Еліміздің барлық мектебінде қазақ тілі оқытылады. Бірақ оқушы сол пәнді меңгеру арқылы мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, ойын сауатты жазып, тілдік нормаларды дұрыс қолдана ала ма? Әлде оқу бағдарламасында көзделген құзыреттер мен құндылықтарды игеру негізгі міндетке айналып, тілдің өзін үйрету екінші қатарға ығысып бара ма? Қазақ тілі пәнінің мазмұнына қатысты туындаған сауалдардың түйіні осында.
ПӘНДІК БІЛІМНІҢ ОРНЫН ЖАЛПЫ ҚҰЗЫРЕТТІЛІК ПЕН ҚҰНДЫЛЫҚТАР БАСЫП КЕТПЕДІ МЕ?
Жақында Фейсбук әлеуметтік желісіне Білім беру ісінің қызметкері, мұғалім Ақмарал Шатемірқызы қазақ тілі пәнінің оқытылуына қатысты мәселенің шетін шығарды. Онда Мемлекеттік тіл институтының ұйымдастыруымен лингвистика ғалымдары мен қазақ тілі мұғалімдері ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі №399 бұйрығына тіркелген «Қазақ тілі» пәнінің үлгілік оқу бағдарламасын талқылағаны айтылған.
Автордың жазуынша, бағдарламада: «Қазақ тілі» оқу пәнінің мақсаты – пәндік білімді функционалды сауаттылыққа негіздеп, өмірлік жағдаяттарда сөйлеу әрекеттерін сауатты қолдана алатын, коммуникативтік, метапәндік және жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, жан-жақты құзыретті тұлға қалыптастыру» делінген. Ең бастысы, қазақ тілі пәнінің түпкі нәтижесі – қазақ тілін түсіну, қолдану, өз ойын ауызша және жазбаша сауатты жеткізу, түрлі жағдаятта тілдік таңдау жасай алу деген өзек анық көрінбейді», – дейді ол.
Сондай-ақ мұғалім: «Оқу пәнінің мазмұны «Адал азамат» құндылықтарын («Тәуелсіздік және отаншылдық», «бірлік және ынтымақ», «әділдік және жауапкершілік», «Заң мен Тәртіп», «еңбекқорлық және кәсіби біліктілік», «жасампаздық және жаңашылдық») қалыптастыруға және мемлекеттік Егемендік пен Тәуелсіздікті қамтамасыз ету, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, жалпыұлттық бірлікті нығайту, қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік пен прогреске ұмтылуды дәріптеу, білім мен ғылымды дамыту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау қағидаттарын іске асыруға бағытталған» дей келе, «Қазақ тілі пәнінің оқу мазмұны» ең алдымен сол пәнге тән ғылыми білім жүйесін, негізгі ұғымдарды, мазмұндық бөлімдерді, пәндік және коммуникативтік дағдыларды қамтуы қажет, қазақ тілі пәніне тән өзегін көре алмадық.
Бағдарламада қолданылатын әрбір ұғымның өз орны мен қызметі болғаны жөн. Құзыреттілік, функционалдық сауаттылық, метапәндік дағдылар, құндылықтар – бәрі маңызды. Бірақ олардың барлығын қазақ тілі пәнінің мойнына арту пәннің негізгі табиғатын көмескілендіреді. Барлық пәннің құзыретін қазақ тілі пәніне артып қойғандай. Қазақ тілі – ең алдымен тіл. Сондықтан оның бағдарламасының өзегінде мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін тұлға қалыптастыру, сауатты жазу және қазақ тілін нақты қарым-қатынас құралы ретінде меңгерту тұруы қажет» деген пікір білдірген.
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ, ОҚЫТУ ТІЛІНЕ ҚАРАМАЙ, БАРЛЫҚ САЛАДА БІРІНШІ ТІЛ БОЛУ КЕРЕК
Біз Білім беру ісінің қызметкері, мұғалім Ақмарал Шатемірқызына хабарласып, көптің көкейіндегі мәселе жайын тәптіштеп сұрадық. Ол: «Қазақ тілі пәнін оқыту мақсаты – ана тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, қазақ әдеби тілі нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуге, еркін сөйлесуге және сауатты жазуға үйрету» деген мақсаттың жаңа бағдарламада жалпыадамзаттық құндылықтар аясына жұтылып кеткені сыналды.
Меніңше, бастауыш сыныптардың оқу мақсаттарына «мәтін тудыру» әрекетін де енгізу қажет. Өйткені тілдік білім дыбыстан басталып, біртіндеп күрделене түседі: дыбыс, морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, одан кейін мәтін. Оқушы осы тілдік бірліктерді жеке-жеке танып қана қоймай, оларды байланыстырып, өз ойын жүйелі жеткізе алуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, мәтін тудыру мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Оқушының тілдік білімінің нәтижесі оның дайын мәтінді түсінуімен ғана емес, өз ойын байланыстырып, жүйелі түрде мәтін құра алуымен де өлшенуі тиіс» дегенді жеткізді.
Сондай-ақ, мұғалім төмендетілген сағаттар саны туралы да тілге тиек етті. «Кейбір сыныптарда қазақ тілінің сағаттарының азаюы немесе таңдау пәніне айналуы. Президенттер қазақ тілінен емтихан тапсырады, ал мектеп бітірушілерден қазақ тілі пәнінен тестілеу ҰБТ жүйесінде неге қарастырылмайды? Бұл сұрақ мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесі мен оны меңгеру деңгейін бағалау мәселесін қайта қараудың қажеттігін көрсетеді. ҰБТ-дағы 10 ұпайлық бағалаудан тұратын оқу сауаттылығы – қазақ тілі пәні емес», – деді ұстаз.
Оның айтуынша, тарихи Отанындағы Мемлекеттік тіл неге қазақ мектептерінде – Т1, орыс тілді мектептерді – Т2 деп аталады, өзбек, ұйғыр, тәжік мектептерінде Мемлекеттік тіл –Т3 деп атала ма? Мемлекеттік тіл, оқыту тіліне қарамай, барлық салада бірінші тіл болу керек», – деп түйіндеді пікірін ҚР Білім беру ісінің үздігі Ақмарал Шатемірқызы.
Демек, құжаттағы пән мақсаты мен мазмұнына қатысты айтылған сынның жаны бар ма? Бағдарламада оқушының тілдік білімін қалыптастыруға қажетті талаптар нақты көрініс тапқан ба? Бір қарағанда, бұл білім берудің бүгінгі талаптарына сай келетін ауқымды мақсат. Оқушының алған білімін өмірде қолдануы, қарым-қатынас жасай алуы, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңіруі маңызды.
Алайда осындай кең ауқымды міндеттердің арасында қазақ тілі пәнінің нақты нәтижесі қаншалықты айқын көрініп тұр? «Жан-жақты құзыретті тұлға қалыптастыру» деген тұжырым кез келген пәннің мақсатына айнала алады. Математика да, тарих та, жаратылыстану пәндері де оқушының ойлау қабілетін дамытып, функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға үлес қосады. Ендеше қазақ тілі пәнінің басқа пәндерден ерекшеленетін негізгі міндеті неде?
Оқушы қазақ тілінің заңдылықтарын түсініп, сөздік қорын байытып, сөйлемді дұрыс құрап, ойын ауызша және жазбаша сауатты жеткізе алуы керек. Түрлі жағдаятта тілдік құралдарды орынды таңдап, қазақ тілін нақты қарым-қатынас құралы ретінде қолдануы қажет. Пәннің түпкі нәтижесі осы дағдылар арқылы өлшенуге тиіс. Егер бағдарлама мақсатының ауқымы кеңейгенімен, тілдік білімнің қандай деңгейде қалыптасуы керектігі жеткілікті нақтыланбаса, мұғалім де, оқушы да басты бағдардан жаңылуы мүмкін. Сондықтан мәселе құзыреттілік ұғымының қолданылуында емес, сол құзыреттіліктің нақты тілдік білім мен дағдыға қалай сүйенетінінде.
БАҒДАРЛАМАНЫҢ НӘТИЖЕЛІЛІГІ ОҚУШЫНЫҢ МӘТІНДІ ТҮСІНУІНЕН, ОЙЫН ЖҮЙЕЛІ ЖЕТКІЗУІНЕН ЖӘНЕ САУАТТЫ ЖАЗУЫНАН КӨРІНУІ ТИІС
Minber.kz сайты бұл мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдаған. Министрліктің Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің бас сарапшысы Набира Оралбекқызы Марбановадан келген жауапта:
«Қазақ тілі пәнінің негізгі өзегі – тілдің жүйесін меңгерту, оқушының қазақ тілінде түсіну, еркін сөйлеу және сауатты жазу дағдыларын дамыту. Функционалдық сауаттылық пен құндылықтар осы мақсатпен өзара байланыста қарастырылады. Бағдарлама жобасын пысықтау барысында пәннің тілдік мазмұны мен күтілетін нәтижелері нақтылануда.
Пән мазмұнының негізін тілдік білім мен оны қолдану дағдылары құрайды. Тәрбиелік және метапәндік міндеттер мәтіндер мен тілдік тапсырмалар арқылы іске асырылады. Жобаны жетілдіруде грамматикалық білім мен сөйлеу дағдыларының сабақтастығына басымдық берілуде. Күтілетін нәтижелер білім беру стандарттары мен оқу бағдарламаларында айқындалады.
Оқушының тілдік дағдылары оқу барысындағы бағалау және қорытынды аттестаттау арқылы тексеріледі. Нәтижелілікті арттыру үшін тілдік білімді нақты қарым-қатынас жағдаяттарында қолдануға назар аударылуда. Бағдарламаның нәтижелілігі оқушының мәтінді түсінуінен, ойын жүйелі жеткізуінен және сауатты жазуынан көрінуі тиіс. Бұл ретте бағалау нәтижелерімен қатар, оқушылардың жұмыстары мен педагогтердің кері байланысын кешенді қарастыру маңызды. Нақты зерттеулер мен мониторинг қорытындылары туралы ақпарат расталған деректер негізінде ұсынылады», – делінген.
ҚАЗАҚ ТІЛІ ПӘНІ БОЙЫНША ҚАЙ СЫНЫПТА ҚАЙ ДЕҢГЕЙДІ БІЛУ КЕРЕК ДЕГЕН ТАЛАП ЖОҚ
Ал Мемлекеттік тіл институтының директоры Бижомарт Қапалбектің редакция қойған сауалдарға берген жауабы мынадай.
– Жаңа оқу бағдарламасында қазақ тілі пәнінің нақты өзегі көмескіленіп кеткен жоқ па? Бағдарламада «жан-жақты құзыретті тұлға», «функционалдық сауаттылық», «метапәндік дағдылар», «ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар» секілді ұғымдарға кең орын берілген. Бұлардың маңызын жоққа шығаруға болмайды.
Алайда қазақ тілі пәнінің ең басты нәтижесі – оқушының қазақ тілін түсінуі, еркін сөйлеуі, сауатты жазуы және оны күнделікті өмірде қарым-қатынас құралы ретінде қолдануы нақты әрі айқын көрінбейді. Қазақ тілі – ең алдымен тіл үйрететін пән бе, әлде барлық құндылық пен құзыреттілікті қалыптастыратын әмбебап пәнге айналып бара ма?
– Иә, оқу мақсаты жүйесіз, жеткіліксіз қойылған. Мақсат тым күрделі әрі жалпылама берілген. Бір сөйлемге функционалдық сауаттылық, коммуникативтік және метапәндік құзыреттер, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар жинақталған. Осының ішінде пәннің түпкі мақсаты анық емес. Негізгі мақсат пен қосымша міндеттер араласып кеткен. Мақсат анық қойылмаған соң, оның артындағы барлық іс қисық болатыны белгілі ғой.
Пәннің түпкі мақсаты – оқушыны дұрыс сөйлеп, сауатты жазуға үйрету. Тілдік білімді меңгерту мен ұлттық құндылықтарды қалыптастыру. Мақсатта грамматика оқылым мен жазылымды қамтамасыз ететін құрал ретінде анық көрінуі керек керек. Мақсатта грамматика туралы бірде бір сөз жоқ.
Біздіңше, қазақ тілін оқыту мақсаты 4 тағаннан тұрады. Бұны мазмұнына қарай орналастырсақ, былай көрінеді:
- Дұрыс, шебер сөйлеуге үйрету (ауызша барлық стильде мәтін тудыру дағдысын жетілдіру);
- Сауатты жазуға үйрету (барлық стильдің жанрларында жазбаша мәтін тудыру дағдысын қалыптастыру);
- Қазақ тіл білімінің метатілін орта мектеп деңгейіне сай меңгерту (орта мектепке сай лингвистикалық білім беру, тіл бірліктерін тану, талдау, мәтінтану, мазмұнын, құрылымын, стилі мен жанрын ажырата білу);
- Ұлттық дүниетанымын қалыптастыру (тіл арқылы ұлттық құндылықтарды сіңіру, аялық білімді меңгерту, әлемнің қазақ тіліндегі бейнесі).
Осылардан алдымен міндеттер шығады және қазақ тілі пәнінің білім мазмұны қандай болуы керектігі көрінеді. Егер пәннің негізгі нәтижесі оқушының ауызша және жазбаша мәтін тудыра алуы, тудырған мәтіннің тілдің бес нормасына сай болуы және тіл арқылы ұлттық дүниетанымды меңгеруі болса, онда пән мазмұны да осы нәтижелерді қамтамасыз ететін компоненттерден құралуы тиіс. Ал жалпыадамзаттық құндылық қалыптастыру деген қазақ тілінің мақсатына тіптен жатпайды. Бұл енді жалпақшешейлік.
– Қазақ тілі пәніне тәрбиелік және метапәндік міндеттердің тым көп жүктелуі оның негізгі мақсатына кедергі келтірмей ме? Жаңа бағдарламада отаншылдық, бірлік, әділдік, еңбекқорлық, құқықтық және экологиялық мәдениет сияқты көптеген бағыт қамтылған. Мұның бәрі маңызды болғанымен, мұндай міндеттер барлық пәнге ортақ емес пе? Егер әр пәннің өзіне тән ғылыми білімі мен дағдысы болуы керек десек, қазақ тілі бағдарламасында сол пәнге ғана тән білім жүйесі мен нақты тілдік дағдылардың салмағы қаншалықты?
– Қазақ тілі пәнінің білім мазмұнының нақты айқындалмауы – 2016 жылдан бері қабылданып, қолданылып келе жатқан «Қазақ тілі» пәнінің оқу бағдарламасындағы үлкен кемшілік. Өзге пәндерде білім мазмұны пәннің ғылыми негізін құрайтын тұрақты ұғымдар, заңдылықтар мен теориялық категориялар жүйесіне сүйенеді. Мысалы, математика пәнінің мазмұнында сан, теңдеу, функция сияқты пәндік ұғымдар, физикада физикалық құбылыстар мен заңдар жүйесі бірізділікпен сақталады. Ал қазақ тілі пәнінде білім мазмұны бағдарламада айқын көрсетілмеген.
Бағдарламада оқу пәнінің мазмұны «Адал азамат» құндылықтарын қалыптастыруға және тәуелсіздік, ұлттық бірлік, құқық пен жауапкершілік, еңбекқорлық, білім мен ғылым, экологиялық мәдениет, тарихи-мәдени мұра сияқты қағидаттарды іске асыруға бағытталған деп қойған. Бұл – саяси-идеология. Білім мазмұны саяси идеялармен емес, баланың жас ерекшелігіне сай тілдік заңдылықтармен, мәтін жүйесімен және нақты ғылыми-әдістемелік талаптармен өлшенуі қажет.
Қазақ тілінің білім мазмұнын, әрине, грамматика құрайды. Қазіргі бағдарламада грамматика жүйесіз, бейберекет шашылып берілген. Бұл шешімі өте күрделі, әлі де зерттей түсетін өте өзекті мәселе. Оған менмін деген тілші ғалымдар атсалысуы керек. Лингвистикада грамматика дәстүрлі, деңгейлік (фонетика, лексика, сөзжасам, морфология, синтаксис) және функционалдық (жұмсалымды) грамматика болып бөлінеді. Бұның екеуі де лингвистика мамандықтарына академиялық білім беру үшін оқытылады. Ал бізге керегі – қолданбалы грамматика.
Яғни мектепке мәтінді тануға және оны тудыруға, әсіресе мәтін тудыру кезінде ондағы нормалардың бұзылуының алдын алатын грамматика керек. Пәннің мақсаты – оқушыны дұрыс сөйлеу мен сауатты жазуға үйрету болса, оның кілті – грамматика. Грамматиканың бұл түрі оқушы санасында түрлі нормаларды (бес норма) білу арқылы көп қолданылу, көп дағдылану арқылы қалыптасады.
– Қазақ тілін мектепте жылдар бойы оқытсақ та, неге оның нақты нәтижесін көре алмай отырмыз? Оқушы бастауыш сыныптан мектеп бітіргенге дейін қазақ тілін пән ретінде оқиды. Бірақ мектепті тәмамдаған кейбір түлектің қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз ойын сауатты жеткізе алмауы – білім беру жүйесі үшін үлкен мәселе. Министрліктің қазақ тілін оқытудың нәтижесін өлшейтін нақты көрсеткіші бар ма? Мысалы, мектеп бітіруші қазақ тілін қандай деңгейде меңгеруі тиіс және бұл нәтиже қалай тексеріледі?
– Қазақ тілін ұзақ жылдар бойы оқытқанымызбен (жиынтығы мың сағат оқиды екен) күткен нәтижеге жете алмауымыздың басты себебі – қолданыстағы оқу бағдарламасында пәннің мақсаты, білім мазмұнының айқын болмауы және оқу мақсаттары мен күтілетін нәтиже арасындағы жүйелі байланыстың толық қалыптаспауы. 2016 жылдан бері енгізілген жаңартылған оқу бағдарламасында қазақ тілі пәнінің білім мазмұны нақты әрі бірізді айқындалмаған. Оны жоғарыда айттым.
Мектеп бітірушінің қазақ тілін меңгеру нәтижесі ең алдымен оның өздігінен ауызша және жазбаша мәтін тудыра алу қабілетімен өлшенуі тиіс. Қазақ тілі пәні бойынша қай сыныпта қай деңгейді білу керек деген талап жоқ. Оқушы коммуникативтік мақсатқа, адресатқа және жағдаятқа сәйкес әртүрлі стиль мен жанрдағы мәтіндерді түсініп, талдап, өз ойын жүйелі жеткізе алуы, тілдің бес нормасын сақтай отырып, сауатты сөйлеп, жаза білуі қажет. Осы білімді ешкім өлшеп жатқан жоқ.
Бұл нәтиже бастауыш сыныптан бастап біртіндеп қалыптастырылуы тиіс. Қазақ тілі пәнінің нәтижесін оқушының қанша ереже жаттағанымен немесе қанша тақырып өткендігімен емес, сол білімін өмірлік жағдаяттарда қаншалықты еркін әрі сауатты қолдана алатынымен бағалау қажет. Мектепті бітірген оқушы өз ойын қазақ тілінде жүйелі жеткізіп, әртүрлі коммуникативтік жағдайда дұрыс сөйлеп, сауатты жаза алса, қазақ тілін оқытудың нақты нәтижесі де осы болмақ.
Түйін: Демек, қазақ тілі пәні барлық тәрбиелік міндетті арқалайтын әмбебап құралға айналмауы керек. Әрине, оның басқа пәндермен сабақтастығы бар, бірақ өзіне тән ғылыми мазмұны мен басты міндеті де бар. Бұл оқушыға қазақ тілін жүйелі түрде меңгертіп, оны сауатты әрі еркін қолдануға үйрету. Ал осыған жеткізетін білім мазмұны бағдарламада нақты әрі бірізді белгіленуі тиіс.
Динара Мыңжасарқызы,
арнайы “Мінбер” үшін
Парақшамызға жазылыңыз

