///

Жұлдыз Көптілеу: Мен қазақстандықтардың сәнге деген қызығушылығын оятқым келеді

1471 рет қаралды

Күнделікті өмірде базалық палитрадағы түстер мен базалық үлгідегі киімдерден бөлек, жарқын стильде киінуге, ерекше үлгіні қалыпты жағдайда қолданып күнделікті күйбең тіршілікті, сұрғылт өмірді өңді бояулармен алмастырғым келеді.

– Жұлдыз сені көп жылдан бері білемін, білген уақытымнан бері сенің суретке, дизайн саласына, тігін өнеріне қызығушылығынды байқадым, ол қайдан пайда болды, қашаннан осы салаға қызығасың?

– Мен ес білгелі әкемнің қолынан қылқалам мен бояуын тастамай, жұмыстан бос уақыт таба қалса өзінің кішігірім шеберханасы болып кеткен гаражда әрдайым сурет салып отыратынын көріп өстім. Ол кезде әлі ойын баласымын, әр нәрсені қызық көріп жүрген кездерім болса керек, өзім сурет салмасам да әкемнің салған суреттеріне таңдана қарап, әйтеуір жанынан шықпайтын едім. Арасында оған кедергі жасап, “мен де сурет саламын” дегенді шығаратынмын.

Бірте-бірте көз үйренді ме, әлде әкешімнің маған біраз алдансын деп беріп қоятын қағаз-қарындаштарымен оның істегенін қайталағанымнан қол үйренді ме немесе қанмен берілген бойымда бір талант болды ма білмеймін, ақырында сурет салу ісі расымен менің де қолымнан өте жақсы деңгейде келе бастады.

 Кейін өсе келе бұл қабілетімді дамыта бастадым. Дизайн саласына да, тігін өнеріне деген қызығушылық та осы сурет салудан басталған еді. Ал сурет салуға деген қызығушылығымның қайнар көзі — асқар тау әкем. Міне, осылайша бұл қызығушылықтың бәрі бала күнімнен менімен бірге келе жатыр.

– Қызығушылығынды кәсіпке айналдыру туралы ойлар келді ме?

– Әрине келді. Бұл ойларды мен кәсіпке айналдырып та үлгердім. Сурет салу өнерін кішкентай балаларға үйретіп, сол арқылы біраз уақыт өзімнің алғашқы табыстарымды таптым. 1-2 жыл көлемінде тігін саласындағы қабілетімді де пайдаланып қаламыздағы белгілі сән үйінде жұмыс істеп те үлгердім. Бұның барлығын мен мектеп қабырғасында жүргенде жасаған болатынмын. Осы қызығушылықтарым сол кезде мен үшін өте жақсы табыс алып келіп, үлкен тәжірибе болды.

– Мектеп қабырғасында бұл салаға профессионалды түрде қарауға не түрткі болды?

– Оған түрткі болған бос уақыт еді. Оқушы кезімде бұлай жұмыс істеп, жақсы табыс табамын деп мен мүлдем ойламайтынмын. Алайда 10-сыныптың 3-тоқсанының аяқталуы мен көктемгі каникулдар қарсаңында басталған бүкіл әлемдегі карантин менің ойымды түбегейлі өзгертті. Үйде бос жатқаннан өзімді жоғалта бастадым. Бір нәрсемен айналысу керек екенін түсіндім. Дәл сол сәтте мен өзімнің тігін саласындағы бар қабілетімді одан әрі шыңдай түстім. К

ейін карантиндік жүйе біраз жеңілдеп, халық жартылай болса да бұрынғы күндерге оралып, жұмысқа шыға бастаған сәтте мен де өте жақсы ұсыныс алдым. Ол кезде білім саласы әлі де онлайн форматта еді. Сондықтан менде бос уақыт расымен бұрынғыдан көп болды. Ойлана келе, бәріне де үлгеруге болады деген шешім қабылдап, келіп тұрған ұсыныстан бас тартпауды жөн көрдім. Сол бір шешімді қабылдағаннан кейін маған басқа да мүмкіндіктер есігі ашыла берді.

Сонымен, мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап бұл салаға профессионалды түрде қарауыма түрткі болған, себеп болған нәрсе бұл — карантин және сол кезеңдегі ұзаққа созылған белгісіздікке толы бос уақыт.

– Қазіргі уақытта бұл салада қандай жетістіктерге жеттің?

– Әзірге “Алатауды айырып, Қаратауды қайырып” керемет жетістіктерге жетіп жатырмын деп ауыз толтырып айта алмаймын. Дегенмен, қазірдің өзінде 2 жылдық тәжірибем бар, Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің киім дизайны мамандығының үздік студенттерінің бірімін, әр кез қалаған киімімді өз ойымдағыдай етіп, сапалы түрде сызып, пішіп, тігіп кие алатындай дәрежедемін. Әрине білетінімнен білмейтінім көп. Алдағы уақытта үйренерім де көп. Бала күнгі арманымды мақсатыма айналдырып, сол мақсатқа жету жолындамын. Ол арманнан бас тартпай, әрдайым сол арманға жетсем екен деп алып ұшып тұрған жүрек пен сана-сезімді иеленудің өзі бір жетістік деп білемін.

– Қазақстанда дизайнерлерді оқыту қаншалықты деңгейде? Оқу сапасына көңілін тола ма?

– Қазақстанда дизайнерлерді оқыту жоғары деңгейде деп айтар болсам, бұл сөзім өтірік болар еді. Қазіргі деңгейіне 100% көңілім толады деп те айта алмаймын. Дегенмен Қазақстан ұзақ уақыт қиын кезеңдерден өтіп, енді аяққа тұрып келе жатырған мемлекет екенін ұмытпаған жөн. Әлі де оқу жүйесінде ақсап тұрған тұстарды жетілдіреді деп ойлаймын. Мемлекеттің бәрінен де хабардар екеніне, болашақта біраз мүмкіндіктер ашып, нағыз талантты студенттерімізге орасан зор көмегі болатынына сенімдімін. Бірақ, бәрі де сіз бен біздің қолымызда. Оқимын, үйренемін, өсемін, өнемін деген адам әрқашан да амалын табады. Ең бастысы бізде сапа төмен екен деп бірден шет елге ағылмау керек. Еліміздің оқу орындарына да сенім арта білуіміз керек, бір бірімізді қолдай білуіміз керек. Еліміздің ЖОО-ын таңдайтын талапкерлер көбейген сайын, ол жерде сапаның да жоғарылайтынына кәміл сенемін. Сұраныс бар жерде сапа да жақсы болады.

– Еліміздегі сән әлемінде кімдерді өз саласының нағыз маманы, шебері деп айтар едің? Кімді үлгі тұтасын?

– Біздің елде сән әлемі аса қатты дамымаған. Соған сәйкес бұл салада мамандар да аз. Ал өз ісінің нағыз мамандарын табу тіптен қиын. Мен Қазақстанда осы кісі сән әлемінің үздігі дерліктей маманды айта алмаймын. Олай айтатын дәрежеде де емеспін. Дегенмен, мен үлгі тұтатын адам Қазақстанда әзірге жоқ. Мүмкін алдағы уақытта табылып қалар, мүмкін сол үлгі болар үздіктердің қатарынан өзім де көрінермін.

– Өзің Қазақстандық сән әлеміне қандай жаңашылдық алып келгің келеді?

– Қазіргі таңда біздің халқымыз сән әлемін толықтай түсінбейді. Тіпті көпшілігінде түсінуге деген қызығушылық та жоқ секілді көрінеді. Мен қазақстандықтардың сәнге деген қызығушылығын оятқым келеді. Күнделікті өмірде базалық палитрадағы түстер мен базалық үлгідегі киімдерден бөлек, жарқын стильде киінуге, ерекше үлгіні қалыпты жағдайда қолданып күнделікті күйбең тіршілікті, сұрғылт өмірді өңді бояулармен алмастырғым келеді. Адамдар бір-бірін көргенде, киген киімдерінен тамсанып, бақыт құшағында өмір сүруі қалыпты жағдайға айналса деймін. Адамдардың үйлестіру мүмкін емес деген түстерін мүмкін етіп, ыңғайсыз деген үлгілерін ыңғайлы етіп, жаңа стильде, жаңа қалыпта өмірге жаңа көзқараспен қарауларына себепші болғым келеді.

– Жұлдыз, сұхбат бергеніңе үлкен алғыс!

Әңгімелескен Мөлдір Оспанқызы,

СДУ “Журналистика” мектебінің ІІ курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі