///

Бақытбек Бәмішұлы. Ақселеу биігі.

205 рет қаралды

Ұлттық құндылықты насихаттау ұлағатты, ұласпалы іс, барша көзі қарақты қазақ баласының мұраты. Осы бағытта Қазақстан Жазушылар Одағы мен Зейнолла Сәнік қорының біріккен жобасы аясындағы экспедиция келесі сапары «Ақселеу биігіне» бағытталды.

«Қазақ-қазақ» деп ғұмыр кешкен, өле-өлгенше қазақ мәдениетін халқына тарихи танымдық тұрғыдан танытуға қызмет еткен, оның жоқшысы, зеттеушісі болған, «Қазақ әлемі», «Қазақтың ауыз­­ша тарихы», «Қазақтың бейпіл сөз­дері», «Қазақтың күй өнері» деп бар өмірін арнаған Ақселеуін, Ақселеу Сейдімбековын оқымаған, танымайтын, білмейтін қазақ бүгін жоқ шығар. Міне біз Жаңаарқаның бір жотасы «Ақселеу биігіне» өрлеп келеміз.

Мен «Ақселеу биігінде» тұрып, бізге жолбасшы болып келген жергілікті азаматтан осы жердің ежелгі атауын сұрағанымда ол: «Қарауыл төбе» деді. Болса болғандай төбе басынан айналаға, төрт түстікке  көз жіберсеңіз көз жетер жер толық көрінеді. Бұл биіктің жаугершілік заманында әскери мақсатта да қолданылып солай атануына, онда көне бір тарих сыр көміліп жатқанына шүбә келтірмейміз. Жер ыңғайы да соны меңзейді. Бұл тарапта Ақселеу Сланұлының өзі «көкжиекпен астасып керіліп жатқан байтақ «құрылықтың» дөңес, жон екенін көкке көтерілмей-ақ жазықта жүріп елестете білу географиялық ұғым-түсініктің еркекше сезімталдығына айғақ» дейді. Алайда Ақаңның өзі көзі тірісінде Има­нақ­ аталатынын таудың осынау биігін мәңгілік меке­ні болатынын балаларына ама­нат­тағанын оқығаным бар-ды. Аманат айна қатасыз орындалыпты.

Біз күрежолдан «Ақселеу биігі» атты жол көрсеткіш бағыттауымен Атасу кентінен үш шақырым жердегі «Ақс­елеу биігіне» бұрылдық. Шыныменде Ұлы Сарыарқаның еңбір биік шоқысына шығып бүкіл даланы алақанға алып тұрғандай сезіну бір ғанибет.

Төбе басында бірі бірінен айнымайтын сәулет өнерінің әсем үлгісімен гранит тастан салынып, айшықты безендірілуі қарапайым болса да көркем көзге жылы екі  бейіт қатар жатыр. Бір қызығы Ақселеудің құлыптасына күллі мұсылман баласының белгісі Ай таңбасы басылмапты, құран сөзі жазылмапты. Есесіне тас бетіне «Көктегі күнге, жердегі еліме мейірім қанбады» деп ойлыпты. Олардан он, жиырма метр сәл төменірек белгісіз атақты атаның (бейітпішіні соны аңғартады) қара тастардан жиналған ескі бейіті бар екен. Рухы шат болсын!!!…

Ақселеуге және қанды көйлек серігіндей болып қатар жатқан қас батыр және барлық бақилық мұсылман баласына арнап, бағыштап ақын Серік Қалиевтің әдемі әуезді үнімен оқылған құран жанымызды сүйсінтті.

Ақселеу арамыздан кеткенімен оның тұлғалық қасиетін артыра түсетін асыл мұрасы уақыт озған сайын биіктеп бара жатқанын «Ақселеу биігі» паш етіп тұрды.

Біз осы биікте тұрып жоғары қарағанымызда көк жүзінен Ақселеу жұлдызы жанып тұрғандай сезіндік.

Б.Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар