Бір аптаның шамасы болды блогерлерді жауапкершілікке тарту, тойда айтылған уағыз және тағы да басқа қоғам өмірі үшін маңызды мәселелер төңірегінде белсенді талқылау жүруде. Талқылауға қосымша түрткі болып отырған «жаңа этика» мен «жаңа мораль» ұғымдарының әлеуметтік ортада нығаюы.
Адам баласы саясатпен айналыспаймын десе де, саясат насырға шауып бара жатқанда қауіптенгеннен араласуға мәжбүр болады екен. Бұл ретте төменде көрініс тапқан уәж менің жеке пікірім, жеке пікір болғандықтан не абсолютті ақиқатқа, не шындыққа претензиясы жоқ екенін еске салғым келеді.
ҚОҒАМДЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ БІРДЕЙ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАТЫНАС БОЛМАЙДЫ
Мәселе «жаңа этика» оң деп қабылдаған мінез-құлықта да, моральдық тұрғыдан қарастырғанда орынды болып көрінетін әрекетте де емес. Керісінше қоғам тарапынан ерсі, солақай, орынсыз деп қабылданатын әрекетте жатыр. Мәселе мынада: қоғамдық қатынастардың барлығы бірдей құқықтық қатынас болмайды, ал құқықтық қатынастың барлығы қоғамдық қатынасқа жатады. Себебі нормалардың қоғам тарапынан мойындалып, легитимдендірудің тиісті тетіктеріне арқа сүйейді.
Айталық келіннің күйеуінің үлкен туысқандарын көргенде сәлем салуы қоғамдық қатынастың бір нысаны, бірақ міндетті күшке ие емес, себебі бұл мәселеге қатысты мемлекеттік органдар тарапынан легитимді шешім қабылданып, оны заңдастыру рәсімі жүзеге асырылмаған. Осы ретте туындайтын заңды сауал «жаңа этика» немесе «жаңа мораль» мен адам құқықтарының базалық құндылықтарының арасында қайшылық туындаған жағдайда қай күштің басымдығы айқынырақ болады? Тиісті заң қабылданса адам құқықтары шектелуі, өзгертілуі мүмкін бе, жоқ әлде бұл абсолютті түрде мемлекет тарапынан шартсыз қамтамасыз етілуге тиіс құбылыс па?
Біздің елде екі үлкен құбылысты, екі үлкен ұғымды шатастыру бар. Заң үстемдігі мен құқық үстемдігі. Халықтың көпшілігінің пікірі заң кемел, себебі оны депутаттар қабылдайды. Біз депутаттарды сайладық. Сондықтан біздің еркіміз депутаттар арқылы көрініс тапқан заңның өзегіне айналды деген логика. Қош жақсы дейік.
Депутаттардың өзі жұмыр басты пенделер. Заң шығару үдерісі тиімді реттелген деген АҚШ-тың өзінде заң техникасына қатысты орын алатын қателіктердің көлемі де, мазмұны да жыл санап өсіп келеді. Заң құбылмалы дүние, оның күнделікті өмірге икемді болуы заман талабы. Мемлекет салық көтеруі керек болса, заң арқылы көтереді, бюджет толықтыру керек болса заң қабылдау арқылы жүзеге асырылады. Заң алуан түрлі мәселелерді шешуге бағытталған ережелердің жиынтығы.
МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗГІ МИССИЯСЫ ЗАҢДЫ САҚТАУ ЕМЕС, ҚҰҚЫҚТЫ САҚТАУ
Ал құқық тұрақты ұғым. Айталық адамның өмір сүру құқығы. Бұл құқықтың қай мезеттен басталатындығы туралы дау болуы мүмкін. Діни қоғамда адамның өмір сүру құқығы анасының жатырында пайда болады десе, зайырлы қоғамда өмір сүру құқығы тумысынан пайда болады деген ой басым. Алайда ешкім бұл құқықты дауламайды, өзгерткісі келмейді, өзгерте алмайды да. Монтескъенің, Дидроның, Руссоның, Джон Локктың құқықтық мемлекет ұғымы заңнан емес құқықтан бастау алады. Себебі құқық заңнан биік ұғым. Құқық алынып қойыла алмайтын ұғым. Сондықтан мемлекеттің негізгі миссиясы заңды сақтау емес, құқықты сақтау, оған қызмет ету, азаматтарға тиісті жағдай жасау.
Осы ретте техникалық тұрғыдан адам құқықтарының қалыптасуына байланысты екі көзқарас бар екеніне назар аударған жөн. Бірінші көзқарас табиғи құқықтық, екіншісі позитивистік көзқарас. Табиғи құқықтық көзқарастың тұжырымдамалық негізі адамның құқықтары тумысынан табиғат, кей жағдайда діни қауымдастықтарда Құдай тарапынан берілген делінсе, позитивистік көзқарастың өзегі керісінше құқықты мемлекет берді, оны нақты бір нормативті-құқықтық актіде, айталық Конституцияда көрсетіп оның легитимді қабылдануына құқықтық тетік қалыптастырды деген ойда. Көптеген мемлекеттер екі тұжырымға да арқа сүйейді.
Бірінші қарағанда екі тұжырым да орынды болып көрінгенімен, табиғи құқық тұжырымын қолдаушылар құқықты кім берсе сол ала алады деген логикаға сүйене отырып, позитивистік тұжырымдағы мемлекет берген құқықты мемлекеттің алып қоя алатынына, ал табиғи құқықты ешкім ала алмайтынына маңыз береді.
Мемлекеттің негізгі миссиясы адам құқығын қорғау. Мемлекеттің алпауыт күш екенін бұған дейін де, бұдан кейін де мамандар жаза жатар. Бірақ ең маңызды мәселе мемлекетті әлсіз күйде ұстауда. Мемлекеттік аппараттың күші оның әлсіздігі мен есептілігінде болуы керек. Себебі күшті мемлекет, әлсіз, одан қалды әлжуаз қоғамның бастамасы. Мемлекеттегі биліктің жалғыз қайнар көзі халық, ал басты байлық адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Әдемі естілгенімен жүзеге асуы қиын аксиомалардың бірі.
МЕМЛЕКЕТТІ ДАМЫТУШЫ ДА, ТЕЖЕУШІ – ҚОҒАМ ЖӘНЕ ҚОҒАМ МҮШЕСІ РЕТІНДЕ АДАМ
Мемлекет күшейген сайын қоғамнан дербес субъект ретінде дамып, өзіндік жолын іздегісі келіп тұрады. Мемлекетті дамытушы да, тежеуші – қоғам және қоғам мүшесі ретінде адам. Мемлекеттің шектен тыс күшеюіне жол бермеу мақсатында биліктердің тармақтарға бөлініп, бір тармақта күштің шоғырлануына мүмкіндік бермейтін тежеу тетіктері қарастырылған. Мұндағы жалғыз мақсат мемлекеттік аппараттың жеке адамды, оның еркі мен құқығын жаншуға мүмкіндік бермеу, жол бермеу. Логикалық тұрғыдан абсолютті айқын болып көрінетін осы бір дүниеге жіті назар аудармасқа болмайды.
Енді осы аптаның ең маңызды сауалына оралайық. Адам әлеуметтік желіде құқық бұзушылыққа орын берген болса, онда ол тиісті жазасын алуы керек. Мұнда дау жоқ. Алайда адам өзінің сөз бостандығын пайдалана отырып, қоғамда қабылданған нормаларға жат әрекет жасаса қалай болады? Мәселе осы бір жерден басталады. Қоғам өз бетінше өзге тұлғаға баға беріп, оның наным-сенімі туралы шешім шығаруға құқылы ма? Мемлекет моральды категорияны басшылыққа ала отырып, мейлі ұсқынсыз адам, орынсыз жерде, болмысқа жат дүние айтты деп ол адамға қатысты шара қолдана ала ма деген сауалға тоқталайық.
Адам құқықтары мен бостандықтары абсолютті ұғым емес. Айталық халық нық толып отырған театрға кіріп, өрт деп айқайлау қаншалықты дәрежеде қорғалғандығы бөлек мәселе. Мұнда тұлғалардың қауіпсіздігі секілді қосалқы қамтамасыз етілуге тиіс факторлар бар. Кептеліс адам өліміне алып келуі мүмкін болған жағдайда қауіпсіздік басымдыққа ие болады. Ал ондай қауіп туралы әңгіме айтудың өзі орынсыз ортада уағыз айтуды заңсыз деп қабылдай аламыз ба?
СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ, АР-ОЖДАН БОСТАНДЫҒЫ, ДІН БОСТАНДЫҒЫ СЕКІЛДІ ӨТЕ НӘЗІК ҰҒЫМДАРҒА КЕЛГЕНДЕ АБАЙ БОЛУ КЕРЕК
Бәрімізге белгілі, АҚШ Президенті Трамп Meta (Facebook, Instagram) корпорациясымен өте жаман қатынаста. Трамп жақтастары Байденнің жеңісіне күмән келтіріп, Ақ үйді басып алуға ниет білдірген кезде, Meta Трамптың әлеуметтік желідегі аккаунттарын бұғаттап тастады. Логикалық тұрғыдан өте орынды шара, себебі мемлекеттік құрылысты, конституциялық тәртіпті күштеп өзгерту АҚШ-та да заңға қайшы әрекет. Бірақ басқа қырынан алатын болсақ жекеменшік корпорация АҚШ Президентінің сөз бостандығын шектеп отырған жоқ па? Әлеуметтік желінің негізгі мақсаты әркімнің өз пікірін еркін айтуға мүмкіндік беру емес пе? Онда олардың сөз бостандығын шектеуге қандай мүмкіндігі бар деген сауал жауапсыз қалып отыр емес пе? Дегенмен Meta жекеменшік корпорация және корпорация ретінде ол мемлекеттік органға тән адам құқықтарын қорғау функциясына қаншалықты дәрежеде жауапты бола алады деген сауал тағы да құқықтық талдауды талап етеді.
Мемлекет шын мәнінде алпауыт күш. Ғаламдық деңгейде мемлекетпен теңдесе алатын өзге субъект табу мүмкін емес. Себебі мемлекет егемен ретінде әрекет етеді. Оның қолында биліктің барлық тармағы шоғырланған. Егер ол билік шексіз болса, мемлекет қадағалауға көнбейтін, тоталитарлық жүйеге әкеледі. Италиядағы фашизм де, германиялық тоталитарлық жүйе де, автократиялардың көпшілігі мораль нормаларын басшылыққа ала отырып, құқықтар мен бостандықтарды шектеп қана қоймайды, оларды тамырымен жояды. Демократиялық дәстүрлер қалыптасу үстіндегі елдер бұл мәселені ұмытпағаны жөн.
Мораль құқықтық категория емес. Қоғамдық категория. Сәлем салу қаншалықты дәрежеде моральды болғанымен, сәлем салмау қылмыс емес. Сондықтын сөз бостандығы, ар-ождан бостандығы, дін бостандығы секілді өте нәзік ұғымдарға келгенде абай болу керек. Оларды белгілі бір моральдық бастаманы негізге ала отырып шектеу уақыт өте келе, өзге де шектеулерге арқау болуы мүмкін.
Парақшамызға жазылыңыз
