Фото: pixabay.com
Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Мемлекет басшысының Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы негізінде фильмдерді прокат алдындағы сараптамадан өткізудің жаңа талаптары әзірленді. Осыған байланысты «Кинематография туралы» заңға енгізілген өзгерістерге Президент 2026 жылғы 18 ақпанда қол қойған болатын. Аталған заң нормалары 2026 жылғы 16 маусымнан бастап ресми түрде күшіне енді. Жаңа тетік киноөнімдердің қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге және отандық кинопрокат жүйесін сапалы түрде жетілдіруге бағытталған. Сараптаманың басты мақсаты — кино туындыларда Қазақстан заңнамасында тыйым салынған кез келген материалдардың бар-жоғын алдын ала анықтау.
Фильмдерді үлкен экрандарға шықпас бұрын арнайы құрылған Эксперттік комиссия бағалайды. Комиссия құрамына кинематография, құқық салаларының мамандарымен бірге денсаулық сақтау, білім және ғылым саласының білікті сарапшылары, оның ішінде психологтар, тарихшылар мен филологтар енді. Комиссия ұсынған қорытынды ұсыныс сипатында болғанымен құзырлы орган фильмге прокат куәлігін беру немесе одан бас тарту туралы соңғы шешімді қабылдау кезінде бұл тұжырымды міндетті түрде ескеретін болады.
Парақшамызға жазылыңыз
