//

Құрылтай сайлауы: Қоғамның пікірін кімдер сұрай алады?

88 рет қаралды

Фото ЖИ құралдарын пайдаланып жасалған

Құрылтай сайлауы барысында қоғамдық пікірге сауал салуды қандай ұйымдар жүргізе алады? Мұндай сауалды жүргізу үшін қоғамдық ұйымдар қандай талаптарға сай болуы керек? Неліктен қоғамдық ұйымдардың барлығы қоғам пікіріне сауал жүргізе алмайды? Осы және басқа да сұрақтарға жауап алу үшін ҚР орталық сайлау комиссиясының сайтына жүгіндік. 

Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 22 шілдеде 6 заңды тұлға қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу туралы хабарлама ұсынғаны туралы хабарлаған. Олар: «Еуразиялық интеграция институты» ЖШС, «DATAMETRICS» ЖШС, «Қоғамдық саясат институты» ЖММ, «Институт комплексных социальных исследований – Астана» ОФ ИКСИ «СОЦИС-А» ЖҚ, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ және «Демократия Институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы» ҚБ. 

ҚР Сайлау туралы заңның «Сайлау алдындағы үгіт жүргізу құқығы» атты 28-бабы 9-тармағының негізінде қоғамдық пікірге сауал салуды ҚР заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар жүргізуге құқылы. Ол үшін олар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар етуге міндетті. Сонымен қатар, орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада заңды тұлғалар сауал салуды жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар, қоғамдық пікірге сауал салу жүргізілетін өңірлер және қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтерді де көрсетуге тиіс. 

Заңның осы бабына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде: 

  • сауал жүргiзген заңды тұлғаны, 
  • сауал жүргізуге тапсырыс берген тұлғаларды; 
  • оның ақысын төлеген тұлғаларды; 
  • сауал жүргiзілген уақытты; 
  • ақпарат жинау әдiсiн; 
  • сұрақтың нақты тұжырымын; 
  • сауал салынғандардың санын; 
  • сауал салу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.

Сайлауға қатысты қоғамдық пікір сауалнамаларының, соның ішінде дауыс беру болжамдарының нәтижелерін дауыс беру күніне дейінгі 5 күн ішінде және дауыс беру күнінің өзінде БАҚ пен онлайн-платформаларда жариялауға болмайды.

Сайлау күні дауыс беру учаскесінің ішінде немесе сол пунктте сауалнама жүргізуге тыйым салынған.

Осы ережелерді бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады – бұл Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 120-бабында көзделген.

Біз қоғамдық пікірге сауал салу жүргізуге рұқсат алған заңды тұлғалардың ашық дереккөздері бары жоғын іздеп көрдік.

Алдымен «Еуразиялық интеграция институты» ЖШС  сайтын зерделеп көрдік. Сайт үш тілде жүргізіледі, Жаңалықтар, Жарияланымдар және Аналитика / Зерттеулер деген айдарлар болғанмен, ол бөлімдерге өткен кезде жаңалықтар да, жарияланымдар да, зерттеулер де жарияланбаған. Содан кейін әлеуметтік желілердегі парақшаларын іздеп көрдік. Сайтта Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына өту үшін сілтеме қойылған. Парақшада қоғамдық пікірге сауал жүргізу қорытындысы екі тілде жарияланған және әр жарияланымда деректерді Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі №ОСК-11-07/ЗТ-С-30 жазбаша хабарламасына сүйене отырып жариялағаны туралы хабарлаған. 

Институт 2026 жылдың 3 – 13 шілдесі аралығында еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында азаматтар арасында бетпе-бет (face-to-face)  сауалнама жүргізгені туралы хабарлайды. Сауалнамаға қатысқандардың жалпы ауқымы 1640 респондент. Олардың басым бөлігі, яғни 72,1%-ы алдағы жексенбіде Құрылтай сайлауы өткен жағдайда дауыс беруге дайын екенін білдірген. Сайлау учаскелеріне баруға сенімді еместер үлесі 14,2%, ал нақты жауап бере алмағандар 13,7% болған. Сонымен қатар, сайлаушылардың 2,6%-ы  «барлығына қарсы» дауыс беруді жоспарласа, 14,2%-ы әлі де өз таңдауын жасамаған. 

Институт сауалнама кезеңі партиялардың съездерімен тұспа-тұс келіп, олардың сайлауалды белсенділігі сайлаушылардың көзқарасына тікелей әсер еткен деп мәлімдейді. 

«DATAMETRICS» ЖШС қызметі жайындағы жаңалықтарды қандай ресурстарда жариялайды, мұны білмек үшін серіктестіктің ресми сайтын іздедік. Алдыңғы институтқа қарағанда DATAMETRICS жаңалықтарын уақытылы жариялайтынын көре алдық. Бүгінгі күні ұйым «Қазақстандықтардың 87%-ы елдің саяси бағытын қолдайды» атты қоғамдық пікірге сауал салудың қорытындысын жариялап үлгерген. Зерттеу қорытындысы үш тілде жарияланған. Зерттеу нәтижелерін ҚР ОСК 2026 жылғы 3 шілдедегі № ОСК-11-07/ЗТ-К-29 хабарламасы негізінде жариялап отырғанын хабарлаған. Компания интернет ресурстан бөлек Telegram арнасын белсенді жүргізеді.

Зерттеуге келетін болсақ, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізілген. Зерттеуге еліміздің барлық өңірінен, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент тұрғындарынан 18 жастан асқан 8000 адам қатысқан, сұхбат бетпе-бет форматта өткен. Сауалнаманың негізгі нәтижелеріне келсек, респонденттердің 87,8%-ы Қазақстанның даму бағытын дұрыс деп бағалаған. Алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға 75,6% дайын екенін білдірген, яғни 44,2% нақты барамын десе, 31,4% «ықтимал» деп жауап берген.

Сонымен қатар, компания зерттеу нәтижесіне сәйкес, сайлаушылардың едәуір бөлігі  таңдауын әлі жасамағанын, азаматтардың 22,6%-ы, шамамен әрбір бесінші сайлаушы қай партияға дауыс беретіні жөнінде шешім қабылдамағанын да атап өткен. 

Келесі қоғамдық пікірге сауал салуға рұқсат алған ұйым «Қоғамдық саясат институты» ЖММ. Институттың сайты бар, алайда мұндағы жаңалықтар мен зерттеулер, аналитика мен жобалар 2025 жылдан бері жаңартылмаған. Сөйтсек ұйым әлеуметтік желілерде белсенді екен. Telegram және Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақшаларда ақпарат өзекті. Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелері Telegram арнасында жарияланған.

Институт зерттеуді 2026 жылғы 7 – 27 шілде аралығында 18 жастан асқан 8000 респондент арасында жүргізген. Оған 17 облыс, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан респонденттер қатысқан. Деректер жаппай сауалнама (face-to-face) әдісі арқылы жиналған. Сауалнама нәтижелері екі тілде ұсынылған, деректерді ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес ҚР ОСК 2026 жылғы 4 шілдедегі № KQ–26/14 жазбаша хабардар ету негізінде жариялағанын хабарлаған. 

Зерттеу қорытындысына сүйенсек, 23 тамыздағы Құрылтай сайлауы туралы респонденттердің 89,4% хабардар, атап айтсақ 55,2% толық, 34,2% жалпы естіген. 72,3% сайлауға қатысуға ниетті, 11,9% қатыспайды, 15,8% шешім қабылдамаған. Сайлауға баруға ниеттілердің 87,6%-ы наурыздағы референдумға да қатысқан.

Келесі зерделеген ұйым «Институт комплексных социальных исследований – Астана» ОФ ИКСИ «СОЦИС-А» ЖҚ. Ұйымның сайты бар, алайда сайтта тіл таңдау мүмкіндігі жоқ, бірден орыс тіліндегі бетке түсесіз. Сайтқа тіркелу қажет. Сол себептен бе ешқандай жаңалықтар мен зерттеулер де көрінбейді. Бұл бізге жаңалықтар мен зерттеулер мүлдем жарияланбаған деген ой салды. Ал егер жарияланған болса, ол не себептен жабық. Жабық деп отырғанымыз, сайтқа келуші міндетті түрде тіркелу қажет. Әлеуметтік желідегі парақшаларын іздестіріп көрдік. Алайда бұл да нәтиже бермеді, Telegram, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде ұйымның парақшаларын таба алмадық. Сәйкесінше зерттеулері мен жаңалықтарын да көру мүмкіндігі болмады.

«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ сайты бар, Telegram, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде ұйымның парақшаларындағы ақпарат та өзекті. Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелері сайтта екі тілде жарияланған. Институт деректерді ОСК-ның 2026 жылғы 8 шілдедегі №ОСК-11-07/1290  жазбаша хабарламасына сәйкес жариялағаны туралы хабарлаған.

Институт 2026 жылғы 8 – 20 шілде аралығында телефон арқылы жүргізілген сауалнамаға 1200 респондент қатысқан, олар 17 облыстан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан. Зерттеуге қатысушылардың 70,3% сайлауға қатысуға ниетті, 23,3% қатыспайды, 6,4% нақты жауап бермеген. Қала мен ауыл арасында белсенділік айырмашылығы шамалы (~2%). 46-60 жас тобы ең белсенді, атап айтатын болсақ 18-28 жасқа қарағанда ~10% жоғары, әйелдер ерлерден 5%-ға белсендірек; жоғары білімділер арасында ынта басым. Респонденттердің 10,9%-ы әлі нақты таңдау жасамаған немесе жауап беруге дайын емес.

Қоғамдық пікірге сауал салу жүргізуге рұқсат алған алтыншы ұйым «Демократия Институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы» ҚБ. Институт жүргізген зерттеу туралы білу үшін сайтын іздедік. Сайт жұмыс істеп тұр, зерттеу екі тілде жарияланған.

Зерттеу 2026 жылғы 20 шілде – 6 тамыз аралығында 8000 респондент арасында, дәлірек айтсақ 17 облыс, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жүргізілген. Сауалнама нәтижелері бойынша Президентке сенім – 85,7%. Респонденттердің 81,5% ел дамуы дұрыс бағытта деп санайды. Ең жоғары сенім 18-29 жас тобында (90,1%) және жоғары білімділер арасында (89,7%) тіркелген, білімі төмендер арасында — 81,8%. Даму бағытын қолдау да сол топтарда жоғары: жастар — 85,4%, 60 жастан асқандар — 76,9%, жоғары білімділер — 86%. Жынысы мен тұрғылықты жері (қала/ауыл) бойынша елеулі айырмашылық жоқ делінген.

Мақаланың басында айтып өткеніміздей, зерттеу жүргізген ұйым заңға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде сауал жүргiзген заңды тұлғаны, сауал жүргізуге тапсырыс берген тұлғаларды, оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандардың санын, сауал салу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.

Алайда 6 ұйымның біреуі ғана сауал жүргізуге тапсырыс берген тұлғаны көрсеткен, қалған ұйымдардың зерттеуінде қандай тұлға тапсырыс берді және оның ақысын қандай тұлға төлегені туралы ақпарат жоқтың қасы. 

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар