///

Әйгерім Құсайынқызы: Мен үшін ең құнды дүние – дәстүр мен тарих немесе дін емес, адам құқығы

870 рет қаралды
фото: Nege.kz
Феминизм – қоғамда түрлі пікір туғызатын тақырыптардың бірі. Біреулер мұны «батыстың сарқыншағы» десе, енді біреулер «ер мен әйелдің арасына іріткі» салу дейді.

NEGE тілшісі белгілі феминист Әйгерім ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫМЕН сұхбаттасқан екен. Бұны МІНБЕР оқырмандарымен де бөлісуді жөн көрдік.

КӨПШІЛІК ФЕМИНИЗМДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҒЫЛЫМ РЕТІНДЕ ҚАРАСТЫРМАЙДЫ

– Әйгерім, елдегі гендерлік мәселені жыл сайын көтересіздер. Сіздерді «ЛГБТ-ның сойылын соғып жүр» деп айыптайтындар аз емес. Негізгі мақсаттарыңыз не?

– Бізді алаңдататын – әйелдер құқығы, әйелдердің теңдігі үшін күрес. Жалпы, біздің көз алдымызға әйел заты кимешек киген тіршілік иесі ретінде ғана елестейді. Яғни, әйел образы жан-жақты қарастырылмайды.

Дегенмен, адам баласы болған соң олардың табиғаты әркелкі болады: бірі тұрмысқа шыққысы келмесе, енді бірі бала туғысы келмейді, түрлі түсінікте болуы мүмкін. Осы себепті біз барлық әйелдер қауымының мәселесін бірге көтеріп жүрміз. Оларды ешкімнің сынауға, бопсалауға құқығы жоқ. Әр адам өз тағдырын өзі шешуі керек.

Бізде осындай ұғымдарды шатастырғандықтан, азаматтық белсенділер хейтқа немесе  буллингке ұшырап жатады. Егер қоғам адам құқығын, мораль мен этиканы түсінсе, бір-бірімізді алалау, қаралау, күйе жағу, жала жабу деген әрекеттер болмас еді.

– Ер азаматтар тарапынан «феминизм еркектерге деген өшпенділікке алып келе жатыр» дегенді жиі естиміз. Бұған не айтасыз?

– Мұндай әңгімені өзіміз де естіп жатамыз. Себебі, көпшілік феминизмді әлеуметтік ғылым ретінде қарастырмайды. Бар болғаны батыстан келген трендтердің бірі деп қабылдайды. Сондықтан қоғамда осындай пікірлер легі пайда болуда. Сондай-ақ көпшілік Қазақстанда әйелдер мәселесі жоқ деп санайды. Біздің елде қыздарды сыйлап төрге отырғызады, аялайды, мәпелейді деп ойлайды. Бірақ, шынтуайтында әдебиетте айтылатын әдемі теңеулер мен мақалдарға емес, нақты фактіге сүйенер болсақ, бәрі керісінше.

Мәселен, жыл сайын елімізде 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Алды күйеуінің, әкесінің, ағайындарының немесе көршісінің қолынан қаза табады. Мұндай жағдай адам өмірін жоғары қоятын мемлекетте болмауға тиіс.

Қаншама бала педофилияның құрбаны болып жатыр. Көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайы шешілмеген. Некесіз туған балалардың саны жыл сайын артып барады. Біз осындай мәселелердің он пайызын айтқан күннің өзінде оны жоққа шығаратын еркектер бар.

Біз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты арнайы кодекстің пайда болғанын қалаймыз. Неге десеңіз, оның астарында адам құқығы жатыр. Мұндай мәселелерді шешуде бәрі бір-бірімен астасып жатқандықтан парақорлық, тоқал институты, әйел мен бала саудасы сынды проблемаларды айналып өте алмаймыз.

Бізді еркектердің қауіп көретіні анық. Өйткені олар өзгерістен қорқады. Бір жағынан қазіргі еркектер статусын жоғалтып бара жатқанын іштей сезеді. Себебі, қазіргі еркектер өздерін шешім қабылдайтын отағасы ретінде сезінбейді. Кейбірінің отбасы алдында жауапкершілігі де  жоқ. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей, бізбен күресуге ұмтылады.

КӨШПЕНДІ ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ӘРҚАШАНЕРКІНДІКТІ АҢСАҒАН

Парламент мәжілісінің депутаты Қарақат ӘБДЕННІҢ шетелдік азаматқа тұрмысқа шығатын қыздарға салық салу арқылы мәселені шешуді ұсынғаны қоғамдық резонанс тудырды. Бұған қарсы қарсы петиция ұйымдастырғандар да болды. Бұған не дейсіз?

– Бұл ұсыныс жаңалық емес. Себебі, ол президенттікке үміткер болған кезде де осы мәселені алға тартқан болатын. Бірақ, ол кезде пікірі еленбеді. Біз бұл ұсыныстың қауіпті екенін айтқан кезде де ешкім құлақ аспады. Енді мәжіліс депутаты болып, арнайы мандат иеленгенде қоғамда дүрбелең тудырды. Бұл – Қарақат Әбденнің адам құқығын, соның ішінде әйел теңдігін білмеуінен, білсе де шала түсінуінен туындаған пікір.

Салық салу бұл проблеманы шешпейді. Бүған салықтың фискалды мақсатына жауап іздеу барысында көз жеткіземіз. Салық – мемлекеттік қазынаны толтыруға және адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Егер статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары елімізде аралас некенің саны онсыз да азайған. Сондықтан қазір аралас неке проблема емес.

Екіншіден, бұл әйелге адам ретінде емес, оларды заттандырып, салық объектісі ретінде қараудың көрінісі.

– Сіз көтеріп жүрген гендерлік мәселенің ұлттық тәрбие мен дәстүрге  кереғар келетін тұсы көп сияқты. Мәселен, бір сұхбатыңызда «жас қыздарды пәктікті сақтаудан гөрі, жыныстық сауаттылыққа үйреткен жөн» дегенді айтыпсыз…

– Гендерлік мәселе адам құқығымен тікелей байланысты. Яғни, мен үшін ең құнды дүние – дәстүр мен тарих немесе дін емес, адам құқығы. Зайырлы мемлекетте өмір сүргендіктен қандай мәселеге жауап табуға тырыссам да, конституцияға жүгінемін. Көшпенді қазақ қыздары әрқашан еркіндікті аңсаған.

Ал пәктік жайында айтқаным, Қарақат Әбденнің 2009 жылы шыққан кітабындағы «қазақ қызының өмірінің құндылығы оның пәктігімен байланысты» дегенін пікіріне қатысты айтылған. Мен оған қарсымын. Ол – ерекетер ойлап тапқан патриархалды дүние. Және бүгінгі қоғамда қазақ қыздарының суицид жасаудағы бірден-бір себебі – қызды пәктігің болмаса ешкім емессің деп қабылдап, оны затқа теңеуде. Яғни, біз адамның өзін емес, қоғамға қызмет ететін әлеуметтік рөлін ғана бағалаймыз деген сөз.

Мені мұндай көзқарасым үшін радикалды феминист деп айтатындар да бар. Мен үшін әйелдің өмірі бірінші орында. Қазір  біздің қоғам әйел затының өмірінің құнын біліп жатыр ма? Жоқ. Қыз кезінде төрге отырғызуы мүмкін, ал күйеуге тиген соң үйдің отымен кіріп, күлімен шығатын құл ретінде қабылдайды.

Біз тарихтың өзіне сыни көзқараспен қарауымыз керек. Ғылым дегеніміз осы. Барлығына сұрақ қойып, күмәндәніп, оған жауап іздеген кезде ғана даму болады деп ойлаймын.

– Біздің елдегі жоғары билікте әйелдер санының анғұрлым аз екені анық. Бұл нені білдіреді?

– Атқарушы билікте үш-ақ министр әйел бар. Ал оған мәжіліс пен сенатты қосқанда, биліктегі әйелдер саны бар-жоғы 18 пайыз екен. Бұл қазақ әйелдері саясатқа қызықпайды немесе саяси сауатсыз дегенді емес, қоғамның соның ішінде президенттің гендерлік теңдікті сақтамауын білдіреді.

Сондықтан саяси билікте әйелдердің аз болғаны ерекектердің сексисті көзқарасымен және патриархалды нормалардың сақталуымен, «байтал шауып бәйге алмас» деген пікірді ұстанатын адамдардың көптігімен тікелей байланысты.

Соңғы сайлауда кандидаттар сапында небір мықты әйелдер болды. Бірақ, олар өтпей қалды. Себебі, билікте әйелдерден сескенетін кембағал еркектер бар.

Тоқал алу мәселесін демография проблемасын шешетін тетік деп қарайтындар бар ғой…

– Бізде көп әйел алушылыққа тыйым салынғандықтан, тоқалдардың заң алдында ешқандай құқығы жоқ. Яғни, талақ айтып тастап кетсе, ол балаларына әкесінің тегін беру былай тұрсын, алимент те ала алмайды. Бұл да – сол баяғы әйелі пайдалану.

Полигамия соғыс кезінде жетімдер санын көбейтпеу немесе халық санын арттыру мақсатында пайда болған. Ал қазіргі еркектер бауырында жетектеген жетімі бар әйелді емес, он сегіз жастағы үлбіреген қызды алғысы келеді. Яғни, заңсыз әрекеттерді дәстүрмен заңдастырып алуға тырысады. Бұл – екіжүзділік. Сондықтан мен тоқал болған қыздарды кінәламаймын. Олар – жүйенің құрбандары.

Мен ондайларды ақтаймын да, жақтаймын да. Феминизм дегеніміз – осы.

Динар Камилова,

дереккөз: Неге сайты. 

Тақырыбы өзгертілді

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі