Таяу Шығыстағы бұрқасынның бүгінгі күнде сәл де болса беті қайтып, арыны басылған іспетті. Оған себеп — Ақ үйдің төреші ретінде үкім айтып, ал Араб елдерінің оған бір ауыздан келісіп, сол арқылы Израиль мен Хамас арасындағы ортақ диалогтың қалыптаса бастауынан еді.
Дейтұрғанмен, дауыл алдындағы тыныштыққа ұқсас бұл жылымық кезеңнің шынайы бетбұрысы қалай болмақ — оған қазір дәп басып болжам айту шынымен де қиын-ақ. Өйткені, мүдделер қақтығысында ешқашан халықтың тағдыры қымбат болған емес. Сол сияқты, сағат сайын құбылған саяси шешімдердің таразы басын «күштінің арты диірмен тартады» тәмсілі басып тұрғаны да жасырын емес.
Ендеше, әлем саясатындағы, өте-мөте Таяу Шығыс қақтығысындағы Хамасты қарусыздандырып, Газаны демилитаризацияланған аймаққа айналдыру қай елдің қазандығына салым, қоржынына ұпай болып түседі — осы тақырып турасында өз халімізше ой өрбітіп көрсек.
2020 жылғы 15 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамптың билігі тұсында Ақ үйде қол қойылған Авраам келісімі — Вашингтонның Таяу Шығыстағы тарихи әрі маңызды дипломатиялық қадамы ретінде бағаланды. Бұл келісімнің бірнеше бағыттағы мақсаты болды:
- АҚШ Таяу Шығыстағы қауіпсіздіктің басты кепілі ретінде өз ықпалын күшейтіп, осы өңірдегі Ресей, Иран және Қытайдың ықпалын әлсіретуді көздеді.
- Израиль мен бірқатар Араб елдері арасындағы геосаяси шиеленісті геоэкономикалық тәсілімен шешу ұсынылды.
- Араб елдері Иранның аймақтағы ықпалына қарсы тұру үшін Израиль және АҚШ-пен бірлескен альянс құру мәселесін қарастырды.
Келісімнің көлеңкелі астарында АҚШ‑тың Қытаймен арадағы геоэкономикалық және ғылыми-технологиялық бәсекеде басымдыққа ие болу мақсаты да жатты.
Бұл жоспардың бастауы 2019 жылғы маусымда Дональд Трамптың күйеу баласы әрі сол кездегі президент кеңесшісі Джаред Кушнер ұйымдастырған Бахрейндегі “Бейбітшіліктен өркендеуге” атты семинардан бастау алған болатын.
Алайда, 2023 жылы 7 қазандағы Хамас шабуылы мен оған жауап ретінде Израильдің Газаға жүргізген әскери операциясы және соғыс барысында неше он мыңдаған бейбіт халықтың қаза табуы, инфрақұрылымның жаппай қирап, үйіндіге айналуы — осы келісімнің түпкілікті жүзеге асуына үлкен тосқауыл болды.
Осы орайда, атап өтерлік тағы бір жайт — Иран Авраам келісімдеріне балама ретінде “Mwada” деп аталатын жаңа бастама ұсынды. Бұл — шиит және сүннит бағытындағы мұсылман елдерінің аймақтық қауіпсіздік пен экономикалық дамуды бірлесе қарастыруға бағытталған жоба болатын.
Осыған орай, ойымызға еріксіз күмәнді сауалдар туындайды: Хамастың Израильге шабуылының тасасында тұрған қандай көлеңкелі күш?! Хамас жеке өзі батылдық танытып, Израильге қарсы соғыс қимылын жүзеге асыра ала ма? Хамасты Иран арқылы қаржыландырып, қару-жарақпен қамтамасыз етуші жасырын ойыншылар кімдер болуы мүмкін? Әлде бұл сұрағымыз қисынсыз жорамал ретінде бағалана ма? Әрине, түлкібұлаңға салынған геосаяси ойында кез келген сценарийдің шындыққа айналуы әбден мүмкін, өйткені мүдде қақтығысы ешқашан ешкімді де аяған емес…
Қош делік, сонымен Газадағы қақтығыс кезінде аймақтық шиеленістер күшейген шақта, Авраам келісімі арқылы қалыптасқан араб‑израиль байланыстары негізінен мемлекетаралық қатынастар мен жекелеген бизнес аясында шектелді. Ал қоғамдық деңгейде байланыстар әлсіреді, кей жерлерде толықтай халықтың қарсылығна ұшырады. Бірақ, БАӘ Израильдің Газадағы әрекеттерін жария түрде айыптаса да, дипломатиялық және экономикалық қатынастарды мүлдем үзіп тастаған жоқ .
Мысалы: Авраам келісіміне қол қойған елдердің бірі — БАӘ, Израиль және АҚШ-пен бірге I2U2 тобы аясында экономикалық және технологиялық әріптестікті жалғастырып келеді.
“I2U2 тобы, сондай-ақ Таяу Шығыс төрттігі немесе Батыс төрттігі деп те аталады, — Үндістан, Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері және Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық әріптестік. 2022 жылғы 14 шілдеде жарияланған алғашқы бірлескен мәлімдемеде бұл топ су, энергия, көлік, ғарыш, денсаулық сақтау және азық-түлік қауіпсіздігі салаларында бірлескен инвестициялар мен жаңа бастамаларды жүзеге асыру бағытындағы бірлестік болып табылады “
2023 жылы I2U2 бизнес-форумында БАӘ Үндістанда заманауи климатқа бейімделген технологияларды қолдана отырып, азық-түлік парктерін дамытуға 2 миллиард доллар инвестиция салатынын жариялады. Сонымен қатар, Үндістанның Гуджарат штатында күн және жел энергиясы негізінде гибридті электр жобасы қолға алынып, оған АҚШ пен Израильдің жеке секторы инновациялық шешімдер ұсынуда. Сол арқылы, Үндістан елін баламалы энергетика бойынша Қытайға бәсекелес жаһандық жеткізу тізбегінің хабына айналдыруды көздейді.
2022 жылдың ақпан айында Бахрейнде Израильдің қорғаныс министрі Бенни Ганц пен Бахрейннің қорғаныс министрі Абдуллатиф әл-Лаудиді арасында қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған болатын. Бірақ, 2023 жылдың қазан айында Газа қақтығысы басталғаннан кейін Израильдің елшісі Бахрейннен кетті. Алайда, Бахрейн үкіметі Авраам келісімдерінен бас тартқан жоқ және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық өз қалпында сақталып қала береді.
2021 жылы Марокко мен Израиль қорғаныс саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, жоғары технологиялы дрондар, әуе шабуылынан қорғану жүйелері және барлау спутниктерін қамтитын бірқатар қару-жарақ келісімдеріне жол ашты. 2023 жылғы Газа қақтығысы Израильден Мароккоға келетін туристердің азаюына әкелсе де, екі ел арасындағы басқа салалардағы ынтымақтастық сақталды. Мысалы, автокөлік секторында Израиль Түркиядан келетін көліктердің орнына Мароккодан автокөліктер импорттай бастады. Сонымен қатар, Мұхаммед VI политехникалық университеті Израиль университеттерімен әріптестігін әлі де жалғастыруда.
Авраам келісіміне ресми түрде қосылмаған Сауд Арабиясы туралы сөз етсек:
2016 жылдан бастап билік тізгінін ұстаған Мұхаммед бен Салман Израильге бірқатар достық пиғылын көрсетті. Мәселен, 2022 жылы шілдеде Сауд Арабиясы әуе кеңістігін барлық шетелдік әуе компаниялары үшін, оның ішінде израильдік ұшақтарға да ашты .
Сонымен қатар, ол өзінің Vision 2030 жобасы аясында шетелдік инвестицияларды тартуға барынша күш салып жатыр. Бұл жоба аясында жүзеге асырылатын ауқымды мегажобалардың бірі — NEOM. Бұл жоба жасанды интеллект, биотехнология және ауылшаруашылық технологияларына негізделген, ал бұл салаларда Израильдің озық мүмкіндіктері ерекше қызығушылық тудыратыны белгілі.
Мұхаммед бен Салман 2023 жылғы қазанға дейін Израильмен арадағы келіссөздерде белгілі бір ілгерілеу бар екенін ашық айтты. Алайда, сол жылы 7 қазанда басталған ХАМАС шабуылы мен Израильдің Газаға жасаған әскери операциясы бұл үдерісті күрт тежеді. Бұл жағдай Сауд Арабиясын мұсылман әлеміндегі өзінің тарихи және ішкі аудитория мүддесін ескере отырып, Израильге қарата қатаң ұстаным ұстануға итермеледі. Нәтижесінде, Сауд Арабиясы Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруді тек Палестина мемлекетінің құрылуымен тікелей байланыстыратынын мәлімдеді.
2023 жылы Қытайдың арағайындығымен жүзеге асқан Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы тарихи келісім және одан кейінгі геосаяси қарым-қатынастың реттелуі Парсы шығанағы елдері мен Иран арасындағы мемлекетаралық байланысты қалыпқа келтіріп, Иранға қарсы бағытталған геосаяси және геоэкономикалық Авраам келісімінің өзектілігін әлсіретті. 2023 жылғы қазаннан бастап Израильдің Газа секторында ХАМАС-қа жасаған ауыр соққылары, Ливандағы «Хезболланың» әлсіреуі және Сириядағы Башар Асад режимінің құлауы Иранның Таяу Шығыстағы ықпалын әлсіретті.
Бұл жағдай Тегеранды еріксіз аймақтық көршілерімен неғұрлым бейбіт қарым-қатынас орнатуға мәжбүр етті. Осыған орай, Иран өңірлік ынтымақтастыққа арналған өз бастамасын ұсынды. Олар бұл жобаны Mwada (Мұсылман Батыс Азия Диалогы Қауымдастығы) деп атады — бұл Авраам келісімдеріне балама ретінде ұсынылған жоба болатын. Иранның бұрынғы сыртқы істер министрі Мұхаммед Жавад Зарифтің айтуынша, Mwada бастамасы — шиит және сүннит елдерінің барлығын өңірлік қауіпсіздік пен өркендеу мақсатында ынтымақтасуға шақырады. Бұл бастамаға Иранның тарихи қарсыласы — Түркия да енгізілді, ал Израиль діни себептерге байланысты бұл құрылымнан тыс қалдырылды.Бұл геосаяси және геоэкономикалық мүддеге байланысты қарама-қайшы бастамаларды ымыраға келтірудің жалғыз жолы — АҚШ пен Иран арасындағы келісім болып табылады. Сондықтан қазіргі АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялары мен «максималды қысым» науқаны арқылы Тегеранды барынша келіссөздер үстеліне қайта отырғызу талпынысы жасалып жатқаны айтпасақ та бәрімізге аян.
Таяу Шығыстағы қауіпсіздік мәселесінде Түркия НАТО мүшесі әрі Израильмен ондаған жылдарға созылған шиленісті қарым-қатынастары бар Анкара билігі , 2024 жылдың мамырында Газа соғысының ушығуына байланысты Израильмен сауда байланысын тоқтатты. Ішкі және сыртқы саясатта президент Режеп Тайып Ердоған өзін палестиналықтардың қорғаушысы ретінде көрсетіп, Түркияның Мұсылман әлеміндегі жұмсақ күшін арттырып, өңірлік мүдделерін қоғауға бағыт алды . Ердоған сондай-ақ Парсы шығанағы елдерімен, әсіресе Сауд Арабиясымен, 2010–2011 жылдардағы Араб көктемінен кейінгі сенімсіздік пен кикілжің кезеңін еңсеруге бағытталған қайта жақындасу үдерісін бастады. Израиль мен Түркия арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейде нашарлап тұрған шақта, Түркия өз аймақтық геоэкономикалық моделін ұсынды. Бұл — Азияны Еуропамен байланыстыратын Ирактың Даму жолы жобасы, ол Парсы шығанағындағы Фао порты мен Түркия шекарасын жалғайтын сауда дәлізін құруды көздейді. Бұл жоба Түркия тарапынан Үндістан–Таяу Шығыс–Еуропа экономикалық дәлізіне балама ретінде ұсынылуда. Ал Түркия қолдаған көтерілісшілердің ықпалымен Сириядағы Асад режимінің құлауы Анкараға Таяу Шығыстың геосаяси әрі геоэкономикалық болашағын қалыптастыруда қосымша ұпай береді.
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінің күшеюі геосаяси және геоэкономикалық блоктардың жедел қалыптасуына алып келді. Мысалы, G7 елдері жетекшілік ететін Батыс блогы мен BRICS/BRICS+ аясында бірігіп жатқан елдер арасында бәсекелестік күшейіп келеді. Бұл өзгерістер АҚШ қолдайтын аймақтық бастамаларға, соның ішінде Авраам келісімі сияқты нормализация үдерістеріне белсенділікті әлсіретуі мүмкін.
BRICS+ және Қытайдың жаһандық қаржы жүйесіндегі рөлі
BRICS+ елдері, оның ішінде Қытай мен Ресей, АҚШ долларына тәуелділіктен арылу мақсатында жаңа қаржы жүйесін қалыптастыруға күш салу үстінде. Қытайдың юанын халықаралық саудада, әсіресе мұнай бағалау мен төлемдерде қолдануды ілгерілетуі осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Мысалы, 2018 жылы Шанхай фьючерстік биржасында юаньмен белгіленген алғашқы мұнай келісімі жүзеге асты. Бұл Сауд Арабиясы мен БАӘ сияқты ірі мұнай өндірушілеріне АҚШ долларынан тәуелсіз активтерді диверсификациялауға мүмкіндік береді.
OPEC+ және Ресеймен ынтымақтастық
OPEC+ құрамындағы Сауд Арабиясы мен Ресей мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімдерді жүзеге асырып, жаһандық нарықта баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдады. Мысалы, 2025 жылдың тамызында OPEC+ мүшелері мұнай өндірісін тәулігіне 547 мың баррельге арттыру туралы шешім қабылдады, бұл нарықтағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімін сақтау мақсатында жүзеге асырылды.
Қытайдың Таяу Шығыстағы ықпалы
Қытай Таяу Шығыстағы жасыл экономика жобаларына инвестиция салып, жаңартылатын энергия көздері мен тұрақты мобильдік салаларында белсенділік танытуда. Huawei, Tencent және Alibaba сияқты компаниялар арқылы Қытай Батыс технологияларына балама ұсынып, өңірлік серіктестеріне цифрлық инфрақұрылым мен технологиялық шешімдер ұсынуда. Бұл қадамдар Қытайдың Таяу Шығыстағы ықпалын арттырып, АҚШ-тың үстемдік саясатына қарсы күш ретінде бағалануда.
Сауд Арабиясының көпжақты сыртқы саясаты
Сауд Арабиясы көпжақты сыртқы саясатты ұстана отырып, Батыс елдерімен, әсіресе АҚШ-пен, стратегиялық серіктестікті сақтай отырып, Азияға, әсіресе Қытайға, бағыт бұру үстінде. 2023 жылы Сауд Арабиясы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының диалогтық серіктесі мәртебесін алды. Сонымен қатар, Ресеймен мұнай өндірісін қысқарту жөніндегі OPEC+ келісімдеріне белсенді қатысып, екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуда.
Әлемдік геосаяси және геоэкономикалық жағдайдың өзгеруімен бірге, Сауд Арабиясы мен БАӘ сияқты өңірлік күштер көпжақты сыртқы саясатты ұстана отырып, жаңа серіктестіктер мен ықпалдастықтарды дамытуда. Бұл үрдіс АҚШ-тың жетекшілігіндегі халықаралық жүйеге балама блокты қадыптастырып , жаһандық саясатта жаңа күштердің пайда болуына әкеліп отыр.
Газаны демилитаризацияланған аймаққа айналдыру
Дональд Трамп Авраам келісімін кеңейту идеясын қайта жандандырды. Бұл жаңа бастаманың негізгі мақсаты – Сауд Арабиясын келісімдерге қосу. Алайда қазіргі геосаяси жағдайда бұл келісімдердің мәні мен маңыздылығы бұрынғыдай Геосаяси блокка емес, экономикалық мүдделерге көбірек сүйенетін тәрізді. Авраам келісіміне қатысты ортақ экономикалық дамудың нақты нәтижелері әлі де толық дәлелденген жоқ. Газа секторын қалпына келтіру және оның болашақ басқару жүйесін қалыптастыру — Авраам келісімінің шынайы экономикалық тиімділігін көрсететін маңызды қадамға айналуы мүмкін. 2025 жылдың наурыз айының басында Араб лигасының бастамасымен ұсынылған Мысыр жоспарына негізделген бұл жоба — аймақтағы бейбітшілік пен тұрақты даму жолындағы жаңа құрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Газаны қалпына келтіру үдерісін басқа да өңірлік экономикалық бастамалармен — Сирия мен Ливандағы инфрақұрылымдық қайта құру, Үндістан–Таяу Шығыс–Еуропа экономикалық дәлізі, бірлескен энергетикалық жобалар мен теңіздегі газ қорларын барлау және экспорттау секілді жобалар— Геоэкономикалық шыныжыр құрау арқылы тараптар арасындағы өзара сенімді арттыруға және ортақ мүдделерді нақтылауға айрықша әсер етеді. Әсіресе технология, сауда және жаңартылатын энергия салаларындағы экономикалық әріптестік — азаматтық қоғам мен жеке сектор бастамаларын жандандырып, өңірлік нормализация процесін жеделдетеді. Дейтұрғанмен ,Палестина мемлекетінің құрылуы жөнінде сенімді әрі айқын ұстаным болмаса — ( бұл Авраам келісімінің айналып өткен ең өзекті әрі даулы мәселесі болатын )— онда төменнен басталған нормализация әрекеттері ешқашан орындалуы мүмкін емес екенін дәлелдеді. Ақиқатында Өткен санда жазған мақалаиыздай АҚШ өзінің нақты қауіпті бәсекелесі ретінде бағалайтын Қытай билігін тықсырыу мақсатында әлемдік геосаяси жане геоэкономикалық құрсалулау қадамдарын жүзеге асыру үстінде деп нық сеніммен айта аламыз.
Ертұран Жұмақанұлы
Парақшамызға жазылыңыз
