///

Қазақ аниматорлары шетелден маман шақыруға наразы

1530 рет қаралды
коллаж: Халық Үні

12 шілде күні ҚР мәдениет және спорт  министрі Дәурен Абаев өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында “Қазақанимация” шығармашылық бірлестігін құру туралы хабарлады. 

“Құрметті достар! Бүгін Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін құру бойынша жиын өткіздім.

Өздеріңізге белгілі, жас ұрпақ тәрбиесі анимациямен тығыз байланысты. Қазіргі таңда бүлідіршіндеріміз батыстан үздіксіз келіп жатқан шетелдік өнімдерді қарап, тілімізге де, ділімізге де қайшы мультфильмдерді көптеп көріп жатқаны жасырын емес.

Сол себепті де біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға негізделген отандық өнімдеріміздің өрісін кеңейтуді қолға алып отырмыз. Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей бастамасымен «Қазақанимация» бірлестігінің жұмысын іске қосу – ең алдымен ұлттық анимацияны қолдаудың жаңа жүйесін қалыптастырады. Әрине, ауқымды жұмысты бірден жолға қою оңай емес.

Бірінші кезекте анимациялық пилоттық жобалардың сценарийлеріне байқау ұйымдастырылды. Қазірде ұсынылған жобаларды іріктейтін сараптамалық кеңес құрамыз.

Сондай-ақ жиында отандық анимация мамандарының шетелдік компанияларда тағылымдамадан өтуі жайлы мәселе жан-жақты сараланды. Бүгінде әлемнің бірнеше жетекші анимациялық студиясынан шетелдік маман тарту арқылы, жыл соңына дейін алғашқы 10 пилоттық жобаны көрерменге ұсынуды көздеп отырмыз.

Біз осы жұмыстар арқылы ұлттық анимацияның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ол өнімдерді үлкен прокатқа шығаруды жоспарлаймыз. Заман көшінен қалмай, білімді де білікті шығармашыл жастарымызды қолдап, жаңа идеялар мен тың бастамаларға ыңғайлы алаң жасауымыз қажет. Аудитория сұранысын қанағаттандыратын сапалы контент қалыптастырып, шетелдік әріптестермен тығыз байланыс негізінде қазақ анимациясын халықаралық дәрежеге көтереміз деп сенемін”.

Қазақстан анимация киносы қауымдастығының төрағасы Ғали Мырзашев ұлттық анимацияны дамыту үшін шетелдік мамандарды тартуға қарсылық білдірді. Ол отандық кино саласында сыбайластық жалғаса беретін болса, киногерлер қауымы түгел ереуілге шығуға мәжбүр болатынын мәлімдеді“.

Ғали Мырзашев Абаевтың ұлттық анимацияны дамыту үшін шетелдік мамандарды тарту туралы бастамасын қазақ мәдениетіне қарсы әрекет деп біледі. Өйткені анимация – идеологиялық майдан болғандықтан, ұлттық сана мен тарихи таным алдыңғы орынға шығуы тиіс.

“Мен, маман Ғали Мырзашев сіздерге үндеумен шығуға мәжбүр болып отырған жайым бар. Кеше министр Абаевтың қазақ анимация орталығы ашылады, оған шетелден маман шақырамыз деген ақпараты түбегейлі қазақ халқына, қазақ мәдениетіне қарсы әрекет. Мен – маман, мен – әке, мен – ата ретінде қазақ анимациясын 3-4 жыл ішінде халықаралық деңгейге көтеремін, елді риза қыламын дегеніме көңіл аудармайды. Өйткені мен сияқтылар коррупцияға жол бермейміз. Қазақ елі, егер осындай үрдіс белең ала беретін болса, мен сияқты, мен бастаған адамдар ереуілге шығамыз. Билік, сіздер осындай жын-ойнақты жалғастыра берсеңіздер, бұл – халыққа қарсы қылмыс болмақ. Біз бұған түбегейлі қарсымыз. Ал шетел өндірісіне зәру болсаңыздар, әне, Николедион арнасы сарнап тұр, бірақ фильмдерінде «қан мен тер», қазақтың рухы жоқ, – деді Ғали Мырзашев өзінің фейсбук парақшасында.

Ол экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының да Мәжіліс отырысында ресейлік компанияларға мультфильм түсіру туралы орынсыз ұсыныс айтқанын атап өтті.

«Өздеріңіз білесіздер бұрынғы министр де бізді, халықты күлкіге айналдырғаны белгілі. Мұхамедиұлы 2018 жылы танымал «Маша мен аю» мультсериалының авторларына тапсырыс беріп, брендке айналдырамыз деген болатын. Кинематографистер қауымы, басшылары, сіздер қорқақсыздар! Сіздер бәсекелес орта қалыптастыра алмай, тіпті талап етпей отырсыздар. Былтыр питчингтен менің «Байқоңыр» атты жобам өткенде, министр оны қоқысқа тастады. Оған жол берген сіздердің қорқақтықтарыңыз. Егер осылай, шетелге бүйрегі бұратын ақтамінерлер ұта берсе, онда жалпы қазақ әйеліне бала тауып, емізіп, рухани өсірудің не қажеті бар. Онда халқы көп Үндістан елінен миллион баланы асырап ала салайық», – деді Ғали Мырзашев.

Маман Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында жыл сайын өтетін іріктеу питчингі әділ өтпейтіндігін, сондай-ақ эксперттік кеңеске анимация саласынан хабары жоқ мамандар бекітілгенін сынға алды.

«Питчингтің ашық өтуін, және сол жерде әділ дауыс беру арқылы өткізуді талап етемін! Мәдениет және спорт министрлігі эксперттік кеңесті таратуы тиіс, себебі шенеуніктер өздерінің таныс-білістерін қойып отыр. Биыл кеңес мүшелігіндегі 16 адамның тек жетеуі ғана қатысты. Барып тұрған тәртіпсіздік! Анимация өнерінен хабары жоқ адамдар не істеп отыр?! Қадірменді әріптестер, қоғамдық ұйымдар төрағалары, қорықпаңыздар, бәсекелі орта қалыптастырыңыздар! Сонда ғана салауатты ел боламыз», – деді Ғали Мырзашев.

Ғали Мырзашев – кескіндемеші, мультипликатор, кино режиссер. Ол көптеген халықаралық көрмелердің лауреаты атанған. Маман «Қазақмультфильм» атты ұлттық анимациялық орталық құрылуы қажеттігін он жылдан бері тұрақты айтып келе жатыр.

дереккөз: Халық Үні 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі