«Шығармашылық адамның еңбегі назарға ілігіп, жас ұрпақ, жаңа буын ортасында талданып, талқылауға түсіп, сараланып, сарапталып жатса ол да бір ғанибет. Менің шығармаларым жөнінде осындай бір келелі шараны ұлағатты ұстаз Сәкен Тілеубаев мырза ҚазҰУ-дың филология факультетінде 3-курс студентері, білікті ғалымдар мен белгілі ақындардың қатысуымен өткізбек екен. Соған ырза болғаным сондай алдын ала алғысымды айтқым келді» деп филология мамандығының 3-курс студенттерінің дайындаған шақыруын салып едім. Бүгін сол іс-шара факультеттің Дүкенбай Досжанов аудиториясында мен үшін ғылыми маңызы жоғары деңгейде өтті.
Студенттердің менің туындыларымды поэзия және прозалық екі бағытта саралап, әдебиет зерттеушісі ғалым ретінде әр қырынан талдап, шығармаларымның ішкі болмыс-бітіміне тереңдей үңіліп, салиқалы ой қорытулары тәнті етті. Жас әдебиетшілердің әдебиет теориясын, әдеби шығармаларды зерттеу әдіс-тәсілдерін меңгерудегі талантты талаптары мені қуантты.
Баяндамашылардың тақырыпты терең меңгергенді, зор еңбектің нәтижесі, білім деңгейлерінің, білуге деген құштарлықтары, аудиторияда өзін батыл да еркін ұстап, салмақты сөз саптаулары жас зерттеушілердің жарқын болашағына, ертеңгі күні шын жақсы әдебиет маманы болып шығатынына риясыз сенген сенімді шыңдай түсті. Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін» деген асыл сөзінің айнымастығына куә болдым.

Шығармашылық кешті «Көк теңіздей шалқыған» деп менің Ту атты өлеңімнің бір жолымен атағандығының өзі жүрекке жылы сезіледі. Шығармашылық кеш екі сағат бойына тартымды да шырайлы, жылы жағдайда өтті. Кешті ҚазҰУ-дың «Қазақ әдебиет және әдебиет теориясы» кафедрасының меңгерушісі Самал Дәрібайұлы ашып, профессорлар Зұфар Сейтжан, Досымбек Қатыран, Ерболат Байыт, Есенгүл Кәпқызы, деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шоқан Шортанбайұлы қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
Бұл ғылыми шараны ұйымдастырушы ұлағатты ұстаз Сәкен Тілеубаев мырзаға, ҚазҰУ-дың филология факультетінде 3-курс студентеріне шын жүректен алғысымды айтамын. Бақытбек Бәмішұлы
Парақшамызға жазылыңыз
