Фото: gov.kz
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Астанада Қазақстанның жаңа Конституциясының арнайы басылымын салтанатты табыстау рәсімі өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатымен бірге басылым даналарын Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдеріне, сондай-ақ Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелеріне табыстады.

Жиында Аида Балаева жаңа Конституцияның қабылдануы Мемлекет басшысының 2019 жылы бастаған саяси және қоғамдық жаңғыруларының заңды жалғасы екенін атап өтті. Министр бұл жолы мәдениет, ғылым және білімнің, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдаудың алғаш рет мемлекеттің басты міндеті ретінде конституциялық деңгейде бекітілгеніне назар аударды. Сонымен қатар құжаттың идеялық негізінде «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қағидаттары жатқаны, отбасы институтын қорғау кепілдіктері күшейтілгені айтылды.
Еске сала кетейік, еліміздің жаңа Конституциясы биылғы 15 наурызда өткен республикалық референдум қорытындысы бойынша қабылданған болатын. Маңызды құжат 2026 жылғы 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді.
Парақшамызға жазылыңыз
