Фото: olympic.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты боксшы Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс даңқы залына ресми түрде жазылуына байланысты арнайы құттықтау жолдады, деп хабарлайды olympic.kz.
Президент бұл тарихи оқиға аты аңызға айналған отандасымыздың жаһандық спорттағы қолтаңбасы айрықша маңызға ие екенін айғақтайтынын атап өтті. Сондай-ақ бұл жетістік Қазақстанның әлемдік аренадағы шынайы келбеті мен беделін қалыптастыруға қосқан елеулі үлесін көрсетеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Геннадий Головкин — еліміздің мақтанышы әрі халықаралық спорт қоғамдастығындағы нағыз елшісі. Мемлекет басшысы дүниежүзіндегі ең үздік боксшылардың бірінен үлгі алған қазақстандық жас спортшылардың жігерленіп, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беретініне сенім білдірді.
Еске сала кетейік, аталған салтанатты рәсім өткен демалыс күндері АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында өтті. Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залына енген Қазақстан тарихындағы алғашқы өкіл атанып, Мұхаммед Әли мен Майк Тайсон секілді аңыздардың қатарына қосылды. Спорттық мансабын аяқтаған әйгілі боксшы қазіргі таңда Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетін және «World Boxing» халықаралық федерациясын табысты басқарып келеді.
Парақшамызға жазылыңыз
