///

Kazakhstan Fashion Week Оралда

2524 рет қаралды
Суретте оралдық дизайнер Жамила Өтепқалиева

Өткен аптаның демалыс күндері Орал қаласындағы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында «Kazakhstan Fashion Week» атауымен сән көрсетілімі өтті. Қазақстандық сән апталығы мерейтойлық маусымын осы жылы біздің қаламызда ашты. Ақ Жайық жұртшылығы жоғары сән әлеміндегі танымал әрі жаңа есімдердің шығармашылығымен танысты. Бұл жалпы қаламызды және оның тұрғындарын мәдени өмірдің жоғары деңгейіне көтерді десек те артық айтпаймыз. Сән көрсетіліміне тек Орал өңірінен емес, еліміздің өзге қалалары мен Италиядан, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан арнайы келген дизайнерлер авторлық топтамаларын көпшілік назарына ұсынды.

Сән көрсетілімінің бірінші бөлімінде «Art by Sofia» брендінің негізін қалаушы, Өзбекстанның танымал дизайнері София Ашурдың, Алматы қаласындағы «Аруназ» сән үйінің негізін қалаушы Назым Қарпықованың, Ақтау қаласынан келген дизайнер Асел Сағидың, атыраулық дизайнер Ирина Нейбарттың сән үлгілері ұсынылды. Көрсетілімнің екінші бөлімінде жерлестеріміз Жамила Өтепқалиеваның, Азиза Бисанның, Гүлім Жалауқызының, Сәуле Сарманбекованың топтамалары ұсынылды.

Орал қазақстандық дизайнерлердің сән топтамаларының көрсетілімі өтетін Қазақстандағы бесінші қала болды. Сәнді іс-шараны ұйымдастырушы, “GS Production” халықаралық модельдік мектебінің негізін қалаушы Гүлназ Смайылованың арқасында біздің қала Kazakhstan Fashion Week ресми серіктесі болды және осы жылы қазақстандық сән апталығының маусымын ашты.

– Жалпы әр шығармашыл тұлға өзінің әлемін басқаша көреді. Мейлі ол сән әлемі болсын, басқасы болсын. Мен үшін сән әлемі ешқандай сатыларға бөлінбейді. Сән әлемі әр дизайнер үшін жалпы осы салада жүрген кез келген адам үшін өзінің талантының, өзінің шығармашылығының ерекшелігін көрсету үшін тамаша мүмкіндік береді. Сол себептен мен де 14 жасымнан бері осы саладамын. «GS Production» сән мектебі осыдан бес жыл бұрын құрылып, бүгінде 4-22 жас аралығындағы 100 модельді оқытуда. Олардың кейбірі шетелдік сән көрсетіліміне қатысып, жарнамалар, көркем фильмдерге түсіп жатыр. Жалпы кез-келген моделинг мектебі секілді «GS Production» мектебіне де модельдер кастинг арқылы қабылданады. Басты талап қыздар мен жігіттердің бойы 173-175 сантиметрден кем болмауы тиіс және мүсіні мен бет-әлпеті де сымбатты болуы шарт. Модельдерге подиумда қалай жүру керектігінен бастап, боянуды, киінуді үйретеміз. Содан соң Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында ұйымдастырылатын сән апталығына қатысып, тәжірибе жинақтайды.

Өткен жылы осындай шетелдік сән көрсетілімінде болдым. Өзім туып-өскен қаланың көркеюіне өз үлесімді қосу үшін не істей аламын деген сауал туды бірінші. Содан кейін, осы саладағы 5 жылдық тәжірибемді есепке алып, ойланып, шешім қабылдадым. Және ұйымдастырушыларға неге біздің қаламызда да сән көрсетілімін өткізбеске деген ұсынысымды жеткіздім. Ұйымдастырушылар да бірден қолдай кетті. «Kazakhstan Fashion Week» ұлттық жобасы Орал қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Былтыр қалалық деңгейде «Uralsk Fashion Week» апталығы да өткен болатын. Халықаралық сән апталығы бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында өткен еді. Бүгінгі сән көрсетіліміне Алматы, Семей және Орал қаласынан 150-ге жуық модель қатысты.

Kazakhstan Fashion Week – көптеген дизайнерлер үшін негізгі әрі бастапқы алаң. Дәл осы жерде қазақстандық сән әлемінде жаңа есімдер ашылуда. Өздеріңіз білетіндей, дизайнерлер ғана емес, сонымен қатар модельдер, фотографтар, стилистер, макияж суретшілері әлемі де осыған тікелей байланысты. Fashion-индустрияның ортасында жүрген кез-келген адам үшін, кез келген дизайнер және осы салада өзін сынағысы келетін шығармашыл тұлғалар үшін KFW алаңы жаңа, жеке нәрсе жасауға және өз талантын көрсетуге таптырмас мүмкіндік береді. Осындай сән апталықтары отандық сән индустриясын дамытып, отандық өнімге деген сұранысты арттырады деген сенімдемін – деді «GS Production» сән мектебінің негізін қалаушы, іс-шара ұйымдастырушысы Гүлнәз Смаилова.

Kazakhstan Fashion Week-тің құрылу тарихы 2004 жылдан бастау алады. Бірінші жоба Almaty Fashion Week деп аталды, осы атаумен ол бір жылға созылған. Жобаның негізін қалаушылар, KFW продюсері Саят Досыбаев және Kazakhstan Fashion Week дизайнер, стилист, арт-директоры Алекс Чжен бұл жобаны тек бір қала үшін емес, түгел еліміз бойынша ұйымдастырсақ деген шешіммен Kazakhstan Fashion Week деп атауын өзгерткен. Олардың басты мақсаты – өңірлерде дизайнерлердің шығармашылығын дамытып, отандық өнімдерді әлемге таныстыру.

– 18 жыл бойы біз қазақстандық сәнді тек өз елімізде ғана емес, шетелде де ілгерілетіп келеміз. KFW-ге қатысудың арқасында бүгінде Қазақстан дизайнерлерін Париж, Нью-Йорк, Берлин, Милан және әлемнің басқа да қалаларындағы сән дизайнерлерінің әлемдік алаңдарында тануға болады. Этникалық ұлттық мотивтер заманауи шындықпен араласқан киімдер де қазіргі кезде өте танымал. Көп жыл бұрын Kazakhstan Fashion Week және сән индустриясының даму стратегиясын ойлай отырып, біз бүкіл Қазақстанды қамтуды армандадық, өйткені біздің жеріміз таланттарға бай екендігіне біз барлығымыз да куәміз. Бүгін біз қойылған міндеттің орындалғанын көріп отырмыз. Біздің өкілдеріміз Шымкент, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, енді Оралда да қазақстандық дизайнерлерді қолдау бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Бұл өз өңірінде ғана емес, сонымен қатар Алматы қаласы – еліміздің fashion-индустриясының басты алаңына баруға мүмкіндік береді. Жақын арада бізге Семей, Өскемен, Қарағанды және басқа да қалалар да қосылады. Мен Қазақстанда сән әлемінде өз қаласын ілгерілетуге дайын талантты дизайнерлердің өте көп екендігіне қуанып, олардың болашағына деген үлкен сенім артып, мақтанамын, – деді KFW жобасының авторы Саят Досыбаев.

Қазір әлемдік қауымдастық қазақстандық дизайнерлерге ерекше назар аудара бастады. Олар туралы өте жақсы пікірлер де қалыптасқан. Шетелде сүйіспеншілікке ие болған танымал отандық брендтер бар, олар: Әсел Нүсіпқожанова (Assel), Нұрлан Төреханов және Айгүл Қуандықова (Mechanical piano), Әйгерім Акенова (AIKEN), Алима Мырзабекова (Alima), Леонид Айғыров (Zherebtsov), Айман Орынбасарова мен Шолпан Нұрмұхамедова (AiSho), Жанар Мирзажанова, Ажар Кәрібжанова, Анна Те (rara), Мәншүк Қуанышева (Malli), Камила Құрбани (Kamila Kurbani), Роксана Әділбекова (Rox Wear), Ұлықбек Шәріпов, Нұрсұлтан Мағзұмов және Эрик Тастембеков (Shoqan by Shoqan Ualikhanov), Айнұр Тұрысбек (Ainur Turisbek), Жарқын Баймаханов (Jarkyn Baimakhanov). Дизайнерлердің коллекциялары өз стилімен, идеяның бірегейлігімен, эксклюзивтілігімен ерекшеленеді.

Мүмкін, жаңадан бастаған Орал дизайнерлерінің есімдері де қазақстандықтардың жадында сақталып, шетелде танымал болар. Мәселен, дизайнер Жәмилә Өтепқалиева өткен жылы Дубайдағы “ЭКСПО-2021” көрмесінде өзінің топтамасын сәтті көрсеткен. Көрсетілімнен кейін ол өзінің киім желісін көрмедегі сатып алушыларға сата алды. Қонақтар оның ұлттық нақыштағы киімдеріне тәнті болды. Мұнда әр көйлекке қайталанбас талғампаздық беретін авторлық ою-өрнектермен ерекшеленеді. Шетелдік сән көрсетілімдері талантты дизайнерді шабыттандырып, оған одан әрі жұмыс істеу үшін көптеген идеялар туындаған.

– Мамандығым бойынша киім дизайнерімін, Оралдағы Құрманғазы атындағы саз колледжін бітірдім. Тұрмыс құрғаннан кейін ойыма ана мен бала киім топтамасын жасау келді. Кейін жақын-туыстарыма киім тіге бастап, «мама и дочка» топтамасын аштым. Содан кейін тапсырыстар одан әрі көбейіп, қазіргі кезде осы сән көрсетіліміне қатысу үшін 1 аптада 14 киім үлгісін дайындап әкеліп отырмын. Мен әрқашан көйлек, костюмде өзіндік бір ерекшелік болғанын қаладым және соны өзімнің үлгілеріммен кқрсетуге тырыстым, сондықтан менің брендім біртіндеп танымал бола бастады. Әр шығармашыл адамға өзінің жұмысына адамдар, жалпы сатып алушылар жоғары баға беріп, оң пікірлер айтып жатса, тамаша емес пе? Сондықтан жас дизайнерлерге айтарым, мұндай сән көрсетілімдерінен қалмаңыздар. Бұндай шаралар жас дизайнерлерге өздерін көрсетуге, пікірлестермен танысуға, жаңа нәрсені үйренуге мүмкіндік береді,- дейді жас дизайнер.

Оралдағы KFW құрметті қонағы Өзбекстаннан келген танымал дизайнер София Ашур болды, ол қара және ақ түсте ұлттық екпінмен заманауи киім топтамасын ұсынды.

– Өткен жылы мен Орал қаласына алғаш рет келіп, қала күнін мерекелеуге қатысып, “Art by Sofia” брендімен өз киім топтамамды көрерменге ұсындым. Жалпы өзімді таныстыра кетсем, Бұхара қаласында туып өстім, Ташкентте тұрамын және сонда жұмыс істеймін. Бала кезімнен тігуге деген қызығушылығым оянды. 2006 жылы “Art week style uz” сән апталығында менің алғашқы көрсетілімім өтті, сол жерде менің брендім көпшілікке тұңғыш рет таныстырылды. Түрлі деңгейдегі көрсетілімдерге қатысу маған үлкен шабыт береді. Мен өз шығармаларымда талғампаздық, сұлулық пен жайлылықты үйлестіре отырып, одан бір жанға жайлы киім үлгісін жасаймын. Айта кету керек, бүгінгі әкелген топтамам Оралдың қыздарына арналған және ұсынған киім үлгілерін модельдер сол жерде-ақ сатып алды. Барша қазақстандықтарға және оралдықтарға жылы қарсы алғандары үшін және керемет сән көрсетіліміне қатысу мүмкіндігі үшін үлкен алғысымды білдіремін, – деді София.

«Art by Sofia» брендінің негізін қалаушы София Ашурдың топтамасы жиналған жұртшылыққа тура бір Шығыс әлеміне саяхаттағандай әсер қалдырды. Түрлі ерекше маталардан тігілген көйлектер және ханшайымның тәжіндей әсер қалдыратын тастардан жасалған бас киімдер көздің жауын алды.

Оралдағы сән апталығының тағы бір қатысушысы Ақтөбе қаласындағы «Brilliant» модельдік агенттігінің жетекшісі, Ақтөбе қаласындағы Kazakhstan Fashion Week серіктесі Азамат Саин болды. Оның айтуынша, оның Агенттігі 10 жылдан бері KFW барлық көрсетілімдеріне қатысып келеді.

– Бес жыл бұрын біз «Kazakhstan Fashion Week Aktobe» франшизасын сатып алдық. Сән көрсетілімдеріне Қазақстанның әйгілі дизайнерлері келді: Жадо сән үйі, Аида Кауменова, Жарқын Баймаханов, Наиль Байкучуков және т.б. Біз ТМД елдеріндегі басты алаңдардағы сән апталығына, Мәскеудегі “Mercedes-Benz Fashion Week” – ке қатысып, Парижде сән апталығында болдық. Біз өзіміздің ақтөбелік дизайнерлерімізді әлемдік сән жобаларына қатыстырып, оларға өз брендтерін таныстыруға көмектесеміз, оларды Алматыдағы басты алаңда сән көрсетуге дайындаймыз. Қазір Қазақстанның барлық қалаларының қосылғаны өте жақсы болды. Бізде дарынды жастар өте көп. Олар Kazakhstan Fashion Week алаңындағы дизайнерлер үшін ынтымақтастық, достық және қолдау өз алдына ұран екенін түсінуі тиіс. Мұнда тәжірибе, білім алмасады, дизайнер ретінде қалыптасуына көмектеседі, – деді ол.

Көпшілік танымал қазақстандық дизайнерлердің киімдері өте қымбат деп шағымданады. Бірақ қол еңбегі әрқашан қымбат болады және ол заңды. Бүгінгі таңда Қазақстандағы сән, кез-келген басқа елдегі сияқты, шын мәнінде, өзінің эксклюзивтілігімен ерекшеленеді. Әр адамның талғамы әртүрлі болғандықтан Kazakhstan Fashion Week жаңа дизайнерлердің талантын ашып, топтамаларын әр түрлі талғамға сай көрсететін болады.

Өз брендін 2014 жылы жасаған, Алматыдан келген Назым Карпыковаға (ARUNAZ) сән көрсетілімінде алғаш болып сән топтамасын ұсыну бұйырды. Ол Парижде, Берлинде, Бакуде өткен шоуларға қатысқан. Танымал қазақстандық дизайнер Париж сән апталығы аясында өткен «Oriental Fashion Show от кутюр» жобасында барлық көрерменді тәнті қылды. Шетелдік талғампаз көрермен мен сән индустриясының халықаралық сарапшылары отандық дизайнердің батыл стильдерінен құралған сәнді киімдеріне жоғары баға берді. Оның бірегей шығармашылық стилі Қазақстаннан тыс жерлерге де танымал. Бүгінгі көрсетілімде «ARUNAZ» сән үйінің киімдері ақ, қара, сұр, көк түстерден құралған ассиметриялы көйлектермен, жұқа жібектен тігілген жамылғылармен (накидка), кешкі жиындарға арналған костюм-шалбарлармен ерекшеленді.

Kazakhstan Fashion Week Uralsk-2022 көрмесіне Атырау, Ақтау, Орал қалаларының дизайнерлері де қатысты. Мысалы, атыраулық дизайнер Ирина Нейбарт (Irina Neibart) балалар топтамасын, Ақтау қаласынан келген 5 баланың анасы Әсел Сағи (Asel Sagi) – ұлттық нақыштағы “Томирис” атты көйлектер топтамасын ұсынды. Атыраулық дизайнер Ирина Нейбарттың дизайнерлігімен тігілген киімдер тек арнайы бір салтанатқа ғана емес, күнделікті өмірдің кез-келген сәтінде киюге арналған.

Сән апталығында Орал дизайнерлері де дебют жасады. Азиза Кенжалиева (Aziza Bisan) ерлер мен әйелдердің этношик стиліндегі киім топтамасын көрсетті, Ботагөз Адиетова (Bota Collection) ана мен қызына арналған классикалық үлгідегі киімді ұсынды, Жәмиля Өтепқалиева (Brand by Zhamilya) балалар киімінің топтамасын дайындады, Гүлім Жалауқызы (Guli) Қазақ ұлттық стиліне заманауи штрихтар енгізді. Сәуле Сарманбекова (Saule) Үнді стилінің элементтері бар 13 костюмнен тұратын коллекцияны ұсынды.

Көрсетілімді қорыта келе,  «Kazakhstan Fashion Week» жобасының продюсері Саят Досыбаев сән апталығының қонақтары алдында сөз сөйлеп, KFW-ге Орал қосылғанына өте қуанышты екенін жеткізді. Бай тарихы мен керемет архитектуралық мұрасы, әдемі заманауи ғимараттары бар қала Қазақстандағы мәдениет орталығы, жоғары сән әлемінің орталығы болуға міндетті екенін де жасырмады. Әлемдік пандемия сән әлемінде де өзінің қолтаңбасын қалдырғаны белгілі. Бірақ, соған қарамастан сән әлемі қайта жанданып, еліміздің мәдени санасының дамуына елеулі үлес қосуда. Сөз соңында продюсер көрермендерді сән көрсетілімдерінің жоспарланған күнтізбесімен таныстырды. Күнтізбеге сәйкес 10-12 мамырда Душанбе қаласында Kazakhstan Fashion Week серіктесі болып табылатын Тajikistan Fashion Week, 20-22 мамырда Баку қаласында Azerbaijan Fashion Week, ал 7-8 маусымда Алматы қаласында KFW қазақстандық сән апталығы балет театрының жаңа ғимаратында өтеді. KFW негізін қалаушы барлық дизайнерлерді болашақ сән көрсетілімдеріне шақырды, шоуларға тек коллекциялармен емес, сонымен қатар көрермен ретінде де келулеріне болатынын атап өтті.

Болашақ дизайнерлерге сән әлеміне саяхат жасау, жаңа стильдермен, брендтермен, адамдармен танысу, шығармашылық идеялардан шабыт алу, стильдердің әмбебаптығы, егжей-тегжейлі бейнелер мен эксклюзивті қолжазбалар осының барлығын тек бір ғана сән көрсетілімнен алуларыңызға болады. Сондықтан, көп талаптанып қана жетістікке жетуге болады! – деген жылы тілегін білдірді Саят Досыбаев.

Светлана Аманғалиева, 

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар