//

Канье Уэст секілді қайшылықты тұлғаны Қазақстан неге шақырды? Бізге не қымбат: капитал әлде репутация?

64 рет қаралды

Тамыздың 15-інде Алматыда америкалық рэпер Канье Уэстің концерті өтті. Негізінде концерт 14 күні сағат 21:00-де болуы тиіс еді. Бірақ қатты жел тұрып, нөсер жаңбыр жауған соң, концерт келесі күнге шегерілді.

Бар мәселе осы жерде басталды. Себебі сол сәтте мемлекеттік тілге қатысты дау туындап,  әлеуметтік желіде шу шықты. Ұйымдастырушылар стадионның маңдайшасына концерттің ертеңге шегерілгені туралы ескертуді үш тілде – ағылшын, түрік және орыс тілінде жазды. Ал концерт өтіп жатқан елдің мемлекеттік тілі тасада қалды. Ауызша хабарландыру да орыс және ағылшын тілдерінде (@augeralt) болды.

Бұл сол жердегі көзіқарақты көрерменнің, әлеуметтік желіден көріп-оқыған азаматтардың шамына тиді. Бұлай болуы заңды да. Себебі мемлекеттік тіл неге шеттеп қалды? Тіл нормасы неліктен сақталмады? Жалпы Канье Уэст деген кім? Біз тиісті сұрақтарға жауап іздеп, әншімен «танысып» көрдік.

КАНЬЕ УЭСТ КІМ?

Ашық дереккөзге сүйенсек, 1977 жылы туған Kanye Omari West – американдық рэпер, продюсер, дизайнер. Ол  «Грэмми» сыйлығын 24 рет жеңіп алған. Сондай-ақ Yeezy сән брендімен киім және аяқ киім дизайнымен айналысты. Есімін Йе (ағылш. Ye) деп өзгерткен. Ең жаға ұстататыны – ол даулы мәлімдемелері мен қоғамдық жанжалдарымен жиі көзге түскен. Антисемиттік көзқарасымен де танымал.

Көптеген ел әншінің концертін өткізуден бас тартқан. Мәселен, Ye  2025 жылы 31 мамырда Оңтүстік Кореяда өнер көрсетуі керек еді. Coupang, Coupang Play және Interpark билет компаниясы концертті тоқтатты. Бұл әншінің «Heil Hitler» әні шыққаннан кейін көп ұзамаған. Ұйымдастырушылар «соңғы дауларды» алға тартып, Yeezy өнімдерінің сатылымын да тоқтатты. Италия билігі де әншінің биыл  18 шілдеде Реджо-Эмилияда өтуі тиіс концертін қоғамдық тәртіп пен  қауіпсіздік үшін өткізбеген.

Дегенмен, бұл шешімде Модена/Реджо-Эмилия еврей қауымдастығының өтініштері және Йенің антисемиттік мәлімдемелеріне қатысты бұрынғы жанжалдар ескерілген. Швейцарияның FC Basel футбол клубы да рэпердің концертін өткізбеді. Футбол клубының иесі және іс-шараның операторы Канье Уэстің маусым айында Базеле қаласындағы St. Jakob-Park-те жоспарланған концертін «біздің құндылықтарымызға сәйкес келмейді» және «әртіске платформа ұсынбайды» деп мәлімдеп, тоқтатты. Америкалық әншінің концертіне қатысты мұндай мысалдар өте көп.  Ендеше әлемге теріс ой-пікірімен танылған мұндай әншіні кім шақырды? Бұл Қазақстанның репутациясына қайшы емес пе?

ШЕТЕЛДІК ӘНШІ КЕЛГЕНДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТАСАДА ҚАЛДЫ, НЕГЕ?

Серік ЕРҒАЛИ, мәдениеттанушы:

         – Концерт ұйымдастырушылар әншіні пайда табу үшін шақырады. Әуелі оның елдегі танымалдығын, қаншалықты адам жиналатынын зерттейді. Бірақ мәдениет саласындағы және басқа да салалардағы тиісті мемлекеттік органдар шетелден шақырылып жатқандарды назарға алу керек.

Бұл жерде мемлекеттік органдар өзінің мемлекеттік мүддесін көбіне ойламайды. Оларға бәрібір болып тұр. Сондықтан шетелден тыр жалаңаш келіп концерт қойып жатады. Белден төмен жағын көрсетіп, мазақтайды. Тиісті органдар, әсіресе мәдениет саласындағылар жауапты міндетті орындамай отыр. Сондықтан айқай-шу шығады. Біздің бизнес құрылымдарды елдің мәдениетімен, пікірімен санасатындай қалыпқа кіргізу керек, бағындыру қажет.

Кеше ғана қабылданған Конституцияда мемлекеттік тіл қазақ тілі деп бекітілді. Оның орыс тілімен ара-жігі ажыратылды. Мемлекеттік тілге ештеңе тең келмейді деді. Олай болса, шеттен келген адамдар неге бақыланбайды? Халыққа, тұтынушыға деген құрмет қайда? Тұтынушы – қазақтар, қазақтілділер. Бірнеше тілде хабарландыру бергенде, неге мемлекеттік тілдегі нұсқасы болмады? Осының бәріне кім жауап береді?

Әрине мәдениет саласы, тілге, мемлекеттік тілге қатысты құрылымдар жауап береді. Сол жердің әкімдігі жауап береді. Прокуратура соның бәрін қадағалауы керек. Бізде прокуратура тілге қатысты ешқандай жұмыс істемейді. Ол саладан өзін мүлде алып тастаған. Сондықтан біздің руханиятымызға кім көрінген келіп, «дәрет сындырып» кетіп жатыр. Біздің халық азаматтық позициясын әлі нықтаған жоқ. Бекіткен жоқ. Тек қана әлеуметтік желіде шулауды біледі.

Мысалы, екі мың адамның 500-і қазақтілді болсын делік, оған тағы сырттан бес мың адам қосылып, бәрі жабылып eOtinish-пен барлық жауапты органға наразылық түсірсін. Прокуратурадан бастап, Алматы әкімдігіне, мәдениет басқармасына жіберсін. Тіпті Президенттің атына жазсын. Сонда ғана амал жоқтан қарайды. Қазір осындай сауатты қимыл жоқ. Тек дақпырт, даурықпа айқаймен мәселе шешілмейді. Осылай қоқысхана ретінде қала береміз. Ал бұлай болмайды. Сауатты қимылдаса, халықпен билік те, басқалар да санасады.

Қазақстанда жарнамадағы қазақ тіліне нақты заң талабы бар. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңның  21-бабы көрнекі ақпарат пен жарнамаға тікелей қатысты. Соған сәйкес  көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және басқа тілдерде де орналастырылады.

Ал «Жарнама туралы» заңның 6-бабы 2-тармағы  бойынша жарнама ел аумағында алдымен қазақ тілінде, содан соң жарнама берушінің қалауы бойынша басқа тілдерде де таратылады. Ал ұйымдастырушылар Канье Уэстің концерті ауа райына байланысты бір күнге кейінге шегерілгенін орысша, ағылшынша және түрікше хабарлады. Ал азаматтар неліктен қазақ тілінде хабарлама болмағанын сұрап, әлеуметтік желілерде жарыса жазды.

ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАРДЫҢ УӘЖІ

Концертті First Media Group компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Дана Қарағұсова ұйымдастырды. Ол белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, депутат әрі министр болған Гүлжан Қарағұсованың қызы. Олар неге қазақ тілімен санаспады? Тілге қатысты форс-мажажорға неліктен дайын болмады?

Ұйымдастырушылар хабарландыру неліктен мемлекеттік тілде жазылмағанын былайша түсіндірді. «Артистің командасы шоу кейін өтетіні белгілі болғанда, экранға басқа шоудың заставкасын шығарды. Біз өз елімізді, өз тілімізді сыйлаймыз және құрметтейміз», – деді. Сондай-ақ компания басшысы да неліктен бұлай болғанын инстаграм парақшасында жазған.

Біз компания өкілдерімен тікелей сөйлесіп көрмек болып, инстаграм парақшасында көрсетілген байланыс нөміріне хабарласып, WhatsApp-қа да жаздық. Бірақ жауап бермеді.

Жалғас ЕРТАЙ, белсенді:

– Совет кезінен, одан кейінгі Тәуелсіздік жылдарында да қалыптасқан инерциялық дағды әсерінен осылай болып келе жатыр деп ойлаймын. Инерциялық дағды дегенім – орыс тілінде іс жүргізу, орысша қарым-қатынас жасау, ол – біздің қоғамда, қоғамдық қатынаста, адамдардың ішкі бойында қалыптасып, сіңіп кеткен әдет.

Сондықтан мен бұл сұрақты жеке компаниялардан бұрын мемлекеттік органдарға қояр едім. Елдегі мемлекеттік органдардың өзі іс қағаздарының жұмыс тілі ретінде негізінен орыс тілін пайдаланады. Қазақ тілін қосымша жанама ретінде ғана пайдаланып жүр. Қазіргі практика осындай. Ал жеке компаниялар, бизнес қазақ тілін заң міндеттеп қойған соң ғана пайдаланады.

Бұның себебін мемлекеттік органдардан көремін. Өйткені мемлекеттік органдардың өзі әлі орыс тілін пайдаланып жүрген соң, жеке компаниялардан не күтесің деген сұрақ туындайды. Сондықтан қазақ тілімен санаспауының негізгі себебі біздегі заңдағы олқылықтар, мемлекеттік органдардың немқұрайлығы және биліктің мемлекеттік тіл саясатына қатысты басын құмға тығып алған түйеқұс позициясындағы ойы деп ойлаймын.

Егер мемлекеттік органдар мемлекеттік тілге қатысты саясатын қатаң және талапшыл жүргізетін болса, жеке компаниялардың да, жекелеген азаматтардың да тілге қатынасы қазіргідей болмас еді. Кешегі концерттегідей олқылықтарды кездестірмес едік. Өкінішке қарай біз басқа шындықта өмір сүреміз. Егер қазіргі жағдай өзгермесе, сол концерттегідей жағдай жалғаса береді деп ойлаймын.

Жергілікті халықтың тілін неге аяқ асты етті деген сауалға жауап беру үшін қоғамдық қатынас саласына ойысамыз. Бізде қандай қоғамдық қатынас қалыптасты? Бізде қазақ пен қазақ бір-бірімен қазақша сөйлеседі. Кейбір қазақтар бұлай  сөйлеспейді де. Ал қазақ пен басқа этнос өкілі болса, міндетті түрде орыс тіліне көшуі керек болады. Қоғамдық қатынаста осындай айтылмаған, жазылмаған ереже қалыптасты. Мемлекеттік органдардың жұмысында да, жеке компаниялардың қызметінде де, жекелеген адамдардың бір-бірімен қатынасында да көрініс тапқан қазіргі шындық осындай.

Бірақ менің түсінуімше, Канье Уэстің концертін ұйымдастыру барысындағы және одан да басқа тілге қатысты  даулардан көріп отырғанымыздай қазіргі статус-кво, яғни қазіргі біз келісіп отырған қоғамдық қатынас жағдайы көп адамның наразылығына ұшырап жатыр. Бұл деген сөз мұндай қоғамдық қатынастағы айтылмаған ереже өзінің орнын басқа ережемен ауыстыруға тырысып жатыр деген сөз.

Ал басқа ереже дегенім не? Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі, демек барлығы этносына, бизнесіне және басқа да ерекшеліктеріне,  статусына қарамастан мемлекеттік тілді сыйлау керек және сол тілде сөйлеу керек деген позицияға ауысып келе жатқан сияқты.

Алайда бұл бірден ауыса қоятын процесс емес. Оның кезінде талай дау болады. Көріп те жатырмыз деп есептеймін. Тілге қатысты кез келген форс-мажорға дайын болмай қалған компания осы қоғамдық қатынастағы статус-квоның өзгеріп жатқанын әлі түсініп үлгермеген сияқты деп ойлаймын. Яғни адамдардың қоғамдық қатынасқа деген көзқарасы өзгеріп жатыр.

АЛМАТЫ ҚАНДАЙ ПАЙДА ТАПТЫ?

Алматы қаласы Туризм басқармасының ресми парақшасындағы (@almatytourizm) жазбаға сүйенсек, 15 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда YE-нің әлемдік туры аясындағы концертіне 31 мың көрермен жиналды.  Алматы әртістің Орталық Азиядағы турының әзірге жалғыз аялдамасы болды.

Концертке 50-ден астам елден шамамен 7 700 турист келді. Олардың 2 мыңға жуығы – концертке арнайы келген шетелдік жанкүйер. 13-16 тамыз аралығында Алматыдағы қонақүйлер мен орналастыру орындарының орташа толымдылығы 98%-ға жуықтады. Туристер ағынының экономикалық әсері шамамен 5 млрд теңгені құрады.

«YE концерті Алматыдағы оқиғалық туризм үшін биылғы маңызды шаралардың біріне айналды. Концерт күндері орналастыру орындарына сұраныстың айтарлықтай артуы халықаралық іс-шаралардың қаладағы туристік белсенділікті арттыруға ықпал ететінін көрсетті. Мұндай ауқымды жобалар Алматының халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге әлеуеті жоғары екенін дәлелдейді», – деді

Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова. Әлемдік жұлдыздардың Алматыда өнер көрсетуі қалаға шетелдік туристерді тартуға және Алматыны халықаралық аудиторияға танытуға мүмкіндік береді. Мұндай ірі музыкалық шаралар қаланың туристік тартымдылығын арттырып, Алматының Орталық Азиядағы жетекші оқиғалар орталығы ретіндегі орнын нығайта түседі.

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ, зерттеуші:

– Жалпы әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың Қазақстанға келуі, концерт беруі нашар құбылыс емес. Оған негативті қараудың қажеті жоқ. Өйткені бұл біздің экономикаға да қосылған үлес, екінші жағынан Қазақстанға туристер тарту үшін де, жалпы мәдени өмір түрлене түсуі үшін пайдасы зиянынан көбірек деп ойлаймын.

Бірақ әлемдік жұлдыз деп әлемдік сахнада жүрген аты танымал адамның бәрін шақыра беруге болмайды, менің ойымша. Өйткені біз ашық дүниеде өмір сүреміз. Дүниеде болып жатқан жаңалықтардан хабардармыз. Жұлдыздардың да тек шығармашылық тұлға ғана емес, белгілі бір деңгейде саяси тұлғаларға да айналып жатқанын көреміз. Өйткені елдің алдында жүрген әр адам үлкен жауапкершілікке ие. Әрбір айтқан сөзі бақылауда. Солай олардың шығармашылық образы ғана емес, қоғамдық образы қалыптасады.

Бізге шақыратын, Қазақстанға келіп, үлкен ареналардан сахна алатын адамдар сол құрметке лайық болуы керек деп ойлаймын. Мысалы, Канье Уэст – жеке өзі көп жылдан бері аты дауға қалып жүрген адам. Оған қатысты шулы оқиғалар болды. Ең көзге түсетіні, есте қалғаны оның нацистерді қолдап айтқан сөзі. Гитлердің жасаған әрекеттерінен позитивті дүниелерді көруге болады деп айтқан коментарийі бар. Әрине әрбір мемлекеттегі Еврей қауымдастықтары оған қарсы шықты.

Бірақ мәселе тек еврей халқының көрген зәбірінде емес. Жалпы Гитлерді, бірауыздан адамзат тарихындағы ең жауыз адамның бірін мақтаулы етіп көрсету – заманауи адамның мәдениетіне сай келмейтін дүние. Одан бөлек, ол Дональд Трампты қолдап,   MAGA кепкасын киіп, оның жанында да аты біраз шуға қалған кезі бар.  Одан кейін өзі де президенттікке талпынып көрді. Жалпы жасаған әрекеттері ақылды, салмақты адамның әрекеттері емес.

Оны басынан алған жарақатының нәтижесі деп, bipolar disorder, яғни биполярлық бұзылыс диагнозы бар деп айтады. Бірақ мұндай диагнозы бар адам халықтың алдында соншалықты жеке пікірін айтып, әр түрлі мәселеде шулатып, өзін тыңдайтын адамдарды шатастырмауы керек. Сондықтан бұл өте кереғар, қоғамдық образы қайшылыққа толы тұлға деп ойлаймын. Өзім оның музыкасын тыңдамайтын болғандықтан да біржақты көзқарас та шығар, бәлкім.

Әрине әлемде оның тыңдармандары бар. Бірақ қайталап айтсам, қазіргі таңда кез келген шығармашылық адамы таланты, шығармашылығы үшін ғана емес, қоғамда өзін қалай ұстап, қандай саясатты қолдап, қандай ой айтып жүргенімін де бағалы. Канье Уэстің адам ойына келмейтін тағы бір айтқаны – қара нәсілділердің төрт жүз жыл бойы құлдықта болғаны  «choice», яғни «өз таңдауы» болды деуі.  Құлдықты жою жақсы әрекет болмаған деп айтқаны да бар. Яғни ол – нәсілдік, гендерлік мәселеде өте қайшылықты пікірлер айтып жүрген адам. Әйелдерге қатысты негативті кемсітушіліктері бар пікірлерді ашық айтатқан.

Сондықтан қоғамда toxic masculinity-дің, яғни маскулиндіктің әсіре улы бейнесі онсыз да белең алып, өршіп тұрған кезде осындай мысал болатын адамды жұлдыз деп әспеттеп, үлкен сахнаға шығарып, елдің белді аренасын соған таптатып қою мен үшін дұрыс емес. Жалпы ұйымдастырушылар кімді шақыруды білу керек, ол адамның саясатына, қоғамдық пікірлеріне де назар салуы керек деп ойлаймын.

Канье Уэст концертінің бір жағы қымбат болғаны, екінші жағынан осы образының қайшылығы оның концертінің аса бір сәтті өтпегенінің де белгісі шығар деп ойлаймын. Мен  ұйымдастыраушыларға бұл әншінің қоғамдық  сахнада айтып жүрген ойларын білмей ме немесе ұлтараздық, дін араздығын, нәсіл араздығын насихаттайтын адамды шақыру қаншалықты орынды шешім болды деген сұрақты қойғым келеді. Яғни бұл ұйымдастырушылардың кінәсі деп ойлаймын. 

Министрліктің жауабы

Осындай шулы да даулы әншінің елге келуі, концерт өтер-өтпестен қазақстандықтардың шамына тиюі тиісті ведомствоның назарына ілікті ме екен? Біз  Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне  сауалдар жолдадық.

Әншінің Алматыдағы концертіне министрлік тарапынан қандай да бір келісім, рұқсат немесе қолдау көрсетілді ме, жоқ па екенін, ұйымдастырушылардың концертті өткізу жөнінде министрлікке қандай да бір өтініш немесе ресми хабарлама жолдап-жолдамағанын сұрадық.

Мемлекеттік тілді елемегендер тиісті назарға алынды ма? Әншінің Алматыға келуі Қазақстанның халықаралық мәдени имиджіне қалай әсер етті? Осы және өзге бірнеше  сауал ведомствоға жол тартты. Алайда министрліктің берген жауабына көңіл көншімеді. Онда тіпті сұраққа сай жауап жоқ.

«Қазіргі уақытта ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу тәртібі мен оларды ұйымдастырушылардың міндеттері «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабында (бұдан әрі – Заң) көзделген.

Заңның 8-бабының 8) тармақшасына сәйкес облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейінде ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуді жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

Сонымен қатар ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар іс-шара басталғанға дейін және оны өткізу барысында әртістердің көрермендермен қарым-қатынас жасау кезінде тиісті мінез-құлық сақтауын қамтамасыз етуге міндетті.

Атап айтқанда, әдепке жатпайтын және моральдық-этикалық нормаларға қайшы әрекеттерге, оның ішінде бейәдеп сөздерді қолдануға, алкогольдік ішімдіктерді, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын пайдалануға жол бермеу қамтамасыз етілуге тиіс. Тиісті талаптар әртістермен жасалатын шарттарда көзделуі қажет.

 Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі және Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің бірлескен бұйрығымен спорттық және спорттық-бұқаралық, сондай-ақ ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулық бекітілген. Аталған нормативтік құқықтық актіде жоғарыда көрсетілген іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнама талаптарын қолдану тәртібі нақтыланған.

 2026 жылғы 18 ақпанда Мемлекет басшысы «Креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

 Аталған Заң шеңберінде «Мәдениет туралы» Заңға шетелдік шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың қатысуымен өткізілетін ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу мәселесін іс-шара басталғанға дейін кемінде отыз жұмыс күнінен кешіктірмей жергілікті атқарушы органдармен келісуді көздейтін өзгерістер енгізілді.

Аталған өзгерістер Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік әртістердің қатысуымен өтетін ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу тәртібін жетілдіруге, сондай-ақ оларды ұйымдастырушылардың жауапкершілігін арттыруға және қызметін реттеуге бағытталған.

 Іс-шараны өткізуден бас тартуға негіз Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, аумақтық тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысқа, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, сословиелік немесе рулық артықшылықты насихаттауға немесе үгіттеуге, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа, өзіне-өзі қол жұмсауға, порнографияға, есірткі құралдарына, дәстүрлі емес сексуалдық бағдарға және педофилияға бағытталған, сондай-ақ жалпыға бірдей қабылданған мораль және адамгершілік нормаларына қайшы келетін контентті пайдалану болып табылады.

 Концерттік іс-шаралар мен гастрольдік турлар, әдетте, жеке продюсерлер мен ұйымдастырушылар жүзеге асыратын коммерциялық жобалар болып табылады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі жеке іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу процесіне араласпайды, заңнамада белгіленген қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп және өзге де талаптардың бұзылу жағдайларын қоспағанда» делінген ведомство жауабында.

Ғалым ЖҮСІПБЕК, әлеуметтік дербес зерттеуші: 

БІЗГЕ ЭТИКА ҚЫМБАТ ПА, АҚША ҚЫМБАТ ПА? 

– Бұл әншінің Қазақстанға келуі, мен үшін жағымсыз оқиға деп айтуға болады. Ол өте қайшылықты артист, өте қайшылықты тұлға. Антисемиттік пікірлер айтқан. Hate speech-ке, яғни өшпенділік тіліне ерік берген адам. Өзінің позициясы өте қызық, тұрақсыз. Қара нәсілді адамдарға қарсы адам айтқысыз пікірлері бар. Мысалы, пәлен ғасыр қара нәсілдерді құлдықта ұстауды олардың таңдауы болды дейді. Тарихи оқиға ретінде мойындамайды.

Бұл бұрмалау ғой. Гитлерді дәріптейді. Батыста «теория заговора» деген бар. Конспирология теориясы дейміз бе?  Соларды шығаратын адамдардың подкастарына шығып тұрады. Атақты Alibi Jones деген адам бар. Ол батыста өте танымал, оны ешкім мойындамайды. Өйткені айтатыны, жазатыны сандырақ. Психологиялық тұрғыдан проблемасы бар адам. Канье Уэст сол адамда қонақта болады, пікірлер бөліседі.

Енді бұл әншінің Қазақстанға келуі репутациялық проблема болуы мүмкін. Өйткені Қазақстан бейбітшіл ел. Айналада тұрақсыздық болып жатқанда өзін бейбітшіл мемлекет ретінде көрсетеді. Саясат та соған сәйкес. Біз осындай қайшылықты тұлғаны шақырамыз. Бұған мемлекеттік органдардың қатысы жоқ шығар деп ойлаймын. Рэперді жеке тұлғалар шақырды.

Бірақ бұл бейбітшіл саясатқа нұқсан келтіретін сияқты. Репутациялық тұрғыдан бұл жақсы емес. Одан басқа ол өшпенділік тілін, антисемитизмді, одан кейін ақ нәсілді оңшыл бағыттағы адамдардың идеологиясын, white supremacism-ді жақтайтын адам. Бұл осы идеяларды нормализациялау сияқты. Ол кісі бізге келіп тұр. Біз азиялықпыз, талай ғасыр қорлық көрген халықпыз. Сонда бұны Азия халқы ретінде басқа қырынан көрсек, осындай тұлғаны шақырдық. Өте қызық нәрсені байқадым.

2013 жылы Канье Уэст Қазақстанға келген екен. Оны біраз адам білмейтін сияқты. Бұрынғы Президенттің отбасындағы оқиғаға байланысты жабық концерт берген. Бұл жерде мынадай сұрақ туындайды. Ақша үшін этика нормаларын жинап қою ма? Біз бейбітшіл мемлекет болумен қоса, этикалық және моральдық стандарттарды жоғары ұстайтын мемлекет болуымыз керек. Канье тұлға ретінде де өте қайшылықты адам. Отбасы мүшелеріне төзімсіздігі бар, оларға қарсы біраз орынсыз нәрсе жазған дейді әлеуметтік желіде.

Бұндай адамды дабырайтып ең үлкен стадионға шығару, менің ойымша, түсетін капиталды этикадан жоғары санау. Бұл жерде екіжүзді стандартты байқауға болады. Мысалы, біздің елде де «қайшылықты» пікірлері бар адамдар бар. Бұл жерде шартты түрде айтып отырмын. Әлеуметтік, саяси тақырыптарға байланысты «қайшылықты» пікірлер бар. Қайшылықты дегенді әдейі тырнақшада алып отырмын, себебі қайшылықты болмауы да мүмкін. Саяси нәзік мәселелер айтуы мүмкін. Оларға жол жоқ. Ал ғаламдық деңгейде өзін негатив жағынан танытқан адамға жол бар. Міне, осы ойландырады.

Қазақстанда кансл калче бар. Ол тек қазақтарға қатысты жақсы жұмыс істейді. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бұл жерде Канье Уэст қазақтарға қарсы сөз айтпаған. Қайта қазақтарды мақтап кеткен шығар, ол жағын білмеймін. Менің ойымша, елімізде  кансл калче қазақтарға қатысты ғана. Бұл өзіміздің жеріміз болған соң, түсінікті. Мысалы, антисемитизмге, қара нәсілді адамдарға байланысты, басқа этникалық, діни топтарға байланысты кансл калче бізде жоқ сияқты. Бірақ кансл калче қалыптасып келе жатыр. Қоғамның күшін жоққа шығара алмаймыз. Оны мемлекет те мойындайды. Шартты түрде ойлап қарасақ, бәлкім, қазақтарға қатысты бірауыз жаман сөз айтса, кансл калче болар еді. Мысалы, Ресейден келіп жатқан кейбір адамдарға жасалып жатыр.

Канье Уэстің келуіне қатысты айтсақ, бұл жерде капитал мен этика қарама-қарсы келді де капитал жеңіп кетті. Әрине бұл ойландыратын нәрсе. Өйткені этика нормалары болмай, біз қалай өмір сүреміз? Оның үстінде ғаламда қантөгіс болып жатыр. Бұл халықаралық қатынаста, сыртқы саясатта этика нормаларының төмен екенін аңғартады. Қазақстан сияқты мемлекет бейбіт өмір сүре білуі үшін этика нормаларына жармасуы керек. Бұл біздің басты тұғырымыз болуы шарт. Өйткені халықаралық құқықты қалыпқа келтіру өте қиын.

Канье Уэст сияқты адамды шақырмай-ақ, басқа тұлғаларды шақыруға болады. Қазіргі геосаяси жағдайды назарға алсақ, Қазақстан Канье Уэсті кансл еткен батыс мемлекеттермен жақсы қарым-қатынаста болуы қажет. Негізгі технологиялық, экономикалық күш, ғылым да солардың қолында. Концертке байланысты қарым-қатынас бұзылмағанымен, Қазақстанға қатысты қоғамдық пікірге сызат түседі. Дамыған елдердің қоғамдық пікірі маңызды.

Қорыта келгенде, әлемдік жұлдыздың Алматыға келуі – қала үшін үлкен мәдени оқиға. Бірақ мұндай іс-шараның ауқымы ұйымдастырушыларды көрермен алдындағы жауапкершіліктен босатпайды. Әсіресе мемлекеттік тілде байланыс орнатпау – қоғамға деген құрмет пен ұйымдастыру мәдениетіне қатысты мәселе.

Ясипа РАБАЕВА

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Дәнештің дара мектебі 

Фото: Н. Жанпейісовтың архивінен Дәстүрлі ән мектебінде ұстазы шәкіртінің орындаушылық шеберлігін шыңдау үшін түрлі концерттерге шығаратын