Алматыда Орталық Азияның ортақ болашағына арналған халықаралық конференция өтеді

111 рет қаралды

4 қарашада Алматыдағы Нархоз университетінде MIND FOR PEACE халықаралық конференциясы өтеді. «Бір өңір. Ортақ болашақ» идеясы аясында ұйымдастырылатын жиында Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығы, өңірлік қауіпсіздік, білім мен ғылымның бейбітшілікті нығайтудағы рөлі талқыланады.

Орталық Азия мемлекеттерін географиялық жақындықпен қатар, шешімін бірлесіп табуды қажет ететін мәселелер байланыстырады. Су ресурстарын тиімді пайдалану, энергетикалық қауіпсіздік, климаттың өзгеруі және цифрлық технологиялардың дамуы өңір елдерінің ортақ әрекетін талап етеді. Аталған мәселелер халықаралық MIND FOR PEACE конференциясының негізгі тақырыптарына айналмақ.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, конференцияға академиялық орта өкілдері, дипломаттар, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, отандық және шетелдік сарапшылар, сондай-ақ жастар қатысады. Жиында жаһандық басқару жүйесіндегі өзгерістер, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен көпжақты халықаралық институттардың болашағы және Орталық Азияның халықаралық қатынастардағы орны қарастырылады.

Талқылаудың тағы бір бағыты C5+ форматындағы өңірлік ынтымақтастыққа арналады. Қатысушылар су мен энергетика ресурстарын басқару, көлік инфрақұрылымын дамыту, цифрлық байланыс және жасанды интеллектіні реттеу мәселелері жөнінде пікір алмасады.

Конференцияда білім беру ұйымдарының халықаралық диалогтағы мүмкіндіктеріне де назар аударылады. Университеттер ғылыми зерттеу жүргізумен қатар, әртүрлі мемлекеттердің мамандары мен жастары арасында кәсіби байланыс орнатуға ықпал ете алады. Ғылыми деректерге сүйенген талқылаулар өңір елдеріне ортақ мәселелерді зерделеп, шешім қабылдаудың тиімді жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді.

Жиынның Алматыда өтуінің өзіндік мәні бар. 2025 жылғы 3 тамызда қалада Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ресми түрде ашылды. Орталықтың қызметі мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және өңірдегі әлеуметтік, экономикалық әрі экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталған.

MIND FOR PEACE конференциясы да БҰҰ-ның 16-шы Тұрақты даму мақсатына, яғни бейбітшілік, әділ сот және тиімді институттарды қалыптастыруға арналған. Нархоз университеті 2025 жылдан бері БҰҰ-ның Academic Impact бастамасы аясындағы аталған мақсат бойынша білім беру бағытына жауапты жаһандық академиялық хаб төрағасының орынбасары қызметін атқарады.

Халықаралық кездесуде жастардың өңірлік ынтымақтастыққа қатысу мүмкіндіктері де сөз болады. Бағдарлама аясында Birlink C5+ платформасы жанындағы Халықаралық тұрақты даму студенттік клубының ашылуы жоспарланған. Ұйымдастырушылар бастама жастарды ортақ жобалар мен халықаралық байланыстарға тартуға мүмкіндік береді деп күтеді.

Конференцияда көтерілетін мәселелердің басым бөлігі Орталық Азия тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей қатысты. Су тапшылығы, энергиямен қамтамасыз ету, экологиялық өзгерістер мен технологиялық даму елдердің экономикалық мүмкіндіктеріне ғана емес, халықтың тұрмыс сапасына да әсер етеді. Сондықтан халықаралық кездесулердің нәтижелілігі көтерілген ұсыныстардың нақты зерттеулерге, бірлескен жобаларға және ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа ұласуымен өлшенбек.

MIND FOR PEACE халықаралық конференциясы 4 қараша күні сағат 09:00-де Алматы қаласындағы Жандосов көшесі, 55/10 мекенжайында орналасқан Narxoz Business School ғимаратында басталады.

Бегім Көктүрік

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар