Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі 12-сыныпты қысқарту жөнінде әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Қазіргі талқылау оқушының мектепті 17 не 18 жасында аяқтауымен ғана шектелмейді. Қолданыстағы NIS Programme-да 11–12-сыныптар жалпы орта білімнің жеке сатысы ретінде құрылған. Оқу мақсаттары екі жылға бөлінген, ал түлектерге берілетін NIS Grade 12 Certificate шетелдік жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеке біліктілік құжаты ретінде танылады.
Сондықтан бір оқу жылын қысқарту білім беру бағдарламасының мазмұнына, оқу жүктемесіне, түлектің жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігіне және қаржыландыруға қалай әсер етеді деген сұрақ туындайды.
Minber.kz мәселені Оқу-ағарту министрлігінің редакцияға берген ресми жауабы, Үкіметтегі баспасөз мәслихатында айтылған мәлімдемелер, НЗМ деректері, мемлекеттік аудит және екі тараптың уәждері негізінде қарастырды.
Мәселе 2026 жылғы 26 тамыздағы Республикалық тамыз конференциясынан кейін кең талқылана бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев НЗМ мен жекеменшік мектептерде оқушылардың 18 жасқа дейін білім алуын арнайы сөз етті. Оның Ақорда сайтында жарияланған сөзінде мәселені қарастырып, қажет болған жағдайда шешу жолдарын ұсыну Оқу-ағарту министрлігіне тапсырылған.
Президенттің сөзін қазақша берсек, ол НЗМ мен жекеменшік мектептерде 18 жастағы жасөспірімдердің мектепте оқуын жалғастыруы қаншалықты орынды екенін және қазіргі балалардың физиологиялық дамуы жеделдеген жағдайда мұндай үлгінің қажеттігін қарастыру керегін айтты. Осыдан кейін мектептегі білім берудің бірыңғай стандарты жөніндегі мәселені де көтерді. Мұнда маңызды айырма бар. Президент 12-сыныпты жою туралы шешім жариялаған жоқ. Ол қолданыстағы үлгінің орындылығын зерделеуді және қажет болса ұсыныс дайындауды тапсырды.
8 қыркүйекте Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәселенің қалай қаралып жатқанын түсіндірді. Үкіметтің ресми хабарламасында баспасөз мәслихатына Сүлейменовамен бірге Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова және Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов қатысқаны көрсетілген.
Министр НЗМ жүйесінде тоғыз жыл жұмыс істегенін және 12-сыныптағы білім беру мазмұнын жақсы білетінін де атап өтті. Оның түсіндіруінше, жоғары сыныпта оқушылар халықаралық жоғары оқу орындарына түсуге, халықаралық емтихандарға дайындалуға уақыт алады. Жалпы білім беретін мектептегі 11-сынып оқушысы мемлекеттік бітіру емтихандарына және ҰБТ-ға қатар дайындалады.
Жұлдыз Сүлейменова 8 қыркүйекте Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында НЗМ-нен 10-сыныптан кейін кететін оқушылар мәселесін көтерді. Министрдің айтуынша, кей оқушылар 10-сыныптан кейін құжаттарын алып, жалпы білім беретін мектептерге ауысады. Ол мұны оқушылардың тағы екі жыл оқығысы келмеуімен байланыстырды. Баспасөз мәслихатының толық видеосы Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсында жарияланған. Министр осы жағдайды 12 жылдық білім беру үлгісін қайта қарауға негіз болатын факторлардың бірі ретінде атады. Оның сөзінше, комиссия барлық бағдарламаны, соның ішінде халықаралық бағдарламаларды да 11 жылдық үлгіге бейімдеу мүмкіндігін қарайды.
Жұлдыз Сүлейменова НЗМ-де жинақталған тәжірибені жалпы білім беретін мектептерге тарату қажеттігін де көтерді. Министрдің айтуынша, НЗМ бағдарламалары мемлекеттік қаржы есебінен әзірленген, сондықтан жинақталған тәжірибе өзге мектептерге де берілуі керек.
НЗМ-нің өзі тәжірибені тарату бағытын ұйым қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде көрсетеді. НЗМ-нің ресми сайтында 2026 жылдың соңына дейін 191 ауыл мектебін қамтитын жоба жүзеге асырылып жатқаны жазылған. Жоба НЗМ тәжірибесін ауыл мектептеріне таратуға, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетуге және қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған.
НЗМ-нің тағы бір ресми материалында жалпы білім беретін мектеп педагогтеріне әдістемелік қолдау көрсету және педагогикалық тәжірибені тарату үшін жүйелік-әдістемелік кешен әзірленгені көрсетілген.
Оқушы қабылдауды қысқарту мәселесі де әзірге күн тәртібінде жоқ. Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсында НЗМ-нің үш жылдық бюджеті 2028 жылға дейін бекітілгені және қабылдауды қысқарту мәселесі қаралмайтыны айтылған. НЗМ-нің өзі де 2027–2028 оқу жылына 7-сыныптарға «Өркен» білім беру гранты бойынша құжат қабылдау мен конкурстық іріктеу мерзімдерін жариялады. Құжат қабылдау 2026 жылғы 23 қараша мен 28 желтоқсан аралығында өтеді, кешенді тестілеу 2027 жылғы 26–27 наурызға белгіленген.
Министр НЗМ-ге оқушы қабылдауды қысқарту мәселесі қаралып отырмағанын да айтты. Оның сөзінше, НЗМ-нің үш жылдық бюджеті 2028 жылға дейін бекітілген, ал қабылдау тәртібі әзірге өзгермейді.
Оқу-ағарту министрлігінің Minber.kz-ке 29 қыркүйекте берген ресми жауабы мәселенің әлі зерттеу сатысында тұрғанын растайды. Министрлік НЗМ-дегі қолданыстағы оқыту үлгісіне кешенді талдау жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Талдауға білім беру бағдарламаларының мазмұны, оқу жүктемесі, оқушылардың жас ерекшеліктері, білім сапасы, түлектердің Қазақстандағы және шетелдегі жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі енгізілген. Құқықтық, қаржылық және кадрлық салдар да бағаланып жатыр.
Мәселені пысықтау үшін Оқу-ағарту министрлігі, НЗМ және басқа да мүдделі орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен комиссия құрылған. Ұсыныстар сол комиссия жұмысының қорытындысы бойынша әзірленеді.
Сондықтан қазіргі жағдайды НЗМ 11 жылдық білім беруге көшеді деп сипаттау дәл болмайды. Дұрысы – 11 жылдық үлгіге көшу мүмкіндігі зерттеліп жатыр.
«NIS Programme-ның 11–12-сыныптарға арналған қолданыстағы мазмұнын оқу сағаттарын, пәндерді және күтілетін оқу нәтижелерін қысқартпай бір оқу жылына орналастыру мүмкін емес. Бағдарламаның көлемі мен тереңдігі бастапқыда екі оқу жылына есептелген. Оның құрылымы оқу материалын бірізді әрі кезең-кезеңімен меңгеруді көздейді. Екі жылдық бағдарламаны бір жылға ықшамдау жөнінде арнайы модельдеу немесе есеп әзірге жүргізілген жоқ», – деп хабарлады НЗМ.
Бұл уәж NIS Programme-ның ресми құрылымымен сәйкеседі. НЗМ-нің бағдарлама туралы ресми парағында 1–5-сыныптар бастауыш білімге, 6–10-сыныптар негізгі орта білімге, 11–12-сыныптар жалпы орта білімге жатқызылған. Оқу бағдарламалары сабақтастық қағидатына негізделеді. Әр оқу мақсаты келесі сыныпта күрделене түседі.
11–12-сыныптарда физика, химия, биология, информатика, бағдарламалау, экономика және «Жаһандық перспективалар және жобалық жұмыс» секілді пәндер ағылшын тілінде оқытылады.
НЗМ-нің жоғары сынып бағдарламасын қарапайым мемлекеттік бағдарламаның тағы бір жылға созылған нұсқасы деу де толық сипаттама бермейді. Ұйымның ресми мәліметінде NIS Programme Қазақстандағы міндетті білім беру мазмұнын қамтитыны және халықаралық бағдарламалар тәжірибесімен салыстырыла әзірленгені көрсетілген. Бағдарлама Cambridge Assessment International Education ұйымымен әріптестікте жасалған.
Жоғары мектептің мазмұны бірнеше бөліктен тұрады. Оқушылар бейіндік пәндерді тереңдетіп оқиды, зерттеу және жобалық жұмыс жүргізеді, академиялық ағылшын тілін қолданады, жоғары оқу орнына түсуге қажетті дайындықтан өтеді.
Сондықтан 12-сыныпты қысқарту бірнеше ықтимал өзгерісті талап етуі мүмкін. Оқу мақсаттарының бір бөлігін төменгі сыныптарға көшіру, 11-сыныптағы апталық оқу жүктемесін арттыру, кей пәндердің сағатын қысқарту немесе жоғары мектеп бағдарламасының құрылымын қайта жасау қажеттігі тууы ықтимал.
Әзірге нақты нұсқа бекітілмеген.
Мәселенің екінші ірі бөлігі халықаралық мойындауға байланысты.
2026 жылғы маусымда британдық Ecctis ұйымы NIS Grade 12 Certificate құжатына салыстырмалы бағалау жүргізген. НЗМ-нің ресми мәліметінде оның академиялық деңгейі британдық GCE A Level деңгейімен салыстырмалы деп танылғаны көрсетілген.
Minber.kz-ке берген жауабында НЗМ соңғы бес жылда 11 576 оқушы мектеп бітіргенін, олардың 3027-сі шетелдік жоғары оқу орындарына түскенін хабарлаған. Шетелдік жоғары оқу орындарына түскендердің 98,9 пайызы университет алдындағы Foundation дайындық бағдарламасынсыз бірден бірінші курсқа қабылданған.
НЗМ ықтимал 11 жылдық үлгіге көшкен жағдайда қазіргі халықаралық мойындау мәртебесі автоматты түрде сақталмайтынын айтады. Ұйымның жауабына сүйенсек, жаңа білім беру бағдарламасы қайта әзірленсе, оның халықаралық деңгейде қайта бағалануы және университеттер тарапынан қайта танылуы қажет болуы мүмкін. Бұл жағдай барлық түлек міндетті түрде Foundation бағдарламасына барады дегенді білдірмейді. Мұндай қорытындыға негіз жоқ. Алайда қазіргі сертификатты тікелей қабылдап отырған жоғары оқу орындарының жаңа 11 жылдық бағдарламаға қандай талап қоятыны алдын ала анық емес.
Осы тұста реформаны сынайтын тараптың негізгі уәжі көрінеді. Мектептегі бір жыл қысқарғанымен, кей оқушы үшін сол уақыт университет алдындағы дайындық кезеңінде қайта пайда болуы мүмкін.
Бизнес-талдаушы, Goette Advisory негізін қалаушы Вадим Гетте 12-сыныпты қысқартқанда оқушының мектептегі бір жылы міндетті түрде үнемделмейтінін айтады. Оның пікірінше, Қазақстандағы кәдімгі 11 жылдық аттестат пен NIS Grade 12 Certificate шетелдік жоғары оқу орындары үшін бірдей біліктілік ретінде қарастырылмайды. Ұлыбританияның бірқатар университетінде қазақстандық 11 жылдық аттестатпен түсу үшін университет алдындағы дайындық бағдарламасы қажет болуы мүмкін. Германияда да қазақстандық мектеп бітірушілерден дайындық колледжінде оқуды немесе біліктілік емтиханын тапсыруды талап ететін жағдайлар кездеседі. Сондықтан сарапшы екі біліктіліктің арасында академиялық айырмашылық бар екенін айтады.
«Оқушылардың мектептегі бір жылын қысқарту арқылы экономикаға инженерді немесе дәрігерді бір жыл ерте алып отырған жоқпыз. Кей жағдайда сол бір жылды мемлекеттік мектептен жоғары оқу орнына немесе университет алдындағы дайындық бағдарламасына ғана ауыстырамыз», – дейді Вадим Гетте. Гетте мұны әлеуметтік теңдік мәселесімен байланыстырады. Ауқатты отбасы халықаралық бакалавриат, A Level немесе Foundation секілді қосымша бағдарламаларды өзі қаржыландыра алады. Табысы төмен отбасы үшін мұндай шығын әлдеқайда салмақты болуы мүмкін.
Respublica партиясы төрағасының орынбасары Олжас Құспеков НЗМ-дегі 12-сыныпты қысқарту мәселесін білім беру жүйесіндегі нақты мәселені шешу тұрғысынан қарауды ұсынады. Оның пікірінше, Қазақстан мектептерінің негізгі мәселесі балалардың ұзақ оқуында емес. Ол оқу және математикалық сауаттылық нәтижелеріне, сондай-ақ қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының айырмасына назар аударады. Құспеков 12-сыныпты қысқартпас бұрын мұндай өзгерістің қандай білім беру мәселесін шешетіні анықталуы керек деп есептейді.
«Мен үшін негізгі сұрақ қарапайым – 12-сыныпты алып тастау арқылы біз қандай білім беру мәселесін шешеміз?» – дейді Олжас Құспеков.
Құспеков 12 жылдық білім беруді халықаралық тәжірибемен де байланыстырады. Ол OECD деректеріне сүйеніп, бастауыш мектептен жоғары мектепті аяқтағанға дейінгі 12 жылдық оқу әлемде кең таралған үлгі екенін алға тартады. НЗМ-дегі қазіргі жүйенің халықаралық мойындауы бар екенін де уәждерінің бірі ретінде келтіреді. 2026 жылғы маусымда NIS Grade 12 Certificate Ұлыбританияда тәуелсіз бағалаудан өтіп, оның деңгейі GCE A Level деңгейімен салыстырылғанын атап өтеді. Оның екінші уәжі жоғары сыныптағы бір жылдың мазмұнына қатысты. Құспековтің пікірінше, НЗМ-дегі қосымша оқу жылын жай ғана «артық жыл» деп бағалау дұрыс емес. Оның айтуынша, осы кезеңде оқушылар бейіндік пәндерді тереңірек меңгеріп, жоғары оқу орнына дайындалып, болашақ мамандығын таңдауға мүмкіндік алады. Сонымен бірге 12-сынып өзгеріссіз қалуы керек деп отырған жоқ. Ол бағдарламаның мазмұнын қайта қарауға, артық оқу жүктемесін азайтуға, зерттеу мен тәжірибелік жұмысты және кәсіптік бағдарлауды күшейтуге болатынын ұсынады. Оның ұстанымы бойынша бағдарламаны жетілдіру мен оқу мерзімін қысқарту әртүрлі ұғымдар.
Реформаны қолдайтын тараптың уәжі басқа қырдан шығады. Олар мемлекеттік қаржы есебінен жұмыс істейтін жекелеген мектепте бір оқушының 12 жыл, ал жалпы білім беретін мектептердегі өзге оқушылардың 11 жыл оқуын білімге қолжетімділік пен бірыңғай стандарт тұрғысынан қарастырады.
Бұрынғы депутат Мұрат Әбенов Facebook-тегі жазбасында НЗМ оқушыларының тағы бір оқу жылын мемлекеттік қаржы есебінен өткізуін осы тұрғыдан сынаған. Ол егер мұндай мүмкіндік барлық балаға қолжетімді болмаса, бюджет есебінен жұмыс істейтін жекелеген мектептерде ғана сақталуы қаншалықты орынды деген сауал көтереді.
Әбенов НЗМ тәжірибесін басқа мектептерге тарату міндетін де көтереді. Оның жазбасында мемлекеттік қаржы тек НЗМ оқушыларына емес, бүкіл білім беру жүйесіне әсер етуге тиіс деген ұстаным байқалады.
Жоғары аудиторлық палатаның ресми мәліметіне сәйкес, тексерілген кезеңде НЗМ қызметіне бюджеттен 250 млрд теңге бөлінген. Соның 22 млрд теңгеден астамы тәжірибе таратуға бағытталған. Палата НЗМ тәжірибесін жалпы орта білім жүйесіне таратуға қатысты нақты міндеттер мен өлшенетін көрсеткіштердің жеткілікті айқындалмағанын көрсеткен.
Аудит материалынан 22 млрд теңге ұрланды немесе тәжірибе мүлде таратылған жоқ деген қорытынды шықпайды. Сондықтан мұндай тұжырымды ресми аудитке телуге болмайды.
Қаржы мәселесінде де түпкілікті есеп әзірге жарияланған жоқ.
НЗМ 12-сынып оқушысына кететін шығын жеке грант түрінде бөлек есептелмейтінін және 2026–2027 оқу жылында 11 жылдық үлгіге көшу білім беру шығынын автоматты түрде азайтпайтынын хабарлайды.
Оқу-ағарту министрлігі Minber.kz-ке берген ресми жауабында да нақты үнем көлемін көрсетпеген. Керісінше, ықтимал қаржылық салдар әлі бағаланып жатқанын хабарлаған. НЗМ-ді қаржыландыру 2028 жылға дейін бекітілген және оны қысқарту жоспарланып отырған жоқ. Сондықтан қазіргі кезеңде 12-сынып бюджет қаражатын үнемдеу үшін қысқартылып жатыр деп жазуға негіз жоқ.
Пікірталаста ата-аналар мен түлектер де өз ұстанымын білдірді.
Masa.media НЗМ түлектерінің 12 жылдық білім беру үлгісін сақтауды қолдап шыққанын жариялады. Түлектердің бір бөлігі НЗМ-ді қарапайым отбасылардан шыққан қабілетті балаларға шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін әлеуметтік тетік ретінде қарастырады.
Бірнеше өңірдегі НЗМ ата-аналары да 12 жылдық үлгіні сақтау жөнінде өтініш әзірлеген. Олар өзгеріс енгізілмес бұрын білім беру саласындағы, қаржылық және халықаралық салдарды бағалауды сұраған. Редакция 1 қазанда бұл өтінішті ePetition мемлекеттік платформасынан таппағанын да көрсеткен.
Мұғалімдердің ұстанымы ашық пікірталаста әлдеқайда аз көрінеді.
11–12-сыныпта физика, химия, биология, бағдарламалау немесе жобалық пәндерді жүргізетін НЗМ мұғалімдерінің осы нақты өзгеріске қатысты аты-жөні көрсетілген және тексеруге болатын кең көлемді пікірлері негізгі жарияланымдарда аз.
Бұл жағдай комиссия жұмысына қатысты жеке сұрақ туғызады.
Екі жылдық білім беру бағдарламасы қайта құрылса, оны сабақ барысында жүзеге асыратын педагогтердің ұсыныстары қалай ескерілді, пәндік бірлестіктердің пікірі алынды ма, мұғалімдердің оқу жүктемесі қалай өзгереді деген мәселелер де ашық көрсетілуі қажет.
Қазіргі пікірталаста екі тарап бір мәселені әртүрлі өлшеммен бағалап отыр.
Министрлік жағындағы негізгі уәж 12 жылда қол жеткізілетін білім нәтижесіне 11 жыл ішінде жету мүмкіндігін тексеруге, мектептегі білім берудің бірыңғай стандартын сақтауға және НЗМ тәжірибесін жалпы білім беретін мектептерге кеңірек таратуға негізделеді.
НЗМ жағындағы уәж қолданыстағы екі жылдық жоғары мектеп бағдарламасын пәндерді, оқу сағаттарын және күтілетін оқу нәтижелерін қысқартпай бір жылға сыйғызу мүмкін еместігіне және өзгеріс халықаралық мойындауды қайта қарауды қажет етуі ықтимал екеніне сүйенеді.
Ата-аналар мен түлектер үшін негізгі мәселе халықаралық жоғары оқу орындарына тікелей түсу мүмкіндігі мен қосымша дайындық шығынына байланысты.
Мемлекет үшін бірнеше мәселе әзірге ашық күйінде қалып отыр. Жаңа білім беру бағдарламасының нақты мазмұны қандай болатыны, оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесі қалай өзгеретіні, NIS Grade 12 Certificate құжатының халықаралық мәртебесі не болатыны және өзгерістің нақты қаржылық салдары қандай болатыны әзірге белгісіз. Оқу-ағарту министрлігінің Minber.kz-ке берген жауабы осы мәселелердің барлығы талданып жатқанын көрсетеді. Сондықтан қазір анық айтуға болатын жайт – НЗМ-дегі 12-сынып әлі жойылған жоқ. 11 жылдық жаңа NIS Programme да бекітілген жоқ. Комиссия қолданыстағы үлгіні өзгерткен жағдайда туындайтын салдарды бағалап жатыр.
Шешім шыққанда негізгі өлшем тек 11 немесе 12 жыл саны болмауға тиіс. Нақты бағалануға тиіс мәселе – бір жыл қысқарған жағдайда білім мазмұнының, оқу жүктемесінің, халықаралық мойындаудың және отбасы мен мемлекет шығынының қалай өзгеретіні.
Парақшамызға жазылыңыз
