Фото: жеке мұрағатынан
Алматының бір тыныш көшесіндегі шағын ғимарат сырт көзге аса назар аударта қоймайды. Бірақ есігін ашып кірген сәтте оның ішіндегі тыныс-тіршілік бірден сезіледі. Осынау шағын ғана ғимараттың ішінде күн сайын бірнеше тағдыр тоғысады. Бірі – баласының болашағына алаңдаған ата-ана, бірі – қоғамға бейімделуге талпынып жүрген бала, енді бірі – осының бәріне үнсіз тірек болып жүрген мамандар. Сол ортаның дәл ортасында өзі де осы жолды жүріп өткен, бірақ сөзі нық, көзқарасы анық басшы бар. Ол – «Мұзбалақ» қоғамдық қорының жетекшісі Армангүл Болатжанқызы.
Мұзбалақ – еркіндік пен қайсарлық символы
Орталықтың атауы кездейсоқ емес. Армангүл Нарынқол өңірінен шыққан. Сол жақта бүркіт тектес құсты «мұзбалақ» деп атайды. Бұл атау еркіндік пен қайсарлықты білдіреді. Сонымен қатар ақын Мұқағали Мақатаев та «мұзбалақ ақын» атанған. Бұл атаудың рухы – биікке ұмтылу, сынға мойымау.
Оңалту орталығының тарихы бір сәттік шешімнен емес, ұзақ уақыт ішінде пісіп-жетілген ойдан басталған. Армангүл сол идеяның нақты қай күні келгенін атай алмайды. Яғни «идея дәл сол күні туды» дейтін сәт болмаған. Алайда түрлі диагнозы бар балалардың тағдырын көре жүріп, бір сауал қайта-қайта мазалай берді: неге балаларды диагнозына қарай бөлу қажет?
Оның байқауынша, көптеген медициналық қызмет көрсететін орталық белгілі бір диагнозбен ғана жұмыс істейді. Бір жерден екіншісіне барған ата-ана әр жолы жаңа құжат жинап, тіркеу мәселесімен күреседі. Сол сәттерде көмек іздеген адам өзін құдды көмек емес, кедергі күтіп тұрған жүйенің ішінде қалғандай сезінеді. Сондықтан Армангүл Болатжанқызы ең алдымен сол ауыртпалықты азайтуды мақсат етті. Мұнда тіркеу талап етілмейді, мүгедектігі бар екенін растайтын құжат сұралмайды.
Идеяның тууы және орталықтың миссиясы
Орталық 2020 жылы жұмысын бастады. Қазіргі таңда мұнда 15 маман қызмет етеді. Ай сайын шамамен 30–40 бала көмек алады. Бұл көрсеткіш тұрақты емес: кей балалар бағдарламаны аяқтап шықса, олардың орнына жаңалары келеді. Үйден шығуы қиын балаларға орталық тарапынан қайырымдылық негізінде үйге азық-түлік жеткізіліп, гигиеналық заттар жіберіліп, қолдау көрсетіледі.
Армангүл Болатжанқызы осы қызметтің өміріне үлкен өзгеріс әкелгенін айтады. Бастапқыда таңдау ретінде басталған іс бүгінде кәсіби әрі жеке жауапкершілікке айналған. Әр баламен жұмыс істеу – сенімге негізделген үдеріс, сондықтан ол орталықтың дамуына уақытын да, жеке ресурстарын да аянбай жұмсап келеді.

Фото: жеке мұрағаттан
Армангүл Болатжанқызы «ерекше бала» деген атауды қолдануға аса құлықты емес. Оның айтуынша, бұл тіркес көбіне аяушылық ұғымымен астасып кеткен. Ал аяушылық баланың өмірге бейімделуіне көмектеспейді. Сондықтан орталықта балаларды мүмкіндігінше өздігінен әрекет етуге үйретуге мән беріледі: киіну, жүру, қарапайым тұрмыстық дағдылар – бәрі күнделікті өмірге қажет қабілеттер. Негізгі мақсат – баланың мүмкіндігін кеңейту. Ал шамадан тыс қорғау немесе артық күтім, керісінше, оның дербестігін шектеуі мүмкін. Армангүлдің пікірінше, балаға жанашырлық таныту маңызды, бірақ оны кәдімгі тұмысқа, шынайы өмірге дайындау одан да маңызды. Бала ертең ересек өмірге дайын болуы керек.

Фото: жеке мұрағаттан
Қоғамның ащы шындығы
Қоғамдағы көзқарас туралы сөз болғанда оның үнінен алаңдаушылық байқалады. Инклюзия туралы жиі айтылғанымен, бұл ұғымды толық қабылдау әлі де қалыптасу кезеңінде. Кейде түсінбеушілік, кейде артық жанашырлық, кейде қашық қабылдау көрініс береді. Кейіпкеріміз мұны қоғамдағы түсініктің біртіндеп өзгеріп жатқан үдерісі ретінде бағалайды. Қозғалысқа арналған арбаны қолданатын Армангүлдің өзіне бағытталған реакциялар да көп жайтты аңғартады: кей жағдайда адамдар қалай әрекет ету керегін білмей, тосылып қалуы мүмкін.
Сондықтан орталықтың негізін қалаушының пікірінше, өзгеріс тек инфрақұрылымнан емес, ең алдымен қоғамдық сананың қалыптасуынан басталады.
Орталық жұмысының маңызды бағытының бірі – ата-аналарға қолдау көрсету. Көп жағдайда ата-ананың ішкі күйзелісі баланың жағдайымен қатар өрбиді: белгісіздік, қорқыныш, үміт пен күмән алма-кезек ауысып тұрады. Мұнда ешкімге дайын нәтиже уәде етілмейді, өйткені әр баланың дамуы өз жолымен, өз уақытымен келеді. Бірақ осы кеңістікте ата-ана жалғыз қалмайды. Қуанышты да, күрделі сәттерді де бірге өткеру, бір-біріне тірек болу – осы жұмыстың табиғи әрі маңызды бөлігі.
Қызметтердің коммерциялануы
Армангүл ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін қызметтердің шамадан тыс коммерциялануына алаңдайды. Кейбір орталықтың бағасы көптеген ата-ананың мүмкіндігінен әлдеқайда жоғары болады. Үміттенген ата-ана кейде барлық ұсынысқа келіседі, ал күткен нәтижеге қол жеткізе алмаған жағдайда қосымша күйзеліске ұшырайды. Оның пікірінше, баланың жағдайы мен ата-ананың уайымын тек қызмет ретінде емес, үлкен жауапкершілік ретінде қарастыру маңызды. Сондықтан кәсіби этика мен шынайы мүмкіндікті ашық айту – мұндай жұмыстың басты қағидаларының бірі. Нәтиже әрдайым бірдей болмайтынын түсіндіру де көмектің бір бөлігі. Бұл қызмет тек физикалық емес, эмоциялық тұрғыдан да ауыр. Соған қарамастан Армангүл үшін тоқтауға себеп жоқ. Оны алға жетелейтіні – балалардың сенімі. Кішкентай емделушілерінің бірі орталыққа үш жасында келген. Сол балаға қарап, оның алдында тұтас өмір тұрғанын сезіну үлкен жауапкершілік жүктейді. Егер бала өз мүмкіндігін тауып, өмірге бейімделе алса – ең үлкен нәтиже де, ең үлкен қуаныш та сол.
Армангүлдің қайсарлығы оның өмір жолымен тығыз байланысты. Ол ерте жастан ата-анасынан айырылған: анасы дүниеге әкелген сәтте қайтыс болып, әкесі он бір жасында өмірден өткен. Соған қарамастан әкесінің берген тәрбиесі оның өмірлік тірегіне айналды. Әкесі оған қандай жағдай болса да мойымауды, адамның қоғамдағы орнын оның денсаулығы емес, мүмкіндігі мен талпынысы айқындайтынын үнемі айтып отырған.
Сол сенім оның бүгінгі табандылығының негізіне айналған. «Егер әкем маған сенім артпағанда, бәлкім бүгін мен өз жолымды табуым қиын болар еді», – дейді ол.
Тұрақты қаржы мен субсидия мәселелері
Қазіргі уақытта орталық үшін ең өзекті мәселелердің бірі — тұрақты қаржыландырудың болмауы. Мұндай мекемелердің жұмысы үздіксіз шығынды талап етеді: мамандардың еңбекақысы, жалдау ақысы, құрал-жабдықтарды жаңарту, балаларға арналған материалдар – бәрі тұрақты қаражатқа байланысты. Алайда мемлекеттік қолдау жүйелі түрде көрсетілмейді. Армангүл бірнеше рет жоба ұсынып, түрлі бағдарламаға қатысқанымен нәтиже әрдайым оң бола бермегенін айтады. Оның пікірінше, кей жағдайда мұндай үдерістерде нақты қажеттіліктен бөлек өзге факторлар да әсер етуі мүмкін. Орталық мемлекеттік сатып алулар мен тендерлерге де қатысады. Бірақ талаптардың күрделілігі, құжаттаманың көптігі және ірі ұйымдармен бәсеке шағын әлеуметтік орталықтарға едәуір қиындық туғызады. Соның салдарынан көптеген пайдалы бастама іске аспай қалуы мүмкін. Сонымен қатар жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы берілетін субсидиялық жұмыс орындарының жыл сайын қысқаруы байқалады. Бұл мамандарды тұрақты ұстап тұруды қиындатып, орталық жұмысының тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Соған қарамастан орталық жұмысын тоқтатқан жоқ. Негізгі тірек – жанашыр адамдардың қолдауы. Бірі мамандардың еңбекақысына көмектессе, енді бірі қажетті заттар жеткізеді, тағы біреулер үйден шыға алмайтын балаларға қол ұшын созады. Армангүл ірі қаражат сұрамайды – оның тілегі ең кемі бірнеше маманның тұрақты жалақысы қамтамасыз етілсе деген қарапайым қажеттілік. Орталық ұжымының бір бөлігін денсаулық ерекшелігі бар мамандар құрайды. Бұл ортада өзара түсіністік пен сенім айқын сезіледі: адамдар бірін-бірі артық түсіндірусіз-ақ ұғынады, қиын сәтте бір-біріне тірек болады. «Біз бір үлкен, тату-тәтті отбасымыз», – дейді жетекші.
Осы бір-бірін қолдай білетін ұжым – орталықтың басты күші. Мұнда қаржылық мүддеден бұрын ортақ мақсат, яғни балаларға қолайлы орта қалыптастыру мен олардың дербестігін арттыру ниеті алға шығады.
Ұжым мен болашаққа сенім
Армангүл ерекше қажеттілігі бар баласы бар ата-аналарға ең алдымен мойымауға кеңес береді. Оның пікірінше, мұндай жағдай – ата-ана үшін үлкен өмір мектебі. Орталыққа алғаш келген көптеген ата-ана өзін жаңа ортаға енді қадам басқан адамдай сезінеді: ақпарат көп, тәжірибе аз, ал жауапкершілік жоғары. Ол ата-ананың ішкі тұрақтылығы баланың дамуына тікелей әсер ететінін айтады. Ата-ана сенімді болса, бала да өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінеді. Сондықтан Армангүл өз әкесінің қолдауы туралы мысалдарды жиі келтіріп, ата-аналарға үміт беруге тырысады. Оның айтуынша, кейде бір адамның сенімі тұтас өмір бағытын өзгертуі мүмкін.

Фото: жеке мұрағаттан
Бүгінде ол алыс жоспар құруға асықпайды. Болашақты нақты болжау қиын екенін жақсы түсінеді. Бірақ бір үміті бар – қоғам біртіндеп өзгеріп, мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарас та жаңарады. «Бір күні демеушілер бізді өздері іздейтін орта қалыптасса екен», – дейді ол.
Әзірге Армангүл және орталық қызметкерлері күн сайын «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» сол шағын орталықта балалардың алғашқы қадамын бақылап, олардың өмірге бейімделуіне бар күшін салып келеді.
Амина Мелдебек
Парақшамызға жазылыңыз
