//

Еріктілер: Бұл — жануарларға қарсы агрессияның өршуіне әкелетін заң

74 рет қаралды

Мәжіліс “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заңға өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады. Ол бойынша ауланған бұралқы иттердің ұстау мерзімі бес күн болмақ, иесі болуы мүмкін жануарлар үшін — 60 күн. Бұл мерзім аяқталған соң иттерге эвтаназия жасалмақ. Жануарлар құқығын қорғаушылар мен қамқоршылық ұйымдары бұл заң жануарларға жасалған қастандық болмақ деп есептейді. 

Жаңа өзгерістер

Қолданыста болған заңға сәйкес, бұған дейін панасыз ит пен мысықтар ауланған соң вакцинация мен стерилизациядан кейін бұрын жүрген жеріне қайтарылатын. Тек агрессивті, кинологтың тексерісінен өтпеген иттерге ғана эвтаназия қолданылып келген. Бірақ мәжіліс депутаттары өркениетті әлем елдерінде қолданылатын бұл гуманды тәжірибені тиімсіз деп тапты. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, ұсталған иттерді қайтадан ортаға қайтару олардың санын азайтпайды.

Сонымен қатар жаңа өзгерістерге сәйкес, ит мен мысықтарды міндетті чиптеу енгізілді.

“Өйткені бұралқы ит мәселесінің едәуір бөлігі шын мәнінде көшеден емес, біреудің: ауласынан, үйінен, шаруашылығынан басталады. Итті: «бала үшін», «күзетке», «саяжайға», «аулаға» алады. Ал кейін көшеге тастайды; қараусыз бос жібереді, есепке қоймайды, сәйкестендірмейді, ал қайғылы жағдай туындағанда: «Бұл менің итім емес» дейді. Міне, сондықтан міндетті чиптеу — жай ғана техникалық талап емес. Бұл — иесін анықтайтын, жауапкершілікті бекітетін, қоғам алдындағы міндетті нақтылайтын құқықтық құрал”, – деді Жаңбыршин. 

Еріктілер не дейді?

Осы тұста жануарлар баспанасындағы жағдаймен танысып, сала мамандарының мәселеге қатысты пікірін cұрап көрдік.

Таңғы сағат онның шамасы. Алматыдан 40 шақырым жердегі Мыңбаев ауылына келіп жеттік. Ауылдың шеткері тұсында орналасқан DOS жануарлар баспанасы алыстан-ақ көзге түседі. Темір қақпаның ар жағында талай тағдыр, талай үнсіз мұң жатқандай…Қақпа ашылған сәтте бізді баспананың қызметкерлері мен еріктілері жылы жүзбен қарсы алды. Ал олардың жанында бұл жердің төрт аяқты тұрғындары жүгіріп жүр. Алдымда тұрған екі ит құйрықтарын бұлғаңдатып, бір орында тұрмайды. Біресе әрі айналып, біресе бері жақындай түсіп, бізбен ойнағысы келетіндей. Бұл жерге адамдар жиі келе бермейді. Содан болар, мұндағы әр жануар үшін әрбір қонақ жай ғана адам емес, бәлкім жаңа үміт, жылы мейірім.

Баспанадағы жануарлардың күнделікті күтімі мен ем-домына жауап беретін қызметкерлердің бірі София. София Харламова ҚазҰАЗУ-да мал дәрігері мамандығын бітірген. Жануарлармен жұмыс істеп жүргеніне шамамен биыл жеті жыл. София бала күнінен қараусыз жануарларды үйіне әкеліп, қамқор болатын. Жылдар өте бұл жанашырлық оны жануарлар баспанасына әкелген. Алғашында мұнда ол небәрі бес күнге ерікті ретінде келеді. Алайда осы уақыттың ішінде жануарларға бауыр басып, бұл жерден кеткісі келмейтінін түсінген. Айтуынша, жануарларға тек медициналық көмек емес, кейде жай ғана мейірім қажет. “Жанында отырып, еш қауіп жоғын көрсету керек”, — дейді ол.

София Харламова

Баспананы аралап жүріп, бір вольердің ішінде бір-бірін қуалап ойнап жүрген үш марғауды байқап қалдық. Сырттай қарасаң, “тетелес туған бауырлар” дерсің. Бірақ үшеуі үш түрлі уақытта, үш түрлі жерден табылған. Мұнда келіп, бір-бірін тауып, “бір үйдің балаларындай” болып кеткен көрінеді. Бір кезде София қасындағы қылдырықтай ғана қара мысықты нұсқап, “мынау ФИП-пен ауырған” деді. Бұл вирустық сипаттағы “жұқпалы перитонит” ауруы. Вирус көбіне марғауларға жұғып, көп жағдайда емделмеуі мүмкін.  «Қазір емделді, тек кішкентай болып қалды. Ол біздің кішкентай тұрғынымыз», — деді София әлгі марғаудың басынан сипап. 

Жануарларға қатысты қоғамда стереотип көп. Соның ең кең тарағаны — көшедегі жануарлардың көбеюіне олардың өзі кінәлі деген түсінік. Ал көбейген жануарларды үкімет эвтаназия жасау арқылы азайтпақ. Алайда София Харламова мұнымен келіспейді. Оның сөзінше, мәселе — адамдардың жауапсыздығында.

«Эвтаназияны қолдайтын заңдарға келісім беріп жатқан адамдар көбіне өз әрекеттерінің салдарын толық түсінбейді деп ойлаймын. Қараусыз қалған жануарларға стерилизация жасау қажет, өлтіру мәселені шешпейді. Заң адамдарға да, жануарларға да мүмкіндігінше гуманды тұрғыдан жазылуы тиіс», — деді ол.

Қазақстанда жануарларға қатысты заңнамалар сонау 2019 жылдан бері талқыланып келеді. 2019 жылы желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа француз актрисасы Бриджит Бардо хат жолдап, қараусыз жануарларды өлтірмей, стерилизациялауды сұраған еді. Президент хатқа жауап беріп, “біз өзімізді мейірімді ұлт ретінде көрсетуіміз қажет” деген.

2020 жылы сол кездегі ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жануарларға қатыгездік жасағаны үшін қылмыстық жазаны күшейтуді ұсынды. Себебі қылмыстық кодексте айыппұл, қоғамдық жұмыс немесе әкімшілік қамау ғана қарастырылған. Бірақ бұл әлі күнге дейін тек ұсыныс күйінде қалып отыр. Ал қолданыста болған “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң 2021 жылы қабылданып, 2022 жылы күшіне енді. Бірақ бірер жылдан кейін белсенділер оның іс жүзінде жұмыс істемейтінін айта бастады.

Олардың дерегінше, талқылауға қоғамдық ұйымдар мен заңгерлер қатыстырылмаған. 2024 жылдың қаңтарында сенат депутаты Бибігүл Жексенбай, Ғалиасқар Сарыбаев және Амангелді Төлемісов Астанадағы жануарлар баспанасына барған іссапардан кейін заңға қайтадан өзгерістер енгізуді ұсынды. Қараусыз қалған жануарларға эвтаназия жасау соның бірі еді.

Бірер айдан кейін ұсынылған түзетулерге қатысты қазіргі Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пікір білдірді. Ведомство басшысының айтуынша, қолданыстағы заң қажетті деңгейде жұмыс істемейді. Салдарынан, көшедегі жануарлардың саны азаймаған. Министр эвтаназия әлем елдерінің тәжірибесінде көп кездесетіндіктен елдің имиджіне әсер етпейді деген. Заңнама талқылана бастағаннан-ақ белсенділер митиңге шығып, петиция да құрды. Бірақ министрлік оны қабылдамады. Жануарлардың құқығын қорғаушы әрі заңгер Лилия Сарсенова депутаттардың “эвтаназия” деп нақты нені меңзегені де бұлыңғыр дейді. Сарапшының айтуынша, бұл өзгерістер жауапсыздық пен жануарларды жаппай қыруға алып келеді.

«Біз заңға жануарлардың адамдарға шабуылдауын алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды ғана енгізуді ұсындық. Атап айтсақ, иесінен ерекше жауапкершілік талап ететін ит тұқымдарын міндетті түрде дұрыстап тәрбиелеу, жануарларды көбейту мен айналымға өтуін (сату, сыйға беру және т.б.) бақылау сияқты ұсыныстар болды. Алайда депутаттар белсенділердің ұсыныстарын елемеді. Иесі аулау пунктіне тапсырған жануарға 5 күннен кейін эвтаназия жасалуы керек дейді. Бірақ Азаматтық кодекстің 246-бабына және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға сәйкес жануар ұсталған күннен бастап екі ай өткен соң ғана мемлекеттің меншігі айналады. Алайда олар түрлі негіздер тауып, өздері шешім қабылдамақ. Көпшілікке “адамға немесе жануарға орташа ауырлықтағы зиян келтірген иттерге эвтаназия жасау” деген жері де түсініксіз. Зиянның ауырлық дәрежесін кім анықтайды?» — дейді Лилия Сарсенова.

Президент әкімшілігінің Парламентаризм институтындағы «Болжау, әлеуметтік-экономикалық талдау және статистика» орталығының директоры Асқар Бектенов Kazinform сайтына берген сұхбатында жаңа ұсыныстардың жануарлардың көшеде қалу мәселесін шешуге бағытталғанын айтады. Дей тұрғанмен көшедегі жануарларды жаппай ұстап, эвтаназия жасау ұзақ мерзімде перспективті шешім бола алмайтынын да жасырмайды. Себебі ұсталған жануарлардың орнын басқа жануарлар басады. Ал бұл өз кезегінде, бюджеттің қайтадан шығындануына әкелері сөзсіз. Сарапшы, “Соседи по планете” бағдарламасының авторы Наталья Уголькова бұл заң жобасын “қаңғыбас ит-мысықтарды атуды заңдастыру ғана емес, жауапсыз адамдардың қажетсіз болған жануарларын өлімге қиюын қуаттау” деп бағалайды. 

Наталья Уголькова. Фото жеке парақшасынан

«Эвтаназия қазіргі қолданыстағы заңда бар. Бірақ ол тек жануар ауыр жарақат алған кезде, емделмейтін ауруға шалдыққанда, тіршілік функцияларын дәрі-дәрмек арқылы тоқтату керек болғанда немесе айналаға нақты қауіп төндірсе қолданылуы мүмкін. Дені сау ит-мысықтарды өлтіру — эвтаназия емес. Бұл — зоофашизм. Ол ешқандай мәселені шеше алмайды. Керісінше, жануарларға деген агрессия мен зорлық-зомбылықтың өршуіне әкеледі», — дейді сарапшы.

Елде Астана, Алматы және Шымкент қаласында орналасқан үш ірі ит-мысықтарды аулау орталығы бар. Олар негізінен жабық түрде жұмыс істейді, тіпті еріктілер де жануарлардың жағдайларын тексеру үшін бұл жерге кіре алмайды. Кейде адамдар аулау қызметі мен уақытша пана ұсыну үшін аулайтындарды шатастырып жатады. Мұндағы айырмашылық — біріншісі жануарларды өлтіріп, екіншісі жаңа өмір сыйлайтынында. Арсен Кабденов — Алматыдағы иесіз қалған жануарларға уақытша пана болатын баспанада ерікті. Олар иесіз жануарларды аулап, баспанаға орналастырады. Ол жақта ит-мысықтардың жарақаттарын емдеп, тамақтандырып, әлеуметтік желілер арқылы жаңа иелерін іздестіреді. Арсен Кабденов эвтаназияны міндеттейтін жаңа ұсынысқа түбегейлі қарсы. Айтуынша, мұндай тәсілдің қаншалықты гуманды екенін бағалау қиын. Сондықтан ол бұл мәселеге қатысты басқа елдердің тәжірибесін қарау керек дейді.

Арсен Кабденов

«Мысалы, Германияда бұрын қаңғыбас жануарлардың шамамен 70-80 пайызына эвтаназия жасалатын болған. Алайда жаңа бас ветеринар қызметке келгеннен кейін бұл көрсеткіш 5-10 пайызға дейін төмендеген. Олар жүйені былай реттеген: құтқару мүмкін емес жануарларға ғана жаны қинамалсын деп дәрі салады. Ал қалғандарын егер ол өз бетінше өмір сүре алса, өзі тамақтана алса, дәретке бара алса, жүгіріп, қуана алса — үш аяқты, бір көзді болса да өлтірмейді. Менің ойымша, ең гуманды жол — осы», — дейді Арсен Кабденов.

Халықаралық тәжірибеде жануарлар мәселесін реттеудің бірнеше негізгі моделі бар: баспанада белгілі бір уақытқа дейін бағып, кейін эвтаназия жасау; стерилизация жасап, қайтадан табиғи ортасына жіберу; жаңа иесін табылғанға дейін баспаналарда ұстау; микрочип тағу.

Мысалы, АҚШ-та муниципалдық баспаналар кез келген қараусыз ит-мысықтарды қабылдауға міндетті. АҚШ негізінен жануарлар мәселесін асырап алу бағдарламаларын дамыту арқылы шешуді құп көреді. Ал эвтаназия мұнда тек басқа шешім қалмағанда ғана қолданылады.

ASPCA немесе «Жануарларға жасалатын қатыгездіктің алдын алу жөніндегі америкалық қоғам» — әлемдегі ең ірі әрі көне жануарларды қорғау ұйымдарының бірі. Ұйым жануарларды қорғау заңдарын реттеп, баспаналардың жұмысын дамыту, стерилизация бағдарламаларын жүргізу және жануарларды асырап алу мәдениетін насихаттаумен айналысады. 2024 жылғы ASPCA деректеріне сәйкес, АҚШ-тағы жануарлар орталығы мен баспаналарға шамамен 5,8 миллион ит пен мысық келіп түскен. Соның ішінде 4,2 миллионы жаңа иелерін тапса, 607 мыңына эвтаназия жасалған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2 пайызға төмен.

Азия елдерінің ішінде Жапония эвтаназияны барынша азайтуға бағытталған саясат жүргізіп отыр. Japan Today басылымының жазуынша, мұнда 1974 жылы 1 миллионнан аса ит-мысыққа эвтаназия жасалса, 2022 жылы көрсеткіш 11 мыңға жеткен. Бұған 1973 жылы қабылданған “Жануарлардың әл-ауқаты және оларды басқару туралы” заң ықпал етіп отыр. Аталған заң жануар иелерін тиісті күтім, сапалы азық және жайлы орта ұсынуға міндеттейді. Жануарларды қасақана азаптағандар айыппұл төлеп, түрмеге кесіледі.

Еуропа елдерінде де қаңғыбас жануарларға қатысты саясат қатаң құқықтық нормаларға негізделген. Мысалы, Бельгияда үй жануарларын көшеде тастап кеткендер бір айдан үш айға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 52 еуродан 2000 еуроға дейін ($56 -$2169) айыппұл төлеуі тиіс. Екінші рет жасағандар үш жыл ішінде бұдан екі есе көп төлеуге мәжбүр болады. Ал жануарға қатыгездік көрсеткендерге 12 500 еуро айыппұл төлеу міндеттелген. Германияда жануарларын баспанаға өткізгендер шығындардың бір бөлігін жабу үшін жыл сайын 400 миллион еуро салық төлейді. Питбуль не алабай сияқты агрессивті ит тұқымдарын асырап алғысы келетіндер арнайы дайындықтан өтуі керек. Егер ол біреуді қауып алар болса, иелері лицензияларынан айырылады. Ал иттер баспаналарға жіберіліп, өмірінің соңына дейін сол жерде тәрбиеленеді. Францияда үй жануарларын тастап кету заңбұзушылық деп саналып, үш жылға бас бостандығынан айыру және 45 000 еуро айыппұлмен жазаланады. Жалпы алғанда, халықаралық тәжірибеде жануарлар мәселесін шешуде эвтаназияға емес, стерилизация, бақылау жүйесін дамыту және жауапты иелік ету мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілетіні байқалады.

 Дарын Утепов,  Жұлдыз Бекмахан, Балнұр Жақсылық

SDU Журналистика мектебінің 2-курс студенттері

Суреттерді түсірген авторлар



Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар