Қазақстан Жазушылар Одағы мен «Зейнолла Сәнік қорының» бірлескен экспедициясы бір-біріне іргелес жатқан Алаша Хан, Домбауыл, Жошы Ханның мәңгілік мекеніне зиярат етті. Әуелгі ат басын тіреген жеріміз Жошы Хан мазары болды.
Жошы Хан жөнінде жұртқа белгілі мынадай мәліметтерді айта кетейін:
- Жошы Шыңғыс Ханның тұңғыш баласы. 1182 жыл туған деп көреді;
- Жошы Шыңғыс Ханның баласы емес. Қият-Боржығын Темірші (Шыңғыс хан) қоңырат қызы Бөртені алып келе жатқанда жол кесіп, тартып әкеткен меркіттің Тоқтабегінің бауыры Их Чилэдудің інісі Чилегер балуанның баласы деген дау-дамай, жорамал бар;
- Жошының шешесі Бөрте меркіттер тұтқынынан босатылып, алып келе жатқан жолда босанып қалғандықтан баласының атын «бұл қонақ (зочин) болды» деп Зүчи деп атаған деген болжам бар;
- Жошы өте зерек, ақыл-қайраты мол азамат болып ержетеді;
- Алғаш 25 жасынада қол бастап, жорыққа аттанып, Байкалдан Енесайға дейінгі Қаңғай, Саян тауларының теріскей бетіндегі орман елдерін түгелімен бағындырып, көп шығынсыз, мол олжамен оралады; Өзінің аса қабылетті, дарынды қолбасшы екенін танытады;
- Жошы өзі қолбасшылық жасап басып алған жерлеріне толық иелік етті. Дешті Қыпшақ даласында Алтын Орда мемлекетінің негізін қалады;
- Жошы Шыңғысханның үлкен ұлы бола тұра тақ мұрагері болмады. Өйткені Хан тағы Қара шаңырақта болды. Ежелгі дәстүр бойынша кеше ұл Қарашаңырақтың иесі болып қала берді;
- Жошы хан 1225 жылы Қыпшақ даласында қайтыс болады. Оның қазасының себебі туралы әртүрлі болжамдар айтылады; Соның бірі құлан аулап жүріп қаза болуы. Кетбұқа Шыңғысханға Жошының қазасын «Ақсақ құлан» күйімен естірткен деседі;
- Жошы Хан Қазақ Ұлысының Хандарының басы;
Жошы хан күмбезі – Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жерде, Қара Кеңгір өзенінің жағасында, жазықта тұр. Ортағасырлық көне архитектуралық ескерткіш, қызыл кірпіштен соғылған, күмбезі көк түсті. Қас бетінде «П» әріпіне ұсас аркалы есікті айналдыра салынған ойық бар. Бұл ойықта бұрын ою өрнек, жазу да болыпты. 1911 жылы Атбасар уезін басқарған бір «пысық»» өрнекті кірпіштерді сыдырып алып, музейге жіберіпті. Мазардың ішкі қабырғаларына оғыз, арғын, қыпшақ, керей, найман, қоңырат, қаңлы т.б таңбалары басылған.
Зерттеушілер кесене Жошыханның жылдық асына орай тұрғызылған болуы мүмкін дейді.
Кесененің ішінде үлкенді-кішілі екі бейіт бар екен. Екінші қабір Жошының үлкен бәйбішесі (Керей хандығының билеушісі Тоғырыл ханның інісінің қызы) Бектумыштікі болуға тиіс деседі.
Кесене толық жөндеуден өтіп бітпеген. Кесене маңайына Жошыхан тарихи-мәдени кешені жасақталыпты. Онда музей, Жошы хан ескерткіші, Хан Ордасы орналасхан.
Б.Бәмішұлы
Парақшамызға жазылыңыз