Фото авторы: Мейіржан Амангелдиев
Ол ақпаратпен дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының баспасөз қызметі бөлісті.
Италияның Милан–Кортина қалаларында өткен XIV қысқы Паралимпиада ойындары аяқталды. Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасы бір алтын және бір қола медальмен қорытындылады.
Наурыздың 6-15-сі күндері өткен додада Қазақстан құрамасы пара биатлон мен пара шаңғы жарысында бақ сынады. Италияда ел намысын 7 спортшы қорғады.
Атап айтқанда, ел намысын Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Юрий Березин, Владислав Кобаль, Анна Грачова және Нұрлан Әлімов қорғады.
Жарыс барысында Ербол Хамитов пара биатлоннан 4,5 шақырым із қуу сайысында топ жарып, Қазақстан қоржынына тарихи алтын медаль салды. Сонымен қатар ол пара шаңғы жарысында 1500 метрлік классикалық спринтте қола жүлдеге ие болып, ел мерейін үстем етті.
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы Марат Қасқырбаевтың айтуынша, ұлттық құраманың бұл жетістігі мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау мен параспортты дамыту бағытындағы бірлескен жұмыстың нәтижесі.
«Дайындық кезеңінде мемлекеттік қолдау аясында спортшыларға жан-жақты жағдай жасалды. Команда дайындығына кешенді медициналық топ тартылып, үздік қысқы базаларда халықаралық оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Сондай-ақ жаттығу процесіне Паралимпиада ойындарының бірнеше дүркін чемпионы, тәжірибелі халықаралық маман Роман Петушков консультант ретінде тартылды. Осындай бірлескен жұмыстың нәтижесінде ұлттық құрама мүшелері жоғары деңгейдегі бәсекеде лайықты өнер көрсетті», – деді ол.
Айта кетейік, Милан–Кортинада өткен XIV қысқы Паралимпиада ойындарына әлемнің 55 елінен 600-ден астам спортшы қатысты. Олар пара шаңғы жарысы, пара биатлон, пара хоккей, тау шаңғысы, пара сноуборд және арбадағы керлинг спорт түрлерінен 79 медаль жиынтығы сарапқа салды.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз
