Ғылымға бөлінген 297 млн теңге: министрлік өндіріс ашылды деді, тергеу өнім шығарылмағанын анықтады

19 рет қаралды
Ғылымға бөлінген 297 млн теңге: министрлік өндіріс ашылды деді, тергеу өнім шығарылмағанын анықтады
фото: Gemini

Қазақстанда ғылыми жобаларды коммерцияландыруға бөлінген мемлекеттік қаржының жұмсалуына қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Қаржылық мониторинг агенттігі Астанада өсімдік майын қайта өңдеу өндірісін ұйымдастыру үшін берілген гранттан мемлекетке 297 млн теңгеден астам залал келтірілгенін мәлімдеді. Алайда Minber.kz зерделеген ресми құжаттарда аталған жобаның бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан табысты бастама ретінде таныстырылғаны, ал Ұлттық ғылыми кеңесте оның қаржыландырылуы жөнінде әртүрлі шешім қабылданғаны анықталды.

2026 жылғы 20 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бөлінген мемлекеттік грант қаражатын жымқыру схемасы анықталғанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылы жеке кәсіпкер «Ғылым қоры» акционерлік қоғамынан өсімдік майларын регенерациялау және тазарту өндірісін ұйымдастыру жобасына 350 млн теңгеге дейін грант алған. Жоба аясында пайдаланылған өсімдік майларын қайта өңдеп, одан өндірісте қолдануға болатын өнім шығару жоспарланған.

Алайда тергеу нұсқасы бойынша, бөлінген қаржы толықтай көзделген мақсатқа жұмсалмаған. Ақша жабдық, шикізат, маркетингтік қызметтер және басқа тауарлар сатып алу деген негізбен кәсіпкердің бақылауындағы компанияларға аударылған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сәйкес, жоба аясында тат баспайтын болаттан жасалған үш өндірістік желі сатып алынуға тиіс болған. Іс жүзінде техникалық талаптарға сәйкес келмейтін, көміртекті болаттан жасалған екі қондырғы алынған.

Агенттік дайын өнім өндірілмегенін және сатылмағанын хабарлады. Тергеу органы мемлекетке келтірілген залалды 297 млн теңгеден астам деп бағалап отыр.

Ақшаның бір бөлігі автокөлік лизингіне жұмсалған

Тергеу материалдарына сәйкес, қаражаттың бір бөлігі пайдаланылған өсімдік майын жеткізу қызметінің ақысы ретінде өзара байланысты екі компанияның шотына аударылған.

Кейін сол ақшаның белгілі бір бөлігі жеке кәсіпкердің шотына қайтарылып, жобаны өз қаражаты есебінен қоса қаржыландыру ретінде рәсімделген. Қаржының тағы бір бөлігі автокөліктерді лизингке алу шарттары бойынша бастапқы жарналарды төлеуге жұмсалған.

Қаржылық мониторинг агенттігі жобаның орындалуын бақылауға жауапты Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының қызметкері 1,7 млн теңге заңсыз сыйақы алғанын да мәлімдеді. Тергеу нұсқасы бойынша, ол анықталған заңбұзушылықтарды тексеру актілеріне енгізбей, жобаны одан әрі қаржыландыруға ұсыным берген.

Қазіргі уақытта екі күдікті қамауға алынған. Сот санкциясымен алты автокөлікке, бір пәтерге және жабдықтарға тыйым салынды.

Агенттік Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге мәліметтері жарияланбайтынын хабарлады.

Министрлік өндірістің іске қосылғанын хабарлаған

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметтерін Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұрын жариялаған ресми ақпаратымен салыстырғанда назар аудартатын айырмашылық байқалады.

2024 жылғы тамызда министрлік өзінің ресми сайтында «Астанада өсімдік майларын регенерациялау өндірісі іске қосылды» деген хабарлама жариялаған.

Онда Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдары бизнес өкілдерімен бірлесіп пайдаланылған өсімдік майларын қайта өңдеу және олардан жемшөп майларын алу технологиясын әзірлегені айтылған.

Министрліктің мәліметінше, «Ғылым қоры» университет пен «Сүлейменов» жеке кәсіпкерлігі арасындағы байланысты қамтамасыз еткен. Жоба ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру конкурсының қорытындысы бойынша қаржыландырылған.

Жоба авторлары өсімдік майларын тазарту технологиясында Шаңқанай кен орнының отандық цеолиттері пайдаланылғанын мәлімдеген. Өнімді құрама жем өндірушілері, құрылыс компаниялары мен бояу зауыттарына өткізу көзделген.

Министрліктің сол кездегі хабарламасында жоба ғылым мен бизнестің табысты ықпалдастығы ретінде сипатталған.

Алайда 2026 жылғы қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі осы бағыттағы жоба бойынша дайын өнім өндірілмегенін және сатылмағанын мәлімдеп отыр.

Министрліктің хабарламасы өндірістің іске қосылғанын айтқанымен, онда нақты қанша өнім өндірілгені, қанша көлемде сатылғаны және кәсіпорынның қандай өндірістік қуатпен жұмыс істегені жөнінде сандық көрсеткіштер келтірілмеген.

Сондықтан өндірістің іске қосылғанын растайтын құжаттар, жабдықтарды қабылдау актілері, өнім өндіру және өткізу туралы есептер ерекше маңызға ие.

2024 жылы Ұлттық ғылыми кеңес жобаны қаржыландыруды жалғастыруға ұсыным берген

Minber.kz Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының ресми сайтында жарияланған құжаттарды да зерделеді.

Аталған жоба мемлекеттік құжаттарда DP21681907 тіркеу нөмірімен көрсетілген. Оның толық атауы – «Өсімдік майларын регенерациялау және тазарту өндірісін ұйымдастыру».

Ұлттық ғылыми кеңестің 2024 жылғы наурызда жарияланған №6 отырыс хаттамасынан алынған үзіндіде жоба бойынша бірінші кезеңнің аралық есебі және бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына жасалған талдау қорытындысы мақұлданғаны көрсетілген.

Кеңес жобаны одан әрі қаржыландыруға ұсыным берген.

Құжатта Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті және ғылыми жетекші Алмас Асқарұлы Сүлейменов көрсетілген.

Демек, 2024 жылы жоба алғашқы кезеңдегі есептік тексеруден өтіп, қаржыландыруды жалғастыруға ұсыным алған.

Алайда аралық есептің мақұлдануы өндірістің нақты іске қосылғанын немесе жобаның кейінгі міндеттемелері толық орындалғанын өздігінен дәлелдемейді.

2025 жылы аралық есеп тоқтатылған

2025 жылғы мамырда жарияланған Ұлттық ғылыми кеңес хаттамасының үзіндісінде осы жобаға қатысты басқа шешім тіркелген.

DP21681907-OT-24 нөмірімен берілген 2024 жылғы аралық есептің мәртебесі «Тоқтатылды» деп көрсетілген.

Құжатта шешімнің 2023–2025 жылдарға бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын талдау және есепті жылдың аралық есебі негізінде қабылданғаны жазылған.

Осылайша, 2024 жылы жобаның бірінші кезеңдегі есебі мақұлданып, қаржыландыруды жалғастыруға ұсыным берілсе, 2025 жылы келесі аралық есепті тоқтату жөнінде шешім қабылданған.

Алайда хаттаманың жарияланған үзіндісінде бұл шешімге себеп болған нақты бұзушылықтар немесе анықталған қаржылық сәйкессіздіктер жеке-жеке ашылмаған.

297,5 млн теңгені қайтару туралы өтініш мақұлданбаған

Ұлттық ғылыми кеңестің 2025 жылғы 23–26 желтоқсандағы №14 отырысының хаттамасы жобаның кейінгі тағдырына қатысты маңызды мәлімет береді.

Құжатқа сәйкес, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті кеңеске аталған жобаны жабу және 297 499 999,97 теңге грант қаражатын қайтару жөнінде өтініш жолдаған.

Өтініш сипаттамасында грант алушының құжаттарды бұрмалауы немесе дәйексіз ақпарат беру фактілерін анықтау, сондай-ақ шарттық міндеттемелерді орындамау мәселелері көрсетілген.

Алайда кеңес осы өтінішті мақұлдамаған.

Сол отырыста жобаның 2025 жылғы қаржыландыруын ашу туралы бөлек өтініш қаралып, мақұлданған.

Бұл құжат екі маңызды мәселені көрсетеді. Біріншіден, 2025 жылғы желтоқсанда жобаны жабу және грант қаражатын қайтару мәселесі ресми деңгейде көтерілген. Екіншіден, кеңес оны жабуды мақұлдамағанымен, қаржыландыруға қатысты басқа өтінішті қолдаған.

Хаттамада екі шешім де Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 25 қыркүйектегі №487 бұйрығымен бекітілген Ұлттық ғылыми кеңестер туралы ереженің 45-тармағына сүйеніп қабылданғаны көрсетілген.

Дегенмен жарияланған құжатта жобаны жабу туралы өтініштің неліктен мақұлданбағаны толық түсіндірілмейді. Сондай-ақ қаржыландыруды ашуға берілген мақұлдаудан кейін нақты қандай сома аударылғаны көрсетілмеген.

Ерекше назар аударатын жайт – 2025 жылғы желтоқсанда қаралған 297 499 999,97 теңгені қайтару туралы өтініш сомасы 2026 жылы Қаржылық мониторинг агенттігі жариялаған 297 млн теңгеден астам залал мөлшеріне жақын.

Бұған дейін тағы 945 млн теңгеге қатысты іс анықталған

Ғылыми гранттардың жұмсалуына байланысты мұндай іс 2026 жылғы қарашада алғаш рет жарияланып отырған жоқ.

12 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Ғылым қоры» қаржыландырған төрт ғылыми жобаның қаражатына қатысты бөлек тергеудің аяқталғанын хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, «Bal halal» ЖШС 2023–2024 жылдары төрт жобаны іске асыруға 1,15 млрд теңге алған. Жобалар өсімдік шикізатынан инновациялық макарон өнімдерін және микронутриенттермен байытылған ұн өндіруге бағытталған.

Тергеу барысында сатып алынған жабдықтардың жобаларда көрсетілген өнімдерді өндіруге жарамайтыны анықталған.

ҚМА мәліметінше, байланысты компаниялардың бірі арқылы 736,4 млн теңге аударылған. Ал 88,5 млн теңге кәсіпорынның есепшотына қайта енгізіліп, жобаларды жеке қаражат есебінен қоса қаржыландыру ретінде көрсетілген.

Агенттік мониторинг актілері өндіріс орындарына бармай, орындалған жұмыстарды нақты тексермей рәсімделгенін мәлімдеді.

Осы іс бойынша мемлекетке келтірілген залал 945 млн теңге деп көрсетілген. Күдікті қамауға алынып, жалпы құны 830 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынған. Бұл – Астанадағы өсімдік майын қайта өңдеу жобасына қатысты істен бөлек қылмыстық іс.

Ғылыми гранттардың орындалуын кім және қалай бақылады?

Астанадағы жоба бойынша жарияланған құжаттар 2024–2026 жылдар аралығында бірнеше маңызды оқиға болғанын көрсетеді.

Алдымен ғылыми кеңес бірінші кезеңнің есебін мақұлдаған. Кейін Ғылым және жоғары білім министрлігі өндірістің іске қосылғанын хабарлаған. Одан соң келесі аралық есеп тоқтатылып, жобаны жабу және қаражатты қайтару мәселесі көтерілген. Ақырында, Қаржылық мониторинг агенттігі жобаға қатысты мемлекетке 297 млн теңгеден астам залал келтірілгенін мәлімдеді.

Осы оқиғалардың арасындағы байланыс толық анықталған жоқ.

Әсіресе 2024 жылы өндіріс іске қосылды деген хабарламаның қандай қабылдау немесе өндірістік есеп құжаттарына негізделгені белгісіз.

Сонымен бірге 2025 жылы аралық есептің тоқтатылуына қандай нақты жағдайлар себеп болғаны, жобаны жабу туралы өтініштің неліктен мақұлданбағаны және қаржыландыруды ашу туралы шешімнен кейін нақты ақша аударылған-аударылмағаны жөнінде ашық ақпарат жеткіліксіз.

Қаржылық мониторинг агенттігі жобаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.

Minber.kz үшін осы істегі басты мәселе – мемлекеттік қаржы бөлінген жобаның тек есеп жүзінде ғана емес, іс жүзінде қалай тексерілгені. Ресми құжаттардағы шешімдер мен кейінгі тергеу қорытындыларының арасындағы алшақтық Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Ғылым қоры» және Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы тарапынан қосымша түсіндіруді қажет етеді.

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Бақытбек Бәмішұлы: Сараман жолы

Сараман жолы Алматыда Ұлттық кітапханада академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Сараман жолы» атты “Атамұра” баспасынан жарық көрген (Президенті