//

Қуандық Бишімбаев Нүкенованың өліміне қатысым бар дейді. Алайда тағылған айыппен келіспейді

970 рет қаралды

1 сәуір күнгі сот отырысында Қуандық Бишімбаев 5 сағат сөз сөйледі. Ол Салтанат Нүкенованың отбасынан кешірім сұрап, ерекше қатыгездікпен кісі өлтірді деп тағылған кінәні мойындамайтынын қайта айтты.

“Оның (Салтанаттың) өлімін қабылдау қиын болды. Менің кешірім сұрағым келеді. Бұның орны толмас қайғы екенін түсінемін және менің бұл жағдайға қатысым бар. Дегенмен мен жұбайым Салтанатты аяусыз өлтірді деген кінәні мойындамаймын. (…) Кешірімге үміттенбеймін, бірақ бұл менің міндетім. Мені жек көріп, қарғауыңыз мүмкін, бірақ құдайдың алдында және сіздің алдыңызда мен жауап беруге дайынмын. Мен Салтанатты жақсы көрдім. Менің мұндай мардымсыз әрекетті жасауға ниетім болған жоқ. Оның өліміне қатысым бар екенін мойындаймын. Арамызда жанжал болмаса, салдары мұнша қайғылы болмас еді. Осыны ескере кетсеңіз. Тағылған кінәні мойындамасам да, іске қатысым барын жоққа шығармаймын”, – дейді Бишімбаев сот залында. (Цитата Zakon.kz сайтынан алынып, қазақшаға аударылды)

Бишімбаев айрықша қатыгездікпен кісі өлтірді деген кінәні мойындамайтынын айтып жатқанында, марқұм Салтанат Нүкенованың анасы сөзін бөліп:

“Тұра тұр! Қатыгездіксіз? Мен қызымды көре алмадым, жерлемедім, оның жүзін көрмедім. Қалай аяусыз өлтірмедім дейсің? Бұлай айтуға қалай дәтің барады? (…) Сен оны бірнеше сағат бойы өлтірдің. Өткеніңді айтқың келмей ме? Баланы өлтіргеніңді? Басып өлтіргеніңді? Сен оны бірнеше сағат бойы өлтірдің, сегіз сағат бойы өлтірдің!“- деді.

Сот отырысы барысында Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованың бұрын үйленген ер адамдармен қарым-қатынаста болғанын және бұл оның қызғанышына себеп болғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, экс-министр салтанатты агрессивті және қызғаншақ әйел деп сипаттады.

Қуандық Бишімбаев:

“Өзі мойындады. Одан жүйке, агрессивті мінез-құлқының себебі неде деп қандай да бір түсініктеме сұрадым. Үйлену тойынан үш-төрт күн өткеннен кейін болды. 14 желтоқсан үйленсек, бұл әңгіме 18 желтоқсанда болды. Маған менің кабинетімде бір адамның суреті бар екенін, сол суреттегі адамның көңілдесі болғанын айтты. Мен оны таниды екенмін. Әрине, бұны естіп мен шок болдым. Ол одан (Салтанаттан) жиырмадан астам жас үлкен, ол адамның төрт баласы бар, Қазақстанда белгілі адам. Дәлірек айтсам, есімі — Райымбек. Ал қалғанын білмеймін. (…) Әрине, менің көңілім қалды. Мен бұл адамды танимын, бір кездері жұмыста қиылысқанбыз, біршама ортақ таныстарымыз бар. Мен шошып кеттім. Бұл белгілі бір алауыздықты тудырды. (…) Бұл оның қарым-қатынасқа деген жүйелі көзқарасы болды”.

