Фото: Г. Бажкенованың Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасынан
Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкенова сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Сот жазаны өтеуді екі жылға кейінге қалдырды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық соты 18 тамызда журналист Гүлнар Бажкеноваға қатысты үкім шығарды. Соттың хабарлауынша, ол сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша кінәлі деп танылған.
Сот Бажкенованы 8 жылға бас бостандығынан айырып, оған бес жыл бойы БАҚ, журналистика, блогинг, көпшілік іс-шаралар және өзге де қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салды. Осы кезеңде ол БАҚ-пен байланысты ұйымдарда басшылық және материалдық жауапты қызметтерді де атқара алмайды.
Сонымен бірге сот Бажкеновадан 95,9 млн теңге материалдық залал, 2,8 млн теңгеден астам мемлекеттік баж және жәбірленуші тараптың заң көмегі мен процестік шығындары үшін 6,8 млн теңге өндіру туралы шешім шығарған.
Жаза неге бірден орындалмайды?
Бажкеноваға тағайындалған сегіз жылдық жаза бірден орындалмайды. Сот Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігін қолданып, оның 14 жасқа толмаған баласы бар екенін ескеріп, жазаны өтеуді екі жылға кейінге қалдырған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін, 14 тамызда өткен сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы да Бажкенованы тағылған айыптардың жиынтығы бойынша сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Прокурор жазаны өтеуді екі жылға кейінге қалдырып, журналисті бес жыл бойы журналистік, қоғамдық және басшылық қызметпен айналысу құқығынан айыруды ұсынған. Бұл жөнінде Бажкенованың адвокаты Эльдар Мусаевқа сілтеме жасаған «Власть» басылымы хабарлаған.
Істе қандай айыптар болды?
Сот таратқан мәлімет бойынша, Бажкенова 2024 жылғы қараша мен 2025 жылғы желтоқсан аралығында компания басшысы болған кезде кәсіпорын қаражатының 88,1 млн теңгеден астамын иемденді деп танылған. Іс материалында қаражаттың бір бөлігі бақылауындағы жеке кәсіпкердің шотына түрлі қызмет ақысы ретінде аударылғаны, сондай-ақ компания қаражатынан баласының жеке мектептегі оқу ақысы төленгені көрсетілген.
Заңсыз кәсіпкерлікке қатысты эпизод Алматыдағы жылжымайтын мүлік мәмілелеріне байланысты. Тергеу материалында Бажкенованың пәтерлерді сатып алу және сату нәтижесінде 121,2 млн теңге көлемінде табыс өсімін алғаны, алайда кәсіпкер ретінде тіркелмегені көрсетілген. Бажкенова сот барысында бұл айыппен келіспей, пәтер сатуды кәсіпкерлік қызмет деп санамайтынын айтқан.
Тағы бір айып – Қылмыстық кодекстің 274-бабындағы «Көрінеу жалған ақпарат тарату». Істе Orda.kz сайтында 2024–2025 жылдары шыққан сегіз жарияланым жеке эпизод ретінде қаралған.
Олардың бірі Алматы прокуратурасының бұрынғы қызметкері Нұрлан Ауғанбаев туралы материалға қатысты. 2024 жылғы мамырда Orda.kz Ауғанбаевтың пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат жариялаған. Кейін Алматы прокуратурасы бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарған.
Бажкенова сотта бұл және өзге жарияланымдарды «көрінеу жалған ақпарат тарату» деп бағалауға келіспейтінін мәлімдеген. Оның сөзінше, редакция қоғамда тараған ақпаратты тексеру үшін мемлекеттік органдарға сауал жолдап, ресми жауапты да оқырманға ұсынған. Журналист өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын бұған дейін де айтқан. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды. Прокурордың сегіз жыл сұрағаны туралы ақпарат та 15 тамызда жарияланған еді.
Бажкенова 2025 жылғы желтоқсаннан бері үйқамақта болған. Сол кезде Orda.kz редакциясында және журналистің үйінде тінту жүргізілген.
Бұған дейін баспасөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қоры мен Қазақстан Журналистер одағы Бажкенова ісіне байланысты мәлімдеме жасап, істің объективті қаралуына және қылмыстық-процестік нормалардың сақталуына назар аударған болатын.
18 тамызда шығарылған бірінші сатыдағы сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бегім Көктүрік
Парақшамызға жазылыңыз
