////

Дропперлік = қылмыс!

102 рет қаралды

Фото: fingramota.kz

Бүгіннен бастап Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік ресми түрде енгізілді – яғни банк шоттарына, карталарға, электрондық әмияндарға немесе ЖСН-ге (ИИН) үшінші тұлғалардың қол жеткізуіне заңсыз рұқсат беру, сондай-ақ олардың нұсқауы бойынша аударымдарға қатысу қылмыс болып саналады. Дропперлікке қатысты заңнамадағы өзгерістер мен дропперлік схемалардың негізгі белгілері туралы Fingramota.kz баяндап берді.

Қылмыстық кодекстің жаңа бөліміне 232-1-бап енгізілді, ол қатысу дәрежесіне қарай жауапкершілікті бөледі:

Өз шоттарыңызға немесе карталарыңызға заңсыз қолжетімділік бергеніңіз үшін – 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

Үшінші тұлғалардың мүддесіне аударымдар немесе төлемдер жасағаныңыз үшін – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

“Дропповод” деп аталатын – өзге адамдардың деректерін қасақана қылмыстық схемаларда пайдалану үшін сатып алғандар үшін – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Егер дроппердің әрекеті елеулі залал келтірсе немесе қаржылық пайдамен қатар жүрсе, мүлікті тәркілеу және ірі айыппұлдар да көзделген.

Дроппер деген кім?

Дроппер – бұл өзінің шотының, картасының, мобильді банкінің немесе сәйкестендіру деректерінің (логиндер, парольдер, SMS-кодтар) қолжетімділігін ұсынып немесе сатып, сол арқылы өз реквизиттері арқылы басқа адамдардан ұрланған ақшаны аударуға немесе қолма-қол етуге мүмкіндік беретін адам.

Көп жағдайда адамдар өздерінің заңсыз схемаға қатысып жатқанын білмейді, ал олардың шоты арқылы жүргізілген қаржылық операциялар оларды алаяқтық схемалардың сыбайласы етеді.

Алаяқтар сирек ашық әрекет етеді. Көбіне олар өз схемаларын “қосымша жұмыс” немесе “бір реттік қызмет” ретінде бүркемелейді. Төменде кең тараған сценарийлер:

“Жеңіл табыс” туралы хабарландырулар. Әлеуметтік желілерде, жұмыс іздеу сайттарында немесе чаттарда “ештеңе істеудің қажеті жоқ, карта ашып, аударымдар қабылдаңыз” деген тартымды ұсыныстар пайда болады. Адамға салымсыз тез табыс уәде етіледі, бірақ оның картасы ұрланған ақшаны аударуға пайдаланылатыны айтылмайды.

Жалған HR-менеджерлер. Telegram немесе WhatsApp-та ірі компаниялардың “өкілдері” қашықтан жұмысқа қызметкер іздеп жүргендей жазады. Шын мәнінде олар сізге “есеп айырысуды жеңілдету” немесе “тестілеу үшін” бірнеше шот ашуды ұсынады.

“Курьерлер” және “көмекшілер”. Адамнан өз шотына ақша қабылдап, оны әрі қарай аударуды сұрайды. “Компания әлі заңды тұлға ашқан жоқ” немесе “бақылаудан тезірек өтеміз” деген сылтау айтылады. Шын мәнінде бұл – ақшаны жылыстату.

Таныстар немесе көршілер. Кейде сенімді пайдаланады: “Көмектесші, менде уақытша картаға қолжетімділік жоқ”, “аударымды қабылдап тұр, кейін мен аламын” – мұндай өтініштер зиянсыз көрінуі мүмкін, бірақ салдары ауыр болуы ықтимал.

Негізгі қармақ – “оңай ақша”. Сізге “қызмет” үшін 10 000-нан 100 000 теңгеге дейін уәде етеді. Дәл осындай схемалар қарапайым адамды қылмысқа қатысушы етеді.

Неліктен бұл қауіпті?

Көп адам: “Не болды, мен жаман ештеңе істеген жоқпын, тек карта/шотымды бердім ғой” деп ойлайды. Бірақ дропперліктің қауіптілігі – құқық қорғау органдары үшін сіз бірінші күдіктіге айналасыз.

Барлық транзакциялар тіркеледі. Банктер мен төлем жүйелері операциялардың қай құрылғыдан және IP-мекенжайдан өткенін көреді. Егер сіздің шотыңыз арқылы алаяқтық жасалса, бірінші болып сізді тергеуге шақырады.

“Мен білмедім” деген сөз жауапкершіліктен босатпайды. Заң мұндай әрекеттерді ұйымдастырушы болмасаңыз да, қылмысқа қатысу деп қарастырады. Картаны немесе ақшаны аударуға келісім беруіңіз – алаяқтарға көмектесу болып саналады.

Мүлікті жоғалту қаупі бар. Егер сыйақы алғаныңыз дәлелденсе, ол тәркіленеді. Сонымен қатар азаматтық сот арқылы жәбірленушілерге келтірілген залал толықтай өндірілуі мүмкін.

Беделге нұқсан келуі де ықтимал. Қылмыстық іс қозғалған факті деректер базасында қалады. Бұл жұмысқа орналасуға, шетелдік виза немесе лицензия алуға кедергі келтіруі мүмкін.

Ең бастысы: дроппер алаяқтарға басқа адамдардан ұрланған ақшаны заңдастыруға көмектеседі, яғни өз еркімен болмаса да олардың сыбайласы болып саналады.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар