////

Ауылдағы апатты мектеп: Жаңа құрылыстың тек құжаттары дайын

3083 рет қаралды
2

“Мінбер” сайты биыл Мамыр айында “Тастыөзек ауылында жүзден астам оқушы құлағалы тұрған ғимаратта білім алады” тақырыбында мақала жариялаған еді. Біздің сол кезде ауыл әкіміне жіберген сауалымыз жауапсыз қалған. Ал, жаңа оқу жылы басталғалы екі тоқсан өтсе де, жүзден астам оқушы осы мақалада айтылғандай, құлағалы тұрған мектепте оқуға мәжбүр. СДУ “Журналистика” мектебінің 2-курс студенттері бұл ауылға қайта барып, ондағы мектептің жай-күйін көзімен көріп қайтқан еді. 

Жетісу облысы, Кербұлақ ауданына қарасты Тастыөзек ауылының мектебі 35 жыл күрделі жөндеуден өтпеген. Қабырғасы сыз тартып, иістеніп кеткен білім ордасында 107 бала оқуға мәжбүр. Ал бұл маңда жаңа мектеп 2024 жылға қарай салынады деп жоспарланған.

Тастыөзек ауылындағы мектеп

Бұл 14  жастағы Азамат. Ол ескі, суық, спорт залы жоқ Тастыөзек орта мектебінде 7-сыныпта оқиды.

Біздің Тастыөзек ауылына сапарымыз екі күн қатар жауған қардың салдарынан ауылда жарық сөніп, оқушылар мектепке бармаған кезбен тұспа тұс келді. 

Мектеп ауласына жақындай бергенде қар тазалап жүрген жұмысшыларды көрдік.  Олардың арасында мектеп директоры Ермек Оспанов та жүр. Білім ордасының  сыртына қарап, мектепте ешқандай өзгеріс жоқтығын  байқадық. 

«Ескі мектеп болса да, оқушылардың білім алуына кедергі болмауы үшін ғимаратты барынша күтіп ұстап отырмыз. Басшылықтың айтуынша, 2024 жылға қарай 80 орындық мектеп бой көтермек. Смета құжаттарын дайындауға тікелей өзім ат салыстым. Жақсы жаңалық күтеміз», – дейді мектеп директоры.

(мұғалімдер бөлмесі)

Мекемеде 28 мұғалім жұмыс істейді. Солардың бірі математика пәнінен беретін Айгүл Қалибекқызы. Оның айтуынша, мектеп ескі болғандықтан, бетоннан суық тартады.

 «Кейде балалар сырт киіммен отырады. Шыны керек, аяқтарынан сыз өтіп, жиі ауырып қалады. Интернет жауын күндері өте нашар ұстап, сабаққа кедергі келтіретіні тағы бар. Балалар екі ауысымда оқиды. Көшелерде жарық жоқ. Екінші ауысымда оқитын оқушылар үйіне тас қараңғыда қайтады. Ауылда ит атаулы көп болғандықтан, балаларды ата-аналары күтіп алуға мәжбүр», – дейді А.Қалибекқызы.

(информатика кабинеті)

Әкімнің есеп беру жиналыстарында,  әрбір кездесулерде мектеп мәселесі бірінші орында тұратын көрінеді. «Мемлекеттен бәленбай миллион қаражат бөлінді, құрылыс әне басталады, міне басталады деген құрғақ уәде жыл сайын айтылады. Алайда әлі нәтижесі жоқ,» – дейді ауыл тұрғындары.

Тастыөзек орта мектебі Кербұлақ аудандық білім бөліміне қарайды. Мұндағылар жаңа мектептің смета құжаттары сараптамада екенін айтты.

«Жетісу облысы құрылыс басқармасы мен «Капремпроект» ЖШС құрылыс нысанының жобалық смета құжаттарын даярлау үшін 2020 жылдың 19 қазанында 23 миллион 314 мың теңгеге келісім-шарт жасасты. Сметалық құжаттар дайындалып, экспертизада қаралып жатыр. Экспертиза қорытындысы желтоқсан айының аяғында белгілі болады» дейді білім бөлімінің материалдық есепшісі Әсия Рысмендиева.

Кемелбай Әмина, 

Науханова Данагүл

СДУ “Журналистика” мектебінің ІІ курс студенттері, 

суреттерді түсірген авторлар

 

 

 



Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Жарайсыңдар,жас журналистер осындай өзекті мәселелерді жиі-жиі көтеріп еліміздің әсіресе ауылдың өркендеуіне үлес қосып абыройлы еңбек етіңдер,шындықты айтып шырылдап дана шаршамаңдар балаларым

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі