Ғабит Мүсіреповтің музей-үйіне 35 жыл

69 рет қаралды
фото: музей-үй

Алматыда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, драматург, академик Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей-үйінің ашылғанына 35 жыл толуына орай «Ғабит Мүсірепов музейіне – 35 жыл» атты дөңгелек үстел өтті. Мерейтойлық басқосу қаламгердің әдеби мұрасын дәріптеуге және оны келер ұрпаққа танытудың маңызын айқындауға арналды.

9 қазанда Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде өткен іс-шараны «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» ұйымдастырды. Басқосуға әдебиеттанушылар, жазушылар, ғалымдар, музей қызметкерлері, ұстаздар, студенттер мен қаламгердің туған-туысы қатысты.

Дөңгелек үстелге ақын, ғалым, филология ғылымының кандидаты, музей кешенінің ғылыми бөлім меңгерушісі Әділғазы Қайырбеков модераторлық етті.

Жиынға жазушы, филология ғылымының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Түменбай, «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінің кіші ғылыми қызметкері Бақберген Тайшеев, Ғабит Мүсірепов атындағы №86 мектеп-гимназияның мұғалімі Ботагөз Досқазиева, «Мазмұндама» баспасының редакторы Гүлнәр Құдабаева, сондай-ақ қаламгердің қызы Гаухар Мүсірепова мен жиені Камила Арыстанқызы қатысты.

«Ғабит Мүсіреповтің музей-үйі – жазушының жеке заттары мен қолжазбалары сақталған орын ғана емес, қазақ әдебиетінің тарихынан сыр шертетін рухани орталық. Биыл музейдің ашылғанына 35 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде қаламгердің шығармашылық мұрасын сақтау, зерттеу және жас ұрпаққа таныту бағытында жұмыстар жүргізілді. Біз үшін ең маңыздысы – келушілердің музейден жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы тереңірек түсінік алып шығуы. Өйткені әдеби мұраны сақтау – өткенді ұмытпау ғана емес, оны келешек ұрпаққа жеткізу», – деді С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі Назгүл Алтаева.

Ғабит Мүсіреповтің музей-үйі 1991 жылғы 9 қазанда жазушының өзі тұрған пәтерде ашылған. Содан бері бұл мәдени орын қаламгердің өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи құжаттарды, қолжазбаларды, кітаптарды және жеке заттарды сақтап келеді.

Музейдің ерекшелігі – жазушының жұмыс бөлмесінің бастапқы қалпында сақталуы. Мұнда қаламгердің күнделікті пайдаланған бұйымдары, өзіне сыйға тартылған заттар, фотосуреттері мен қолжазбалары қойылған. Бұл жәдігерлер жазушының шығармашылық ортасын, өмір сүрген дәуірін және әдеби еңбегінің ерекшеліктерін танытады.

2022 жылы музей экспозициясы жаңартылып, заманауи технологиялық жабдықтармен толықтырылды. Келушілерге қаламгердің өмірі мен әдеби мұрасын кеңінен таныстыру үшін арнайы шағын кинозал да жабдықталған.

Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығын зерттеу және насихаттау бағытында бірнеше жинақ жарық көрген. Олардың қатарында «Ана тілімізді анамыздай ардақтайық» мақалалар жинағы, «Ғажайып Ғабең» арнау өлеңдер жинағы, «Мүсірепов хатханасы – Письмотека Мусрепова» хаттар жинағы және «ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ» тұлғалық энциклопедиясы бар.

Қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан Ғабит Мүсірепов прозада, драматургияда, публицистикада және кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оның шығармаларында адам тағдыры, қоғам өмірі, ұлттық болмыс пен адамгершілік құндылықтар кеңінен көрініс тапқан.

Қаламгердің музей-үйі – тарихи жәдігерлер сақталатын мәдени мекеме ғана емес, қазақ әдебиетінің тарихын зерделеуге, жазушы мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеуге және жас ұрпаққа танытуға мүмкіндік беретін рухани орталық.

Музейдің 35 жылдығына арналған басқосу қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының мұрасын сақтау, зерттеу және оны кейінгі ұрпаққа жеткізу ісінің маңызын тағы бір мәрте айқындады.

Бегім Көктүрік

Парақшамызға жазылыңыз

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар