//

8 трлн теңгелік ұлттық жоба: көмір энергетикасы тапшылықты қалай шешпек?

60 рет қаралды

Фото: pixabay.com

Қазақстан үкіметі ұсынған 8 трлн теңгелік ұлттық энергетикалық жоба ірі инвестициялық бастама болумен қатар, елдің алдағы ондаған жылға арналған энергетикалық бағытын айқындайтын стратегиялық шешім ретінде қарастырылып отыр. Ресми мәлімдемелерде жобаның электр энергиясы тапшылығын жоюға және энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталғаны айтылғанымен, сарапшылар мен тәуелсіз бақылаушылар көмірге ұзақ мерзімді ставка жасаудың экологиялық, экономикалық және технологиялық тәуекелдеріне назар аударып отыр.

LSM.kz дерегінше, ұлттық жоспар 2026–2030 жылдарды қамтиды және негізінен көмірмен жұмыс істейтін жаңа электр станцияларын салу мен қолданыстағы нысандарды жаңғыртуға бағытталған. Жоспар аясында жалпы қуаты 7,6 гигаватт болатын алты ірі энергетикалық нысанның құрылысы қарастырылған. Олардың қатарында Екібастұз ГРЭС-3, сондай-ақ Курчатов, Көкшетау, Семей, Өскемен және Жезқазған қалаларында салынуы жоспарланған жаңа станциялар бар. Сонымен бірге Екібастұз ГРЭС-2 мен Ақсу МАЭС секілді ірі нысандарды техникалық жаңғырту көзделіп отыр.

Үкімет бұл жобаларды жүзеге асыруда тендерлік механизмді таңдаған. Kursiv.media жазуынша, эаңа электр станциялары инвесторлар арасында конкурс арқылы бөлінсе, қолданыстағы нысандарды жаңғырту инвестициялық келісімдер негізінде жүзеге аспақ. Билік бұл тетікті ашықтықты қамтамасыз етудің және жеке капиталды тартудың тиімді құралы ретінде сипаттайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көмір генерациясын дамытуға бағытталған бастаманы ұлттық жоба деңгейінде қарастыруды тапсырған.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов көмір энергетикасы алдағы жылдары да Қазақстанның энергия балансында негізгі рөл атқара беретінін бірнеше рет мәлімдеді. Оның айтуынша, электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын өсіп келеді, ал қолданыстағы генерацияның едәуір бөлігі моральдық әрі техникалық тұрғыдан ескірген. Осыған байланысты жаңа қуат көздерін іске қосу – энергетикалық қауіпсіздік мәселесі. Министр сонымен қатар жаңа жобалар «таза көмір» технологиялары негізінде жүзеге асырылып, экологиялық талаптар мен мониторинг күшейтілетінін атап өтті.

Алайда бұл жерде маңызды сұрақ туындайды: көмірге негізделген даму моделі Қазақстанның ұзақ мерзімді міндеттемелеріне қаншалықты сəйкес? Азаттық радиосының энергетика мен климат тақырыбындағы материалдарында көмір генерациясы экологиялық тұрғыдан ең проблемалы бағыттардың бірі ретінде жиі аталады. Сарапшылардың пікірінше, «таза көмір» технологиялары зиянды шығарындыларды белгілі бір деңгейде азайтқанымен, олар климаттық бейтараптыққа жеткізбейді.

Халықаралық тәжірибе бұл үрдістің өзектілігін айқын көрсетіп отыр: көптеген ел көмірден біртіндеп бас тартып, жаңартылатын энергия көздеріне инвестицияны ұлғайтуға көшкен. Ал Қазақстан жағдайында көмір генерациясының үлесі әлі де 50–60 пайыз шамасында қалып отыр. Үкімет мұны көмір қорының молдығымен түсіндіреді: ресми деректерге сәйкес, елдегі көмір қоры шамамен 33 млрд тоннаны құрайды және қазіргі тұтыну деңгейін сақтаған жағдайда жүздеген жылға жетуі мүмкін.

Алайда энергетикалық стратегия тек табиғи ресурс көлемімен шектелмейді. Ол экологиялық салдар мен экономикалық тиімділікті, сондай-ақ ұзақ мерзімді даму мақсаттарын да қатар ескеруге тиіс.

Экономикалық тəуекелдер де назардан тыс қалмайды. 8 трлн теңге – мемлекет үшін де, инвесторлар үшін де аса ірі сома. Бұған дейін Экибастұз ГРЭС-3 жобасының бірнеше рет іске аспай қалғаны белгілі. Сарапшылар мұны тарифтік саясаттың тұрақсыздығы жəне ұзақ мерзімді кепілдіктердің жеткіліксіздігімен байланыстырады. Мұндай жағдайда инвестициялық тəуекелдер түптеп келгенде электр энергиясының бағасына əсер етуі мүмкін, ал бұл халық пен бизнеске қосымша салмақ түсіреді.

Сонымен бірге билік аталған жобаны елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадам ретінде қарастырады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жаңа қуат көздері іске қосылған жағдайда электр энергиясы тапшылығы қысқарып, өнеркәсіп пен өңірлік экономика үшін тұрақты негіз қалыптасатынын айтады. Яғни, жоба алдымен жүйелік тапшылықты жоюды, содан кейін экономикалық өсімге жағдай жасауды көздейді.

Алайда тәуелсіз сарапшылар осы үдерістің екінші жағына назар аударады. Олардың пікірінше, көмір генерациясына ірі көлемде қаржы құю жаңартылатын энергия көздерін дамыту қарқынын баяулатуы мүмкін. Мұндай сценарий инвестициялық басымдықтардың көмір секторында шоғырлануына әкеліп, балама энергетиканың үлесін арттыруды кейінге ысырады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның халықаралық климаттық міндеттемелерін орындауына әсер етуі ықтимал.

Қорытындысында 8 трлн теңгелік ұлттық энергетикалық жоба – Қазақстанның энергетикалық болашағына қатысты күрделі әрі көпқырлы таңдау. Ол қысқа және орта мерзімде энергия тапшылығын азайтуға мүмкіндік бергенімен, экология, тарифтік саясат, инвестициялық тәуекелдер және ұзақ мерзімді даму мақсаттары тұрғысынан ашық әрі кең қоғамдық талқылауды талап етеді. Бастаманың тиімділігі тек салынатын станциялар санына емес, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығына және көмір генерациясының балама энергия көздерімен қаншалықты үйлестірілуіне байланысты болмақ.

Амина Мелдебек

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Заңгер Гүлмира Біржанова: Мемлекет БАҚ-ты қарсылас емес, серіктес әрі қоғаммен байланыстырушы құрал ретінде қабылдауы керек

сурет ашық дереккөзден алынды “Медиа қолдау” ұйымының жетекшісі, журналистер құқығын қорғаушы заңгер Гүлмира Біржанованың айтуынша, Қазақстандағы