///

Қазақстанда жасанды жаңбыр технологиясы іске қосылады

70 рет қаралды

Фото: www.istockphoto.com

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Дүниежүзілік метеорология ұйымының президенті, БАӘ Ұлттық метеорология орталығының бас директоры Абдулла Әл-Мандусты қабылдауы барысында айтылды деп хабарлайды Ақорда.

Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның арнаулы мекемесі саналатын Дүниежүзілік метеорология ұйымы климат, ауа райы, су ресурстары және табиғи апаттардың қатерін азайту бағытындағы жаһандық ынтымақтастықты ілгерілетуде негізгі рөл атқаратынын атап өтті.

Мемлекет басшысы мен Ұйым жетекшісі Қазақстан үшін стратегиялық мәнге ие климат мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, ерте хабарлау жүйесін дамыту, метеорологиялық инфрақұрылымды жаңғырту және ғылыми деректер алмасу өте маңызды.

Президент Қазақстан тарапының БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен өзара байланысты арттыруға дайын екенін растады.

Бұдан бөлек, өңірлік және жаһандық деңгейдегі су қауіпсіздігі мен су ресурстарын басқару мәселелерін шешудің өзектілігіне мән берілді. Бұл ретте Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасының маңызы айрықша.

Түркістан облысы БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен бірге су қоймаларын толтыру және ауыл шаруашылығы жерлеріне су жеткізу мақсатында жауын-шашынды жасанды жолмен шақыратын бастаманы жүзеге асырады. Аталған жоба биыл 17 мамырда іске қосылады.

Осылайша, Қазақстан өңірде жасанды жаңбыр технологиясын пайдаланған алғашқы ел болмақ.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар