///////

Тастыөзек ауылында жүзден астам оқушы құлағалы тұрған ғимаратта білім алады

1429 рет қаралды

Дамыған 50 елдің қатарындамыз деп мақтанамыз. Жақында дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деген ойымыз және бар. Бірақ біздің елдегі ауылдың жағдайы “дамыған 30 елдің ауылы алыс” екенін көрсетіп тұрғандай. Бұл сурет Жетісу облысы, Кербұлақ ауданына қарасты Тастыөзек ауылындағы мектептің көрінісі. Көріп отырғандарыңыздай едені қираған, төбесі түскен, апатты жағдайда. Іргетасы сонау 1998 жылы   қаланған. Содан бері құрылыс жұмыстары жүргізілмеген мектепте 100-ден аса оқушы оқиды. Мектеп ұстаздары жылда жаңа мектеп салынсын деп айтамыз, жоғарыға хатта жаздық, бірақ ешқандай нәтиже жоқ,-дейді.

Гүлзия БЕРІКБАЛАҚЫЗЫ, Тастыөзек орта мектебінің мұғалімі:

– Бұл мектеп 1998 жылы балабақша ғимараты болып салынған. Кейіннен ауыл адамдары бұл ғимаратты қолдан мектеп жасап алдық. Қарап отырсаңыздар мектеп деген аты болмаса, ешқандай материалдық база жоқ. Сынып деген система да жоқ. Өзі айналдырған 5-6 кабинетте сыныптарды отырғызып  сол жерде мұғалімдер сабақтарын береді. Мектеп ашылғалы мінекей 25 жыл болды. Ашылғалы ешқандай күрделі жұмыстар жүргізілмеді.  Жазда өзіміз әктеп реттеп аламыз. Ал өкімет тарапынан жөндеу жұмыстары болған жоқ. Сонымен қатар “Спорт зал” деген бізде атымен жоқ. Көктем мен күзде балалар есік алдында, далада футбол алаңында ойнайды. Ал қыстың күні  шаңғымен ойнайды. Спорттың осы екі түрі ғана бар. Ал шаңғы тебуге ауа-райы қолайсыз болса, кабинетте отырып шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарын ойнайды.

Сосын мектебімізде мәдени шаралар өткізетін жақсы бір “Акт залымыз да” қарастырылмаған. Әйтеуір өзіміз бір кабинетті жоқтан бар етіп акт залы деп жасап алғанбыз. Сол акт залында ауылда болатын жиналыстар да, әкімнің жиналыстары да, өзіміздің іс-шараларда өте береді. Ал енді кіріп қарасаңыз адам шошиды. Бір жақ төбесі түсіп жатыр. Оның үстіне ғимарат түгел бетоннан салынғандықтан қыстың күні қанша жерден от жанса да қабырғалары жылымайды. Жылынбаған соң кабинеттердің бәрі әрқашан көгеріп, иістеніп тұрады. Ол балалардың денсаулығына да зиянын тигізіп жатыр. Осы жерде 25 жылдан бері істеп келе жатқан мына біздің де аяғымыздан суық өтіп, денсаулығымызды құрттық.                                                                                                                                                                               Округ әкімі, аудан әкімі есеп беру жиналыстарын өткізіп жатады. Бірақ ол кісілердікі тек айтып өту ғана. Небір цифрларды айтады өкіметтен осыншама миллиондаған ақша бөлініп жатыр, мектеп саламыз дейді. Ақыр аяғында ақша да жоқ, мектеп те жоқ. Біз неше жылдан бері осы мектеп мәселесін көтеріп келеміз, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Жылда “жасаймыз” деп айтады. Биыл мінекей үшінші жыл “бұл мектепті жөндемейміз, 120 орындық жаңа мектеп саламыз”,-деді. Кейіннен 100, одан соң 80 орындық мектеп саламыз деп айтты. Бірақ жаңа мектеп салмақ түгілі ескі мектепті жөндей алмай, уәделері құрғақ сөз күйінде қалып жатыр.                                                                                                                                                    Көзіміз ашық қой, сайттардан оқимыз, теледидардан көреміз, жоғары жақтағылар жылда “ауылдық жерлерде 100 мектеп салынсын”,- деген тапсырма береді. Сол 100 мектепті қайда салып жатыр? Сол 100 мектептің ішінде біздің ауылға мектеп бар ма? Бар болса қашан салынады? Біз балаларға қанша жерден білім беріп жатсақ та, материалдық тұрғыда білім беруге қажетті дүниелер жоқ болғандықтан, толық білім бере алмай жатырмыз деп ойлаймын. Себебі қалалық жердегі гимназия, НИШ мектептеріне қандай талап қойса бізге де  білім жолында сондай талап қояды. Ал бізде тіпті интерактивті тақта да жоқ. Парта мен орындықтың түрі мынау, басқа мектептер “ескі” деп шығарып тастаған жиһаздарды біздің мектепке әкеліп береді. Талапқа сай, заман ағымына сәйкес техникалармен жабдықталған мектеп болса ауылдың балаларының біліміне қосқан үлесі сол болар еді мына жоғарыдағылардың.  Сондықтан  енді біздің мына жанайқайымызды тыңдайтын, білмеймін енді басшылары ма, мекемелер ме бар болса осы мәселемізді шешіп берсе деген тілегіміз бар.

Жаңа Қазақстанды құрамыз деп атойладық. Бірақ біздің  жаңа Қазақстанды “баяғы жартас сол жартас”,-демекші бұрынғы адамдар басқарып отыр ғой. Берген уәделер орындалмай қалса таңғалмайтын болдық, бірақ қашанғы осылай жалғаса береді. Қашан өзгеріп, қашан алға жылжимыз,- деген мұғалімдердің жанайқайы мұнымен бітпеді. Тастыөзектің мәселесі тек мектеп қана емес екен…

Серік АБДРАХМАНҰЛЫ, Тастыөзек орта мектебінің мұғалімі:

– Тастыөзек орта мектебінде 1999 жылдан бері жұмыс істеймін. Бұл ғимарат совхоз кезінде қалған  ғимарат. Соны ауыл адамдары өз күшімізбен реттеп, мектеп қалпына келтірдік. Енді ауыл халқының да, мектеп ұжымының да арманы жаңа мектеп салынса, балаларымыз жақсы жылы жерде білім алса дейміз. Себебі осы мектептен ұшып жатқан түлектердің бәрі ұстаздардың арқасында жоғары деңгейде білім алып, республика бойынша атағы шығып жатқан шәкірттеріміз бар. Сондықтан білім сапасы жақсы. Тек материалдық тұрғыда ғимараттың жабдықтары толық емес. Кабинет жетіспейді. Кабинеттер қысы-жазы суық. Балалар қалың киіммен отыруға мәжбүр. Сонымен қатар сумен қамтамасыз ету де қарастырылмаған, себебі ауыз суды жұмысшылар шелекпен әкеліп қайнатып, балаларға береді. Санитарлық норманы сақтау үшін де, еден жуу үшін де суды көшенің басынан  шелектеп тасиды.  Мектеп деген аты болмаса, көріп отырғандарыңыздай талапқа сай емес. Мен өзім биология пәнінен  сабақ беремін. Менің пәніме қатысты да құрал-жабдықтар жоқ. Мұғалімдер бөлмесі де қарастырылмаған. Ұстаздар сабақтары біткен соң әр жерде отырып жұмыстарын жүргізеді. Келесі сабаққа дайындалу үшін тіпті далаға шығып, ағаштың түбінде ноутбугы мен қағазын құшақтап отырады. Қазір мектепте 30 шақты ұстаз қызмет істейді.   Мектептегі балалардың саны 100-ден асты. Ауылдағы халық саны да артып жатыр. Мектепке дейінгі дайындық, балабақша деген де жоқ. Әкімшілікке жылда айтамыз. Жасаймыз, саламыз дейді. Ештеңе істеліп жатқан жоқ.

 

Мәлік ҚАБЫЛЖАНҰЛЫ, Тастыөзек ауылының тұрғыны:

– Ауылда 600-ден аса адам бар. Яғни 86 түтін. Өсім жақсы шүкір. Бізде жол жоқ, су жоқ, жарық жоқ. Суды анау көшенің басынан тасып әкелеміз. Жол көктем мен күзде балшық болып, қатты жаңбырда сел жүріп, адамдардың жүріп-тұруына ыңғайсыздық туғызады. Жарықтың жоқтығанан балалар сабақтан қайтқанда қорқады. Мектептің сұрқы мынау. Адам шошиды. Жоқтан бар жасап тұрғындар өз қолдарымен салған мектеп. Баяғыда бізді Қоғалыға тасып оқытатын. Осы мектепті өзіміз салғанда қуанып қалып едік. Балалар енді келесі ауылға барып оқымайды, өзімізде бар деп. Енді өкімет жағдай жасап, мектепті кеңейтіп берсе деуші едік. Бірақ бұл тілегіміз арман боп қалды.

Тастыөзек ауылындағы мектептің мәселесі бойынша Жетісу ауданы, Кербұлақ ауданының әкімі Ғалиасқар Төлендіұлы Сарыбаевқа сұраныс хат жібердік. Енді жауабын күтеміз. Мектептің нақты салынатын уақытын айта ма әлде Тастыөзектің тұрғындарына айтқан сөздерін бізге де айта ма белгісіз. Күтейік…

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Дос Көшім, саясаттанушы: Президенттің басым дауыспен жеңіске жетуі – авторитарлық жүйенің қалыптасқан қағидасы. Өйткені Президент өзгелерден оқ бойы озық болуы керек

Қазақстанда 2022 жылдың 20 қарашасына кезектен тыс сайлау өтті. 81 пайызбен атқарушы Президент Қ.К. Тоқаев басым