6 мамырда Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтті. Бұл жолы процесс барысында куәгерден жауап алынып, айыпталушылардың бірі оқиға туралы өз нұсқасын жеткізді. Сонымен қатар, айыпталушылардың адвокаттары мен туыстары мемлекеттік айыптаушыны істен шеттету туралы өтініш берді.
Полиция қызметкерінен жауап алынды
Отырыс Талғар аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің бастығы Медет Әділжанның жауабынан басталды. Ол оқиға болған түні марқұмның немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтан жауап алғанын растады.
Сот барысында Әділжан Ғайыпбаевтың Шерзатқа пышақ салғандарды атап көрсеткенін айтты.
«Нұрқанат Ғайыпбаев Шерзатты Абзал Шынасыл мен Азамат Тоқтабаев пышақтағанын айтып, олардың суреттерін көрсетті», – деді куәгер.
Сондай-ақ, тараптар Ғайыпбаев айтқан «мылтықты кім алып келді?» деген мәселені нақтылауға тырысты. Айыпталушы тараптың адвокаттарының сұрағына жауап берген Әділжан:
«Ғайыпбаев “мылтықты інім Шерзат алып келді” деп айтты», – деді.
Алайда, жауап алу барысында заңбұзушылықтар тіркелгені белгілі болды. Медет Әділжан Ғайыпбаевты ресми хаттама толтырмай, бейнежазба арқылы жауап алғанын растады. Бұл әрекетті ол жедел іздестіру шарасы ретінде түсіндірді.
«Қылмысты ашу мақсатында, нақты тұлғаларды анықтау үшін видео түсірілді. Бірақ заңның нақты бабын атай алмаймын», – деді ол прокурордың сұрағына.
Прокурор оның әрекетін заңсыз деп танып, бейнематериалдың ресми тіркелмегенін сынға алды.
Айыпталушы өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды
Сотта айыпталушылардың бірі Дархан Әскентай тергеу кезінде қысым көргенін және алғашқы жауаптарында шындық бұрмаланғанын айтты. Ол оқиға орнында қандай жағдай болғанын сипаттап, өз әрекеттерін түсіндірді.
«“Атам, атам” деген дауыс шықты. Мылтық атылды. Не болып жатқанын түсінбей қалдым. Нұрбол курткасын лақтырып, бір бала “жедел жәрдем” деп айқайлады. Кейін мен төменге түсіп кеттім», – деді Әскентай.
Ол өзіне тағылған айыппен келіспейтінін, Шерзат Полатты немесе Нұрқанат Ғайыпбаевты соққыға жықпағанын, оқ атуға қатысы болмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мылтықты атқан адам – Нұрқанат Ғайыпбаев.
Қару мен кастет жайлы мәлімдемелер
Сотта сөз алған жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев айыпталушының қаруға қатысты айтқандарын теріске шығаруға тырысты. Оның сөзінше, оқиға орнында қару болмағанын құқық қорғау органдарының видеоматериалдары да дәлелдейді.
«Бүгінде біздің тарап қаруды кім алып келгенін нақты айта алмайды. Бұл – тергеліп жатқан мәселе. Бірақ ішкі істер министрлігі таратқан бейнежазбада дүкенде қару жоқ», – деді ол.
Сонымен қатар, Әскентай бұл отырыста алғаш рет Шерзат Полат оқиға орнына кастет алып келгенін айтты. Алайда бұл дерек тергеу кезінде ешқашан айтылмаған. Прокурор бұл тұжырымды шындыққа сәйкес емес деп бағалап, заң бойынша сот тек тергеу материалдарында тіркелген деректерді ғана қарауы тиіс екенін еске салды.
Прокурорды шеттету туралы өтініш қаралды
Айыпталушылардың қорғаушылары мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбайға сенімсіздік білдіріп, оны істен шеттету туралы өтініш берді. Адвокаттардың пікірінше, прокурор сұрақ қою барысында бейтараптылық танытпаған және айыпталушыға қысым жасаған.
«Прокурор сұрақтарды бұрмалап қойып отыр. Бұл — қысым көрсету», – деді адвокат Ержанов.
Бұл пікірді өзге қорғаушылар да қолдап, прокурордың әрекеттері істі әділ қарауға кедергі келтіріп отырғанын мәлімдеді.
Прокурор Дана Сәрсенбай өз кезегінде бұл айыптауларды жоққа шығарып, қорғаушылардың өтінішін негізсіз деп атады. Жәбірленуші тараптың өкілі де прокурорды шеттетуге негіз жоқ екенін мәлімдеді.
«ҚПК-нің 88-бабында прокурорды шеттетуге нақты негіздер көрсетілген. Қазіргі жағдайда айыптаушы тараптың әрекеттері бұл талаптарға сәйкес келмейді», – деді адвокат Мейірман Шекеев.
Соттың шешімі
Судья кеңесу бөлмесіне шығып, қорғаушылардың өтінішін қарады. Қорытындысында, прокурорды істен шеттету туралы өтініш қанағаттандырылмады.
«ҚПК-нің 87 және 88-баптарына сәйкес, мемлекеттік айыптаушыны шеттету үшін нақты негіздер қажет. Мұндай мән-жайлар анықталған жоқ», – деп мәлімдеді судья.
Айта кетейік, келесі сот отырысы 15 және 16 мамыр күндеріне белгіленді.
Парақшамызға жазылыңыз