///

Президент Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына қатысатын ұлттық құрамаға Мемлекеттік туды табыстады

59 рет қаралды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италияда өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындары мен XIV Қысқы Паралимпиадаға қатысатын Қазақстанның ұлттық құрама мүшелеріне Мемлекеттік туды табыстады.

Салтанатты рәсім барысында Президент алдағы халықаралық додалардың маңыздылығына тоқталып, бұл жарыстардың дүние жүзіндегі ең үздік спортшылар бас қосатын айрықша бәсеке екенін атап өтті.

– Олимпиада ойындарына 40-қа жуық спортшымыз қатысады. Олар спорттың 10 түрінен жарысқа түседі. Ұлттық құрама мүшелерінің жартысынан көбі Олимпиадаға алғаш рет бара жатыр. Жаһандық бәсеке сіздер үшін зор мүмкіндік әрі үлкен сынақ болмақ. Қысқы Олимпиадаға жолдама алу үшін спортшыларымыз көптеген белестен өтті. Түрлі халықаралық жарыста табысты өнер көрсетіп, 17 алтын, 31 күміс және 21 қола медальға ие болды. Сонымен бірге біз Паралимпиада ойындарында ел абыройын қорғайтын спортшыларымызға зор сенім артамыз. Паралимпиадашылардың ерекше құлшынысы және мықты ерік-жігері көпке үлгі. Наурыз айының басында Италияда өтетін Паралимпиада ойындарына әзірге 10 лицензия алдық. Лицензия саны әлі де көбеюі мүмкін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазақстандық спортшылардың төрт жылда бір өтетін байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындықпен келгенін атап өтіп, Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарында нағыз мықтылардың күш сынасатынын айтты.

– Әрине, спортта жеңісті болжау мүмкін емес. Бірақ Сіздер қатаң іріктеулерден сүрінбей өтіп, Қазақстанның олимпиадалық құрамасына мүше болдыңыздар. Осының өзі, Сіздердің әлеуеттеріңізді, жеңіске деген ұмтылыстарыңызды танытады. Тәуелсіздік алған уақыттан бері спортшыларымыз Қысқы Олимпиада ойындарында шеберлік танытып, бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көріне білді. Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен, Юлия Галышева сияқты Олимпиада жүлдегерлерінің есімдері отандық спорт тарихына алтын әріптермен жазылды. Әлемдік спорттағы ірі ареналарда топ жарған отандық атлеттердің құрметіне талай рет Әнұран шырқалып, еліміздің Туы көкте желбіреді. Алдағы уақытта да жарқын жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін. Жақында Ұлттық құрылтай отырысында атап өткенімдей, спорттағы жетістіктер тұтас еліміздің мәртебесін көтеріп, жалпыұлттық бірлікті және Қазақстан Республикасының қазіргі әлемдегі беделін нығайтады, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғап, халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетуге ниетті.

Түгелбай Бисен

Дереккөз: t.me/aqorda

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

36 спортшы бар, нешеуі ойда?

Италияда өтетін 2026 қысқы Олимпиадаға баратын Қазақстан командасының толық құрамы белгілі болды. Ол ақпарат ҚР туризм