19 сәуір күні Алматы қаласында тоғызыншы рет ұйымдастырылған Almaty Half Marathon іс-шарасы өтті. Осы жылы додаға әлемнің 44 елінен 10 мыңнан астам адам қатысып, марафон шетелдік қатысушылар саны бойынша рекорд жаңартты.

«Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған жартылай марафон әр жыл сайынғы дәстүр түрінде Қазақстандағы жүгіру маусымының ашылуын білдіреді. Биыл жарысқа шетелден 800-ден астам желаяқ арнайы келіп, тоғыз жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Жалпы қатысушылардың шамамен 8 пайызын шетелдік спортшылар құрады. Жарыс қатысушыларының географиялық картасы жыл сайын кеңейіп келеді. Биыл ең көп қатысқан шет елдер қатарында Ресей (346), Қырғызстан (146) және Өзбекстан (81) бар. Олардан бөлек Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Украина және Беларусь елдерінен де спортшылар бақ сынаған болатын. Жарыс Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка мен Таяу Шығыс елдерінен келген қатысушыларды біріктіріп, Алматының халықаралық алаңдағы жүгіру орталығы ретіндегі мәртебесін айқындай түсті.
«Спорттық туризм – қаланы халықаралық деңгейде танытудың тиімді құралдарының бірі. Жүгірушілер көбіне жалғыз келмейді, олармен бірге отбасы мүшелері мен достары да келеді. Бұл өз кезегінде туристер ағынын арттырады. Көптеген шетелдіктер үшін бұл жарыс Қазақстанмен алғашқы таныстыққа айналып, біздің елімізге қайта келуіне себеп бола алады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, өзге қалалардан және шетелден келген қатысушылардың 79,3 пайызы Алматыға қайта оралуды жоспарлап отыр», – деді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.

Рекордтан бөлек, ұйымдастырушылар жарыс кезінде экологиялық талаптарды сақтауға ерекше мән берген. Атап айтқанда, бір реттік материалдарды қолдану қысқартылып, старттық жиынтықтағы баспа өнімдерінен бас тартылған. Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын жергілікті компаниялармен серіктестік орнатылған. EcoNetwork ұйымы мәреде арнайы экологиялық аймақ ұйымдастырып, жарыс бағыты бойында пластик қалдықтарды жинауды қамтамасыз ете алды. Жиналған қалдықтардың барлығы жақын арада қайта өңдеуге жіберіледі. Әлеуметтік бастамалар да назардан тыс қалмады. Сөре алдында қатысушылар қажетсіз, бірақ жарамды жылы киімдерін қалдырып, олар «Жылу» жобасы арқылы мұқтаж жандарға таратылды.
Биылғы марафон қатысушылар үшін қолжетімді әрі жайлы бола алды. Мәреге жету аймағында ана мен бала бөлмесі қарастырылып, қосымша санитарлық тораптар орнатылды. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған арнайы инфрақұрылым жасақталды. Бұл тәжірибе Қазақстандағы жүгіру жарыстары арасында алғашқылардың бірі болып жүзеге асты. Осылайша, осы жылы өткізілген Almaty Half Marathon іс-шарасы қайырымдылық пен экология саласына да өз үлесін қоса алды.
Айта кетейік, 31 мамыр күні өтетін Astana Half Marathon жарысына тіркелу әлі де жалғасып жатыр. Сонымен қатар 27 қыркүйекте өтетін 15-ші мерейтойлық Almaty Marathon іс-шарасына да қатысуға мүмкіндік бар.
Әсем Тугилова
Парақшамызға жазылыңыз
