Бишімбаев ісіне қатысты сот отырысының жүріп жатқанына шамамен 1 ай өтті. Осы уақытта бұл іс тек Қазақстан ішіндегі дау емес, әлемге де аян болып, шулы іске айналды. Сот отырысының тікелей эфирін күнделікті жүз мыңдаған көрермен қарап, сот үкімін асыға күтіп жүр. Minber.kz редакциясы назарыңызға 2024 жылдың 3 сәуір мен 10 сәуір аралығындағы маңызды мәлімдемелер мен сот отырысында талқыланған маңызды мәселелерді ұсынады.
Қ.БИШІМБАЕВ: “ӨЗІ ҚҰЛАП, ЖАЗЫМ БОЛДЫ”
3 сәуір өткен сот отырысында айыпталушы Қуандық Бишімбаев 2023 жылғы 8-9 қарашада болған оқиғаға тоқталып, өз нұсқасын айтты. Экс министр “Салтанат Нүкенова мас болды, тепе-теңдігін жоғалтып бірнеше рет құлап, нәтижесінде өзі соққы алды“,-деді. Сонымен қатар, 12 наурыздағы алдын-ала тыңдалымда адвокат Жанна Уразбахова сот-медициналық сараптамаға марқұмның өлімі өмірлік маңызды органдарға бағытталған соққылардың салдарынан болғанын айтты. Салтанат Нүкенованың басына 12-13-тен астам қатты зат тиген. Кейін Бишімбаев Нүкенова екеуі Дима Биланның концертінен оралып, Bau мейрамханасына келгеннен кейін не болғандығы туралы әңгімеледі. Экс-министр олардың арасында тағы да жанжал болғанын, оның барысында Нүкенованың дәретханаға кіріп ішінен құлыптап алғанын айтты.
“Ол ішінен жауып алды, дәретханадан бір айқай-шу, қабырғаға соғылған соққылар естілді. Бір нәрсе гүрілдеді, шуылдады. Мен есікті алдымен ұра бастадым, кейін ол есікке қарай жүгіріп келіп, менің қағып тұрғанымды естіп, мені балағаттады. Айтқаны: мұның бәрі сен кесірің, осы күйге жеткізген сенсің. Түсінбедім, шатасып кеттім, артынша толқу мен агрессия басталды. Дәретхана есігін қағып, жұдырықпен ұра бастадым. Есік қалың болған соң, штативпен ұра бастадым…”.
Айыпталушының сөзін қысқаша ұсынар болсақ, дәретхананың есігін бұзғаннан кейін Нүкенова екеуі тағы сөзге келіп, ұрсыса бастаған. Жанжал барысында Нүкенова шалбарымды шешемін деп әрекет қылғанда, Бишімбаев шалбарды ұстап тұрып жіберіп қалған. Оның сөзінше осының әсерінен Нүкенова жарға соғылып, кейін дәретханаға құлап, кері тұрып қайта құлап, еденге бетімен құлаған. Ол осылай құлап-тұрып жатқанда, Бишімбаев сыртынан бақылап тұрған көрінеді.
Бұндай мазмұндамадан кейін желі қолданушылары “енді Бишімбаевпен қатар “дәретхананы”, “еденді”, “жарды” соттау керек”, – деп қызу талқыға салды.
Гастро-орталықтың экс-директоры Бақытжан Байжанов сотта Қуандық Бишімбаевтың оған қысым көрсетіп отырғанын мәлімдеп, бөлек отырғызуын өтінді. Судья нақтылауын сұрағанда: Иә, ол маған ананы айт, мынаны айт деп қысым көрсетіп отыр, – деді Байжанов. Ал Байжанов ҚР ҚК 432 ( аса ауыр қылмысты алдын ала уәде етпей жасыру) және ҚР ҚК 434 (белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау) қылмыстық баптары бойынша айыпталып жатыр.
Қуандық Бишімбаевтың нұсқасын дәлелдеу үшін оның қорғаушылары Bau мейрамханасы VIP бөлмелерінің фотосуреттерін пайдаланбақ болды. Алайда, Жанна Уразбахова, жәбірленуші тарап адвокаты, фотосуреттердің 2024 жылдың 28 наурызында болғанын, ал Бишімбаев 8-9 қарашаға қараған түні болған оқиғалар туралы куәлік бергенін, сәйкесінше суреттердің бұл іске қатысты емес екенін айтты. Сонымен қатар, жалпы іс материалдарында аталмыш фотосуреттер жоқ болып шықты.
Сонымен қатар, 3 сәуірде өткен сот отырысында Қуандық Бишімбаевтың Салтанат Нүкенованы Bau мейрамханасының дәлізінде аяусыз ұрып–соғып, аяғымен теуіп, шашынан сүйреп жатқан видеосы жарияланды.
Нүкенованың жазбасы: Мен сенің ойыншығың емеспін, мені қорқытудың қажеті жоқ…
4 сәуір өткен сот отырысында марқұмның телефоны қаралып, сараптама жасалды. Адвокат Жанна Уразбахова Салтанат Нүкенованың телефон паролінің Бишімбаевтан алынғанын, Салтанаттың телефоны айыпталушыға қолжетімді болғанын және сәйкесінше кейбір деректерді жоюы мүмкін екенін айтты.
Іс барысында марқұмның телефонынан мына жазба оқылды:
Сәлем жаным, менің де фотосуреттерге қарап жүрегім ауырады. Мен сені жақсы көремін, бәрін бағалаймын, мен үшін жасаған әр ісің мен талпынысыңды байқаймын. Бірақ мен әр ісім үшін есеп беріп, ақталудан шаршадым. Қарым-қатынаста жақсы көретінімді тұрақты дәлелдеп отыру — бұл өмір емес. Мен сенің ойыншығың емеспін, сенің балаң емеспін, мені қорқытудың қажеті жоқ. Бір нәрсені үнемі қайталаудың керегі жоқ. Байқасаң, мен ақылсыз емеспін. Маған нені, қалай жасау керектігін 24/7 айтып отырғаныңды қаламаймын. Мен өзім білемін, бәрін түсінемін. Әр ұрыстан кейін мен өз-өзіме бір күн келемін, ал одан кейін мен өз ісіммен айналысуым керек. Сені күлімсіреп қарсы алуым керек, шаршағанымды білдірмеуім керек. Сенім мен құрмет болмаса, неке ұзақ мерзімді бола алмаса, біздің талпынысымыздың мәні неде? Барлығы карта үйі сияқты бір сәтте құлайды. Біз бір-бірімізге арқа сүйеп, тірек болуды үйренуіміз керек. Біз қарым-қатынасымыз туралы көп сөйлессек те, әлі де үнемі ұрысып, түсініспей қаламыз. Мен жанжалдарымызды жүрегіме жақын қабылдайтынымды айтқан едім, соның кесірінен жүйкем сыр бере бастады. Бірақ мен сені жақсы көремін, сондықтан өз-өзіммен жұмыс істеуге, қалағаныңды орындауға тырысамын. Өйткені мен үшін сенің тыныштығың мен бақытың маңызды.
Нүкеновтар отбасының адвокаты Жанна Уразбахова сот отырысында Салтанат Нүкенованың қайтыс болу себептері мен алған жарақаттары туралы сот сараптамасының қорытындыларын оқыды. Айта кетейік, сот сараптамасы 2023 жылдың 10 қарашасында өткізілді.
“Нүкенованың өлімі жабық ми жарақатының нәтижесінде болды. Содан кейін дислокациялық синдромның дамуы және церебральды бадамша бездердің үлкен оксипитальды тесікке енуі, бұл орталық жүйке жүйесінің бұзылуына, жүрек пен тыныс алудың тоқтауына тікелей себеп болды. Мәйітке қарап, ажалдың сараптамаға дейін бір тәуліктен аз уақыт бұрын келгенін айтуға болады”, – деп сот сараптамасының қорытындылары оқылды.
Салтанаттың мүрдесіне сараптама жүргізу кезінде Нукенованың келесі жарақаттары анықталды: жабық бас-ми жарақаты; беттің, сол жақ жүрекшенің, сол жақ құлақ аймағының көптеген абразиялары мен көгерулері; мұрын сүйегінің сынуы; иек аймағының көгеруі, абразиясы және көгерген жарасы; беттің жұмсақ тіндеріне, мұрын аймағына, иек аймағының жоғарғы жақ аймағына қан кету; бастың жұмсақ тіндеріне қан кету, оң жақтағы фронтопариетальды аймақта, сол жақтағы париетальды аймақта, оң жақ уақытша аймақта, центрдегі желке аймағында; жедел субдуральды гематома; оң жақтағы церебральды оң жақ желке бөлігінің астындағы қан кету, медианалық құрылымдардың дислокациясымен ми заттарының ісінуі және ісінуі.
Бұл зақымданулар, мүмкін, өлім басталғанға дейін кем дегенде бір күн бұрын пайда болуы мүмкін. Макроскопиялық мәліметтерге, гистологиялық зерттеулерге және іс материалдарына сәйкес, тірі адамдарға қатысты доғал қатты заттардың бірнеше рет әрекет етуінен денсаулыққа ауыр жарақат тиген, – делінген сараптамада.
Жұма және демалыс күндерінен кейін, кезекті сот отырысы 8 сәуірде өтті.
Кенет пайда болған Салтанаттың жазбасы
8 сәуір айыпталушы тарап “жоқтан пайда болған” Нүкенованың кезекті жазбаларын сотқа әкелді. Бұл жазбада Салтанат: “отбасының ұйытқысы боламын, Қуандықтың сенімін қайта жандырып, тілін аламын, жақсы әйел боламын, психолог сағаттарын қалдырмай, үнемі барамын, балағат сөздер айтып, ашуға берілмей, Қуандықты сыйлайтын боламын”, – деген контекстегі “міндеттемелерін” жазған көрінеді.
Алайда, бұл жазбалар көптің күдігін тудырды. Судьяның өзі “әйелінің күйеуіне бұлай сөз беріп, міндеттеме жазуын бірінші рет көруім”, – деп, іс қағаздарына қоспады. Бишімбаевтің адвокаттарының сөзінше бұл жазбаны, оның (Қ.Бишімбаевтың) анасының үйінен, блокноттан тапқан екен.
9 сәуір өткен сот отырысында Салтанат Нүкенованың досы Аида Ахмедина сөз сөйледі. Ол Қуандық Бишімбаев марқұмнан онымен үнемі бірге болуды, жұмысқа бармауын талап еткенін, оған әлеуметтік желілерді жүргізуге тыйым салғанын айтты:
Түнде Салтаның хабарламасынан оянатынмын. Ол қорқып, адвокат керек екенін, бәріне дайын болу керектігін айтты. Салтанат: Ол мені ұрды, мен көгерген бетімнің суретін Айтымға (ред-ағасы) жібердім. Айтым келіп, екеуі төбелесе бастады. Содан кейін ол одан бірнеше рет кеткісі келгенін жазды, Қуандықтың жібермейтінін, отбасында ұрып-соққаннан көгерген суреттерінің бар екенін айтты. Салтанат кепілдік есебінде интим видео түсіріп беру керек болған.
8 қараша концертке бірге барған куәгер мен медициналық сарапшы куәлігі
Аида Ахмедина 8 қараша Дима Билан концертіне Нүкенова мен Бишімбаевпен бірге барған. Концерт билетін Нүкенова Аида құрбысы арқылы “Қуандыққа ұнайды” деп алғанын, кейін концерт басталмас бұрын Бишімбаев бір әйелмен кездесіп қалып, бетінен сүйіп амандасып, 30-40 минут концерт залына кірмей, жоқ болып кеткенін айтты. Бишімбаев Салтанаттың қасына келгенде, екеуі концерт залында сөзге келіп, Нүкенова жылап, кейін екеуінің бірге шығып кеткенін айтты. Аида Ахмедина осы концертте Салтанат Нүкенованы соңғы рет көрген.
Сонымен қатар, сот отырысында жеке медициналық сарапшы Тахир Халимназаров сөз сөйлеп, қаза тапқан Салтанат Нүкенованың денесіне қосымша сараптама жасады. Естеріңізге сала кетейік, Қуандық Бишімбаевты қорғаушылары соттың іс материалдарына қосымша сараптаманы тіркемеуі туралы өтініш берген болатын. Отырыста сарапшы Салтанат Нүкенованың өзі құлап жарақаттанғаны және оның қорылы туралы Бишімбаевтің сөздерін жоққа шығарды. Сондай-ақ, Тахир Халимназаров марқұмның алған жарақаттарына сүйене отырып, ондай жағдайда адамның белсенді әрекет жасай алмайтынын түсіндірді.
Жәбірленуші алған жарақат әсерінен тыныс алу бұзылған, оны қорыл ретінде қабылдауға болады. Бірақ бұл ұйықтап жатқан адамның қорылдауы емес. Ұйықтап жатқан адамның қорылдауы – бұл бірыңғай тыныш қорылдау. Жарақат алған жағдайда адам тұншығып қалады, оған ауа жетіспейді — бұл ысқырық (хрип), қорылдап жатты деп айту мүмкін емес.
Салтанат ассистенті: “Оның сол жақ мойнында арқанмен буындырған іздердің барын көрдім”
10 сәуірде өткен сот отырысында Салтанат Нүкенованың құрбысы Аида Ахмединамен алмасқан хабарламалары оқылды. Аталмыш хабарламаларда Нүкенова Бишімбаев тарапынан бақылау, бопсалау, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық туралы айтқан. Хабарлама 2023 жылдың 19 сәуірінде жазылған.
Сонымен қатар, 10 сәуірдегі сот отырысында Салтанат Нүкенованың ассистенті — Анар Тасова сөз сөйледі. Оның сөзі бұған дейін Нүкенова жақындарының Бишімбаев тарапынан бақылау мен тұрақты зорлық зомбылық туралы сөздерін растай түсті.
“5 шілдеде таңғы сағат 8-де Салтанат маған чемоданының сурет жіберіп, таңертең қандай кафелердің ашық екенін сұрады. Содан кейін “мені 17:40-та алып кетші” деп жазды, ол осы уақытта рейсім бар деді. Мен олардың үйіне келдім, Салтанат чемодансыз шықты. Ол көліктің алдыңғы орындығына отырды. Мен оның сол жақ мойнында арқанмен буындырған іздердің барын көрдім. Бүкіл сол жағы көгерген. Біз кафеде отырдық. Оның денесіндегі барлық соққыларын, көгергенін көріп, жылағым келді”, – деді куәгер.
Содан кейін Салтанат Анарға Қуандық тиран, оның жанында 24/7 болатынын, өмірін бақылауға алғанын, оның достарымен, әпкелерімен араласуына жол бермейтінін және оған жұмыс істеуге рұқсат бермейтінін айтты. Нүкенова ассистентке Қуандық Алматыға бір күнге кетіп бара жатқанда, Астана арқылы Павлодарға үйіне ұшқысы келетінін айтқан (ол кезде Шымкенттен Павлодарға тікелей рейстер болмаған).
Сот отырысында судья Айжан Құлбаева БАҚ-та және әлеуметтік желілерде біреудің алқабилер фотосуреті мен бейнематериалдарын таратқанын айтты. Осыған байланысты барлық журналистер сот залынан шығарылып, процесті онлайн бақылайтын болды.
Келесі сот отырысы 11 сәуір сағат 9:30-да болады. Сот отырысын тікелей эфирде Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты YouTube трансляциясынан бақылай аласыздар.
Естеріңізге сала кетейік, 9 қараша БАҚ пен әлеуметтік желіде бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны жөнінде ақпарат тарады. Ол әйелі Салтанат Нүкенованы сабап, өлімші күйге жеткізді деген күдікке ілінген. 11-12 наурыз Астана қаласында Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша сот отырысы болды. Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды: 110-бап, 2-бөлім — “азаптау”; 99-бап, 2-бөлім — “ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру”. Осы отырыстан кейін айыпталушы тарап өтінішімен сот отырысын алқабилер қатысуымен өткізу шешімі қабылданды.
Парақшамызға жазылыңыз
[…] тек Қазақстан ішіндегі дау емес, әлемге де аян болып, шулы іске айналды. Сот отырысының тікелей эфирін күнделікті жүз […]