////

89% тозу деңгейі және басшылықтың ауысуы: Оралдағы жедел медициналық көмектің өзекті мәселелері

82 рет қаралды

Фото: А. Шамай

400 мыңнан астам халқы бар Оралда нормаға сай 40 жедел жәрдем көлігі болуы керек. Бірақ желіде небәрі 25 бригада жүр, көліктердің 89 пайызы тозған. Осы цифрлардың артында не тұрғанын білу үшін жедел жәрдем басшылығымен кездесу сұрадық. Бірінші жолы сұрағымызға жауап алудың орнына, станция басшысы шақырған полицияға түсінік беруге мәжбүр болдық. 

«Жеделемес жәрдем» жобасы аясында редакция Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы мен Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына e-otinish платформасы арқылы бірнеше сауал жолдады. Сауалдарға жауап алғанмен, нақтылауды қажет ететін тұстар көп болды. Сондықтан басқарманың баспасөз хатшысына хабарласып, кездесу ұйымдастыруды сұрадық. Алайда бұл өтінішіміз орындалмады. Сондықтан біз өзіміз іске кірістік.

23-шілде. Таңертең «Орал апталығы» желілік басылымының операторы Темірлан Иманғалиевпен бірге Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына келдік. Күзетшіге өзімізді таныстырып, басшыға келгенімізді айтып, ресми түрде «келушілер» бейджін алып, ғимаратқа кірдік.

Станция басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Джумагалиеваның кабинетіне келдік. Кабинетте жүргізушілер бар деген соң, кезек күтіп, рұқсат сұрап, кабинетке өттік. Мақсатымыз – жедел жәрдем қызметіне қатысты маңызды сұрақтар қою еді. Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметкер Гүлнар Джумагалиева жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты. Ол бізге тек денсаулық сақтау басқармасы басшысының рұқсатымен ғана жауап беретінін айтып, басқармаға жолдады.

Фото: Т. Иманғалиев

Сұрақтарымызға жауап ала алмаған соң, ғимараттан шығып, ауланы, жедел жәрдем көліктерін сыртынан фото, видеоға түсірдік. Кейін бейджді күзетшіге тапсырып, станция аумағынан шығып кеттік. Біз Н. Назарбаев даңғылына жақындағанда полиция қызметкерлері көлікпен қуып жетіп, тоқтатты. Олар бізге станция басшысының полиция шақырғанын айтты. Полицияны шақыруын журналистер станция аумағына күзетшіні алдап кіріп, рұқсатсыз түсірілім жасады деп негіздеген. Ол біз туралы ақпаратты бұрмалап жеткізген. Күзетшіні алдап кірген деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Біз болған барлық мән-жайды баяндадық. Дәлірек айтсақ, станция аумағына кірген кезде күзетшіге өзімізді таныстырып, басшыға келгенімізді айтып, ол орнында бар ма әлде жоқ па деп нақтылап, ресми түрде «келушілер» бейджін алып, содан кейін ғана ғимаратқа кіргенімізді полиция қызметкерлеріне түсіндірдік. Олар жағдайды түсініп, рапорт жазды да, бізді босатты. Жұмысымызды жалғастыру үшін денсаулық сақтау басқармасына бет алдық. 

Денсаулық сақтау басқармасына келіп, күзет журналына тіркелдік. Басқарма басшысының орынбасары Сәкен Мырзакуловпен сөйлесіп, болған жайды баяндадық. Ол да сұрақтарымызға жауап беруден бас тартып, арнайы кездесу ұйымдастыруға уәде берді.

29-шілде. Уәде етілгендей, басқарма басшысы Айнаш Губайдуллинамен, станция басшысының м.а. Ғабитжан Ислямовпен кездесіп, сұрақтарымызды қойдық. Басқарма басшысы Айнаш Жұбанышқызы Облыстық жедел медициналық жәрдем басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Джумагалиеваның 23-шілдедегі заңсыз әрекеті үшін кешірім сұрады. Сонымен қатар, басқарма басшысы «Журналистер үшін әрқашан ашықпыз. Облыстағы денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларына сұрақтарға жауап беру үшін арнайы рұқсат алу қажет деген тәртіп жоқ», – деп мәлімдеді.

28-шілдеден бастап Облыстық жедел медициналық жәрдем басшысының міндетін атқару Ғабитжан Ислямовқа жүктелген.

Назарларыңызға басқарма басшысы және станция басшысының міндетін атқарушымен болған сұхбатымызды ұсынамыз.

– Қазіргі уақытта облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры міндетін кім атқарады? Қайсы орынбасар қандай сұрақтарға жауап береді?

– Айнаш Губайдуллина: 27-шілдеден бастап Гүлнар Джумагалиева станция басшысының міндетін атқарудан босатылды. Ол директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып отыр. Ғабитжан Ислямов директордың медициналық қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды, оған 28-шілдеден бастап директордың міндетін атқару жүктелді.  

– Біздің сауалымызға денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі туралы ақпарат бердіңіз. Атап айтқанда, облыстың денсаулық сақтау саласына 2023 жылы 3 млрд 282 млн теңге, 2024 жылы 3  млрд 808 млн теңгені, 2025 жылы 4 млрд 042млн теңге бөлінген деген жауап алдық. 2026 жылғы қаржыландыру көлемі қандай? Оның ішінде жедел жәрдем станциясының қызметі қанша суммаға қаржыландырылып отыр

– Айнаш Губайдуллина: 2026 жылға Қарашығанақ Петролиум Оперейтиннг б.в. компаниясының есебінен облыстың денсаулық сақтау саласына 25 млрд теңге үстінде қаржы бөлініп отыр. Оның ішінде биылғы жылы 30 жедел жәрдем көлігін лизингке сатып алу жоспарланған. Бүгінгі күні жедел жәрдем көліктерін лизингке сатып алу үшін конкурсқа хабарландыру жарияланды. Сонымен қатар, жаңа туған нәрестелерді ӨЖЖ аппаратымен тасымалдау үшін портативті кювез сатып алу жоспарланған. Биылғы жылға облыстың денсаулық сақтау саласына 104,6 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 91,7 млрд теңге  республикалық бюджеттен МӘМС жарналары арқылы, ал 12,9 млрд теңге жергілікті бюджеттен денсаулық сақтау басқармасы арқылы бөлінген.

– Биылғы жылдың басынан бері санитариялық техниканы жаңарту үшін қанша қаржы бөлінді? Жылдың соңына дейін санитариялық автокөлік сатып алу үшін қанша қаржы қарастырылған және ол қаржыға қанша көлік сатып алынады?

– Айнаш Губайдуллина: Биыл санитариялық автокөлік сатып алынған жоқ. КПО б.в. компаниясының қаржысына 30 санитариялық автокөлікті лизингке алуды жоспарлап отырмыз, көліктің әрбіреуінің құны 89 млн теңгені құрайды.   

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының былтырғы жылға берген мәліметіне сәйкес БҚО жедел жәрдем көлігінің тозуы 89%? Биылғы жылы бұл көрсеткіш 95% ға өсті деген ақпарат бар? Бұл қаншалықты рас?

– Айнаш Губайдуллина: Тозу деңгейі биыл да 89%. 95% ға өсті деп айта алмаймын, сол 89%-ды ұстап отырмыз. Талдау жүргізіліп жатыр, жылдың аяғында дайын болады.

– Жедел жәрдем станциясының басшысы, бас механигі және экономисі істі болғаны туралы білеміз? Оларға қатысты қандай іс тіркелген, қандай айып тағылған, олардың қазіргі процессуалдық мәртебелері қандай? Іс сыбайлас жемқорлыққа қатысты болса, қаржы көлемі қандай?

– Айнаш Губайдуллина: Іс тіркелу жағынан бізде нақты ақпарат жоқ. Қандай айып тағылғанын да айта алмаймыз, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар жоғы туралы да ақпарат жоқ. Бұл туралы тек сот шешімі шыққаннан кейін ғана айта аламыз. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, біздің қалада 400 мыңнан астам халық тұрады. Қағидаға сәйкес әр 10 000 тұрғынға 1 жедел жәрдем көлігі болуы керек. Сәйкесінше қазір желіде шамамен 40 санитариялық автокөлік болуы тиіс. Қазіргі уақытта ОЖМЖС қанша жедел жәрдем көлігі бар? Емханаларда қанша мобильді бригада көліктері бар? Олардың қаншасы жөндеуде не істен шыққан?

– Айнаш Губайдуллина: Бүгінгі күні емханалардағы жедел жәрдемді қоспағанда желіде жүріп түрған 88 жедел жәрдем көлігі бар. Олардың 55 бірлігі қалада, 33  бірлігі аудандарда. Аталған 55 санитариялық көліктің ішінде 25 бригада желіде жүр, қалғаны резервте, желіге кезекпен шығады. Қаладағы 6 емхананың әрбіреуінде түске дейін, түстен кейін 2 мобильді бригада кестемен жұмыс істейді. Кей емханаларда екі бригададан көп, 3-4 мобильді бригада бар.

– Былтыр 5 реанимобиль сатып алынған, жүргізушілердің айтуынша олардың екеуі жол апатына ұшыраған, 5 реанимобиль қазір қайда, жүріп тұр ма? 

Ғабитжан Ислямов: Қазір 5 реанимобильдің біреуі ғана жөндеуде тұр, қалғаны желіде. Ол да осы аптаның аяғы келесі аптаның ішінде жөндеуден шығады. Реанимобильдер кез-келген уақытта санавиацияға дайын тұрады. Одан бөлек 4 жедел жәрдем көлігі жөндеуде тұр.

– Айнаш Губайдуллина: Айта кетейін, биылғы жылдың соңғы бір айының ішінде автосервис компаниясының қызметін пайдаланып 38 жедел жәрдем көлігіне жөндеу жұмыстарын жүргіздік.

Біз мемлекеттік сатып алу порталындағы жедел жәрдем станциясының маусым айында көлік жөндеуге жасалған шарттарына көз жүгірттік. Жедел жәрдем станциясы 18 маусымда ашық конкурс тәсілімен «Техникалық ерекшелікке сәйкес автокөлік бөлшектерін ауыстыра отырып, қызметтік автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу» үшін Ахметов А.С. 70 млн 689 мың теңге қаржыға келісімшарт жасағанын көрдік. №000440002604/260166/00 келісімшарт жыл соңына дейін жасалған. Бүгінгі күнге мемлекеттік сатып алу порталындағы құжаттарға сәйкес 01 шілде мен 27 шілде аралығында ұсынылған екі орындалған жұмыстар актісінің негізінде 7 млн 925 мың теңге қаржыға 42 көлік жөндеуден өткен. 

– Жедел жәрдем көліктерінің жол апатына түсуіне не себеп?

– Ғабитжан Ислямов: Себептері әртүрлі, нақты бір себепті айта алмаймын. Әр жол апаты болған жағдайды талдау қажет. Кейде жедел жәрдем көлігін өткізбей, жүргізбей жатады.

– Санитариялық көлік істен шыққан кезде оны жөндеу, қайтадан желіге шығару қандай тәртіппен, алгоритм, механизммен жүргізіледі? Көлік істен шыққанда оны дереу ауыстыратын қосалқы бөлшектердің тұрақты қоры, резерв жүйесі қалай ұйымдастырылған? Ол қор, резерв қалай қалыптасады?

– Ғабитжан Ислямов: Өз жөндеу базамыз, гараждарымыз, құрал-жабдықтарымыз бар. Штатта слесарь, токарь, шиномонтажшы, дәнекерлеуші сияқты қызметкерлеріміз бар, ұсақ жөндеудің барлығын өз күшімізбен жасаймыз. Ал мамандандырылған техникалық қызмет қажет болған жағдайда арнайы тенхикалық станциялардың қызметіне жүгінеміз. Қосалқы бөлшектерді қажетіне қарай алып қоямыз, көп ала алмаймыз. Егер қосалқы бөлшектерді сатып алу не жеткізу ұзақ мерзімді талап ететін болса істен шыққан көлікті резервтегі көлік алмастырады. Ұсақ жөндеу жұмыстары өте көп, оны жасыра алмаймын. Көліктердің кондиционерлері ыстыққа шыдамай істен шығып, тосол ағып кетіп, осындай ұсақ жөндеу жұмыстары істеліп жатыр.

– Сонымен қатар, қаладағы жедел жәрдем бригадалары қалаға жақын орналасқан, саяжайлар және Бәйтерек, Теректі сияқты жақын орналасқан аудандардың ауылдарына да қызмет көрсетеді. Осы жедел жәрдемнің науқасқа шұғыл жетуіне қалай әсер етеді, кедергі емес пе?

– Ғабитжан Ислямов: Қалаға жақын орналасқан ауылдар мен саяжайлар белгіленген қамту аймағына кіретіндіктен біз ол ауылдарға да 1,2,3 шақырту санаттарына қызмет көрсетеміз. Ол кедергі деп айта алмаймын, жаңағы 25 бригада қызмет көрсетеді.

– Айнаш Губайдуллина: Көлік жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін келесі жылы республикалық, жергілікті бюджет есебінен жедел жәрдем көлігін сатып алуға қаражат қарастыруға өтінім жолдау жоспарланды.

– Облыс әкімі 25-мамырда барлық жедел жәрдем көліктеріне 1 ай ішінде бейнебақылау орнатуды тапсырған болатын. Бұл тапсырма толық орындалды ма және ол диспетчерлер мен жүргізушілердің жұмыс тәртібін қалай өзгертті?

– Ғабитжан Ислямов: Біздің қалалық жедел жәрдем көліктерінің барлығында GPS құрылғысы бар, диспетчер барлық көлікті көріп, бақылап отырады. Бұл тапсырма бойынша қазір нақты жауап бере алмаймын.

– Талдауға сәйкес облыста жедел жәрдемнің дәрігерлік штатының тек үштен бірі ғана қамтылған. Сіз он бес маман жетпейді деген ақпарат бердіңіз. Жедел жәрдемге дәрігер кадрлар тарту және оларды ұстап қалу үшін қандай шаралар қабылданып, қандай жағдай жасалды?

– Ғабитжан Ислямов: Қазіргі уақытта 10 дәрігердің орны бос, оған enbek.kz порталында байқау жарияланған.

– Айнаш Губайдуллина: Жергілікті әкімдіктер, облыс әкімінің қолдауымен дәрігер кадрларға бір реттік әлеуметтік көтермеақы беріледі. Қалалық медициналық мекемелерге жұмысқа тұрған дәрігерлерге 5 млн теңге, ал ауылдық жерлерге жұмысқа тұратын болса 8 млн теңге. Күні бүгін 461 маманға осындай көтермеақы берілді, олардың ішінде 246 маман ауылдарда дәрігер болып қызмет етуде. Өкінішке қарай жедел жәрдемге дәрігерлер келмеді. Бұған жедел жәрдемдегі жоғары жауапершілік және 24/7 халықпен жұмыс жасайтыны себеп деп ойлаймын. 

– Біздің сауалымызға маусымдық аурулар кезінде тәулігіне шақырту саны 1200-ге дейін жетеді деп жауап бердіңіз. Бригада қызметкерлерінің «күйіп кетуін» (burnout) болдырмау және кадрларды ұстап қалу үшін қандай әлеуметтік немесе материалдық ынталандыру шаралары қарастырылған? Штатта психолог не психологиялық қызмет кабинеті бар ма? Фельдшер, жүргізуші не кез-келген жас маман шақыртудан келген соң стресс жағдайын қалай еңсереді?

– Ғабитжан Ислямов: Жедел жәрдем станциясы қалада тәулігіне 600-700 шақыртуға дейін қызмет көрсетеді. Негізі психологтың кабинеті бар, психолог бұрын болған, бірақ қазіргі уақытта орны бос тұр. Жедел жәрдем қызметкерлеріне арналған психологиялық қызмет көрсететін арнайы кабинет жоқ.

– Жүргізушілер станцияда басшы ауысқаннан бері қосымша ақымызды ала алмай жүрміз, дұрыс есептелмейді не мүлдем берілмейді, фельдшерлер де алмай жүр деген ақпарат айтты? Ол қандай қосымша ақы, қандай құжат негізінде беріледі? Егер бұрынғы басшы кезінде берілген болса, қазір қандай құжаттың негізінде ақы азайған не мүлдем жойылған?

– Ғабитжан Ислямов: Мекемеде барлық қызметкерлердің еңбекақысы, күнделікті шыққан жұмыстарына қосымша төлем, кезекті еңбек демалысы, емдік жәрдемақы уақтылы төленіп отыр. Сараланған төлем (дифференцированная оплата) қызметкерлерге бекітілген ережеге сәйкес қаржыны үнемдеу есебінен олар демалыс кезінде, ауысымнан тыс уақытта жұмыс істегенде, қосымша жүктеме жүктеліп жұмыс істегенде төленеді. Төлемдерге қатысты қызметкерлермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Алдағы аптада жүргізушілермен кездесу өткіземін.

– Жүргізушілердің айтуы бойынша кейбір көліктердің есігі ішкі жағынан ашылмайды, тек сыртынан ашылады. Есігі ішінен ашылмайтын көлікпен науқасты тасымалдау қаншалықты қауіпсіз? Неге бұл ақау жөнделмейді?

– Ғабитжан Ислямов: Дәл қазір жедел жәрдем көліктерінің есігі ашылмауы туралы ақпарат жоқ.

– Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы шақыртуларды тиімсіз бөлуге назар аударған. Талдау 4-ші санаттағы шақыртуларға емханалардағы мобильді бригадалардың орнына жедел жәрдем станцияларының қызмет көрсету үлесі артқанын көрсетеді. Батыс Қазақстандағы жағдай қандай? Түнгі уақытта және демалыс күндері емханалардың мобильді бригадалары жұмыс істемегендіктен, бүкіл жүктеме қайтадан 103-ке түседі. Бұл мәселені шешу үшін емханалармен арадағы байланысты үйлестіру қалай жүріп жатыр?

– Айнаш Губайдуллина: Керісінше 4-ші санатқа ауысқаннан бері жедел жәрдемге шақыртулар облыс бойынша 19%- ға төмендеген. Бұл 4-ші санаттағы шақыртулардың жедел жәрдемге емес емханалардағы мобильді бригадаларға түсіп жатқанын көрсетеді. Нақтырақ айтсам, былтыр 4-санат шақыртулары 87 800 болса, биыл 71 115-ке түскен.

Тағы бір айтатын мәселе, бұл шақыртулардың басым көпшілігі нәтижесіз шақыртулар болып отыр. Бұл проблема туралы да тұрғындар білуі қажет деп есептеймін. Жедел жәрдемді шақыртады, бірақ кейін шақырған науқас орнында болмайды, ойланып қалдым, керек емес деп бас тартады. Биыл жедел жәрдемді нәтижесіз шақырту 40%-ға өсіп отыр, яғни былтыр нәтижесіз шақырту саны 7183 болса, биыл бұл көрсеткіш 10 068-ге өскен. Жалпы жедел жәрдем шақыруға қажеттілік жоқ кезде шақыру, негізсіз шақырту, жалған шақырту не шақыртудан кейін бас тарту жағдайлары көп болады.

– Станция диспетчерлерінің медициналық білімі болуы міндетті ме, олардың EMD (Emergency Medical Dispatcher) сертификаты бар ма және олар мұндай сценарий-карталармен жұмыс істеуге қаншалықты машықтанған?

– Ғабитжан Ислямов: Диспетчерлердің ең алдымен медициналық білімі болуы міндетті. Олар шақырту түскенде науқастан түскен мәліметтердің негізінде талдау жасап, санаттарға бөлу үшін медициналық білім қажет. Оған қоса диспетчерлер әр жыл сайын 103 желісі бойынша диспетчерлік қызмет операторы деген курс өтеді. Диспетчерлерді станцияда жұмыс істеп жүрген қызметкерлер қатарынан аламыз. Әр ауысымда 5 диспетчерден бөлек аға диспетчер болады.

– Станцияда осы уақытқа дейін ЖМК медициналық қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шарты жасалмаған. Қазіргі уақытта келісімшарт жасалды ма, осыған дейін жасалмауының себебі неде

– Ғабитжан Ислямов: Қазір сақтандыру келісімшарты «Мой брокер» сақтандыру компаниясымен жасалды. 

Сақтандыру келісімшартының жасалған не жасалмағанын білу үшін мемлекеттік сатып алу порталына көз салдық. Порталдан жедел жәрдем станциясы 23 шілдеде медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін бірлескен сақтандыру қызметтерін сатып алу үшін 2 млн 548 мың теңге қаржыға бір дереккөзден сатып алу тәсілі арқылы «MOI (МОЙ) страховой брокер» ЖШС-мен тікелей шарт жасағанын көрдік. Бір жылдық шарт жылдың соңына дейін әрекет етеді.

Анықтама үшін:

Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге байланысты медицина қызметкерлерінің мүліктік мүдделері медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру объектісі болып табылады.

ҚР халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы ҚР 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI ҚРЗ Кодексінің 270-1-бабы «Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру» деп аталады. Осы баптың 2 тармағына сәйкес медицина қызметкерлері осы Кодекстің 64-бабының 1), 2), 3), 4), 5) және 8) тармақшаларында көзделген медициналық қызмет түрін жүзеге асырғанға дейін денсаулық сақтау субъектілері медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін ортақ сақтандыру шартын жасасуға міндетті.

Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін ортақ сақтандыру шарты жыл сайын жасалады, сақтандыру мерзімі ішінде қолданылады және алғашқы сақтандыру жағдайы басталғанда өз қолданысын тоқтатпайды.

Денсаулық сақтау субъектісі медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін ортақ сақтандыру шартын жасаспай медициналық қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.

– Облыстың жедел жәрдем саласы дәл қазір кризис жағдайында деп есептеймін. Бұл кризистен шығу үшін не істеп, қандай шара қабылдап жатсыз?

– Ғабитжан Ислямов: Негізгі кризис көлік жоқ болып, жетіспеген кезде болды деп есептеймін. Сол кезде желіде тек 17 көлік болып, шақыртуларға кешігіп, уақытында барып үлгермей жүрді. Қазіргі уақытта кризис жоқ, 25 бригада желіде, шақыртуларға үлгеріп жатыр, кешігіп жатқан жоқ. Күнделікті ағымдағы проблемалар бар, күнделікті жұмыс жүріп жатыр.

Мақала «Жеделемес жәрдем» жобасы аясында жасалды. Редакция бұл тақырыптағы зерттеулер сериясын жалғастырады. 

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар