Қазақстан қоржынына Азиаданың алғашқы алтыны мен қоласы түсті

57 рет қаралды

Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы үшін алғашқы жарыс күндері сәтті басталды. Ел спортшылары алтын және қола медаль еншіледі. Тас жолдағы велоспорттан Рината Сұлтанова Азия ойындарының алғашқы чемпионы атанды. Ол әйелдер арасындағы жекелей жарыста 36:23.72 уақыт көрсетіп, мәреге бірінші болып жетті.

Жарыс қорытындысы:

🥇 🇰🇿 Рината Сұлтанова — 36:23.72
🥈 🇨🇳 Чжан Хао — 36:28.40
🥉 🇰🇷 Син Джиын — 36:56.14

Рината Сұлтанова осылайша өз мансабында екінші мәрте Азия ойындарына қатысып, бұл жолы жарыстың ең биік тұғырына көтерілді. Бұған дейін Ханчжоуда өткен Азия ойындарында жекелей стартта қола медаль иеленген еді.

Ал триатлоннан Арлан Жаңабай Қазақстан қоржынына алғашқы қола жүлдені салды.

Қазақстандық спортшы жарысты 53:11 нәтижесімен аяқтап, үшінші орынға тұрақтады.

🥇 🇯🇵 Такауми Ходжо — 52:56
🥈 🇨🇳 Чжан Сюжуй — 53:05
🥉 🇰🇿 Арлан Жаңабай — 53:11

Арлан Жаңабай үшін бұл халықаралық аренадағы кезекті жүлде болды. Биыл ол Қытайдың Тайчжоу қаласында өткен Азия кубогі кезеңінде қола, Түркістандағы кезеңде күміс медаль жеңіп алған.

Айта кетейік, триатлон 2006 жылғы Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген. Содан бері Қазақстан спортшылары бұл спорт түрінен бірнеше рет жүлдеге қол жеткізді. 2006 жылы Дмитрий Гааг чемпион атанса, Данил Сапунов қола медаль иеленді. 2010 жылы Дмитрий Гааг, 2018 жылы Аян Бейсенбаев күміс, ал 2023 жылы Аян Бейсенбаев қола жүлдеге ие болды.

Әйелдер арасындағы тас жол велоспортында Қазақстан спортшылары бұған дейін де жүлдеге қол жеткізген. 2006 жылы Зүлфия Забирова күміс медаль алса, 2023 жылы Рината Сұлтанова қола жүлде иеленген болатын.

Осылайша, Аичи–Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы жарыстың алғашқы күндерінде бір алтын және бір қола медаль еншілеп отыр.

Құрлықтың басты спорт додасы 4 қазанға дейін жалғасады.

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар