Сурет ЖИ құралдарын пайдаланып жасалды.
«Биыл 20-мамырда Ішкі істер департаментінің госпиталіне белімді емдетуге жаттым. Бір күн ем алдым, система қойды, физио ем-шаралар жасады. Ертесіне 21 мамыр күні таңғы астан соң қан қысымын түсіретін дәрі берді. Өзім «короним» деген препарат деп ойладым. Содан жағдайым күрт нашарлап, сағат 09.30-да қан қысымым көтеріліп, құлап қалдым.
Госпиталь қызметкерлерінің айтуынша қан қысымым 180/100 болған. Сол уақытта тілдің астына салатын дәрі берді, сосын «магнезия» екпесін жасады. Жағдайым нашарлай берген соң госпитальде шамамен сағат 11.30-да жедел жәрдем шақырыпты.
Мен есімді жиып әйеліме сағат 13.00-де телефоннан хабарлама жаздым. Жедел жәрдем шақырғанын, қалалық көпбейінді ауруханаға алып баратынын айттым. Әйелім ауруханаға барып күтіп, келмеген соң шамамен сағат 15.30-да госпитальға келді.
Госпитальде «жедел жәрдем шақырып қойдық, қазір келеді, күтудеміз» деді. Қызметкерлер сағат 09.30-бен 16.00 аралығында қан қысымым 140/90 – 180/100 деңгейінде болғанын айтты. Бұл уақытта әйелім де қайта-қайта жедел жәрдемге хабарласып, «қашан келесіз, қайдасыз» деп сұрап отырды. Жедел жәрдем баяғы «в пути, ожидайте» деді. Сонымен сағат 16.00-де ғана жедел жәрдем келіп, қайтадан «магнезия» екпесін жасап, қалалық көпбейінді ауруханаға алып келді».
Бұл оқиғаны баяндаған науқас аты-жөнін жасырын қалдыруды таңдады.
Парақшамызға жазылыңыз
