//

Бишімбаев кінәлі деп танылып 24 жыл бас бостандығынан айырылды

693 рет қаралды
Фото: иллюстрация | minber.kz

13 мамыр Қуандық Бишімбаев “Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру” бабы бойынша және “Азаптау” бабы бойынша кінәлі деп танылды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Айжан Құлбаева азаматтық әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкімді жариялады. Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының дерегіне сәйкес 6 ай бойы жалғасқан Бишімбаев пен Байжановтың ісі бойынша үкім келесідей: 

“Алқабилер алқасының үкімімен Қ.Бишімбаев жәбірленуші С.Нүкенованы 2023 жылғы наурыз айының ортасынан бастап 9 қарашаға дейін кінәліге материалдық тәуелділікте болған адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану арқылы дене және психикалық зардап шеккені үшін (ҚК 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы); сондай-ақ 09.11.2023 жылы С.Нүкенованы өлтіргені, яғни аса қатыгездікпен басқа адамды заңсыз қасақана өлтіргені (ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігі, 5-тармағы) үшін кінәлі деп танылды“.

Minber.kz редакциясы бұл шулы іс бойынша алғашқы қамауға алудан бастап, үкім шыққанға дейін ақпарат таратты. Нәтижесінде:

Қуандық Бишімбаев “Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру” бабы бойынша кінәлі деп танылып, 20 жылға және “Азаптау” бабы бойынша — 7 жылға сотталды. Жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті үкім — максималды қауіпсіздік мекемесінде 24 жылға (қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде) бас бостандығынан айыру.

Бақытжан Байжанов орта қауіпсіздік мекемесінде 4 жылға (орташа қауіпсіздік мекемесінде) бас бостандығынан айырылды.

Сот отырысында сотталушылар өз кінәларын мойындамады.

The Village ақпаратына сәйкес Сот үкім шығарған кезде Бишімбаевтың кәмелетке толмаған балаларының барын ескерді. Одан бөлек, бұған дейін Бишімбаевтың сыбайлас жемқорлық үшін сотталғанын және мас күйінде қылмыс жасағанын да назарға алды.

Бишімбаев пен Байжанов үкімге 15 күн ішінде шағымдана алады.

Мүлік өндірілді ме?
Сот Бишімбаевтан мүлкін өндіріп алу туралы қаулы шығарды. Сот сараптамаларын жүргізгені үшін мемлекет кірісіне – 2 306 382 теңге, Байжановтан – 3 324 теңге алады. Бұдан басқа, Бишімбаевтан жәбірленушілерге өтемақы ретінде – 30 АЕК (103 500 теңге), Байжановтан – 20 АЕК (69 000 теңге) мөлшерде мәжбүрлі төлем өндірілетін болады.

Сонымен қатар, сот Бишімбаев отбасын экс министрдің арест қойылған мүлкін қайтаруға міндеттеді. Атап айтқанда: Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы жер учаскесі, Алматы қаласының Наурызбай, Бостандық және Медеу ауданындағы жылжымайтын мүлкі, ақ түсті Land Cruiser 200 маркалы көлігі.

Бишімбаевтың мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығуға мүмкіндігі бар көрінеді. Ол үшін Бишімбаев өз мерзімінің 2/3 бөлігін, яғни 24 жылдың 16-сын отыруы керек. Босату туралы шешімді судья қабылдайды. Прокурор Айжан Баймаханованың сөзінше мерзімінен бұрын шартты түрде шығуы үшін жәбірленуші тараптың келісімі қажет.

Әзірге Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 9 қараша БАҚ пен әлеуметтік желіде бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны жөнінде ақпарат тарады. Ол әйелі Салтанат Нүкенованы сабап, өлімші күйге жеткізді деген күдікке ілінген. 11-12 наурыз Астана қаласында Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша сот отырысы болды. Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды: 110-бап, 2-бөлім — “азаптау”; 99-бап, 2-бөлім — “ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру”. Осы отырыстан кейін айыпталушы тарап өтінішімен сот отырысын алқабилер қатысуымен өткізу шешімі қабылданды. Алқабилер сотында да Қ.Бишімбаев тағы да өз кінәсін мойындамады. 1 сәуір күнгі сот отырысында Қуандық Бишімбаев 5 сағат сөз сөйледі. Сот отырысының жүріп жатқанына шамамен 1 ай өткенде, бұл іс тек Қазақстан ішіндегі дау емес, әлемге де аян болып, шулы іске айналды. Сот отырысының тікелей эфирін күнделікті жүз мыңдаған көрермен қарады.

Парақшамызға жазылыңыз

Albina

Альбина Булатова

«Мінбер» ақпарат агенттігі ұйымдастырған «Азаматтық журналистер» жобасының 2023 жылғы түлегі

SDU University Журналистика мектебінің 1 курс студенті

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар