Фото:
Қазақстан спортында тарихи оқиға орын алды — АҚШ-тың Канастота қаласында өткен салтанатты рәсімде даңқты жерлесіміз Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залының мүшесі атанды. Осылайша ол кәсіби бокс әлеміндегі ең жоғары мәртебеге ие болған тұңғыш қазақстандық боксшы ретінде ел тарихына есімін алтын әріптермен жазды.
Өз дәуірінің символына айналған тұлғалар ғана қабылданатын бұл құрметке Геннадий Головкин алғашқы мүмкіндіктен-ақ ие болды. Енді оның есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Шугар Рэй Леонард, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді әлемдік бокс аңыздарымен қатар аталады.

Головкиннің бұл биікті бағындыру жолы феноменалды көрсеткіштерге толы. Әуесқой бокста 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, Әлем чемпионаты мен Олимпиада алаңдарында ел намысын абыроймен қорғады. Кәсіпқой рингке ауысқаннан кейін орта салмақ дәрежесінің сөзсіз көшбасшысына айналып, ұзақ жылдар бойы WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы титулын иеленді. Оның қатарынан 23 жекпе-жекті нокаутпен аяқтауы орта салмақ тарихындағы ең ұзақ сериялардың бірі саналады. Сонымен қатар чемпиондық белбеулерін 21 рет сәтті қорғап, жеңістерінің 90 пайыздан астамын мерзімінен бұрын аяқтауы кәсіби бокста сирек кездесетін бірегей нәтиже болып тіркелді.

Бүгінде Геннадий Головкин спортшы ретіндегі мансабын аяқтағанымен халықаралық спорт кеңістігіндегі жоғары ықпалын сақтап отыр. Ол Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті ретінде ел спортының дамуына үлес қосуда. Сондай-ақ World Boxing ұйымының жетекшісі қызметін атқарып, халықаралық спорт федерациясын басқарған тұңғыш қазақстандық ретінде тағы бір тарихи белесті бағындырды. Кезінде Қарағандыдан шыққан қарапайым қазақ баласының бүгінде әлемдік бокс тарихының мәңгілік даңқ галереясынан орын алуы — тұтас қазақ бұқаралық және кәсіпқой бокс мектебінің әлемдік аренада толық мойындалуының айқын дәлелі.

Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз
