//

Қазақстан үш жыл қатарынан күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды

108 рет қаралды

Биыл күллі әлемнің апайтөстері Хорватия астанасы Загребте бас қосып, күрес түрлерінен ересектер арасындағы әлем чемпионаты медальдарын сарапқа салды. Бірнеше күнге созылған бозкілем бәсекесі күні кеше аяқталды.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі биылғы бозкілем бәсекесінде ел намысын қорғаған еліміздің еркін, әйелдер және грек-рим күресінің палуандары 1 алтын, 2 қола медаль иеленгенін хабарлады.

Алтын жүлдені грек-рим күресі бәсекесінде 60 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Айдос Сұлтанғали жеңіп алды. Айта кететін тағы бір жайт Айдос олимпиада бағдарламасына енетін салмақта күш сынасты.

Ал қола жүлде еркін күрес палуаны олимпиадалық салмақ саналатын 61 келіде белдескен Асылжан Есенгелді мен тағы бір еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпановқа бұйырды. Өкіншістісі сол Нұрқожа белдескен 70 келі салмақ дәрежесі олимпиада бағдарламасына кірмейді.

XXI ғасырдағы алтын медаль

Загребте белдескен Қазақстан құрамасының грек-рим күресі палуандары араға 26 жыл салып ересектер арасындағы дүниежүзілік бәсекенің алтынын иеленді. XXI ғасырдағы орны бөлек олжаға Айдос Сұлтанғали кенелді.

«Чемпионатқа тыңғылықты дайындықпен келдік. Осы жолда көмектескен бапкерлеріме, жаттығу кезінде бірге күрескен бауырларыма алғысым шексіз. Жаһан додасының алтынын «Бақтияр Байсейітов ағамыздан кейін қашан қазақ баласы алады екен?» деген іштей ой болатын. Сол тарихты жаңартып, алтын алуды мақсат еткенмін. Мақсатыма қолым жеткеніне қуаныштымын», – деді Айдос Сұлтанғали Загребте қазақ жорналшыларына берген сұхбатында.

Айтылуы керек факт

Айта кететін тағы бір жаңалық біздің палуандар үшінші жыл қатарынан әлем чемпионатынан елге алтынмен оралып отыр. Бұл үрдісті 2023 жылы Сербияда өткен додада еркін күрес палуаны Ризабек Айтмұхан бастаған еді. Былтыр Албаниядағы бәсекеде еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов жалғады. Бұл – егемендік алғаннан бері 1997-1999 жылдардан кейін тіркелген екінші сәтті серия.

Нұрқожа мен Айдостың қоржынында әлем чемпионатының үш медалдан бар

Нұрқожа Қайпанов пен Айдос Сұлтанғали Хорватиядағы әлем чемпионатында 3-рет тұғыр сатысына көтерілді. Нұрқожа ересектер арасындағы жарыстарда алған 2019 жылғы күмісі мен былтырғы алтынына қола жүлде қосты. Ол – еркін күрестен мұндай нәтижеге жеткен бірінші отандасымыз. Ал Айдоста осыған дейінгі 2018, 2022 жылы алған қола және биылғы алтын медалі бар.

«Мақсатымыз Загребте екінші алтын медальді алып, толық олимпиадалық салмақ 74 келіге ауысу болған. Жарыс маған оңай болмады. Дегенмен екінші күні бапкерлерімнің арқасында қалпыма келіп, қола алдым. Мен үшін тақым қысып отырған әке-шешеме, қазақ халқына сәлем айтамын», – деді Нұрқожа Қайпанов Хорватияда берген сұхбатында.

Жалпы командалық есепке келер болсақ, грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы 57 елдің ішінде 6-сатыға тұрақтады.

«Осы әлем чемпионатында 6-орын иелендік. Хорватияға тәжірибелі және жас спортшылардан жасақталған аралас командамен келдік. Жас палуандар арасында Мерей Мәулетқанов пен Рахат Бержанов мінез көрсетіп, жақсы күресті. Біз Хорватияға алтын медаль үшін келгенбіз. Мұны жазда Ұлттық құрама тізгінін ұстағанда айтқанмын. Осы мақсатты Айдос Сұлтанғали орындады. Бізде тағы 3 медаль алатын мүмкіндік болды. Тәжірибелі Демеу Жадыраев пен Мерей Мәулетқанов қолаға таласта жеңіліп қалды. Ержет Жарлықасын мен Ислам Евлоев жұбаныш кезеңінде жол берді. Бүгін жарыс аяқталды. Ертеңнен бастап нәтижені ұмытып, бапкерлермен кемшін тұстарды сараптаймыз», – деді Қонысбек Төкенов Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Айта кетейік биылғы әлем чемпионатында барлығы 77 ел палуаны бақ сынасты. Ал кұрестің 3 түрінен сынға түскен палуан саны 780-ге жуықтайды. Сондай-ақ Хорватияда Халықаралық күрес федерациясы (UWW) келесі жылы ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтетін мемлекетті атады. 2026 жылғы күрес әлемінің үздіктері 5-13 қыркүйек күндерң Бахрейннің Манама қаласында бас қосады.

Түгелбай Бисен

Дереккөз және фото: Спортты дамыту дерекциясының баспасөз қызметі

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар