2026 жылғы 13 сәуірде Талдықорғанда сот Қытайға қарсы наразылық акциясына қатысқан “Атажұрт” қозғалысының белсенділері мен олардың жақтастарына үкім шығарды. Сот “ұлтаралық араздықты қоздыру” бабы бойынша айыпталған 19 адамның барлығын кінәлі деп таныды.
Айыпталушылардың 11-і бес жылға бас бостандығынан айырылса, қалған 8 адамның бостандығы 4 жыл 8 айдан 5 жылға дейін шектелді. Сонымен қатар, барлығына үш жыл мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынды. Кәмелетке толмаған балалары бар екі әйелдің жазасы кейінге қалдырылды. Сотталғандардың қатарында “Атажұрт” ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан да бар. Ол бес жылға түрмеге кесілді. Оның қарындасы, ұйымның заңгері Нәзигүл Мақсұтхан 4 жыл 8 айға бостандығын шектеу жазасын алды.
Қылмыстық іске не себеп болды?
Бұл іс 2025 жылғы қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында өткен наразылық акциясынан кейін қозғалды. Белсенділер Қытай саясатына қарсылық білдіріп, Қытай туы мен Си Цзиньпин портретін өртеген. Наразылар Шыңжаңдағы “саяси қайта тәрбиелеу лагерлерінде” қамалған қазақтарды босатуды, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимді жоюды талап етті. Сонымен қатар, Қытайда ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды сұрады. Осы оқиғадан кейін полиция 20-ға жуық адамды ұстап, бастапқыда әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Кейін олардың ісі Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша қайта қаралып, қылмыстық іс қозғалды. Айыптау актісінде белсенділер “ұлттық алауыздықты қоздыру және қытай ұлтының ар-намысын қорлау мақсатында әрекет етті” деп танылды.
Оқиға барысына үңілсек, 2025 жылғы 12 қарашада тіркелмеген “Атажұрт” ұйымының мүшелері Алматы облысындағы Шонжы ауылына демалысқа барған. Оларды Қытайдағы “қайта тәрбиелеу лагерінен” шыққан Нұрлан Көктеубайұлы шақырған. Ол лагерьден босауына және кейінгі қолдауға “Атажұрттың” көмегі тигенін айтып, алғыс ретінде белсенділерді жинаған. Бұл жиынға Гүлдария Шеризат та қатысқан. Оның күйеуі Әлімнұр Тұрғанбайды 2025 жылдың шілдесінде Қытай шекарасында ұстап, содан бері қамауда жатыр. Демалыстан кейін, 13 қарашада, Гүлдария Шеризат белсенділерге күйеуінің дәл осы маңдағы шекарадан өткенін айтып, сол жерде видеоүндеу жасауды ұсынған. Осыдан кейін бірнеше көлікпен жиналғандар Шонжыдан 70 шақырым жердегі Қалжат шекарасына барған. Олардың арасында “Атажұртқа” қатысы жоқ адамдар да болған, олар акцияны сырттай бақылаған. Сол күні полиция 19 адамды ұстап, 12-сін әкімшілік қамауға алып, 7 адамға айыппұл салған. Кейін бұл іс “ұлтаралық араздықты қоздыру” бабы бойынша қылмыстық іске ұласып, 19 адамның барлығы күдікті деп танылған.
Құқық қорғаушылар не дейді?
“Азат Еуропа/Азаттық” радиосы Қазақстандағы адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Евгений Жовтиспен сұхбаттасқан еді. Жовтис сот үкімін таза саяси іс деп бағалайтынын айтады. Оның пікірінше, 174-бап (“Ұлтаралық араздықты қоздыру”) бұл жағдайда қолданылмауы тиіс, себебі акция Қытай азаматтарына емес, сол елдің билік органдары мен саясаттарына бағытталған. Жовтистің айтуынша, құқықтық тұрғыдан негіз жоқ: тек ту өртеу оқиғасы бар, бірақ Қазақстан заңында басқа елдің рәмізін қорлау үшін жауапкершілік қарастырылмаған. “Қазақстандық баптар бойынша мұндай әрекет әдетте айыппұл немесе бостандығын шектеу түрінде жеңіл жазаға әкеледі. Сол себепті “Атажұрт” белсенділерінің ісі ең көп дегенде ұсақ бұзақылық деңгейінде қаралуы керек еді”,- деп мәлімдеді.
Айта кетсек, құқық қорғаушылар акцияның саяси астары бар деп санайды: ту мен Си Цзиньпиннің суретін өртеу Қытай халқына емес, биліктің саясатына қарсы бағытталған. Amnesty International, Human Rights Watch және АҚШ Конгресінің өкілі Джеймс Макговерн белсенділерді босатуға шақырған.
Сот отырысы қалай өтті?

19 адамның ішінде 1 күдікті қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтқан, сол өтінішінің әсерінен сот отырысы жабық өтті. Қалған 18 адамның сот отырысы ашық өтсін деген өтініштері қарастырылмады. Және осы жағдайға Евгений Жовтис пікір білдірген еді. Оның пікірінше, азаматтық және саяси құқықтар пактінің 14-бабына сәйкес, сот процесі ашық болуға тиіс. Жабу тек ерекше жағдайларда – мемлекеттік құпия, жеке өмір немесе кәмелетке толмағандарға қатысты істерде ғана рұқсат етіледі. Басқа жағдайларда үкімдер жариялануы қажет. Егер айыпталушы БАҚ қатысуын қаламаса, сотты толық жабу дұрыс емес — қоғам әділдік қалай жүзеге асатынын көре алмайды. Қылмыстық процесс бастапқыда жария болуы тиіс; жеке қауіп немесе түсірілмеу құқығы қоғамдық мүддеден басым болмауы керек. Қазіргі жағдайда соттар жиі жабық өтіп, “тергеу құпиясы” желеуімен шектеулер асыра қолданылып отыр. Мемлекеттік құпия болса да тек сол бөлігі ғана жабылуы тиіс дейді.
Айсұлу Даңғылқызы
Парақшамызға жазылыңыз
