//

Мектеп көбейді, алайда үш ауысыммен оқу азаймай отыр. Неге?

52 рет қаралды
фото: gov.kz

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, соңғы бес жылда Қазақстанда 1 млн-нан аса оқушы орнына арналған 1 120 мектеп салынған. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектеп саны мен оқушы орнының тапшылығы төрт есе, апатты мектептер саны екі есе қысқарған.

«Келешек мектептері» жобасы аясында 460 мың орындық 217 мектеп пайдалануға берілген. Қазір елдегі 8 мыңнан астам мектептің шамамен 3 мыңы бір ауысымда, 4,9 мыңнан астамы екі ауысымда жұмыс істейді. Үш ауысымды мектептердің үлесі жалпы мектеп санының 0,6 пайызына жуық. 2026 жылы тағы 60 мыңға жуық орындық 101 мектеп салу жоспарланған.

Алайда Алматы облысындағы жағдай республикалық үрдістің өңірлерде біркелкі жүрмегенін көрсетеді. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 2026–2027 оқу жылында 23 мектеп үш ауысыммен жұмыс істейді. Соның 17-сі Іле ауданында, үшеуі Жамбыл ауданында, бір-бірден Алатау қаласы, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан.

Осы 23 мектепте 38 254 оқушы білім алады, мектептердің жиынтық жобалық қуаты 13 294 орын, ал 5 101 бала үшінші ауысымда оқиды. Ең жоғары көрсеткіш Еңбекшіқазақ ауданындағы 600 орындық Бәйтерек мектебінде тіркелген: онда 1 902 оқушының 585-і үшінші ауысымда.

Іле ауданындағы №29 мектеп 240 орынға есептелгенімен, онда 857 оқушы, соның 387-сі үшінші ауысымда оқиды. Сонымен қатар Алматы облысында мектеп құрылысы тоқтаған жоқ. Білім басқармасының есебінше, 2022 жылдан бері 43 061 орындық 48 мемлекеттік мектеп пайдалануға берілген, тағы 27 жекеменшік мектеп ашылған. Жалпы саны – 75 мектеп.

Соның 24 900 орындық 26-сы «Келешек мектептері» бағдарламасымен салынған. Алайда оқушы саны да жыл сайын өсіп отырғанын айта кеткен жөн. 2022–2023 оқу жылында 13 310, 2023–2024 жылы 12 104, 2024–2025 жылы 10 179, 2025–2026 жылы тағы 11 059 оқушы қосылған. 2026–2027 оқу жылында облыста шамамен 365 439 оқушы болады деп күтіледі, яғни бір жылда тағы 5 мың балаға артады.

Енді екі органның статистикасын қатар қойғанда қарама-қайшылық анық көрініп тұр. Республика бойынша үш ауысым төрт есе қысқарғанымен, Алматы облысында 23 мектеп пен 5 мыңнан аса бала үшін үшінші ауысым әлі күнге дейін шешім күттірмейтін мәселе болып отыр. Өңірде жаңа мектеп көптеп салынғанымен, оқушы контингентінің өсуі жаңа орындардың ашылу қарқынынан қалып қоюда.

 

Қайрат МОЛДАШЕВ, SDU университетінің профессоры:

Мектеп тапшылығын алдын ала болжауға бола ма?

жеке мұрағаттан

–  Сұрақ өте орынды. Үш ауысымды мектеп мәселесі Алматы облысына ғана тән емес. Алматы, Астана, Шымкент секілді ірі қалаларда және олардың маңындағы елдімекендерде халық саны, соның ішінде мектеп жасындағы балалар саны алдағы жылдары да өсе береді. Мұнда екі фактор қатар әсер етеді. Біріншісі – демографиялық өсім. Екіншісі – ішкі көші-қон.

Ішкі көші-қонның нақты көлемін бірнеше жыл бұрын дәл болжау қиын. Дегенмен ғылыми әдістерге сүйенген болжамдарымыз Алматы, Астана секілді ірі қалаларға және олардың маңындағы аудандар мен ауылдарға халықтың шоғырлануы жалғасатынын көрсетеді. Қазіргі үдеріс те осы бағытты аңғартып отыр. Сондықтан үш ауысымды мектептердің қайта пайда болуын құрылыс қарқынымен ғана түсіндіру дұрыс емес. Демографиялық өсім, көші-қон және урбандалу қатар ықпал етеді. Жаңа мектептер салынып жатыр. Алайда олардың саны мен жобалық қуаты оқушы контингентінің өсу қарқынына әрдайым сәйкес келе бермейді.

Қазақстанда урбандалу қарқынды жүріп жатыр. Халық ірі қалаларға және солардың маңындағы елді мекендерге көбірек шоғырлануда. Сондықтан мектеп құрылысының көлемі де кеңістіктегі демографиялық өзгеріске сай жоспарлануы қажет. Мәселе Алматының жаңадан қалыптасып жатқан аудандарына ғана қатысты емес. Бұрыннан бар аудандарда көпқабатты тұрғын үй құрылысы тығыздай түскен сайын қолданыстағы мектептерге түсетін жүктеме де артады. Қазіргі үрдіс сақталса, кемінде 2029–2030 жылдарға дейін мектеп орындарының тапшылығы мен үш ауысым мәселесі өзектілігін жоғалтпайды деп болжап отырмыз.

Қолда бар деректер мектепке қажеттілікті алдын ала есептеуге мүмкіндік береді. Алдымен оқушы санының болашақтағы өзгерісін болжаймыз. Оған көші-қон ықпалын қосамыз. Соның негізінде қай аумақта қанша оқушы орны және қандай жобалық қуаттағы мектеп қажет болатынын шамамен анықтауға болады. Он жылдық болжамның қателік ықтималдығы жоғарырақ. Себебі он жыл ішінде көші-қон бағыты, тұрғын үй құрылысы және халықтың қоныстану үлгісі едәуір өзгеруі мүмкін. Ал үш-бес жылдық болжам анағұрлым сенімді. Мысалы, бес-алты жылдан кейін мектепке баратын балалардың басым бөлігі қазірдің өзінде дүниеге келген. Демек демографиялық база белгілі. Оған көші-қонды, бір ауданнан екіншісіне барып оқитын балалар ағынын және белгілі бір қателік шегін қосып, қажеттілікті есептеуге болады.

Ұлттық білім беру деректер қорында мектептердің жобалық қуаты, нақты оқушы саны және қолданыстағы білім беру нысандары жөніндегі мәлімет бар. Болашаққа болжам жасау үшін Ұлттық статистика бюросының аудан деңгейіндегі халықтың жас құрылымы жөніндегі деректері де қажет. Яғни қай ауданда қай жастағы қанша бала тұратынын білу мектепке деген болашақ сұранысты есептеуде шешуші мәнге ие. Қазір мемлекеттік деңгейде әр аудан және әр мектеп бойынша осындай болжам жасауға бағытталған жұмыс алғаш рет жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша нәтижелер әкімдіктер мен жергілікті білім басқармаларына арнайы форматта берілуге тиіс. Кейін сол мәліметтер қала құрылысы және инфрақұрылымдық жоспарлау деректерімен ұштастырылып, шешім қабылдауға пайдаланылуы қажет.

Әрине, жергілікті және республикалық мемлекеттік органдар бұрын да болжаммен жұмыс істеді. Алайда бірыңғай әдістеме мен ұлттық деңгейдегі ортақ жүйе есептің дәлдігін арттыра алады. Себебі алдағы жылдары кей аудандарда оқушы саны азайып, мектептердің жобалық қуаты толық пайдаланылмауы мүмкін. Алматы, Астана секілді халқы тез өсетін аумақтарда, керісінше, мектеп құрылысын айтарлықтай арттыру қажет болады. Мектеп инфрақұрылымының түпкі өлшемі – оқушы мен мұғалім үшін қаншалық қолайлы орта қалыптастырылғаны. Оқушы сапалы білім алуға, мұғалім тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жағдай болуы керек. Инфрақұрылымның мақсаты да осы.

Үш ауысымға келсек, ондай режим мүлде болмауға тиіс. Екі ауысымның өзін уақытша шешім ретінде қарастырған дұрыс. Дегенмен әр ауданның демографиялық серпінін ескеру қажет. Мысалы, қазір екі ауысыммен оқып отырған кей ауданда алдағы жылдары оқушы саны азаюы мүмкін. Бірнеше жылдан кейін мектеп табиғи түрде бір ауысымға көшуі ықтимал. Мұндай жағдайда жаңа ғимарат салу әрдайым тиімді шешім бола бермейді.

Ал халық саны өсіп жатқан, көші-қон жоғары және тұрғын үй құрылысы қарқынды аудандарда керісінше әрекет ету керек. Мектепті үшінші ауысым пайда болғаннан кейін емес, оған дейін жоспарлаған жөн. Қазір бір немесе екі ауысыммен жұмыс істейтін мектептің өзі болжам бойынша бірнеше жылдан кейін шамадан тыс толатын болса, жаңа инфрақұрылымға ертерек кірісу қажет.

Сондықтан мемлекеттік саясаттың басты көрсеткіші «қанша мектеп салынды?» немесе «қанша жаңа орын ашылды?» деген санмен шектелмеуге тиіс. Негізгі өлшем – үш ауысымды толық болдырмау, екі ауысымды біртіндеп азайту, мектептердің нақты толымдылығын бақылау және әр аудандағы оқушы орны тапшылығын қысқарту. Мектеп сапасын орын санымен ғана өлшеу де жеткіліксіз. Интернетке қолжетімділік, санитариялық талаптардың орындалуы, бір оқушыға шаққандағы алаң, оқу кабинеттері, зертхана, спорт және өзге де инфрақұрылымдық жағдайлар қатар ескерілуі керек. Осындай өлшемдерді халықаралық тәжірибемен салыстыра отырып, кезең-кезеңімен жоғары стандарттарға жақындатқан жөн.

Әділ НҰРМАҚОВ, қоғам қайраткері, урбанист және Urban Forum Kazakhstan қорының директоры әрі тең құрылтайшысы:

жеке мұрағаттан

Инфрақұрылымды жүйелеу керек

– Негізгі себеп – тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымның әртүрлі басқару және қаржыландыру кезеңімен жүруі. Тұрғын үй құрылысын көбіне жеке капитал жүзеге асырады. Девелопер жер телімін сатып алып, рұқсат құжаттарын рәсімдеп, тұрғын үй кешенін салыстырмалы түрде қысқа мерзімде салып, пәтерлерді нарыққа шығара алады. Ал мектеп, балабақша, емхана, қоғамдық көлік секілді әлеуметтік инфрақұрылымды іске қосу ұзақ үдерісті талап етеді. Бюджетті жоспарлау, жобалау, келісу, мемлекеттік сатып алу, құрылыс жүргізу, кейін нысанды мамандармен қамтамасыз ету керек. Соның салдарынан тұрғын үйге халық қоныстанып үлгереді де, әлеуметтік инфрақұрылым кейіннен салынады.

Мәселе Алматының қала маңына ғана тән емес. Алматы қаласының өзінде де, Қазақстанның басқа ірі қалаларында да кездеседі. Алайда Алматы маңы халық саны аса жылдам өсіп жатқан аумақтардың бірі болғандықтан, инфрақұрылым тапшылығы мұнда ерекше сезіледі. Мұны агломерациялық жоспарлаудың әлсіздігімен де байланыстыруға болады. Алматы мен оған іргелес елді мекендер еңбек, білім, көлік, медицина және қызмет көрсету тұрғысынан әлдеқашан өзара тәуелді кеңістікке айналды. Соған қарамастан қала мен қала маңының ұзақмерзімді дамуы әлі де толық үйлестіріліп жоспарланып отырған жоқ.

Ірі тұрғын үй құрылысын мақұлдағанда аумақтың мектеппен, балабақшамен, емханамен, жолмен және қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілуі шешуші шарттардың бірі болуы тиіс. Қазір тұрғын үй кешені көбіне белгілі бір жер телімінде жүзеге асатын жеке жоба ретінде қарастырылады. Бірақ ол пайдалануға берілгеннен кейін ықпалы сол телімнің шекарасында қалмайды. Жаңа тұрғындар маңайдағы мектепке, балабақшаға, жолға, қоғамдық көлікке және инженерлік желілерге қосымша жүктеме түсіреді. Мұндай жүктеме алдын ала есептелмесе, кейін оның салдарын тұрғындар сезінеді.

Мәселен, бір аумақта бірнеше тұрғын үй кешені қатар салынып, оған мыңдаған отбасы көшіп келді делік. Балалар жақын жердегі бұрыннан бар мектептерге барады. Егер сол мектептердің жобалық қуаты жаңа тұрғындарды ескермей есептелсе, сыныптар толып, екінші немесе үшінші ауысым пайда болады. Жаңа мектеп салу мәселесі содан кейін ғана көтеріледі. Ал мектепке арналған жер телімі алдын ала резервтелмесе, құрылыс тағы бірнеше жылға созылуы мүмкін. Демек, мәселе мектепке орын жетпей қалған кезде емес, тұрғын үй құрылысын жоспарлау сатысында басталады.

Сонымен бірге «әр үш-бес тұрғын үй кешеніне бір мектеп салу керек» деген механикалық қағида да тиімді шешім емес. Мектепке қажеттілік орта мерзімді демографиялық болжамға сүйенуі керек. Қазір белгілі бір ауданда балалар саны көп болуы мүмкін. Бірнеше жылдан кейін жас құрылымы өзгерсе, мектептің жобалық қуаты толық пайдаланылмай қалуы ықтимал. Керісінше, көші-қон жалғаса берсе, мектепке сұраныс одан әрі артады. Сондықтан қазіргі халық санымен бірге тұрғындардың жас құрамы, көші-қон қарқыны және болашақ оқушы контингенті есептелуі қажет.

Мектеп ғимаратын салудың өзі мәселені толық шешпейді. Жаңа нысанға педагогтер мен басқа да мамандар қажет. Егер тұрғын үй құрылысының соңынан мектепті механикалық түрде көбейте берсек, кейін сол мектептерді мұғаліммен қамтамасыз ету қиындауы мүмкін. Сондықтан білім беру инфрақұрылымын жоспарлау кезінде ғимарат, оқушы контингенті және кадрлық қажеттілік бір мезгілде есептелуге тиіс.

Нақты ауданға қанша мектеп қажет екенін демографиялық және кеңістіктік деректерді жан-жақты талдамай айту қиын. Нақты және болжамды халық саны, көші-қон, тұрғындардың жас құрамы, салынып жатқан тұрғын үй көлемі, қолданыстағы мектептердің жобалық қуаты мен нақты толымдылығы қатар қарастырылуы керек.

Анық бір қағида бар: мектепке арналған жер телімі алдын ала резервтелуі тиіс. Тұрғын үй кешендері салынып, халық қоныстанып болғаннан кейін мектепке жер іздеу – кеш қабылданған шешім. Қалыпты аумақтық жоспарлауда мектеп бос қалған жерге орналастырылатын нысан емес. Ол кварталдың немесе шағынауданның негізгі әлеуметтік орталықтарының бірі ретінде әуел бастан жоспарлануға тиіс.

Алматы маңындағы қоныстану тығыздығы төмен немесе елді мекендері бір-бірінен алшақ орналасқан аумақтарда мектеп желісін ұйымдастырудың өзге үлгілерін де қарастыруға болады. Мысалы, АҚШ-тың кейбір қала маңы аудандарында бастауыш, орта және жоғары мектептер бөлек жоспарланып, шалғай тұратын балалар мектеп автобусымен тасымалданады. Бір-бірінен қашық орналасқан бірнеше шағын тұрғын алабына жеке-жеке мектеп салғаннан гөрі, кей жағдайда жобалық қуаты жеткілікті ірі мектеп салып, оған қауіпсіз әрі тұрақты тасымал ұйымдастыру тиімді болуы мүмкін.

Мұндай тәсіл мектеп желісін оңтайландыруға, педагог кадрларды тиімді орналастыруға және демографиялық өзгерістерге икемдірек жауап беруге мүмкіндік береді. Әрине, шетелдік тәжірибені сол күйінде көшіруге болмайды. Қоныстану тығыздығы, жол жағдайы, балалардың жасы, мектепке дейінгі қашықтық, тасымалдау уақыты мен қауіпсіздігі жергілікті ерекшелікке сай жеке есептелуі керек.

Мектеп тұрғын үй құрылысының соңынан ілесіп жүрмеуге тиіс. Тұрғын үй, мектеп, балабақша, жол, қоғамдық көлік және инженерлік инфрақұрылым бір мезгілде жоспарланғанда ғана оқушы орны тапшылығы мен үш ауысымның алдын алуға болады.

Думан ТОҚТАРҰЛЫ, PhD, Абай атындағы ҚазҰПУ–дың қауымдастырылған профессоры:

жеке мұрағаттан

Агломерация өсімі мектепке неге қысым түсіреді?

– Алматы агломерациясы Қазақстандағы бірінші деңгейлі агломерациялардың қатарына жатады. Оның ядросы – Алматы қаласы. Экономикалық қуаты мен халықтың шоғырлануы жағынан да елдегі ең ірі урбандалған аумақтардың бірі. 2025 жылдың қорытындысында Алматы қаласының Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 23,4 пайыз болды.

Салыстырмалы түрде қарасақ, экономикасы табиғи ресурстарды өндіруге және өңдеуге негізделген Атырау облысының көрсеткіші 2 есеге жуық төмен. Сондықтан, Алматы мен оның маңындағы агломерациялық тартылыс зонасына кіретін аумақтың даму сценарийлері қатаң жоспарлауға негізделуге тиіс. Алматы агломерациясының тағы бір ерекшелігі – халықтың қала төңірегіне жоғары деңгейде шоғырлануы. Алматы облысы тұрғындарының шамамен 76 пайызы Алматыға іргелес аумақтарда тұрады. Әсіресе Іле, Қарасай және Талғар аудандарында демографиялық өсім мен көші–қон қарқыны жоғары. Соның салдарынан мектеп, балабақша, емхана, жол және инженерлік желілерге түсетін жүктеме де күшейіп келеді.

Агломерациялық дамудың сипатын маятниктік көші–қоннан да көруге болады. Алматыға қала маңындағы елді мекендерден күн сайын жұмысқа, оқуға және түрлі қызмет алуға келіп–кететін адамдар саны сараптамалық бағалау бойынша шамамен 400 мыңға жетеді. Оны ресми халық санына теңестіруге болмайды. Дегенмен күнделікті қозғалыстың ауқымы агломерация ядросы мен қала маңындағы аумақтардың қаншалық тығыз байланысқанын көрсетеді.

Маятниктік көші–қон көлік жүйесіне ғана салмақ түсірмейді. Ол білім беру, денсаулық сақтау және өзге де әлеуметтік инфрақұрылымға қосымша сұраныс қалыптастырады. Үш ауысымды мектеп мәселесін де осы кеңістіктік үдерістен бөліп қарауға болмайды.

Түйткілдің бір бөлігі аумақтық–кеңістіктік жоспарлауға байланысты. Халықтың нақты қоныстану қарқыны, тұрғын үй құрылысы және әлеуметтік нысандардың сыйымдылығы өзара сәйкеспеген жағдайда инфрақұрылым тапшылығы пайда болады. Алматы қаласында кейінгі жылдары жаңа тұрғын үй кешендерін салған кезде мектеп, балабақша, жол секілді ілеспе инфрақұрылымға назар көбірек аударыла бастады. Ал облыстың қала маңындағы аумақтарында тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымның даму қарқыны барлық жерде бірдей үйлесіп отырған жоқ.

Кей аумақта бұрын ауыл шаруашылығына пайдаланылған немесе бос жатқан жер телімдері тұрғын үй салуға беріледі. Халық қоныстанып болғаннан кейін жол, электр желісі, кәріз, мектеп пен балабақшаға сұраныс күрт өседі. Нәтижесінде әлеуметтік инфрақұрылым халық келгенге дейін емес, қоныстану қалыптасып қойғаннан кейін салына бастайды. Мемлекет осылайша болашақ сұранысты алдын ала қамтамасыз етудің орнына қалыптасқан тапшылықты өтеуге мәжбүр болады.

Сондықтан үш ауысымды мектепті білім саласының жеке мәселесі ретінде қарастыру жеткіліксіз. Оның ар жағында урбандалу, ішкі көші–қон, жер пайдалану, тұрғын үй құрылысы және аумақтық–кеңістіктік жоспарлау үдерістері жатыр. Мектеп тапшылығы көбіне сол үдерістердің бір–бірімен қабыспауынан туындайды.

Жаңа тұрғын алабы немесе шағынаудан жоспарланған кезде оның демографиялық сыйымдылығы алдын ала есептелуге тиіс. Қанша адам қоныстанады? Олардың ішінде мектеп жасындағы балалар қанша болады? Қолданыстағы мектептердің жобалық қуаты жеткілікті ме? Балабақшаға қанша орын қажет? Жол және инженерлік желілер қосымша жүктемені көтере ала ма? Осындай есеп құрылыс басталмай тұрып жасалуы керек.

Алматы облысындағы қазіргі демографиялық жағдай осындай жоспарлаудың қажеттігін күшейтіп отыр. 2026 жылғы 1 маусымда облыс халқы 1,61 миллион адамнан асты. Қаңтар–мамыр аралығындағы көші–қон айырымы +8 344 адам болды. Соның 7 103–і ішкі көші–қон есебінен қалыптасқан. Демек өңірдегі халық өсіміне табиғи өсіммен қатар ел ішіндегі қоныс аудару да елеулі ықпал етіп отыр.

Алматы агломерациясында алдағы жылдары урбандалу жалғаса береді. Алматыға Қазақстанның басқа өңірлерінен де, шетелден де халық көшіп келеді. Сондықтан аумақты басқару халық қоныстанып болғаннан кейін әрекет ететін жүйеден алдын ала болжауға негізделген жоспарлауға көшуі қажет.Үш ауысымды мектеп – сол кең ауқымды үдерістің көзге көрінетін салдарының бірі. Негізгі себепті мектеп ғимаратынан емес, аумақтың қалай игерілгенінен іздеген жөн. Тұрғын үй салынып, халық қоныстанып болғаннан кейін мектепке жер іздеу кеш. Демографиялық болжам, тұрғын үй құрылысы, көлік, инженерлік желі және әлеуметтік инфрақұрылым бір жоспардың аясында қарастырылғанда ғана мектеп құрылысы қалыптасқан тапшылықты жою амалы емес, болашақ сұранысты алдын ала қамтамасыз ететін тетікке айналады.

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Дәнештің дара мектебі 

Фото: Н. Жанпейісовтың архивінен Дәстүрлі ән мектебінде ұстазы шәкіртінің орындаушылық шеберлігін шыңдау үшін түрлі концерттерге шығаратын