/

Жетісу балығы: форель балығының тиімділігі

67 рет қаралды

Жетісу облысы – Қазақстандағы су қоры мол өңірлердің бірі. Соған қарамастан, соңғы жылдары аймақ өзендеріндегі балық қоры 30 пайызға дейін азайған. Осы түйткілді мәселені шешуге алғашқы қадам жасағандардың бірі – ихтиолог Мұрат Қасқарбекұлы.

Ол Жетісу облысында алғашқылардың бірі болып балық шаруашылығының негізін қалап, форель өсіру ісін қолға алған маман. 17 жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан кәсіпкер бүгінде уылдырықтан миллиондаған шабақ шығарып, оны тауарлық деңгейге дейін жеткізіп отыр.

«Бұл бизнесте мен демаламын»

Мұрат Сейтханов балық шаруашылығын бастамас бұрын ихтиология саласында көп жылдық тәжірибе жинаған. 2024 жылы жер сатып алып, Жетісу өңірінде алғашқы рет уылдырықтан форель өсіретін шаруашылық ашты.

Маманның айтуынша, Жетісудың суы Қазақстандағы ең таза әрі табиғи сулардың бірі саналады. Өзен-су мол болғанымен, ондағы балық санының азаюы оны қатты алаңдатқан. Сондықтан кәсіпкердің басты мақсаты – өзендерді қайтадан балыққа толтыру.

«Тегін, ешқандай ақысыз, Қазақстан азаматы ретінде Жетісу өзендеріне бір миллион форель шабағын жіберу – менің мақсатым», – дейді ол.

Мұрат мырза үшін бұл кәсіп тек табыс көзі емес. Оның айтуынша, балық өсіру – жанға тыныштық сыйлайтын сүйікті іс.

«Мен бұл бизнесте демаламын. Таза ауада, суда жүзіп жүрген балыққа қарап, бар шаршағаным басылады», – дейді кейіпкер.

«Жетісу балық» шаруашылығының бүгіні

Мұрат Сейтханов басқаратын «Жетісу балық» шаруашылығы 36 гектар жеке аумақта орналасқан. Мұнда ихтиолог Қалмахан Өткелбаев пен балық өсіруші Бекаділ Төлешов 570 текше метрлік бассейндер мен 4,5 гектарлық тоғандарда балықтың бірнеше түрін өсіріп отыр.

Қазіргі таңда шаруашылықта инкубациялық аппараттар арқылы 550 мың форель шабағы өсіріліп жатыр.

Сонымен қатар 60 мыңнан астам сазан, ақ амур және дөңмаңдай балығы да бапталуда.

Өндіріс барысында судың сапасы мен балықтардың күтімі мамандардың тұрақты бақылауында. Шаруашылық алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыруды көздейді. Жоспар бойынша 2026 жылы уылдырық санын 10 миллионға жеткізіп, бекіре тұқымдас балықтарды өсіру ісін қолға алу көзделіп отыр. Бұл — өңірдегі балық қорын көбейтуге бағытталған маңызды қадам.

Мемлекеттік қолдау

Балық шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдау да елеулі рөл атқарған. Кәсіпкер Жетісу облысының ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржылай көмек алған.

«Біз мемлекеттен 73 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау алдық. Бұл қаражат 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие ретінде берілді», – дейді шаруашылық басшысы.

Уылдырықтан басталатын өмір

Форель балығы шаруашылыққа дайын күйінде келмейді. Барлық процесс уылдырықтан басталады. Кәсіпкердің айтуынша, форельдің уылдырығы Түркиядан әкелінеді. Ол арнайы инкубациялық аппараттарға салынып, шамамен бір ай ішінде шабаққа айналады.

Қазір шаруашылықта бес инкубациялық аппарат тұрақты жұмыс істейді. Әр инкубаторға 100 мыңға дейін уылдырық салуға болады.

«Уылдырық келгеннен кейін бір ай инкубаторда тұрады. Одан кейін тағы бір ай бассейнде өседі. Клиенттер алдын ала тапсырыс береді. Бірақ екі ай бойы біз балықтарды бақылауымызда өсіреміз», – дейді Мұрат Сейтханов.

Шабақтар дайын болған кезде арнайы құрал арқылы нақты саналып, тапсырыс берушілерге беріледі. Қазір өсіріліп жатқан балықтардың басым бөлігі алдын ала сатылып қойған.

«Мысалы, клиент 40 мың балық алса, соның бәрін дәл есептеп тапсырамыз. Мұнда шамамен 33 мыңдай балық жатыр, олардың нақты санын жақсы білеміз», – дейді шаруашылық иесі.

Хан балықтың бабы: температура мен су сапасы

Балықтың өсуі ең алдымен су температурасына байланысты.

«Балық жеммен емес, температурамен өседі», – дейді Мұрат мырза.

Форель үшін ең қолайлы температура – 14–16°C. Егер су тым суық болса, балық өлмейді, бірақ өсуін тоқтатып, ұйқы режиміне көшеді. Яғни су түбіне түсіп, қозғалысын азайтады.

Сонымен қатар жабық бассейндерге қарағанда, табиғи ағын суы бар ашық тоғандарда балықтар әлдеқайда тез салмақ қосады. Күн жылынған сайын олардың өсу қарқыны да арта түседі.

Форель – шаруашылықтағы ең бағалы әрі сұранысы жоғары балық түрі.

«Біз форельді «хан балық» деп атаймыз. Бұл – ең дәмді әрі ең қымбат балықтардың бірі», – дейді Мұрат Сейтханов.

Ал балық өсірудегі басты қиындық та, басты артықшылық та – су.

«Зертханашылар біздің суды көріп, «мұны балыққа емес, адамдарға сату керек» деп әзілдейді», – дейді кейіпкеріміз мақтанышпен.

«Балық өсірген адам тезірек байиды»: мал шаруашылығынан несімен тиімді?

Балық өсірудің тиімділігі туралы айтқанда, кәсіпкер бұл саланы мал шаруашылығымен салыстырып түсіндіреді. Оның пікірінше, балық шаруашылығы табысқа әлдеқайда жылдам жеткізеді.

Мал бағу үшін жем-шөп, жайылым, көп еңбек қажет болса, балыққа ең бастысы – таза су мен жеткілікті оттегі. Мысалы, 50–100 граммдық шабақты сатып алып, он ай бойы өсірсе, ол 350–400 граммдық тауарлық балыққа айналады.

Экономикалық тұрғыдан бұл өте тиімді. Кәсіпкердің айтуынша, шамамен 20 мың балықтан түсетін табыс 60 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал оның шығыны шамамен 10 миллион теңге шамасында ғана болады.

Жетісу өңірінде өсірілетін балыққа шетелдік нарықта да сұраныс бар. Әсіресе Еуропа елдері 400 граммға дейінгі форельді көбірек сатып алады. Себебі балық іріленген сайын майланып, дәмдік қасиеті өзгеруі мүмкін. Сондықтан жергілікті шаруашылықтар балықты осы стандартқа сай өсіріп, экспортқа шығаруға ұмтылады.

Қиындықтар

Дегенмен, бұл саланың қиындықтары да бар. Соның ең бастысы – жем мәселесі. Қазақстанда балық жеміне сұраныс аз болғандықтан, ол ел ішінде өндірілмейді. Сол себепті кәсіпкерлер сапалы жемді Иран мен Польша сияқты елдерден алдыруға мәжбүр. Бұл өнімнің өзіндік құнын арттырып, логистикалық қиындықтар туғызады.

Балыққа берілетін жемнің де ерекшелігі бар. Ол су бетінде қалқып тұруы тиіс. Себебі балықтар су түбіне батқан жемді жемейді, тек су бетінде қалқып тұрған жемді қағып алады.

Тағы бір күрделі мәселе – су инфрақұрылымы. Шабақтарды өсіру үшін скважинадан алынатын өте таза су қажет. Алайда жер астынан су шығару процесі айтарлықтай қымбат. Бір ғана скважина қазу үшін шамамен 70–80 миллион теңге қажет.

Болашаққа көзқарас

Кәсіпкердің 2026 жылға арналған жоспары ауқымды. Ол форель уылдырығының санын 10 миллион данаға жеткізіп, бекіре тұқымдас балықтарды өсіруді бастауды көздейді.

Сонымен қатар ол осы салаға жастардың көбірек тартылғанын қалайды. Оның пікірінше, жас буын ихтиология ғылымын терең меңгеріп, балық шаруашылығын заманауи технологиялармен дамытса, еліміздің экспорттық әлеуеті де арта түседі.

Өзен-көлдерді балыққа толтырып, еңбектің нәтижесін қысқа уақытта көруге мүмкіндік беретін бұл сала – жас мамандар үшін үлкен мүмкіндік алаңы.

Назерке Ақберді

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Айзат Рақыш: Марқакөл монологы  (әңгіме)           

                                                                     Туған өлкем – Марқакөліме арнаймын.                                                                                                          Автор Жазғы мөлдір аспан маған телміріп, мен көкке емініп,