//////

Бақытбек Бәмішұлы: Көңілден кетпес кемел ағалар туралы кітап

65 рет қаралды

Әлеуметтік желілердің ақпаратты жедел жеткізетін пайдасы кейде тиіп жатады. Екі-үш күн бұрын ФБ бетінен көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» атты кітабы жарық көргені, онда халқымыздың «көзден кетсе де, көңілден кетпеген» бір туар – ғұлама, ақсарағат, жаужүрек, қаһарман, ақжарылқап, абыз, азамат, ханзада, міртемір, асылзада – жолаушы қайраткер ағалары (әкелері) туралы жиырмасыншы ғасырдың жиырма жылында жазып, оқырманның көзайымы болған эсселері топтастырылғаны туралы жазбалар жарқ ете қалды. Көңілімнің көлеңкелі бір тұсына шуақ енгендей елеңдеп, есіл күй кештім. Олар кімдер?…

«Мұқаңның, Мұхтар Абрарұлы өзі қайда екен?» деген сауал санамда сайрап тұрды.  Сөйтсем мен, үнемі көз алдымызда жүретін  бұ кісіні ішімнен  әрдайым іздеп жүреді екенмін. Иә, рас көптеген  еңбектерін оқығаным бар. Тұшынып оқитынмын. Сөз саптауына, еңбектерінің ғылымилығына, негіздеме, дәлел, дәйектеріне ырза, тереңдігіне тәнті болатынмын. Енді, міне сол кісінің кітабының тұсау кесері өтеді дегенде тап бір Ханның қабылдауына баратын жандай болар күнді, сағат, минутты тағатсыз күттім.

2025 жылы қазан айының 24 күні, 11 сағатта Алматыда, ҚР-ның Ұлттық кітапханасында Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» атты кітабының тұсау кесеріне арналған алқалы жиын басталды. Зал лық толы. Төр басында, ортада Мұхтар Абрарұлы, оң жағында академиктер Бауыржан Жақып, Жаңғара Дәдебаев, Рахымғали Абрарұлы…, сол жағында Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, профессор  Қансейіт Әбдезұлы, мемлекет сыйлықтың иегері, ақын Аққұштап Бақтыгереев…

Жиынды майда қоңыр әуенді, көрнекті ақын, қара сөздің майын тамызып сөйлейтін шешен Бауыржан Өміржанұлы ашып, жаңа кітап туралы қысқаша түсініктемен тоқталып, сөзді автор Мұхтар Абрарұлына берді.

Сағынып, сусап, шөлдеп жеткенде таудың тас бұлағынан аңқаңды қандыру қандай ғанибет болса, қызыл шырайы жадырай рауандап, ақ жүрегінен ағылта, төгілте толқыған Мұқаңды тырп етпей, ауызымыз аңқиып, 30 минут тыңдадық.  «Айта түс, айта түс!…» дегіміз келді.

Мұхтар Абрарұлының  «Менің ағаларымының» тұсауы қиылды. «Атамұра» баспасынан (Президенті Рахымғали Құл-Мұхаммед) көлемі 35 баспа табақ, көркем безендірілеген кітап «қолыма тиер ме екен» деген ыстық ынтықпен елең жұрттың аңысын бірден аңғарған Мұхтар Абрарұлы: «Мұндағы қатысушыларға бір-бір кітаптан ұсыныңыздар» дегенде әлгі күпті көңіл жайлып сала берді.

Жақсы ниет, жылы ілтипатпен жақсы жайсаң ағалар туралы жазылған кітап қолымызға тиді. Жақсыдан шарапат!!!

Бұл кітаптан рухани ләззат алып қана қоймай, отан үшін, ел үшін, туған жер, азаттық жолында «түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым, қара терімді төктім, қызыл қанымды жүгірттім» деген арыс ағаларымыздың өнегесіне қанатымызға шүбәсізбін.

«Арқалы ақын Бақытбек бауырыма» деп кітаптың өң бетіне қолын қойды Мұхтар Абрарұлы! 25.11.2025.

Бақытбек Бәмішұлы Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

GGG әлемдік бокстың жаңа басшысы

Фото: worldboxing.org/news Даңқты қазақстандық боксшы Геннадий Головкин әлемдік спорт тарихындағы айтулы оқиғаның кейіпкеріне айналды. Римде өткен

Токиодағы тарихи жеңіс

Жапония астанасы Токиода өтіп жатқан жазғы Сурдолимпиадалық ойындар Қазақстан спорт жанкүйерлері үшін ерекше қуаныш пен мақтанышқа

Ақын Күләш Ахметова өмірден өтті

Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Күләш Ахметованың өмірден