////

Билік қазан айында теңгені құтқаруға кіріспек

1682 рет қаралды
фото: Stan.kz

Теңге – әлемдегі ең әлсіз валютаның біріне айналды. Қыркүйек айының қорытындысында ол әлемдегі барлық негізгі валютаға қатысты арзандап кетті. Ағымдағы айда ахуал қандай болмақ? 

Алыс шетел түгіл, посткеңестік кеңістіктегі елдердің бәрінің дерлік валютасы теңгеден қымбат. Мысалы, Қазақстанның Ұлттық банкінің 2023 жылғы 3 қазанға бекіткен “Валюталардың ресми нарықтық бағамына” жүгінсек, 1 әзербайжан манаты – 282,21 теңгеге, 1 грузин лариі – 180,51 теңгеге, 1 беларус рублі – 145,61 теңгеге, 1 тәжік сомониі – 43,61 теңгеге, 1 молдован лейі – 26,37 теңгеге, 1 украин гривнасы – 12,95 теңгеге, 1 қырғыз сомы – 5,39 теңгеге, 1 ресей рублі – 4,86 теңгеге, 1 армян драмы – 1,2 теңгеге бағаланады. Тек 100 өзбек сомы ғана 3,92 теңгеге тең.

Біз үшін ең қымбаты – Кувейт динары: 1 данасы 1 547,61 теңге тұрады. Одан кейін Қазақстанның ұлттық валютасына биіктен кекірейе қарайтыны Ұлыбританияның фунт стерлингі: 1 фунт үшін 581,72 теңге сұралады. Құнды валюталардың үштігіне швейцар франкі кірді: әрбір франк 524,1 теңге тұрады.

Сорақысы сол, теңгенің құнсыздануы жалғасуда. Елдегі айырбастау бекеттерінде басты шетелдік валюта – доллардың бағамы 481 теңгеге жетті. 500-дік белесті бағындыратын күн алыс қалмағандай.

Бірінші кредиттік бюро мамандарының мәліметінше, өткен қыркүйекте ұлттық валюта барлық негізгі валюталар алдында тізе бүгіпті.

“Соңғы айдың қорытындысында теңге әлемдегі барлық негізгі валюталарға қатысты әлсіреді. Мұндай теріс құбылыс 2022 жылдың қарашасынан бері болмаған. Ұлттық валюта бәрінен көп долларға қатысты арзандады. Оның ресми курсының өзі тек бір ғана айда 14,78 теңгеге өсіп шыға келді. Оның үстіне бұл қатарынан екінші рет болып отырған күрт серпіліс”, – деп назар аудартты БКБ мамандары.

Қазақстан санкция астында емес, Қазақстан соғыстан да аман. Елді пандемия жайлап жатқан жоқ. Билік тұрақтылық орнатқан болып, Әділетті Қазақстанын құрып жатыр. Үкімет бірінен соң бірі отставкаға кетіп, елде саяси дағдарыс болып жатқан жоқ. Соған қарамастан, Қазақстанның ұлттық валютасы көршісіне соғыс ашып, НАТО елдерімен тіресіп жатқан, санкциялық қыспаққа алынып, әбден оқшауланған Ресейдің “сабан” ақшасына да есе жіберді.

БКБ мамандары биылғы 8 айда теңгенің рубльге қатысты да арзандап кеткеніне налыды. Бұл ретте ай сайын нақты бір сомаға төмендеп отырады. Мысалы, көршінің рублі тамызда да, қыркүйекте де тура 0,11 теңгеге қымбаттады. Ресейлік қаржыгерлердің өзі “шабылған қағаздар” (рубленные бумажки) деп кекететін РФ рублі бүгінде 5 теңге межесіне көтеріліп келеді.

Ал жыл басында отандық сарапшылар ел Үкіметі оның құнын 2–3 теңгеге дейін түсіреді деп болжаған. Оған бармауы салдарынан Ресейдің валютасынан белсенді арылған қазақстандықтар оған қайта оралып, жинақ жасай бастады. Содан отандық банктер бұл валютада да салымдар ашуды ұсынуда.

Көрші елде рубль керісінше, қарқынды құнсыздану үстінде. Мәскеу биржасында 2 қазанның қорытындысында 1 доллардың құны 100 рубльге жетті. Кейбір айырбастау пунктері АҚШ валютасы үшін 110 рубльге дейін сұрауға бел буыпты.

Демек, болашақта РФ валютасы күйреп, қу қағаз болып қалса, қаншама қазақстандық жинағынан айрылып, кедейлер қатарын көбейтуі мүмкін. Сонда олар өз ағат шешімі үшін рублдің теңгеге қатысты бағасын биіктеткен билікті де кінәлауы ғажап емес.

Сарапшылар мемлекет дем беруге тырысқанына қарамастан, теңгенің құнсызданып бара жатқанына алаңдайды. Ұлттық банк нарыққа интервенция жасаған жоқ. Дегенмен, күрт өскен шетелдік валютаға сұранысты өтеу, нарықты молықтыру үшін биылғы тамызда мемлекет Ұлттық қордан биржаға 770 миллион доллар төкті. Бұл – былтырдан бергі рекордтық сома. Соның өзі нарықтың жұмырығына жүқ болмады.

Содан соң билік қыркүйек айында бұдан әлдеқайда артық соманы –1,15 миллиард долларды соның соңынан аттандырды. Нәтижесінде, отандық биржада сатылған бүкіл валютаның 34%-ын бір ғана Ұлттық қор қамтамасыз етті. Бірақ нарықтың қызуын ол да түсіре алмады.

Енді Ұлттық банк қазан айында бұрынғыдан да көп валюта құйып, “қаулаған өртті” сөндіруге күш салмақ. Нақтыласақ, ҰБ осы айда Ұлттық қордан биржада 1,5–1,6 миллиард долларға дейін сатуға ниетті.

Қосымша сұраныс тудырып, нарықты қыздыра бермеуі үшін мемлекет өз құрылымдарының тәбетін шектеп, валюта сатып алу квотасын кесіп тастап жатыр.

Мысалы, халықтың қартайған шағына жинаған ақшаларына шамалы болса да кіріс қосу үшін БЖЗҚ бағам шығандаған шақта шетелдік валюталарды сатып ала бастайды. Қыркүйек айында ол 200 млн доллар алды. Ал қазан айында зейнетақы қоры 100–150 млн доллардан артық сатып алмайтын болды. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өз активтерінің валюталық үлесін арттыру үшін қыркүйекте 60 млн доллар ғана алды. Қазанда 50 миллионмен ғана шектелуді ойластыруда.

Әзірге осы шаралардың өзі теңгенің құнсыздануын тежей алатын емес. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының байламынша, қазандағы бағам Ұлттық қордан шетелдік валютаның қанша көлемде сатылуына байланысты болады. Сонымен қатар оған Ұлттық банктің базалық ставкаға қатысты шешімі ықпал етуі мүмкін. Базалық ставкаға қатысты шешім алдағы жұмада, 6 қыркүйекте жария етіледі. Егер Ұлттық банк оны көтеруге барса, онда теңге шамалы нығаюы мүмкін.

Дегенмен, оның тым жоғары болуы экономиканың өсуін тежейді. Халық пен бизнеске берілетін несие қымбаттайды. Бүгінде Қазақстанда базалық ставка онсыз да жоғары: 16,50%. Мысалы, санкция астындағы Ресейде бұл көрсеткіш (көршіде ол “ключевая ставка” деп аталады) 13% ғана. Қырғызстан дәл осы межені ұстануда. Өзбекстанда – 14%.

Қазақстаннан тек  соғысты бастан өткеріп жатқан Украинада ғана жоғары: қыркүйекте 20% болды. Оның өзінде Украина Ұлттық банкі ставканы (“учетная ставка”) кең ауқымды соғыс басталған кездегі 25 пайыздан төмен түсіре алды.

Қазақстан болса, базалық ставкасын 2022 жылдан бері жоғары деңгейде ұстап келеді. Бұл еліміздің өз дамуында тіпті Орталық Азияның бүкіл елдерінен арттап қалуына үлес қосты. Бұл туралы Inbusiness.kz сараптап жазды.

Ұлттық банк валюта нарығында қалыптасқан ахуалға қатысты түсініктеме берді. Онда Тимур Сүлейменовтың командасы АҚШ долларына шаққандағы теңге бағамы бір ғана қыркүйекте 3,4%-ға әлсірегенін мойындады.

Әрине бұл қарқынмен әлсірей берсе, оның да “сабан” ақша болып қалатын күні алыс емес.

Ұлттық банк теңгенің құнсыздануына ықпал еткен факторларды атады. Басты фактор – сұраныстың артуы. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 158 миллионнан 162 миллион долларға дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,4 миллиард долларға жеткен.

Сонымен бірге Ұлттық банктің жаңа басшылығы ескі саясаттың сабақтастығын сақтайтынын білдірді. Теңгені құнсызданудан құтқарудың тың тетіктерін, жаңа шараларын ұсынып отырған жоқ. Тосын, тегеурінді қимылға бармайды.

“Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қыркүйекте 1 млрд 155 млн доллардың валютасы сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 34%-ын және күніне 55 млн доллардан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операция жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын үнемі және біркелкі сату дегенді білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді”, – деп хабарлады Ұлттық банк.

Ол қазанда Ұлттық қордан 1,5–1,6 млрд долларға дейін валюта сатуды жоспарлап отырғанын растады.

“Ұлттық банк теңгерімсіздіктің қордалануын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады”, – деп екіұшты тұжырым жасап, жалтарды ведомство.

Ұлттық банктің болжамынша, қысқа мерзімді перспективада теңгенің тағдырын нарыққа қатысушылардың тәбеттері, яғни сұранысы, тоқсандық салық төлемдері, әлемдік нарықтардағы ахуал және геосаяси жағдайдың қалай өзгеретіні анықтайтын көрінеді.

Бүгінде Brent маркалы мұнай қымбаттап, бағасы 91 доллардан асты. Соның өзі ұлттық валютаның, сонымен бірге ұлттық экономиканың, тұтастай алғанда, ұлттың түскен еңсесін көтере алмады.

Жанат АрдақЖанат Ардақ

Дереккөз: inbusiness.kz 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі