасы кезінде Президент Қ.К.Тоқаевтың бұрынғы президенттің тістей жабысып бермей отырған Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымын жолынан алып, «мен ешқайда кетпеймін, Астанада боламын» деп халыққа паш етіп Мінез танытып, тар жерде, қысылтаяң шақта батыл шешім қабылдауы, Қазақ Елін үлкен төңкерістік апаттан сақтап қалды.

Бесіншіден, Хан болатын адамда Аспан Көктен, Қара Жерден келетін тылсым ақпаратты алдын ала қабылдайтын құпия қасиет болады. Алыстан жеткен бұл тылсымдық күш-қуатты сезінуді сәуегейлік деп атаймыз. Мазасын алып, миын шырмап, шиыршық атырып, шырқын бұзып тұрған тылсым ақпаратты өзінің ой елегінен өткізіп, пысықтап, қорытып игеретін қабылетті көріпкелдік дейміз. Көріпкелдік қасиеті бар адам халқын, ел-жерін, көп апат, қасыреттен аман сақтап қалады. Көріпкелдік қабылеті мықты адамның мысы басым, жанары отты болады. Іші ашып, көкірегі күйіп тұрса да көзінен жалын атып, қарасына қарсы адам тіктеп қарай алмайды.

Алтыншыдан, Хан болатын адам сөйлер сөзге ұста, сөйлесе шешен, сөзі мірдің оғындай, ауызынан шыққан аталы сөзіне айналасы ұйып қалады. Сөзі сіңімді һәм жағымды болады. Хан дүйім жұрттың алдына шығып Қалың бұқарасына ұран тастап сөйлегенде қолбасшыларын ерлендіре, қалың бұқарасын еліте қолпаштай қаһарландырып, жігерлендіріп сөйлейді. Қалың бұқарасы Хан иесінің алыстан болсын баранын көзімен көре тұрып, жалынды дауысын естігенде тұла бойына тоқ жүгіріп өткендей шымыр пайда болып керемет энергия қуатын алады. Бұл энергия үлкен-үлкен жеңістерге жеткізеді.

Жетіншіден, Хан болатын адам Антына адал. Анттан таймайды. Анттан тайса Ант атады! Қарғыстың үлкені «Ант атсын!». Анттан тайған адамды Антұрған дейді. Яғни Сөз киесі атқан адам. Аузынан жаңылған адам. “Айтылған сөз атылған оқпен тең”. Айныса айналып өзін табады. Көктің қаһарына ұшырайды. Анттың киесі ұрады.

Ант – Бұрынғы заманнан, әлімсақтан жеткен дәстүр. Жай дәстүр емес Ұлық Дәстүр. Кімде кімнің, Хан болсын, Қара болсын атқаратын қызметін, мойнына алған міндетін адал істейтіндігіне көп алдында Киелі Көк пен Қара Жерге тағзым етіп, сиынып тұрып, Ата-баба аруағын аузына алып Ант береді. Кейінгі замандарда Нан ұстап, Құран-кәрімді ұстап Ант беретін дәстүр де пайда болды. Мысалы: ҚР Президенті өзінің мәртебелі қызметіне кірісер алдында Конституцияға алақанын тигізіп тұрып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, ҚР-ның Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, ҚР Президентінің өзіме жүктелғен мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін» – деп ант береді (ҚР Конституциясы, 42-баб).
Түрлі мекемелердің басшыларын, шенеуніктерді, аудан, облыс, ауыл тағы басқа әкімшілік орындардың әкім қараларын сайлағанда әрі тағайындағанда олардың бойынан Ханға лайық қасиеттер табылуы халықтың көкейгесті арманы деп білеміз.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар