//

Конституцияның жаңа жобасы: 9-бап – тіл мәртебесі мен ұлттық қауіпсіздік таразысы

70 рет қаралды
фото: Дина Елгезектің фейсбук парақшасынан

Қазақстанда 2026 жылғы жаңа Конституция жобасын талқылау жалғасуда. Халық арасында ең көп пікірталас тудырған мәселе: 9-бап немесе тілдің тағдыры. Орыс тілінің мемлекеттік органдарда қазақ тілімен «тең дәрежеде» қолданылуы туралы тармақ қоғамды екіге бөлді. Журналистік сараптама барысында біз бұл мәселенің заңдық, саяси және қоғамдық қырларын талдап көрдік.

Тілдік дилемма: 9-бап не дейді?

Жаңа жобаның 9-бабында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен өзге тілдердің қолданылу аясы былайша айқындалған:

  1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі.
  2. Мемлекеттік ұйымдарда қазақ тілімен тең дәрежеде орыс тілі ресми түрде қолданылады.
  3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін дамытуға жағдай жасайды.

Дәл осы «тең дәрежеде» деген тіркес қоғам белсенділері мен заңгерлердің сынына ілікті.

Қоғамдық пікір: «Мәртебе формальды болмауы тиіс»

Көптеген азаматтық белсенділер мен зиялы қауым өкілдері қазақ тілінің үстемдігін заңмен бекітуді талап етуде. Мәселен, журналист Дина Елгезек кесімді пікір білдірді:

«Біздің Конституциямызда қазақ тілі жалғыз ұлттық әрі мемлекеттік тіл ретінде бекітілуін талап етемін! Орыс тілі 7-бапта көрсетілген ресми мәртебесінен айырылуы тиіс. Ата Заңда басқа тілдің қажеті жоқ!»

Заңгер Салтанат Рахимованың пікірінше, қазіргі редакция тілді қорғауға қауқарсыз:

«Тілдер туралы баптың ұсынылған редакциясы қазақ тілінің мемлекеттілігіміздің негізі ретіндегі мәртебесін жеткілікті деңгейде қорғамайды. Мемлекеттік тіл формальды түрде ғана емес, іс жүзінде басымдыққа ие болуы тиіс».

Белгілі ғалым Досай Кенжетай бұл мәселенің құқықтық салдарына тоқталды:

«”Тең дәрежеде қолдану” формуласы мемлекеттік тілдің ерекше мәртебесін жойып, оның мазмұнын бос қалдырады. Егер екі тіл де барлық билік органдарында бірдей қолданылса, онда “мемлекеттік тіл” деген атау жай ғана декларация болып қалады. Мемлекеттік тіл нышан (символ) емес, құқықтық құрал болуы тиіс».

Ресми ұстаным және Геосаясат

Мемлекеттік қызметкерлер мен ресми тұлғалар бұл мәселеге геосаяси қауіпсіздік тұрғысынан қарайды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин жаңа құжатта қазақ тілінің басымдығы сақталғанын айтады:

«Жаңа Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені нақты жазылып, айқын бекітілген. Бізде бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі. Басқа мемлекеттік тіл жоқ. Мемлекетіміз барда ол ешқашан тұғырынан таймайды».

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса да тіл мәселесін ұлттық қауіпсіздік факторы деп санайды. Ол 2024 жылы азаматтық алу үшін қазақ тілінен емтихан тапсыру талабы енгізілгенін маңызды қадам ретінде атап өтті:

«Тіл мәселесі қауіпсіздік факторына айналды. Бүгінгі әлемде ол ішкі саясат аясынан шығып, геосаяси құрал мен ықпал ету тетігі болып тұр. Сондықтан бұл мәселеге біз байсалды байыппен, салмақты сабырмен қарауымыз керек».

«Азаттық» радиосының мәлімдеуінше, Мемлекеттік қайраткерлер мен кейбір сарапшылар тіл мәселесін Украинадағы соғыс және аймақтағы күрделі геосаяси жағдаймен байланыстырады. Депутат Ермұрат Бапи бұл мәселеге өте абай болу керектігін ескертеді:

«Дауылы дүлей қазіргі қатқыл халықаралық қатынастардың қоршауы мен тәртібі күн сайын қырық құбылған геосаяси әлемде біз бұл “пәленің” қатерінен сақтана білуіміз керек».

Баспагер Бақытжан Бұқарбай 2011 жылғы «138-дің хатын» еске ала отырып, бүгінгі жағдайдың әлдеқайда қауіпті екенін алға тартады. Оның айтуынша, Украинадағы соғысқа тіл мәселесі де cебеп болған. Сондықтан, 9-баптың қазіргі редакциясы – мемлекеттің бүтіндігін сақтау үшін жасалған стратегиялық қадам.

Тіл талқысы және полицияның «түсіндіру жұмыстары»

Тіл мәселесін көтерген азаматтардың полиция қысымына тап болғаны туралы ақпарат таралды. «Азаттық» радиосының дерегінше, 4 ақпанда Алматыда өткен баспасөз мәслихаты алдында белсенді Жарқын Күреңтаевты полиция ұстап кеткен. Сондай-ақ, журналист Дина Елгезек, белсенділер Жалғас Ертай мен Нұрсұлтан Орынбеков желідегі жазбаларынан кейін үйлеріне полиция келіп, «түсіндіру жұмыстарын» жүргізгенін мәлімдеді. Бұл қоғамда цензура туралы алаңдаушылық туғызды.

Партиялардың ұстанымы: «9-бап өзгермейді»

Парламенттегі негізгі саяси күштер («Аманат», «Ақжол», ҚХП, ЖСДП) Конституциялық комиссияның ұсынысын қолдап отыр.

Елнұр Бейсенбаев («Аманат»): «Комиссияның 99 пайыз мүшесі бұл жобамен келіседі. 9-бап әзірше өзгеріссіз қалады».

Магеррам Магеррамов (ҚХП): «Кез келген азамат өзі қалаған тілінде еркін сөйлей алады. Комиссия ұсынған нұсқаны партия толық қолдайды».

 

Статистика не дейді?

Халықтың бұл мәселеге бей-жай қарамайтынын цифрлар дәлелдейді. «Liter.kz» мәліметінше, 2026 жылғы 3 ақпандағы жағдай бойынша:

  • Конституциялық реформаға қатысты 4 000-нан астам ұсыныс түскен.
  • Оның 30-40%-ы тікелей мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға қатысты.
  • e-Otinish арқылы 1600-ге жуық өтініш тіркелді.

E-petition.kz порталында орыс тілінің ресми мәртебесін алып тастау туралы петиция қарқынды қол жинауда. Сонымен қатар, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау үшін қазіргі тепе-теңдікті қалдыруды сұраған қарсы өтініштер де бар.

9-баптың айналасындағы талқылау — тек тіл үшін күрес емес, елдің егемендігі мен ішкі тұрақтылығының сынағы. Бір тарап ұлттық мүддені алға тартса, екінші тарап геосаяси тепе-теңдікті сақтауды маңызды деп санайды. Мемлекет өкілдері 9-баптың өзгермейтінін кесіп айтқанымен, халықтың e-otinish және e-petition.kz арқылы жолдаған мыңдаған өтініштері бұл мәселенің әлі де күн тәртібінде қала беретінін көрсетеді. Петиция 50 000 қол жинаған жағдайда, бұл мәселе үкімет деңгейінде қайта қаралуы тиіс.

Назерке АҚБЕРДІ

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар