Қазақстан тағы да стратегиялық ресурсын арзанға сатумен айналысып отыр. Бұл жолы сөз мұнайдан алынатын этан туралы. Сарапшылардың айтуынша, ел басшылығы ұлттық байлықты сыртқы инвесторларға «субсидия» етіп беріп отыр.
Әлемдегі бағамен салыстырсақ, мұнай-газ нарығының сарапшысы Асқар Исмаиловтың деректеріне сүйенсек, Атыраудағы полиэтилен жобасы үшін этан бағасы не бары $0,5/MMBtu деп бекітілген. Бұл – Сауд Арабиясындағы бағадан 6 есе, АҚШ-тағы нарықтық бағадан 10 есе арзан. Мәселен, Сауд Арабиясы 2025 жылдан бастап этанды $3 бағасымен берсе, АҚШ-та ол $6-ға дейін жеткен. Қазақстан болса, осы көрсеткіштен бірнеше есе төмен баға ұсынып отыр.
«25 есеге қымбат өнім шығарамыз» деген уәде бос сөзге айналып жатыр. Себебі жобадан түскен табыстың негізгі бөлігі шетелдік әріптестердің дивидендтеріне, қарызды өтеуге және шығындарды жабуға кетеді. Қазақстанның үлесі бар болғаны 40%, қалғанын ресейлік СИБУР мен қытайлық Sinopec иеленіп отыр.
Сарапшылардың қарапайым есебі мынадай:
Газсепарациялық қондырғының құны — $2,5 млрд;
Жылдық этан көлемі – 1,6 млн тонна (шамамен 76 млн MMBtu);
Сатудан түсетін табыс – $38 млн;
Операциялық шығын – $20 млн;
Жылдық таза пайда – $18 млн;
Осы есеппен жобаның өзін-өзі ақтауы үшін 139 жыл қажет. Бұл – экономикалық тұрғыдан ақылға қонымсыз мерзім.
Атыраудағы алып зауыт
KMG PetroChem компаниясы арнайы экономикалық аймақта полиэтилен зауытын салып жатыр. Жобаның құны – $7,4 млрд. Жоспар бойынша, зауыт жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіреді. Оған «ҚазМұнайГаз»-дан бөлек ресейлік және қытайлық компаниялар қатысуда. Сырье — Теңіз кен орнынан алынатын этан (жылына 1,6 млн тонна). Жоба 2029 жылы іске қосылмақ. Алайда сарапшылардың пікірінше, Қазақстан бұл жобада тек шикізат жеткізушінің рөлін атқарып отыр. Пайда мен басқару тетігі негізінен шетелдік әріптестердің қолында.
Шикізатқа тәуелділік қаупі
Exclusive.kz сарапшыларының жазуынша, қазіргі саясат Қазақстанды өзінің мұнай-химия саласында да «шикізаттық қосымша» деңгейінде қалдырады. Ұлттық байлық сыртқы бизнеске арзан беріледі, ал болашақ ұрпақ ұзақ мерзімді шығынға тап болады. Экономистердің айтуынша, бұл – «постколониалдық тәуелділіктің» айқын көрінісі. Этанды арзан бағамен шетелдік жобаларға беру арқылы мемлекет өз бизнесін емес, сыртқы ойыншылардың экономикасын қолдап отыр.
Minber.kz бағамдауынша, осы жағдай Қазақстан үшін қауіпті:
- Этан әлемдік бағадан ондаған есе төмен сатылып жатыр;
- Жобаның өзін ақтауы мүмкін емес – 139 жылдық шығынды есептеп көріңіз;
- Ел үлесі аз, шетелдік корпорациялар пайдаға кенелмек;
- Қазақстан шикізат экспорттайтын ғана ел болып қала береді.
Ұлттық байлық – ұлттық мүддеге қызмет етуге тиіс. Ал стратегиялық этанды «бес тиынға беру» – болашақ ұрпақтың несібесін бүгінгі биліктің шетелдік әріптестерге үлестіруі деген сөз.
Парақшамызға жазылыңыз