“Оның алдыңғы жігіті Данияр да үйленген адам болған. Ол басқа жігітпен, Павлодар облысы басшысының Ринат есімді ұлымен кездесті. Мұның бәрі үйленген адамдар. Мұның бәрін ол маған басқа біреу айтып береді екен деп қорқып айтты. Яғни 20 жастан 28-29 жасқа дейін, өмірінің осы аралығында өмір сүру салты осындай болған. Түсіне алмай, “Бұндай қарым-қатынастар саған не үшін қажет болды? Сен әдемі қызсың ғой?”, “Саған қараған жігіт көп болған шығар, бірақ бұндай қарым-қатынастың қажеті неде?” деп сұрағанымда, Оның жауабы: шындық ащы болса да, “маған материалдық қолдау қажет” болды.

Айта кетейік, Нүкеновтер отбасының адвокаты Бишімбаевтың сөз сөйлеуі кезінде айыпталушының айтып отырғаны туралы дәлелдердің жоқтығы жайында айтқан болатын. Алайда судья Айжан Құлбаева Бишімбаевқа әрі қарай сөзін жалғастыруға мүмкіндік берді.

Бұған дейін Бишімбаев “естеліктерін” айту барысында, жымиып, күлгені үшін прокурор ескерту айтқан еді. Сонымен экс-министрдің адвокаты Лейла Рамазанова оның мінез-құлқын түсіндіріп өтті:

“Мен оның неге жымиып күлгенін түсіндіргім келеді. Салтанатты еске алғанда, онымен бірге өткізген “бақытты кездерін” еске алады, – деді заңгер.

Сонымен қатар Бишімбаев сот отырысы барысында 2023 жылдың 20 қазанында Салтанат Нүкенованы бірнеше рет шапалақтағанын айтты. Салтанат Нүкенова қызғанып, қызуқандылықпен бетіне телефон лақтырып Бишімбаевты ұруға итермелеген көрінеді.

Оның сөзінде Бишімбаевтың отбасылық өмір бастағаннан кейін, Салтанат “оны қорлап, ыдыс-аяқты сындырып, содан кейін оны да ұра бастаған”.

Сондай-ақ, Бишімбаев Мәскеу психологына жұбайын қаратып, Нүкеноваға онда психологиялық ауытқудың болғанын  мәлімдеді. Бишімбаевтың айтуынша, “жүйке ауруы Салтанатқа әкесінен берілуі мүмкін”.

Нүкенова тарапы Салтанаттың әкесі Амангелді Нүкеновтің ешқандай психикалық ауытқуы жоқ екендігі туралы анықтамасын тіркетуді сұрады. Судья келісті. Алайда Бишімбаев бұл тақырыпты айтуды тоқтатпаған.

Қуандық Бишімбаев соттан 2023 жылғы 8-9 қарашада Салтанат Нүкенованың өлімі болған кездегі мән-жайларды талдауды келесі сот отырысына ауыстыруды сұрады, өйткені айыпталушы “шаршап қалған” көрінеді.

Алдағы сот отырыстарының кестесі:

3 сәуір — 10:00 және 14:30;
4 сәуір — 10:00 және 14:30;
8 сәуір — 10:00-ден 14:30-ға дейін.

8 сәуірден кейін сот отырыстары дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі және бейсенбіде өтеді. Жұма – бос күн.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада БАҚ пен әлеуметтік желіде бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны жөнінде ақпарат тарады. Ол әйелі Салтанат Нүкенованы сабап, өлімші күйге жеткізді деген күдікке ілінген. 11-12 наурыз Астана қаласында Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша сот отырысы болды. Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды: 110-бап, 2-бөлім — “азаптау”; 99-бап, 2-бөлім — “ерекше қатыгездікпен кісі өлтіру”. Осы отырыстан кейін айыпталушы тараптың өтінішімен сот отырысын алқабилер қатысуымен өткізу шешімі қабылданды.

Парақшамызға жазылыңыз

Albina

Альбина Булатова

«Мінбер» ақпарат агенттігі ұйымдастырған «Азаматтық журналистер» жобасының 2023 жылғы түлегі

SDU University Журналистика мектебінің 1 курс студенті

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі