«First Media Group» компаниясының директоры Альфия Нургумароваға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Бұған америкалық әншінің Алматыда 14 тамызда өтуі тиіс болған концерті келесі күнге ауыстырылғаны туралы хабарламада мемлекеттік тілдегі нұсқасының жазылмауы себеп болды.
Біз тамыздың 27-інде «Канье Уэст секілді қайшылықты тұлғаны Қазақстан неге шақырды? Бізге не қымбат: капитал әлде репутация?» атты мақала жариялаған едік. Онда әншінің 14 тамызда өтуі тиіс концертінің бір күнге кейінге шегерілгенін хабарлағанда мемлекеттік тілге қатысты дау туғанын жаздық. Себебі ұйымдастырушылар бұл ақпаратты ағылшын, түрік және орыс тілінде хабарлады. Көзіқарақты көрермен қазақ тілінде неге жазылмағынын сұрап, әлеуметтік желіде шу шықты.
Журналист Айбар Олжайдың жазуынша, ол LED-экранда көрсетілген хабарламалардың мемлекеттік тілдегі нұсқасы болмағандықтан, Алматы қаласының ішкі саясат басқармасына өтініш жолдаған. Соған сәйкес құзырлы мемлекеттік органнан ресми жауап келген. Онда Алматыдағы Канье Уэст концерті жөнінде LED-экрандағы хабарламалардың мемлекеттік тілдегі нұсқасының болмауына байланысты @firstmediagroup директоры Альфия Нургумароваға қатысты әкімшілік іс қозғалғаны жазылған. Ол «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 75-бабының 3-тармағына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған (скрин). Айта кету керек, 75-бапта азаматтардың Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылығы көзделген. Осы баптың 3-тармағында деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзғандарға ескерту беріледі. Ал осындай құқық бұзушылық әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде қайталанса, аталған баптың 4-бөлігі бойынша айыппұл салынады.
Ясипа Рабаева
Парақшамызға жазылыңыз
